Ұлы ақынды сынағандарға жауап: «Абай неге қазақты аямады?!»
2023 ж. 16 тамыз
2202
4
Жанұзақ Әкім, Ғалым Бақыткерейұлы мен Зәуре Батаеваға қараған күніміз құрысын...
Жанұзақ Әкім және Ғалым Бақыткерейұлы бауырларымыз Абай атамыздың туған күні қарсаңында оның прозасы туралы пост жазыпты. Кештеу көріп қалдық, бірақ, үн қатпасақ болмайтын жағдай екен.
Өйткені, Жанұзақ тақырыпты «Қара сөзді оқыған сайын қазақ нақұрыстана береді» деп айқайлатып қойыпты. Біз де оны талай оқыған едік, бірақ, нақұрыстанған жоқ сияқты едік... Сөйтсек, автор Абайдың қазақты сынаған сөздерін «...ұлтымызды негізсіз қаралап, рух пен намысты жер қылып, жастардың санасын улайтын сөздер, оларды мектеп оқулықтары мен ақынның жинақтарынан алып тастайтын уақыт жетті» дейді. Бірақ, сөзін дәлелдеуге тырыспапты да.
Ал, "Қара сөздер" Абай дүниеден өткен соң 29 жылдан кейін, 4,2 млн (60 пайыздай) қазақты қырған Ашаршылықты негіздеу мақсатында НКВД-нің камераларында жазылыпты(?)" дейді. Бұнысы да жалаң сөз, ешқандай дәлел келтірмеген.
Және Жанұзақтың бұл мақала жазудағы мақсаты "...Қара сөздің зәрлі уынан жастарды және ұлтты құтқару" көрінеді. Сенсеңіз де осы, сенбесеңіз де осы!
Сонымен қатар ол Зәуре Батаева есімді голландиялық тұрғынның осыдан үш жыл бұрынғы «Қазақтың ең белгісіз ақыны» деген мақаласындағы «Абайдың өлеңдерін Әлихан Бөкейханов жазған(?)» деген сөзін қайталап қана қоймайды, Абайдың «Құсалы ғұмыр кешкен тұлға» (Т.Жұрбай) болғанына да күмән келтіреді. Ең соңында «З.Батаева Абайдың туындыларын сынаған төртінші ғана адам» дейді.
Бірден айта кетейік, сын деген ондай болмайды, сын деген ең алдымен нақты деректерге сүйеніп, талдау дегенді білдіреді, ал, қазақша білмейтін, қазақ әдебиетінен мақрұм, бар болғаны өзінің «Абай мен Әлихан екеуі бір адам», «Ибраһим Құнанбаев есімді ақын болмаған», «Ақылбай» мен «Мағауия» шын адам есімі емес, лақап есім, миф, аңыз» дейтін қабынған қиялын (воспаленное воображение) тізеге салып негіздеуге тырысып, 70 бет мақала жазған, «саудың тамағын ішіп, жындының сөзін айтатын» адамды бедел тұтуы Жанұзақтың атына кір келтірмесе, абырой әпермесі анық.
Ал, Ғалым Бақыткерейұлы Жанұзақпен үндес ойын Абайдың сөздері арқылы негіздемек болады: «Абайдың қара сөздерін ашып оқи бастағаннан-ақ қазақ баласының санасына оның басқа ұлттардан, соның ішінде әсіресе орыстан кем екендігі сіңіріле бастайды. Екінші қара сөзде сарт пен ноғайлардың қазақтардан артық екендіктері айтыла келіп «орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз» делінеді. Ұлттың ұстазы ретінде мақтан тұтатын хакім Абайдың дуалы ауызынан шыққан осындай сөзден кейін қандай қазақ баласы өзін орыспен де, басқамен де тең санамақ?»
Ары қарай тек қана осы сарын: «...онда бұл теңеуден кейін қазақ баласы қалайша өзін қор санамайды? ...мұнан кейін қандай қазақ қазақ болғысы келеді? ...қалайша қазақылыққа, қазақ ұлтына деген бір жеккөрініш пайда болып, ол өзінің қазақтығынан безінуге асықпайды?»
Бақыткерейұлы Абайды «орысты әсіре әспеттеп, оны қазаққа үлгі етіп, қазақты одан төмен етіп көрсетуінің қажеті жоқ еді» деп кінәлай келіп, мынадай түйін жасайды: «Осы орыстан өзін төмен етіп көрсетудің салдарынан қазақтардың бойында әрбір орыстың алдында төменшіктеп, именіп тұру комплексі пайда болады.
Осы кемдік комплексі жанын жеген әрбір қазақ баласы тезірек орысша үйреніп, сол арқылы орыспен теңесуге асығатын болады. ...Соның салдарынан Абай заманынан бастау алған қазақтың орыстану процесі әлі де жалғасын табуда».
Қазақтың орыстануына басты кінәлі Абай ма?
Біріншіден, казақтың бүкіл орыстану процесі, қазақтың өзін кем тұту комплексі 1933-жылы жарық көрген Абайдың «Қара сөздерінің» кесірінен пайда болды деп, бәріне бір Абайды кінәлі етіп көрсету ешқандай қисын-логикаға сыймайды. Сонда 1730-шы, әсіресе, 1822-жылдан бері отаршылдар не бітірген?
Екіншіден, бұндай ауыр айып тағатындай «Қара сөздер» жарық көргелі бері де қазақтың бәрі оны жастығының астына қойып, күндіз-түні оқып келіп пе еді? Ең болмаса 5-сыныптан бастап, 10-сыныпқа дейін түгел оқытылып па еді? Жоқ? Ендеше не сөз бұл? Ары барса мыңнан бірі оқыған шығар қазақтың.
Үшіншіден, бұл дегеніңіз істі нағыз, көпе-көрнеу бұра тарту ғой, өйткені орыстану процесі шын мәнінде «патша өкіметі екі ғасыр бойы шеше алмаған орыстандыру мәселесін мен екі жылда шештім» деп мақтанған Хрущевтің «тыңды игеруінен» басталған жоқ па еді? Оған кінәлілер өз күніне бола Мәскеуге қарсы тұра алмаған республика басшылары мен ең күнгейдегі қазақы ауылдарға дейін орыс мектебін ашып, ұл-қызын соған оқытуға құлшына кіріскен жағымпаз, мансапқор «жақсыларымыз бен жайсаңдарымыз» емес пе еді? Олар өздерінің осы ісімен күні бүгін де айналысып жатқан жоқ па? 2008-2018 жылдар арасында қазақ мектебінің саны 139-ға, оған барған бала саны 155 мың балаға азайған! Елдегі орыс ұлтының үлесі 19 %-ға түскенімен, орысша оқитын бала үлесі 71пайыз! Әлемнің бір де бір елінде бұндай жағдай жоқ!
Бұның ешқайсысын есепке алмаған Бақыткерейұлы мынадай қорытынды жасайды: «Абай шын мәнінде өз халқын жер етіп, оны өзгелерге таба ету арқылы өзі биіктеген тұлғалардың бірі болды. ...Өз ұлтын мысқылдай отырып аяусыз кемсіту Абай шығармашылдығының бір тұғыры болды. ...Абай сияқты өз ұлтының қоясын ақтарып «досқа күлкі, дұшпанға таба еткен» бір ұлы тұлға бар ма екен? Мүмкін, ол шынымен де қазақтың намысын қамшыламақ болған шығар, бірақ бұл жерде «арық атқа қамшы да ауыр» деген қазақ даналығы ескерілуі тиіс еді. Мұндай кезде оның ұлттық рухын көтеретін, оның өзіне деген сенімін нығайтатын өр туындылар қажет еді. Бірақ Абай атамыз ондай биіктен көрініп, өз халқының үдесінен шыға алмады. Енді қазіргі өскелең жас ұрпақ оның сол қателігін қайталамаса екен деймін!»
Біз де екі баурымыздың жазбасына қорытынды жасап керейік. Ең алдымен айтарымыз: «Екінші сөз» «...құлы, күңі құрлы да жоқпыз» деп бітпейді. «Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?» деп бітеді. (Ғалым болса өзінің пікірін салмақты ете түсу үшін ол сөйлемді әдейі тастап, арам әдісті қолданып отыр). Өзі білмеген, білгеннің тілін алмаған халқының ісіне күйіп-піскен, намыстан көкірегі қарс айрылып, жарылардай болып тұрған адамның сөзі бұл! Мәселе – осында! Біз осыны түсінуіміз керек.
Екі азаматтың бар айтары - Абайдың қазақтың досы ретінде жылатып айтқанына терең бойлай алмай, бетіндегісін қалқып қана алған, сондықтан теріс түсінген өздерінің және өздері секілділердің ой-пікірі ғана. Бұл жерде Ахмет Байтұрсынұлы атамыздан артық айтқан ешкім жоқ: "Абайдың кей сөздерін, ойланып дағдыланған адам болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда". Басқаша айтсақ, бұл оқушылардың кінәсі де емес, бұл олардың соры!
Жанұзақ «абайтанушымыз» дейтіндер, ақын шығармасы туралы өз ойын айтқандарға «Абайды түсінбейсіңдер» деп қорғанады» дейді. Дұрыс айтылған!
Біріншіден, Абайды түсінетін адам, «Қара сөзді» «басқа адамдар жазды» деген сандырақты сөз деп қарастырмас та еді. Себебі, «Бақара» сүресіндегі «Егер күдіктенсеңдер (Құранның Құдай сөзі екеніне - Ө.А.), сендер де осыған ұқсас сүре түсіріңдер» деген аят та бір, «Қара сөз» де бір – Абайдан басқа ешкім оны жаза алмайды!
Екіншіден, «Оқырмандары Абайдан жүз-мың есе көп Хайям, Шекспирлерді неге барлық тілдерде жақсы түсінеді де, Абайға келгенде оны түсіне алмайды және ол басқа тілдерге аударуға қиын?!» дейді Жанұзақ. Бұл да дұрыс - түсіне алмайды. Себебі, Абайдан басқа өлеңінің, шығармасының бәрі дерлік, тіпті, лирикасының өзі тұнып тұрған терең ойдан, қабат-қабат философиялық пайымнан тұратын бір де бір ақынды таба алмайсыз. Абайдың басқа ақындардан айырмашылығы да, артықшылығы да сонда!
Сол Омар Хайям, Шекспир, тағы кім бар, Гете, Гюго, Сервантес, Пушкин, Рудаки, Науайидің ешқайсысы Абайдың басынан кешкені кешкен жоқ, қайтсем халқымды өзгелермен тең етемін деп ізденумен, арпалыспен өмірі өткен жоқ. «Пушкин – наше все!» деп көршілер көкке көтеретін ақын бұл жағынан Абайдың қолына су құюға жарамайды, сенбесеңіздер оның үш томдық таңдаулы шығармалар жинағын қолға қызыл қалам алып, асықпай оқып шығыңыздар.
Абай не үшін қазақты аямады?
Үшіншіден, Абайды «қазақтың рухын жер етті, санасын улады, «досқа күлкі, дұшпанға таба етті» деп кінәлайтын мырзалар, сіздер шынымен-ақ ұлы ақын «халқының намысын таптады, халқын тұқырту арқылы өзін ұлықтады» деп ойлайсыздар ма? Онда қатты қателесесіздер! Дәлел мынау.
Біздің Шымкентте алты ауданды басқарған, кейін Сенат депутаттығына сайланған Қуаныш Айтаханов есімді азамат болды. Сөзге - шешен, іске – көсем оның жалғыз ғана кемшілігі бар еді: іс жүрмей жатса Айтаханов көптің көзінше өзінің орынбасарларынан бастап ешкімді де аямайтын. «Мен сендерге көптің іші демей қатты айтып жатсам, ол да халықтың мүддесі үшін, оны түсінуге тиіссіңдер» дегенді «ішің білсінге» қалдыратын.
Міне, сол уақытта оның түпкі ойын түсіне қоймайтын басшылар «Айтаханов бізді үнемі қарапайым халыққа жығып береді де отырады, біздің абыройымызды ойламайды» деп қапа болатын. Бірақ, олар қанша жерден мықты көрінгенмен ет пен сүйектен жаралған, қам сүт емген пенде Қалекеңнің де «қап, қатты кетіп қалдым-ау осы!» деп, кей түндері таңды көзбен атыратынын білмейтін... Ертесіне ол жұмысқа ешкімге ұрыспауға белін бекем буып келетін. Бірақ, істің жүрмей жатқанын, әсіресе, жаны ашымастықты, немқұрайдылықты көргенде, «жұмыс істемейтін адамды, туған бауырым болса да жек көріп кетемін» дейтін ол, қайтадан қатты кетіп қалғанын байқамайтын. Тағы артынан «мен айтпағанда кім айтады? Ең болмаса намысына тисем нәтиже шығарар» деген ойға келіп, өзін жұбататын.
Кейін, өздері осы аяушылықты білмейді деп ойлайтын адам ауысып кеткен соң, сол жігіттер өткенді өзара әңгіме етіп отырғанда Айтахановтың өзі де көптің алдында аса сирек болса да, дәл сол артық кетіп қалғаны үшін, қарамағындағылардан абыройын төгетін сөз естіген кезде қара нардай қайыспай көтеретінін еске алып, соның бәрі халық деп күйіп-жанғаннан екенін енді түсінетін.
Әне, сол кезде барып олар: «Е-е, Қалекеңдікі дұрыс екен ғой, халық алдында қатты айтса жанымызды қинау үшін емес, біз етек-жеңімізді жинау үшін, біздің намысымызды жану үшін айтады екен ғой» деген тоқтамға келетін... Сағынып, артынан іздеп барып жүретін, той-томалағынан қалдырмай шақырумен болатын.
Ендеше Абайдай данышпан адам да көптің көңіліне қарауды, «кім не айтады» деуді емес, қалайда нәтиже шығаруды ойлады деп білген жөн. «Шошимын кейінгі жас балалардан» деп тұрса да, түбінде ұрпағы «орыстың тілін үйрен» дегені «шен үшін, қызмет үшін емес», «дүние де өзі, мал да өзі - ғылымды үйрен» дегені екенін түсінетініне сенді, сол себепті жұмсартпады сөзін. Қайта неғұрлым ащылау айтсам, соғұрлым ертерек халқымның намысына тиермін, сонда ертерек нәтиже де шығатын болар деп ойлады. Ал, біз болсақ, Абай: «Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол - мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең - оқыт, мал аяма!» деп, маңдайға салып қалғандай етіп, соқырға таяқ ұстатқандай етіп орыстың ғылымын үйрет деп тұрса да Абайдың ойын түсінбей қаламыз. Есесіне одан кейінгі «Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?» деген сөйлемге жабыса қаламыз-дағы, Абайдың жазбағанын жазды етіп, өзіміздің шолақ ақылымызға салып, теріс пішіп кетеміз: «орысша оқып, орыс тілін білмесе балаң бала болмайды, ол орысша білмейтін (Абайда бұндай сөз жоқ қой?!) ит қазақтардың бірі болып қалып саған рахат көрсетпейді, өзі де рахат көрмейді, я жұртқа рахат көрсетпейді» деп отыр. Осыдан кейін қалайша «қазақша оқып, қазақы тәрбиемен өскен бала адам болмайды» деген түсінік қалыптасып, «қазақы бала бала емес» деген мәтел пайда болмайды?» (Ғ.Бақыткерейұлы)
Тағы бір маңызды мәселе. Біз «Қара сөздерді» орысшаға да, басқаға да аудармауымыз керек. Өйткені, ол о бастан қазақ үшін, қазаққа ғана арналып жазылған дүние. Онда біздің ішкі шаруамыз айтылған.
Әрі, Абайды аударудың қиын екені де рас. Герольд Бельгер ағамыз да: «Мен қазақтар Абайды неге аудармайды деп өкпелеуші едім, М.Дудинге Абайдың 33 өлеңін аудартуңа тапсырыс беріліп, өзім оған жолма-жол аудамасын бірнеше нұсқа етіп, «мынау үстіңгі қабаттың аудармасы, мынау оның астарының, мынау екінші астарының аудармасы» деп жазып бергенімде, Абайдың өлеңдерін аударуға болмайтынына көзім жетті» деп жазып кеткен болатын. Шынында да, Абайды шынымен-ақ білгісі келетін адам болса, қазақша үйреніп алып, түпнұсқадан оқысын.
Абай жайлы қай уақытта жазған дұрыс?
Төртіншіден, бұндай пост жазар алдында кім болса да Абайдың өлеңдерін қайтадан бір қарап шыққаны жөн болар еді. Өйткені 16 жасында үйленген ол келбетті, сауықшыл, сері, әйелқұмар жан болған. «Абай келе жатыр» дегенде барған ауылының әйелдері ажарлы қыз-келіндерін жасырып, әуреге түсіп қалады екен. Сондай бір жазғыкүнгі жиында жалаңаяқ қызметші жас келіншекке «мына байталдың жүрісін-ай!» деп әзілдегенінде,
-Бір емес, бірнеше рет байтал дедің,
Өзім де дәл солай деп айтар дедім.
Айғыр шапса байталға құлын туар,
Тумаған сен байталдан сайтан ба едің?! – деген «сыбағасын» да алған кезі болған Абай 21 жасында болыс болып сайланған соң күрт өзгереді.
Жасымда албырт өстім ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етек басты көп көрдім елден бірақ, - деп еске алады ол бұл кезді кейін. Бойындағы атаның күшімен, ананың сүтімен келген, әженің тәрбиесімен берілген әділетсүйгіштік қасиет оны парақорлық жайлаған елде күреске ерте түсіреді. Жеңісінен жеңілісі көп болған Абай күресінің шыңы – 1885 жылғы Қарамоладағы сиезде оның төбе би болып сайланып, 93 баптан тұратын, қылмыстық істерге қарсы Ресейдің далаға арналған заң ережелерін жазуы. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, Абайдың мысалынан басқа тарихта осыған ұқсас тағы бір жағдай болды ма екен?! Ендеше, патша өкіметін сондай қадамға баруға мәжбүр еткен Абай қазақ үшін одан артық не істесін, өлсін бе енді?! (Айтпақшы, тақырыптағы тырнақша ішіндегі сөз – Жанұзақтың постынан...)
18 жыл құрған биліктен (9 жыл болыс, 9 жыл болыстың биі) кетіп, ақындыққа біржола бет бұрғанда, бар болғаны 41 жастағы Абайдың 1886-жылы жазған өлеңдерін қараңыз: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да», «Ғылым таппай мақтанба», «Сабырсыз, арсыз, еріншек». Осылай жалғаса береді.
Сондағы Абайдың күресі – қазақтың болмысын өзгерту үшін жүргізген күрес. Патша өкіметін сәл де болса айтқанына көндіріп, айдауына жүргізе алған Абай енді қазақ қоғамына қарсы жалғыз қалғанда өзі білмеген, білгеннің тілін алмаған халқынан, Сырым батыр айтқандай, күнде жеңілетін болады...
Сол кезде ол «Ішім өлген, сыртым сау» (1889 ж.)деп күңіренеді.
Туған жерді қия алмай,
Тентекті жеңіп, тыя алмай,
Әлі отырмыз ұялмай,
Таба алмадық өңге елді,
Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар,
Өтірік пен өсекке
Бәйге атындай аңқылдар (1890ж.), – деп аһ ұрады Абай. Біз болсақ ол өлеңді оқымаймыз, есесіне: «Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық қайрат, жалын сөніп те қалған екен» деген 9-қара сөзін оқып алып, «Бұл дегеніміз қазақ жастарына қазақтан сендерге қайыр жоқ, сондықтан қайратты күндеріңізде өз бағыңды өзге жұрттан іздеңдер, менің қателігімді қайталап, мен сияқты өкініште қалмаңдар деген тікелей нұсқау емес пе?» (Ғ.Бақыткерейұлы) деп, көрініп тұрғанды ғана көреміз, астарына үңілгіміз, мағынасы мән бергіміз келмейді.
Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып.
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып.
Таппадым көмек өзіме,
Көп наданмен алысып.
Көнбеді ешкім сөзіме,
Әдетіне қарысып.
Жарлы емеспін, зарлымын,
Оны да ойла толғанып.
Жұртым деуге арлымын,
Өзге жұрттан ұялып.
Мұндай елден бойың тарт,
Мен қажыдым, сен қажы.
Айтып-айтып өтті қарт,
Көнбеді жұрт, не ылажы?(1891ж.)
Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен. (1892ж.)
Міне, осы жолдар, заманды түзетпек болып, көп наданмен алысқан, жеңе алмай қажыған зарлы қарттың аузынан шыққан зәрлі сөздер 9-шы «қара сөздің» қалай, қандай жағдайда пайда болғанын тайға басқан таңбадай анық көрсетіп тұр.
Тағы сене бастаймын
Күнде алдағыш қуларға.
Есім шығып қашпаймын,
Мен ішпеген у бар ма? (1896ж.)
Осылай ішпеген уы қалмаған Абай 1898 жылы алғаш рет өлімді аузына алады, өмірінің түйіні сияқты етіп, әйгілі өлеңін жазады:
Өлсем орным – қара жер сыз болмай ма,
Өткір тіл – бір ұялшақ қыз болмай ма.
Махаббат, ғазауатпен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма!
Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма,
Біреуге жай, біреуге тез болмай ма.
Асау жүрек аяғын шалыс басқан,
Жерін тауып, артқыға сөз болмай ма!
Сонда жауап бере алман мен бишара,
Сіздерге ерік тиер, байқап қара.
Екі күймек бір жанға әділет пе,
Қаны қара бір жанмын, жаны жара.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!
Ішім – толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей.
Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей.(1898 ж.)
Абай тоқтаса да, өзінің жауап бере алмайтынына дейін жазып кетсе де біз тоқтамаймыз, «бір жанды екі күйдіргенімізді» қоймаймыз, өзіміз бір адамды жеңе алмай жүріп, «іші толған у мен дерт», «мыңмен жалғыз алысқан жанға» «арық атқа қамшы ауыр болатынын білмедің», «ұлттың рухын көтеретін, оның өзіне деген сенімін нығайтатын өр туынды жазбадың» деп кінәлаймыз. Енді ең болмаса осыдан кейін тоқтатайық, тыныш ұйықтауға мүмкіндік берейік...
Өмірзақ Ақжігіт,
Қазақ үні