Жалған тұлғаларды дәріптеу - ұлт тағдыры үшін аса қауіпті
2023 ж. 29 шілде
4841
8
ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ ЕРЛАН ТЫНЫМБАЙҰЛЫ ҚАРИН, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ АСХАТ РАЗДЫҚҰЛЫ ОРАЛОВ МЫРЗАЛАРДЫҢ НАЗАРЫНА!!!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет» – деді. Міне, осы кеңес дәуірінде қолдан жасалған тұлғалардың ең бастылары – «Қожаберген жырау» мен «Сегіз сері». Осы екі «тұлғаны» ойлап тапқан, жасаған, өзін фольклор жинаушысы ретінде көрсеткен Қаратай Биғожин болатын. Оның ұлтқа зиянды осы ісін қазіргі күні бұрын заң қызметкері болған Бекет Тұрғараев бастаған топ жалғастыруда. Ақиқатында бұлардың өмірде болмағаны, қолдан жасалғаны туралы академиялық тұрғыда жан-жақты сараланып жазылған, жарияланған сын мақалалар бар, атап көрсетейік:
1) Кенжалиев И. Сегіз сері деген кім?// Жалын. №9-10, 1997.;
2) Кәртен Б. «Сегіз сері» ертегісі. // "Ана тілі" газеті, 07.12. 2000.; «Ана тілі» газеті, 14.12. 2000.; «Ана тілі» газеті, 28.12. 2000.;
3) Кәртен Б. «Елім-айдың» авторы да – Биғожин! // «Алтын Орда» газеті, 26.10. 2001.;
4) Керім Ш. Өкінішті әрекет.// Ана тілі. №14, 5.04.2001.;
5) Қосан С. Ұлтқа ру емес, рух қажет! // «Ана тілі» газеті, 14.02. 2002.; 21.02. 2002.; 28.02. 2002.; Қосан С. Әдебиет – ардың ісі // «Ана тілі» газеті, 14.03.2002.; 22.03. 2002.; 4.04. 2002.; 18.04. 2002.;
6) Қосан С. Ғасыр жұмбағы немесе Сегіз сері кім? // «Қазақ әдебиеті» газеті, 8.09. 2006.; 15.09. 2006.; 22.09. 2006.
7) Кәртен Б. "Сегіз сері" ертегісіне осы жұрт неге құмар? // Қазақ әдебиеті. 24.07.2023.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғалымдарынан құрылған Тексеру комиссиясының сараптаулары бойынша бұлардың («Сегіз сері», «Қожаберген жырау») жалған тұлғалар екендігі жөнінде шығарылған шешімдер де бар (Дәйеккөз: ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғалымдарынан құрылған Тексеру комиссиясының қорытынды-сараптамасы (6.02.2007 жыл, № 056/35 - 0325). «Қазақ әдебиеті» газеті (№ 29. 20.07.2007 жыл).
Сондай-ақ, ҚР БҒМ ҒК бұл «тұлғаларды» оқыту бағдарламаларына енгізуге тыйым салған да болатын (Дәйеккөз: ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімі (27.11.2006 жыл. № К–1514 /. «Ана тілі» газеті. № 5. 1.02.2007 жыл; «Жұлдыз» журналы. № 3. 2007; «Қазақ әдебиеті» газеті. № 5. 2.02.2007 жыл;.
Бірақ бұл жалғандықты жалаулатқандар ғалымдардың шешіміне де, министрліктің қаулысына да, тіпті Президенттің сөзіне де құлақ асар емес. Қаншама халық әндерін, жырларын осы негізсіз тұлғаларға теліп жіберді. Қазір телеарналар оларды автор ретінде толассыз насихаттауда. Оларға біршама қалаларда, елді мекендерде көше, мемлекеттік нысан аттарын беріп тастады. Оқулықтар мен оқу құралдарына да енгізе бастады. Енді жер-жерде ескерткіштер қоюға кірісті. Үкімет қаулысының негізінде өткізілген «Елім-ай» өлеңінің 300 жылдығын да аталмыш топ өз пайдасына асырып, бұл өлеңді де Қожабергеннің авторлығында көрсетті, ескерткіш тақта орнатты. Осы жайға байланысты ғалым Б.Қорғанбеков дабыл қағып, мәселені Сіздің де назарыңызға ұсынған болатын. https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=808556047484020&id=100049888965198&mibextid=Nif5oz
Енді әдебиетке, әдебиеттану ғылымына, мәдениеттануға қатысы жоқ Бурахан Дақанов арқылы Қызылжар қаласында Сегіз серіге ескерткіш орнатпақшы. https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=1676638042809937&id=100013912713561&mibextid=Nif5oz
Бұл жалған тұлғаларды дәріптеудің ұлт тағдыры үшін аса қауіпті екенін атап өтпекпіз:
1) Аталмыш жалған тұлғалардың атына телінген, қолдан жасалған шығармалар бар. Олар ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи санамызды бұзады. Өйткені онда бұрмаланған тарихи шындық өте көп. Ал тарих бұрмаланса, халықтың тарихи жады бұзылады. Тарихи жадыға нұқсан келсе, халықтың рухани-иммундық қабілеті жойылады.
2) Жас ұрпақтың тарихи шындықты дұрыс бағалау қабілетін төмендетеді.
3) Ол жасанды шығармалар біз әлі зардаптарынан құтыла алмай келе жатқан таптық, атеистік, интернационалистік идеяларға толы. Бұл – жас ұрпақты хандарымызды, билерімізді, ата дінімізді, ұлттық құндылықтарымызды жек көруге жетелейтін қатерлі құбылыс.
4) оларда әлі де тарихи шындықты рет-ретімен бұрмалай берудің бастамалары бар.
Біреулердің шатпақтап құрастырған «Елім-ай» «дастанынан» соң «Жеті жарғы» заңдар жинағын «Қожаберген жырауға» телудің әрекеттері жасалуда. Сонымен бірге «Сегіз серінікі» делініп жүрген, тарихи шындық аяусыз бұрмаланған жасанды нұсқаны ұстын етіп, «Қыз-Жібек» кинофильмін қайта түсіру жайлы әңгімелерді де қайта-қайта көтеріп жүр. Фальсификаторлар осы арқылы қазақ тарихындағы ең ірі жәдігерліктердің бәрін бұрмалауды алыстан жоспарлап отыр.
Осылардың бәрін ескере келе, Сізден төмендегі шараларды қолға алуыңызды сұраймыз:
а) осы кезге дейін бұл жалған тұлғалардың аты берілген көше, мемлекет нысандарын, қойылған ескерткіштерді алып тастау және оны қайталауға қатаң тыйым салу;
ә) жалған тұлғалар енгізілген оқулықтар мен оқу құралдарын оқу үдерісінен алып тастау және бұл қателікті қайталауға тыйым салу;
б) жалған тұлғаларды насихаттаған құжатты фильмдерді, хабарларды жою;
в) бұл мәселеге арнап ғылыми конференциялар өткізіп, арнайы зерттеулер жүргізіп, шындықты айқындау;
г) жалған ақпараттар көпшілікке біршама сіңіп кеткендіктен, ақпарат құралдары арқылы жалғандықты әшкерелеу;
ғ) осыған дейінгі мемлекеттік комиссиялардың қаулы-шешімдері мен ғалымдардың тұжырымдарын басты назарға алу;
е) басқа да жалған тұлғаларды рет-ретімен әшкерелеу.
Осы шараларды атқаруға ұлтына жаны ашатын зиялылардың бәрі Сізге жәрдемші болады деп сенеміз! Қолдағысы келетін кісілердің тізімді жалғастыра беруіне болады.
СВЕТҚАЛИ НҰРЖАН, ақын,«Отан»,«Құрмет» ордендерінің иегері;
ШӘМШӘДИН КЕРІМ, филология ғылымдарының докторы, профессор;
САҒАТБЕК МЕДЕУБЕК, әдебиеттанушы-ғалым, доцент, дәстүрлі әнші;
РАМАЗАН СТАМҒАЗИЕВ, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері;
ЕРЛАН ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнертанушы;
ЕРКІН ШҮКІМАН, әнші, Құрманғазы атындағы консерваторияның доценті;
ТІЛЕУЛЕС ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, әнші, ҚР мәдениет саласының үздігі;
БӨРІБАЙ КӘРТЕН, дәстүрлі әнші, тіл-әдебиет маманы, өнертанушы;
СЕРІКБАЙ ҚОСАН, әдебиеттанушы-ғалым, «Бабалар сөзі» көптомдығының жауапты шығарушысы;
БОЛАТ ҚОРҒАНБЕКОВ, әдебиеттанушы-ғалым, қауымдастырылған профессор.