Қолына алған тасы тарихқа айналып шыға келетін...
2023 ж. 26 маусым
1884
0
Белгілі мүсінші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркемсурет академиясы академигі Тілеуберді Бинашев Шардара мен Арыстың арасындағы Байырқұм ауылында туып, бар қазаққа әйгілі өнер тарланына айналды.
Бала кезден суретші болуды армандаған біздер үшін Шардара өңірінде Тілеубердіден асқан мүсінші жоқтай көрінетін... Сондықтан ол барып оқыған Алматыдағы көркемсурет ущиличесінен артық оқу орны жоқ деп ойлайтынбыз. Ауылда оны бәрі Тілеу дейтін. Оның даңқы біз 8-ші кластарда оқып жүргенде Темірланда күш атасы Қажымұқанның ескерткішін салумен бірден өрлей жөнелді. «Қажымұқан ескерткішін салған мынау біздің көрші ауыл Байырқұмдағы мүсінші бала екен» деген сөз ауылда, әсіресе, Арыс пен Шардараның арасында Арыстанды-Қарабастың желіндей қатты есіп кеткен еді сол кезде... Керемет дүниелердің бәрі біздің ауыл-аймақтан басқа жақта, тым алыста болады деп ойлайтын қатып қалған қағиданы алғаш бұзған, жаңылыспасам, осы Тілеуберді Бинашев болды. Біз Тілеумен танысуды ойлайтынбыз. Оның қасында жүріп, мүсін жасағанын өз көзімізбен көрсек, үйренсек деп армандайтынбыз. Байырқұмда Тілеумен бір ауылда бірге өскен, ауылда мен мұғалім болып жүргенде Қызылқұмда кеңшардың көркейту суреттерін бірге салған Елтай суретші есіп тұрып, онымен бірге талай ескерткіш-мүсіндерді соққанын айтып отыратын...
Сыртынан атына қанық Тілеуді мен Алматыға Елтайды ертіп бір келгенде үйіне іздеп барып, танысқан едім. Кейін Алматыға суретші боламын деп барған мен ауылға ақын болып оралдым да, мүсінші Тілеумен жолымыз түйісе қойған жоқ. Ақын-жазушылар арасында аты көп шыға бастағанда ғана елеңдеп қалатын едім. Айта кету керек, суретші-мүсіншілердің ішінде әдеби қауымға жақын жүретін, өмірден өткен қаламгерлер-қайраткерлердің мүсіндерін жасаумен аты шыққан Тілеу Бинашевтың аты жиі естілетін. Кейбір ескерткіштерінің кейбір қалаларға қойылып жатқанын еміс-еміс естіп қоятынмын. Тілеу өзінің үлкендігін көрсетіп, кейінгі кезде маған жиі хабарласа бастады. «Сен өмірі Алматыда тұрмайсың ғой. Қашан көрсем, сапарда жүресің, қолың тиетін кезі бола ма өзі?» деп кейіп те қоятын.
Маған әсіресе, ұнағаны, оның Арыста Мұңлық-Зарлық ескерткішін тұрғызуы еді. Өйткені Мұңлық-Зарлық дастаны біздің бала жасымыздан санамызға сіңіп қалған болатын. Менің өзімнің де «Мұңлық-Зарлық мұқамы» атты жыр хамсаятым бар еді... Эпостық жырға сүйенген ескерткіш композициясы өзгеше өрнекте, Тілеудің өзіне тән пластикалық шешімде сәтті бейнеленген. Кейін менің қолыма Тілеуберді Бинашевтың «Мүсін» кітабы тиді. Көлемді де, көркем кітапқа 2012 жылдың 12 желтоқсан күні қолтаңба жазып қойған екен, күйбең тіршіліктің күрмеуімен жүріп, соған жарты жылдан асқанда барып, зорға қолым жетті. Мәдениетке мән берген азаматтығын көрсетіп, демеу қолын созған Ербол Шымкентбайұлының арқасында жарық көрген сапалы кітап-альбом Тілеудің бар шығармасын алдыңа жайып салатын көркем дүние болып шығыпты.
«Мұңлық-Зарлық», Керей-Жәнібек, «Баба рухы» монументтері, Қажымұқан, Абылай хан, Құрманғазы, Қорқыт баба, Күләш Байсейітова ескерткіштері Тілеудің өнердегі эпикалық кең құлашын көрсетеді. Ал лирикалық лебі бар «Атамекен», «Әуен», «Сырласу», «Байырқұмның баласы», «Көктемгі жаңбыр», «Сүйінші», «Қиял», «Бинаш ата», «Аршагүл ана», Байырқұмның қыздары», «Кемпірқосақ», «Дала қызы», «Сыр бойы», «Сағыныш» және т.б. туындылары туралы көп сөз айтуға болады. Тілеудің оң жамбасына жақсы келетін шағын мүсіндері нің әрқайсы үлкен армандарға жетелеп, терең ой қозғайды. Бейнебір үлкен ойларға жетелейтін шағын лирикалық әсем жырлар секілді әсер қалдырады... Ал саябақ мүсіндеріне келсек, сәтті шешімдер тапқан түрлі мүсіндер бейнебір табиғат әлемімен біте қайнасып кеткеніне куә боламыз.
Кітапта Тілеу туралы қазақтың бүкіл жайсаңдары жақсы тілегін аямапты. Әйгілі тарландар Асанәлі Әшімов пен Мұқтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиевтерден бастап, Серік Тұрғынбеков, Ибрагим Исаевтар қостап, талай тұлғалар жүрек жарды лебіздерін білдіріпті. Бұның өзі де көп нәрсені аңғартса керек. Талантты таланттар таниды.
Жігітсің сен баба рухы қолдаған,
Талайлардың өр тұлғасын сомдаған.
Фараби мен Төлебидің жерінде,
Саған дейін сендей шебер болмаған!» –
деп жырлайды мұзбалақ Мұқтар Шахановтың өзі...
Менің Тілеу ағам туралы «Байырқұмның баласы бар қазақтың дарасына айналды» деген мақалам бар еді.
Көне Сырдариядан көркем сыр аулап, мұрасы мол Мұрынқарақтан шежіре жинап, қазақтың бас батыры болған Алатау батыр бабасына зиярат етіп өскен, Арыстан алысқа шырқаған Тілеуберді Бинашев қолына алған тасы тарихқа, ағашы асыл дүниеге айналып шыға келетін дара дарынды мүсінші еді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркемсурет академиясы академигі, Ресей Көркемсурет академиясының құрметті академигі,ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Түркістан облысының Құрметті азаматы. Шаңырағын шағын мұражай-көрмеге айналдырған, соңынан қызы Гүлфиядай үздік шәкірттер ерткен ұлағатты ұстаз болатын.
Тарихымен тамсантқан тәмам елді,
Даламдағы бұл да бір дара белгі –
Ұзаққа ұлын ұзатып салып тұрып,
Мұңлық-Зарлық мұңданып қала берді... –
деп, бір кезде ауылдан Алматыға аттанып кеткеніміздей, баяғы «Байырқұмның баласы» бар қазақтың дарасы ретінде танылып, қазақ бейнелеу өнеріндегі бедерлі де, белгілі тұлғаға айналып кеткен еді.
Қазақтың бас батыры Бөгенбайдың ескерткішін салу мақсатында батырдың ұрпағы, Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев екеуміз кейінгі кезде Тілеудің шаңырағы мен бай шеберханасында бірнеше рет болдық. Былтыр 65 жасқа толғанда да, астанадан арнайы келіп құттықтадық.
Ол өмірінің соңына дейін, үміт етіп күресті. Жаназада сөйлеген Асанәлі ағамыз оның осыдан он күн бұрын ғана өзіне Роман досы екеуі телефон соғып, хабарласқанын, жағдайы жақсы екенін айтқанын күрсіне жеткізді. Тілеудің ескерткіштеріне демеуші болып жүретін жақсы көретін еркөңілді қарындасы Айнұр Жұмаш қаралы хабарды менен естігенде осыдан үш күн бұрын ғана сөйлескенін, өзі ауырып жатып, қарындасына денсаулық тілегенін айтады…
Алла үкіміне амал жоқ! Ақыры аты жаман ауру алып тынды… Ұзақ ауырып жүрген Тілеу ағамыз Стамбұлға дейін барып емделді. Телефон арқылы хабарласып тұрдық. Ақыры аты жаман ауру алып тынды…
Тілен талай қаламгерлер мен ұлт зиялылары өмірден өткенде ескерткіштерін жасап жүрді. Сондай ақындардың бірінің мүсінін жасағанда айтып едім, «Өмірден өткен тұлғалардың тұлғасын жасап, тірілтіп алатын Тілеу бар» деп. Енді Тілеу ағамыздың өзі де өтті өмірден… Ал Тілеудің тұлғасын тірілтіп алатын артынан ерген, өнер жолын жалғаған Гүлфия қызы бастаған шәкірттері бар. Мәңгілік атын қалдыратын өнер туындылары бар. Соған шүкір дейік!
Барған сайын Шардара даласына,
Асығатын ұлы Сыр жағасына.
Байырқұмның баласы бір кездегі
Айналдың сен бар қазақ дарасына!
Алла алдынан жарылқасын! Пейіште рухы шалқи бергей!
«Бинаш ата» жаққан өмір шырағы өнер шырағына айналып, мәңгілік маздап жана беретініне сенеміз.
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні