ӨЗІ ДЕ АСЫЛ ЗАТТЫ ЖАН ЕДІ...

ӨЗІ ДЕ АСЫЛ ЗАТТЫ ЖАН ЕДІ...

Мырзакенттегі аудандық «Мақтаарал» Мәдениет үйінде Қызылқұм күй мектебінің көрнекті өкілі, ақын Оразбек Сәрсенұлының туғанына 100 жыл толуына орай «Мырзашөлдің күй мұрасы» атты әдеби-сазды кеші өтті.

Негізгі іс-шара басталғанға дейін қонақтар фойеде осындай тақырыппен дайындалған кітап көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, «Ақ алтын» ұлт-аспаптар ансамблінің орындауында қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазының бірнеше күйлерін тыңдады. Кешке қатысушылар алдымен дәулескер күйші Оразбек Сәрсенұлы жайындағы бейнефильмді көріп, дарынды тұлғаның өмір жолымен танысты.  

Қазақ халқының рухани дүниесінде күй өнерінің алатын орны ерекше. Күй – қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының тұғыры биік асыл мұрасы. Оның өміршеңдігінің өлшемі уақыт талғамайтын әр заманның рухани тілегіне сәйкес өзгеше өнерімен таразыланып отырады. Соның бір дәлелі – бүгінгі күйші-композитор, ақын Оразбек Сәрсенұлының шығармашылығына арналып отырған кеш. Оңтүстік күй мектебінің осынау белді өкілі сегіз қырлы бір сырлы, жастайынан өте зерек, алғыр, өнер-білімге деген құштарлығымен ерекше көзге түскен, кішіпейіл, жүрген жері ән мен күйге, мереке-думанға бөленген жан еді. 

Күйлері мен өлеңдері сырға, мұңға, өсиетке, жер мен елге деген сағынышқа толы Оразбек Сәрсенұлы көптеген шәкірттер тәрбиелеп, домбыра сазын, күй құдіретін насихаттаған.

Қызылқұм күйшілік мектебінің негізін қалаған Әлшекей Бектібайұлы, Ақбала Жанғабылұлы, Досжан Құрақұлы, Қайыпназар Әйтпенов, Қабыл және Дабыл Ажақаев, Балғынбай Қасымов, Шағдар Ақылбековтер болса, Оразбек Сәрсенұлы осы арналы мектептің шертісі бөлек, таланты ерек өкілдерінің бірі болатын. 

Оразбек күйші – 1923 жылы қазіргі Арыс ауданының Байырқұм ауылында дүниеге келген. Түркістандағы педагогикалық училищені тәмамдап, ауылында біраз жыл мектеп басқарған. Кейін балаларының болашағына алаңдап, сауда қызметіне ойысады. Өмірден өткенше осы салада еңбек етеді. Өкініштісі, небәрі 46 жасында обыр дертінен қайтыс болады. Күйшінің қызы, әке мұрасын насихаттап жүрген Күлайна Оразбекқызының айтуынша, 1969 жылдың 9 мамыр күні әкесі ертемен балаларына домбырасын алдыртып, өзінің «Қызылқұм» күйін орындап беріпті. Өзінің салалы саусақтарына қарап «бұлар да бір күні топырақта шіриді-ау» деп мұңайған көрінеді. Күйшінің өлер алдында «Қызылқұмға» іш тартуы тегін емес. Басқасы басқа, ол күй Оразбек күйшінің өзіне арнап орнатқан ескерткіші десе болғандай. 

Оразбек Сәрсенұлы дәулескер күйші болғанымен, кәсіби өнердің соңына түсе алмаған. Оған құбылған заманы ырық бермеген сияқты. Бірақ, ел ішінде бабалар дәстүрін жалғастырып, Қызылқұмның төкпелерін талмай насихаттап жүрген. 

Оразбек Сәрсенұлы күйші ғана емес, ақын ретінде де айнала төңірегіне аты мәлім болған. 

«Өлең жаздым арнайы,

Түсінетін ер қайда?

Асыл затты жігіттің,

Қадірін білер ер қайда?

Асқар да асу бел қайда?» –

деген өлең жолдарын оқығанда оның талантты ақын болғандығын аңғарасыз.

Бүгінде қызы Күлайна Оразбек Сәрсенұлының күйлерін насихаттау жұмысымен айналысып жүр. 2019 жылы өзі бас болып, әлеуметтік желі арқылы «Күй – аманат» атты онлайн күй байқауын жариялады. Сол байқауда күйшінің жеті бірдей күйі орындалды. Күйшінің жанына серік еткен домбырасының түпнұсқасы Алматыға әкелініп, «Alatau Creativ Hub» орталығына қойылды. 2021 жылы күйші жайлы деректі фильм түсірілді. 

Оразбек күйшінің үлкен қызы, Мақтаарал ауданы әжелер алқасының төрайымы Шахзада Құрбанбаеваның айтуынша, 1967 жылы Өзбекстанның телеарнасынан апта сайын берілетін «Замандас» музыкалық редакциясының жүргізушісі Мырсыдық Ұстабабаев күйшінің 7 күйін таспаға жазып алған. Талай жылдар бойы шаң басып, тартпада жатқан осы күйлері «Қазақтың 100 күйі» анталогиясына енді. Консерватория мен колледждерде ән-күй оқулықтарына еніп, талапкер жастар бұл күйлерді шеберлікпен орындап келеді. Оразбек ағаның күйлері республикалық «Шалқар» радиосында жиі орындалады. Әке мұрасының осылайша қайта жанданғанына ұрпақтары дән риза. 

Әдеби-сазды кеште Т.Жүргенов атындағы өнер академиясыны оқытушысы Нұрлан Түменбаев күйшінің «Күлтір мамай», «Мамайдың жорғасы» күйлерін шеберлікпен орындады. Сондай-ақ, осы академияның түлегі Лунара Мәуелбек «Жүсіп» күйін, осы оқу орнының студенттері – Тимур Үмбетжан мен Ермек Қазмұханбетовтер «Қуаныш», «Сырласу» күйлерін, жетісайлық күйші, профессор Бөрі Исаның талантты шәкірті, ән-күй пәнінің оқытушысы Құрманғазы Абдухаликов «Қызылқұм» күйін ерекше сазбен күмбірлете шертті. «Мақтаарал» Мәдениет үйінің қызметкері Біржан Жанту Оразбек Сәрсенұлының балаларына қалдырған өсиетнамасын оқып берсе, ал сол мекеменің әншісі Жәнібек Тағаев «Оразбектің зары» термесін (Оразбек күйші қайтыс болар алдында шығарған) орындады. 

Өнер кешінде Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, Мақтаарал ауданы мәслихатының төрағасы Қадыр Сәрсекбаев, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы, есімі республикаға танымал әнші-термеші Каналбай Сейілбеков, Жетісай ауданы қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары, еңбек ардагері Құрал Күзеров, Мақтаарал ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітбек Оңғаров, ақын-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы Мылтықбай Ерімбетов, журналист Дина Иманбай, Шымкент қаласындағы опера және балет театрының әншісі Үралхан Сейілбекова т.б. сөз сөйлеп, күй өнерінің хас шебері Оразбек Сәрсенұлының шығармашылығын ерекше бағалап, Қызылдың құмында «шашылып қалған» күйлерін қайта тірілтіп, оны халқымен қайта табыстырған ұрпақтарына ризашылықтарын білдірді. 

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, 

Мақтаарал ауданы

Түркістан облысы