ШӘКЕН
2023 ж. 22 мамыр
2177
3
Інжу-маржан
Бір әке, бір шешеден алтау едік. Анам марқұм Әбима абысын-ажынымен сырласып отырғанда:
– Бес баланың тағдырына қатты алаңдаймын! – дейді екен. Сондайда есепке жүйрік әлдекім:
– Неге бесеу дейсіз? – деп түсінбей қалатын көрінеді. Сонда мамам (ол жарықтықты мен өмір бойы мама деп кеткен едім. Мама, шын мәнінде, қазақ сөзі ғой):
– Әкішім жақсыларға үйір, жақсылар да Әкішіме үйір! Жолы ашық ол тентегімнің! – деп әңгімесін түйіп тастайтын кездері болыпты.
Бабаларымыз аспандағы жұлдыздарға қарап жол тапқан. Жол – тағдыр. Мен – қазақ. Мен де жұлдыздарды жағалап жүріп, өзіме айқын даңғыл іздедім. Сондықтан да адасқан сәттеріміз аз. Тапқаным көп. Және де «олжаларым» қандай ғажайып інжу-маржан десеңізші.
Солардың бірі – Шәкен. «Еді» деген сөз сұранып тұр, бірақ, жорта жазбадым. Биік тұлғалар «еді»-ге ырық бермейді. Бар олар. Арамызда жүр олар. Әр үйдің төрінде, кітап сөресінде тұр. Олар көшеде, ғимараттардың алдында, ел санасында.
Ақиқатын айтайын: Шәкен Кенжетайұлын мен бірден мойындай алмадым, табынып келіп табыстым дей алмаймын. Оған себеп өркөкіректігім емес. Зерденің талғампаздығы.
Амантай Сатаев жүр де жүр деп киноға апарды. Қазіргі Қабанбай көшесінің бойындағы өртеніп кеткен ТЮЗ еді. Көрдік. Жасанып киінген әртістер экран алдына шықты. Толғанып тұрып, ойланып тұрып бір-бір ауыз сөз айтты. Киноны басқаратын комитет деген болады екен, әлде уәзірият па еді? Кім білген ондайды. Өнерді де басқару керек деген түйсік жоқ еді менде! Әлгі кісі әр сөзін нығарлап тұрып айтты:
– Бүкіл еліміз болып Қазақстанның тың және тыңайған жерін игеріп жатырмыз. Ерен ерлік, қайтпас қайсарлық. Халықтар достығы... Бұл фильм біздің қосқан үлесіміз!..
Көрдік. Көндік. Қол соқтық. Сыртқа шықтық. Жаңбыр сіркіреп тұр екен. Амантай берген «шақыру» қағазы бар еді қолымызда. Қызыл-жасыл бояулармен, ұлттық ою-өрнекпен әшекейленген. Соны ашып көрмек болдым. Ірі-ірі тамшылар әлгі әдемілікті лезде езіп жіберді. Кісі аттары, шақырған мекеме аты, көтерілген тың туралы ұрандар, қарақошқылдана араласып, жаңбыр суымен ағып кетті. Екі беті аймандай болған жылтыр қағазды қоқыс жинайтын жәшікке тастай салдым.
Киностудияға қызметке келіп Шәкенмен танысқан соң да мен ол кісіге онша үйірсек болмадым. Мәжит ағам бар, аға сырласым бар, аға мұңдасым бар, сол кісімен құшақтасып Алатаудың сұлу сайлары қайдасың деп, Алматының берекелі ресторандары қайдасың деп, жастық шақтың асау арғымағымен арпалысып жүріп жаттық. Шәкенді сыйлаймын. Ол кісі тапсырма берсе орындаймын. Кей-кейде қонаққа бірге алып кетсе барамын. Бірақ... Мәжікеңдей емес...
Күндердің күнінде Мәжікең айтты:
– Әй, Бүлкілбай, анау Дробский ағаң (Мәжікең Шәкеңді Дробский дейтін. Ол псевдонимнің қандай сыры бар екенін Мәжікеңнен сұраған емеспін) бүгін Оттеллоны ойнайды. Соған барайық.
Бардық. Көрдік. Мен, шынын айтқанда, Шәкеңді көрген жоқпын. Мен Отеллоны көрдім. Өзі қара болса да көңілі ақ, пейілі ашық-жарқын, адамға сенгіш, алып денелі, бала мінезді Отеллоны көріп отырдым. Бүкіл Венецияны жаудан аман алып қалған ержүрек батырды көріп отырдым. Сол батырдың, аңғал батырдың қалай алдана бастағанын көрдім. Төңірегінде жүрген ұсақ-түйек, ққлқынның құлы, құрт-құмырсқа мінездес ақсүйек, қарасүйектердің Отеллоға қалай ор қазып жүргенін көрдім. Сол ақсүйектердің үлбіреген бір қызы Дездемонаның Отеллоны қалай бағалағанын көрдім. Қалай ғашық болғанын көрдім. Ақ жібектей желбіреген адал сезімін таныдым.
Махабаттың киелі самалына бөленген екі періштенің (біреуі қара болса да ақ періште деп қабылдадым) төңірегіндегі екі жасқа қара құрттар, қара ниетті арамзалар қандай әрекет жасағанын біліп отырдым. Сүріндіретін сәтін күттім. Ақыры, қара ниетті ергежейлілер батыр тұлғалы, адал жанды – Отеллоны сүріндірді. Өсекке сендірді. Отелло қызғаншақ емес еді. Отелло Дездемонаға бәрін де кешіруі мүмкін еді. Бірақ Отеллоның қаншалықты таза берілген, соншалықты таза сенген ақжүрегі шыдамады. Ақжүректі батыр білекті айдап салды. Екі білек, екі қол, он саусақ, алданып қалған нәрестенің он саусағы шойын құрсау болып күнәсіз, пәк арудың аппақ алқымына оралды. Кісен болып оралды. Қылбұрау болып оралды. Өзінің сүйген жарын, өзінің ақ жүрегін Отелло буындырып өлтірді. Өлтірер сәтте Отелло өзінің ақ береке, махаббат төсегінің биігінде тұр еді. Ақ махабаттын буындырып өлтірген соң жоғарыдан төмен құлады. Режиссерді көндіріп, сол биіктен құлау сәті Шәкеннің өзі ұсынған көркемдік шешім екенін кейін түсіндім. Бірақ сол сәтте қойылымды көріп отырғанда, Әуезов театрының қасиетті залында «тәсіл» деген сөз менің ойыма келген жоқ. Мен Шәкенді іздеген жоқпын. Себебі, мен Отеллоны тапқан едім.
Жұрт қол соқты. Зал іші гуілдеп кетті. Айқай естілді. Қуаныш айқайы. Мойындау айқайы. Жеңген актерге деген ілтипат айқайы, жеңілген көрерменнің айқайы зал ішін толтырып жіберді. Жұрт аяғынан тік тұрып, он-он бес минуттай қол соқты. Мен ғана орнымнан тұрмаппын. Мәжікең таң қалып бір-екі рет қарады. Мен ол кісінің сұраулы көзқарасына мән бермеппін. Отыра беріппін. Мен сон-о-о-у Крит аралынан Қазақстанға келе алмай отырмын. Мен Сон-о-о-у Крит аралындағы өз жүрегіне, өз Дездемонасына, қалдықсыз сүйген ақ жүрегіне қара қанжар қадаған Отеллоның қасынан шыға алмай қалыппын. Сол Отеллоның басын сүйеп, іштей еңіреп жылап отырып қалыппын. Қазақстан деген ел бар екенін, ол елде Шәкен Айманов деген халық әртісі бар екенін, ол Отеллоның рөлін ойнапты, соған көрермен жұрт қошемет көрсетті, мен де орнымнан тұрып талантына тәнті екенімді білдіруім керек екенін ұқпаппын. Содан кейін біз Шәкеннің грим бөлмесіне бардық. Мәжікең құттықтап, құшақтады. Мен де құшақтадым. Бірақ Шәкен айтты: «Әй, Бүлкілбай, саған ұнамады, ә», – деді.
Өзімнің қателігімді сонда түсіндім. Содан кейін үшеуіміз сыртқа шықтық. Шәкеннің көңілі бәсеңсіп қалды. Алдымызда бір топ жас актриса кетіп бара жатыр еді. Шәкен, бізден құтылғысы келді-ау деймін, жүгіріп барып сұлулардың біреуін құшақтады да, әлгіні машинаға мінгізіп алып кетіп қалды.
Кейін мен өзімнің сол қылығымды Шәкенге түсіндіріп жатпадым. Сол күннің ертесінде-ақ Шәкеңе үйірсек болып алдым. Шәкең мені түсінді. Шәкең мені бауырына тартты. Содан кейін екі ағамның ортасында бір ерке боп жүріп жаттым. Сегіз жыл Шәкеңнің бауырында, Шәкең мен Мәжікеңнің бауырында ортақ інісі болып жүрдім. Кейде мені бір-бірінен қызғанып қалатын.
Шәкең өзінің ғажап фильмі «Атаманның ақырын» қойды. Шәкең өз өмірбаянын Алдар көсе деген ақылды қылжақбаспен ұштастырып, «Алдар көсе» деген фильм қойды. Мен екі фильмді де қатты бағаладым. Шәкеңнің режиссерлік талантына таң қалдым. Ешқандай білім ордасында өмір сырын ұғындыратын дәріс тыңдамаған Шәкеңнің, Семейдегі әлдебір училищенің оқушысы болып жүріп қазақ театрының сахнасынан бір-ақ шыққан Шәкеңнің, сол киелі ордаға сыймай, киноға кетіп қалған Шәкеңнің қалайша кинорежиссер болып кеткеніне таңырқай танданып, таңырқай мойындап, тәнті болдым.
Қай салаға салсаң да хас тұлпар озып келеді деген рас екен. Англиядағы, Эвон жағасындағы Стратфорд қаласында Отеллоны ойнайтын актерлердің дүниежүзілік фестивалі болды. Шәкең соған барды. Шәкең Шекспир елінен бас жүлдемен оралды. Мәжікең ағам екеуміз Лондоннан ұшып келген Шәкеңді Мәскеу әуежайынан қарсы алдық. Жеңісін тойладық. «Украина» қонақүйінің бірінші қабатындағы ресторанға (мейрамхана деген сөзді қабылдай алмай-ақ қойдым) үшеу болып кіріп, жүз болып шықтық. Шәкеңді танымайтын украин жоқ еді, Шәкеңді танымайтын чешен жоқ еді. Бірте-бірте біздің үстелімізге шампан-коньяктарын құшақтап келіп, өнерсүйер азаматтар жинала берді, жинала берді. Бірақ бірден тарай алмадық. Құшақтасып, сүйісіп, Мәскеудің көк шыңылтыр аспанының астында арлы-берлі ұзақ жүрдік. Таң атқанша жүрдік.
Алдымен Отеллоны таптым. Содан кейін Шәкеңді таптым. Киногерлер одағының басшысы деп те, киностудияның көркемдік жетекшісі деп те, Жоғарғы Кеңестің депутаты деп те мен ол кісіні мойындаған емеспін. Мен ол кісіні Шәкен Айманов деп қана мойындағам. Әлі солай.
Әке ерлігі
Сол жылдары Мәскеудегі кино институтына қазақтың ығайы мен сығайының балалары түсті. Еркелеп жүріп түсті. Еркелеп жүріп оқыды, еркелеп жүріп... Ығай мен сығай әке-шеше төрт жылын аман-есен «өтеп» келген Муриктері мен Нуриктерін қолдарынан жетектеп әкеліп «Қазақфильмге» орналастырды.
Әрине, жылына үш-төрт фильм түсіретін студияның кем дегенде жарты өнімі солардың қанжығасына байланды. Бала соққан, әсіресе, ерке бала соққан пышақтың басы жарық бола берді. Солардың бірі үш жылда үш фильм түсірді. Түсірген «шедеврі» қолынан түсіп кетіп быт-шыт бола берді. Басқалары да сыбайлас досынан қалыспады. Ішімдік, темекі, тіпті, «жуалдыз-ине» серіліктің сән-салтанатының белгісі ретінде ашық жарнамаға айнала бастады.
Камал ақкөңіл. Мен де оңып тұрған жоқпын. Екеуіміз бір күні ақылдасуға отырдық. Енді қайтеміз? Мен шабуылға шықтым. «Неге өндіріске жібердің?». Камал қорғанды. Сосын Камал шықты майданға. «Неге шала-шарпы дүниені қабылдайсың?». Мен қорғандым. Ақталдым. Міңгірлеп барып тоқтадым. Камал да ақталды. Камал да міңгірлеп барып тыйылды. Ұзақ отырдық. Ақыры бір шешімге келдік: енді еркетотайларға қатал боламыз.
Шәкеңнің Мұрат деген ұлы бар еді. Әкесінің ауызынан түсе қалған: шикіл сары, жап-жас болса да папасының қыртыс-қыртыс әжімдеріне дейін «көшіріп алған». Бірақ... Шәкеңнің әкесі Кенжетай атағы жер жарған режиссер емес еді, ал Мұраттың әкесі... Айманов! Аймановтың өзі.
Мұраттың мамандығы – оператор. Камераны жақсы меңгерген. Өз ісіне берік. Өз үйіріндегі анау да, мынауда режиссер бола салып, кино түсіре салып жатқан соң Мұраттың да көңіліне алаң кірген шығар. Әкесіне бір айтып, мың айтып, қыңқылдап жүріп көндірген шығар, әйтеуір, Камал досым қипақтап отыр.
– Әй, Әшімов, давай, Мұратқа фильм берейік. Түсірсін.
Бердік. Түсіре бастады. Тәп-тәуір келе жатты.
Бір күні телефон шар етті: Камал екен.
– Естідің бе, Әшімов?
– Естідім...
– Жүр, кеттік ендеше!
Найзақара жақтағы жаңа киностудияның құрылысы жаңа аяқталған кез. Азия елдерінде жоқ екі павильон сыңғырлап тұр. Соның бірінде шикіл сары Мұрат кино түсіріп жүр. Жүр дегенім жәй сөз. Сүрініп кете жаздап, құлап кете жаздап... Үрпиісіп, не істерін білмей дағдарып қалған әртістерге ақыл айтады... Павильонға кіретін есік – екеу, біз Камал екеуміз сол есіктердің (машина, қажет болса, танк сиятын жылжымалы биік есіктер ғой) бірінен қарап тұрмыз, абыржып тұрмыз, қиналып тұрмыз, не істерімізді білмей тұрмыз...
Кенет, павильонның арғы есігінен Шәкен көрінді. Жәй ғана Шәкен емес, қазақ киносының көсемі, атақ-даңқынан ат үркетін Шәкен көрінді. Эпизодқа қатысып жүрген әртістерді үрей биледі. Бәрі-бәрі тұрған-тұрған жерінде қалшиып-қалшиып қатып қалыпты. Мұрат қана еркін. Әкесіне қарай ыржалақтап күліп, бес-алты қадам басты. «Басты» деген жәй сөз, әлдебір маскүнемнің ролін ойнап жүргендей ирелеңдеп, «билеп» барады...
Кенет... Муратик тас еденге сұлап түсті. Фильмнің сценарийі солай жазылғандай-ақ...
Шәкеңнің жұдырығы үлкен еді. Кішігірім баланың басындай еді. Сол жылы қыста... желтоқсанның соңғы күндерінің бірінде... Мәскеу қаласында... сол кездегі Горький көшесінде... сол жұдырық, жалғыз жұдырық емес, екі қолдың екі жұдырығы қысқа тонның жанқалтасынан шықпай қалып... жанай ғана өткен мәшиненің екпінінен... Шәкеннің ауыр денесіне екі қол сүйеу бола алмай қалды.
Шәкеннің басы да дәу еді, жүрегі де үлкен еді, сол жүрек бүкіл тәнінен жан кеткенде де ұзақ уақыт тоқтамай соға беріпті, соға беріпті.
– Жүз жасайтын адамның жүрегі ғой мынау! – депті ажалымен арпалысып тұрған профессор.
Адам айтса сенгісіз
Сол баяғы кеудеме нан пісіп жүрген кез. Сол баяғы... Жан Виго, Феллини, Куросава, Синдоны ғана мойындап, басқаларды көзге ілмей жүрген кезімде мені мазақ қылғысы келгендей тағдыр маған «Жамбыл» фильмін көрсетсін. Сюжеттен жұрдай, ылғи идеяға құрылған, қырық құрау, жетпіс жамау, айқайлап тұрған соцреализм. Әртістер аузын ашса, жалындаған қып-қызыл ұран атқылайды. Сұлу табиғаттың фонында жасанды жандар, боямалы қуыршақтар «бақыт нұрына бөленіп жүр». Тау бөктерінде, қызыл-жасыл алма ағашының арасында жүйрік мінген, жасана киінген Жамбыл келеді, әндетіп... Қолында... ақ жібек қолшатыр! Озат колхозшыларға үгіт айтуға, күн бейнелі көсемді асқақтата жырлауға келеді.
Жан Вигодан басқа, Феллиниден басқа, Куросава мен Синдодан басқа ешбір киногерді менсінбейтін Әкім әй бір күлсін кеп, әй бір күлсін. Жәй күлмесін, экранға қол шапалақтап, мазақтап күлсін!
Бірақ... о, ғажап! Экрандағы қызыл-жасыл от өшкен соң кеудеме түсініксіз мұң ұяласын. Әкім қиналды. Әкім ұялды. Өз қылығынан. Сюжеттен жұрдай, қырық құрау, жетпіс жамау ұран фильмнің көрермен жүрегін тырнап кететін сиқыры бар екен. Көңіліңе мұң ұялап қана қоймайды екен, көзіңе жас үйіріледі екен. Баяғы сол қазақ кино әлеміне мені саяхатқа шығарып, «білімімді» тереңдетіп жүрген Амантай Сатаевтан қысылып, қолқаға кептелген өксік сезімді жасырмақ болып теріс айнала бердім.
Сиқыр. Сиқырлы сыр. Жұмбақ сырлы сиқыр. Бұл не ғажап? Фильм жоқ. Бірақ әсем әсер бар. Жеңіл-желпі көріністерден кейін соншалықты зілқара тас салмақ қайдан ғана түсті жүрекке? Келесі сеансқа билет алып, әлгі киноны қайта көргім келді. Амантайға айтып едім ойымды, ол сенбеді; қылжақтап тұр деп ойлады.
– Ерікпеші-ей! – деді.
Жылдар өткенде, Шәкеңнің 80 жылдығы қарсаңында (содан бері де қаншама жыл өтіп кетіпті-ау!) «Жамбыл» лентасын сұратып алып, қайта көрдім. Және көрдім. Бұл не жұмбақ деп көрдім.
Жамбыл бабаның бейнесін сомдап жүрген кезде Шәкеңнің қырыққа толар-толмас кезі екен. Тоқсан асып жүзге кеткен ұлы ақынды соншалықты сенімді ойнауға қаншалықты терең талант керек! Уф десең үгіліп түсіп қалайын деп тұрған жасанды дүниенің басын біріктіріп, тамыры жеті қабат жер астындағы құнарлы ылғалға кеткен көркем шығарма жасау мүмкін емес еді ғой. Түсіндім. Жамбыл боп соққан Шәкен жүрегі экранда лүпілдеп тұр екен! Соны мойындадым. Және де бас идім.
Шәкен талантына алдағы ғасырлар да әлі талай тізе бүгіп, тағзым етер.
Сөзсырға
ӘЗІЛІ ДЕ АСТАРЛЫ ЕДІ
(Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекованың естелігінен)
Шәкен Хадиша (Ш.Аймановтың зайыбы. Ред.) екеуі от басында шүйіркелесіп отырмаған шығар. Қашан да бір-екі жігіт бірге жүреді. Кейде Хадиша:
– Сен осы өз үйіңе жеке келуге жол таба алмайсың ба? Жолбасшың, атқосшың бірге жүреді. Ертелі-кеш қонақ күту маған оңай дейсің бе? – деп реніш білдіретін көрінеді.
Шәкен үй ішінің шаруасына ұқыпсыз еді. Оны былай қойғанда, үш баланың әкесі болғанша, Хадиша екеуі неке қағазына тіркелмеген болатын. Кейде ойына түскенде маған: «Хабиба, сен бізге куә-жолдас болып апарып некеге тіркетсейші. Біз жаңа үйленген жас жұбайларға ұқсап, жолдастарды шақырып той жасайық. Бізді киіндіріп, сызылтып бір жерге отырғызып, «ащы, ащы» деп айқайлаңдар. Біз бұрын сүйісіп көрмегендей, төмен қарап қысылған болайық» – деп күлетін. Мен қайбір жылпос адаммын. Шәкеннің сол тілегі орындалмай-ақ кетті.
Шәкен ұнатпайтын адамын реті келгенде өткір қалжың, ащы мысқылменен түйреп-түйреп алатын. Табан астынан ойға келе бермейтін ұтымды сөз тауып айтады. Ол сөзі сондай өтімді болушы еді.
Шәкен күлкі шақырып тұрған нәрселерді көрсе бітті, іліп түспей қоймайтын. Ол қалжыңға келгенде, алысым, жақыным, келінім, әйелім деп қарап жатпайтын, тек қармағына ілінсең болды. Оны өзі әдемілеп айтып бергенде, тыңдаушылар есі кете күледі. Кейде Хадишаның қылықтарын айтып күлдіреді. Шәкеннің үйіне кештеу қайтатын әдеті. Кейде жолдастармен мәжілісте отырып қалады, кейде бильярд ойнап кешігеді, әйтеуір, себеп табылады. Күйеуінің кешігіп келгенін қай әйел жақсы көрсін, Хадиша да ашу шақыратын болса керек. Әйелдердің қолына ақша тисе, көңілдері тез жадырайтынын жақсы білетін Шәкен үйге кірісімен, сөзге келтірмей Хадишаның қолына ақша ұстата қоятын көрінеді. Хадиша, бұл ақша еңбекақы ма, әлде көлденең табыс па, тіпті мен көшеден тауып алдым ба, оның бірін де ойламайды. Тіпті, санамайды да, бергенімді ала береді. Сосын мен тұтас бермей тұр-ау деп ойлайтын болу керек, екі алақанын жайып: «Өзгесі қайда?» – дейді деп күлдіреді. Хадишаның қимыл-қозғалысын, сөзін айнытпай келтіріп, ептеп тұздықтап айтқанда, ішек-сілеңді қатырады.
Шәкеннің қалжыңы түрліше болып келеді. Жай күлдіру үшін айтатын қалжыңы және ажуалы мысқыл қалжыңы болатын.
Тағы бірде бір сұлу келіншек:
– Осы әйелдер Шәкенді несіне жақсы көреді екен? Әйелдер сұлу жігітке қызығушы еді. Шәкеннің бетін қараңдаршы. Соқа салған жерді тырмалағандай айғыз-айғыз. Осындай бетке де ғашық болады екен-ау, – деп тиісті.
Шәкен әлгі сұлудың бетіне қарап мысқылдай күліп, қадалып қалыпты. «Қара, қара менің бетімнен қандай мін табар екенсің» дегендей қасын кере түсті. Шәкен келіншектің бар-жоғын есінен шығарғандай, жанында отырғандарға сөйлей жөнелді.
– Жаратылыс адамға он екі мүше берді. Олардың әрқайсысының өз атқаратын міндеті бар. Соның ішіндегі ең басты мүше – бас. Ол басқа мүшелерге басшылық көрсетіп, түзу жолға салып отырады, ойлайды, толғанады. Жақсы-жаманды айырады. Ой арқылы қиналасың, қайғырасың. Саналы ой адамға әжім түсіреді. Түк ойламайтын, қалпын өзгертпейтін, ойсыз мүше – әжімсіз жер. Қолмен сипасаң, жұп-жұмсақ, жып-жылмағай нәрсе менде де бар, – деді.
Басқалар дуылдасып күлісіп жатыр. Кексіз қалжың сияқты. Бірақ…
Әкім Тарази,
жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Қазақстанның Еңбек ері