ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕР ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕР ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

«Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Ташкент қаласында Халықаралық «Біз бақытты баламыз» байқауы өтті. Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігінің қолдауымен өткен осынау дүбірлі өнер додасына Жетісу облысы Панфилов ауданы Ә.Қастеев атындағы мектепке дейінгі шағын орталығының «Шұғыла» би тобы да бақ сынаған-ды. Кәмила Дәулеткелді, Аруна Нұрәли, Інжу Серікбай, Кәусәр Тұрсын, Кәусәр Нұрбақыт сынды өнерлі өрендерден құралған ансамбль байқау барысында өздерінің шеберліктерін көрсетті. Халықаралық жарыста «Қуаныш» биін билеген өнерпаздар жүлделі екінші орынды иеленді. 

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші осындай өнерлі балапандарды дайындаған жетекшісі Айжан Мырзаның еңбегі ұшан-теңіз екенін айту ләзім. 

«Бұған дейін республикалық «Дала сазы» байқауының лауреаты атанып, қуантқан балапандарым мұндай халықаралық жарысқа алғаш рет қатысты. Әлемнің бірнеше елінің өнерпаздары бақ сынаған байқауда шәкірттерімнің топты жарып жеңімпаздар қатарынан көрінуі менің де мерейімді асырып тастады. Болашақта да да бұл бағытта талмай еңбектене отырып, бұдан да биік шыңдарды бағындыратынына сенемін!» дейді хореограф Айжан Мырза.

Біз де еліміздің көк туын желбіретіп, абыройын асқақтатып қайтқан «Шұғыла» би ансамбльінің жұлдыздары жарқырай беруін тілелік!

Г.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Қазақ үні