БЕЙМӘЛІМ ТАНЫС БЕЙНЕЛЕР
2023 ж. 18 сәуір
2786
0
Сағым боп кеткен салт атты...
– Толик, қайдасың?!
– Жұмыстамын.
– Толян, қайдасың!?
– Кездесудемін...
– Теменовский, қайдасың?..
– Бұл кім? – деймін кейде әдейі.
– Мен ғой...
– Ә-ә... Әшок, сен бе?!
– Иә, – дейді ол.
– Әшко, я занят...
Бұл – Әшекең... Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығай екеуміздің телефонмен сөйлесуіміз...
Жарықтық өзімен өте жақын адаммен ол осылай қалжыңдасатын.
Еркелейтін, еркелететін...
Қандай ауыр да қиын сөз еді... Жарықтық...
...Біз соңғы рет қарашаның жиырмасында Қ.Қуанышбаев театрында бірге болдық. Сол күні СССР халық артисі, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің еске алу кеші өтті. Әшекең сол күні бізге таңертең 11-ге таман келген. Дайындық біткен соң менің кабинетіме келді. Күні бойы бірге болдық.
– Толик, мен отыра берейін бе?..
– Отыра бер...
– Үйге барсам ерініп қалам... Қайтып көшеге шыққым келмейді.
– Әшок, какой разговор...
Әзірбайжан Мәмбетовтің кешін Әшірбек Сығай ғажап жүргізді. Тосын теңеулер, өткір сындар, ойлы да мәнді мәтел тіркестер... Шұрайлы сөздің, салмақты да образды сөйлемдердің, әдеби сөздің әдемі өрілген сәті еді бұл кеш...
Иә, Әшекең менің мерейтойымда сөйлеуі, кешті бастауы керек болатын.
Менің творчеством жайында түсірілген «Дарабоз» атты деректі
фильмде де ол соңғы рет сұхбат берген екен.
***
...Ол кезде мен студентпін. Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияда театр факультетінде оқитын шағым. Бұл кезде Әшірбек Сығай СССР Халық артисі Хадиша Бөкееваның курсын бітіріп, дәріс беру үшін ұстаздық жолға түскен кездері болатын. Актер бөлімін бітіргенмен, сол кезде ол өндіріп жаза бастаған. Республикалық басылымдарда Әшірбектің мақалалары бірінен соң бірі көктемгі жайдың оғындай ана жер, мына жерде шыға бастады және мақалалары құр спектакльдің сюжетімен, артистердің кім ойнағанын ғана баяндаған мақала емес, тыңғылықты талдау, артистердің мүлт кеткенін емес, мықтылығын, мығымдылығын, режиссердің сүрінгенін емес, орта бойлы пьесаларды сүйреп шыққанын тілге тиек етті.
Әшірбек Сығай Людмила Богатенко, Қажығұмар Қуандықов, Бағыбек Құндақбаев сынды үлкендердің ізін басты. Сол кездегі зиялы қауым Әшірбекті аса бір ыждаһаттылықпен іздеп жүріп ои бастаған. Күләш Байсейітова көшесінде, бұрынғы Киров көшесінен Калинин көшесіне дейін сол кезде барлық басылымдар әйнектің астында ілулі тұрады. Көшедегі кітапхана қызыл бұрыш дерсіз... Біз де сол, кей-кейде аспан астындағы газетке телміреміз... Әшекеңді оқитынбыз...
Бұл кезде мен де шимайлап оны-мұныны жаза бастағам...
Бір күні Әшекеңді консерваторияның ұзын дәлізінен ұстап алдым.
– Аға, мен осында II курста оқимын, Асқар Тоқпановта...
– Иә... Сыртыңнан білем.
– Менің бір жазғандарым бар еді, көресіз бе?
– Мақала ма?
– Жоқ... әңгіме сияқты...
– Оны енді редакцияларға апармайсың ба?
– Алдымен сіз оқып көрсеңіз деп ем...
– Асқар ағаңа неге бермедің?..
– Мен енді актерлықта оқимын ғой. Ұнамай қалса оқудан шығарып жіберер... Анау Оспанхан ағаны сөйтіпті дейді ғой...
– Иә, ол шалға ұнау оңай емес, – деп, Әшекең күліп жіберді. – Қане...
Мен де сол кездегі сары сөмкеден дәптерге жазғандарымды суыра бергем...
Дәлізде адам көп. Бұл – үзіліс кезі еді. Әшекең терезенің алдына келді де көз жүгірткен. Онша оқығысы келмеген сияқты... Бір кезде аударған бетке қайта үңілді... Сосын жан-жағына қарады да, шатырға көтерілетін баспалдақңа беттеді. Бұл жер – мұғалімдер келмейтін, студенттердің жасырын темекі тартатын жері. Ана жер, мына жерде бос бөтелкенің сынықтары, темекінің қалдыңтары дегендей қоңыс шашылып жатыр. Бірақ мұнда біреулер әкеп тастаған, залдан шығарып тастаған ескі орындық бар. Шамасы, Әшекеңе де бұл жер бөтен емес екені көрініп тұр...
Көктем кезі, далада күн жаңбырлы. Шатырдан тырсылдаған жауынның тысыры естіледі. Ол аздай кей жерден тамшылар да көрінеді. Әшекең бас алмай оқып отыр... Не дейді екен, не айтады екен деп тықыршып тұрмын. Бір кезде ол басын көтерді:
– Әй, мынауың тәп-тәуір дүние ғой! – деді. – Сен мыналарды газеттерге бер.
– Рахмет, Әшаға!
***
Бұл – менің Әшірбек Сығаевпен алғаш танысуым еді... Біздер кейін жақсы сыйлас аға-дос, іні-дос, сырлас, қызметтес те болып кеттік. Талай фестивальдерде қазылар алқасында қатар отырдық... Сапарлас болдық...
Бір жолы Әшекең Күләш жеңгеймен бірге үлкен немересі Ділда бар, біздің үйдегі Гүлбарам, балаларым Дидар мен Фараби, бәріміз Алакөлге бардық. Театрдағы Рахман – Алакөлдің жігіті... Өзі қоярда-қоймай шақырып жүрген соң, баруды жөн көрдік.
– Толик, бір қызық болсын... айтайын ба?
– Айт.
– Онда давай, ішуші болмайық.
– Сонда қалай?! – деймін мен. – Вообще ішпейміз бе?
– Иә...
– Вот ты даешь... – деймін мен.
– Демалыс болған соң демалайық, бірақ ішпейік. Балалар бар дегендей.
– Ну... жарайды, – дедім мен. – Как скажете...
Бет алысымыз – Алакөл. Астымызда – екі машина... Жол-жөнекей бізді тосқан ел-жұрт... Әсіресе, Арқарлыдағы асуда жолдасым Алдаш дастархан жайып қойған. Алдекең бір-екі рет қинап еді, мен балбырай бастадым. Әшекеңе қараймын... Ол басын шайқап: «Жоқ ішпей-ақ қояйық», – деді.
Сол жолы жақсы демалдық. Рахман бауырымыздың үйінде бір жеті тынықтық. Әсіресе, анасына қатты риза болдық.
Әшекең кейде кешке ән салады... Сөйтіп Алакөлдің жағасында бір жеті жаттық... Күндізгі су, күннің ыстығы, жол бар дегендей... шаршаймыз. Сол күндердің бірінде таңертең далаға шықсам, шамасы, бес жарымның кезі ме екен, алакеуімде Әшекең дөңгелек аласа столда бірдеңе жазып отыр.
– Әшко, таң атпай не болды!? Ұйықтамадыңыз ба? – деймін ұйқымды аша алмай.
– Бір журналға мақала беруім керек еді... Жігіттерге уәде бергем, күтіп отыр. Апарып бермесем ұят, – деді.
Әшекең әлгі мақаласын, сөйтіп, екі-үш күнде бітіріп шықты. Бұл оның еңбекқорлығы, уәдесіне беріктігі, ең бастысы, өзінің творчествосына адалдығы еді...
Ана бір жылы Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың Москвада гастролі болды. Армен Джигарханянның театрында өнер көрсетіп қайттық. Бірақ алғашқы пресс-конференцияның өтуі Армен Джигарханян, Роман Виктюк, Кама Гинкас, Сергей Соловьев, Али Хамраевтардың спектакльдерге келуі, Мәскеудегі Әшекеңнің театр сыншысы достарының болуы, театр абыройын көтеріп тастаған. Және күнде кешке бас қосамыз... Сондай күндердің бірінде маған қонаққа келіп отырған кинорежиссер Мурад Алиев Ресей Федерациясының еңбек сіңірген артисі, «Сатирикон» театрының актері Александр Корженков та болған еді.
Бір кезде Саша досым ән сала бастады. «Подмосковные вечера». Баяғыдан біздің сүйіп айтатын әніміз. Бірақ Александрдың әншілігі менің о жақ, бұ жағым... Ал менің әншілігім «үш» қой...
Бір сәт Әшекең «Ой көкті» бастады десеңші! Бұлбұлдың таңғы сайрауы дерсің... Лирикалық тенор... Қандай дауыс, әуезді саз! Тек біздің Мәскеудегі елшіліктің қонақ үйін емес, бүкіл Москваны жаңғыртып тұрғандай. Қасымыздағы елдің бәрі Әшірбек Сығайдан көз алмайды. Ресейдің еңбегі сіңген артисі аузын ашып қалды:
– Сіз шынымен сыншысыз ба, әлде осы театрдың әншісісіз бе?! – дейді.
– Әнші емес, сыншы! – дейміз біз жарысып...
– Мәссаған... Егер Қазақстандағы сыншылар мұндай әнші болса, әншілерің қандай?! – деп олар бас шайқасқан.
Әшекең кез келген отырыстың сәні болатын. Әдемі әзіл, арқа-жарқа отырыс, риясыз күлкі, әдемі әуен, ғажап дауыс...
– Толик, айтпақшы, сен менің соңғы кітабымды көріп пе едің?
– Білмеймін. Қайсысын айтасың?
– «Таңғажайып театр». Көрімдігін бермейсің бе?
– Берейін...
Әшекеңнің қалтасына он мың теңге салдым.
– Әй, мынауың көп қой...
– Көп емес... Келесіде кітабың тағы шығады ғой... Сонда сұрамайсың.
Әшекең сылқылдап күлді.
Әшірбек Сығайдың келесі кітабы «Қалибек Қуанышбаев театры» деп аталады. Кітап наурыздың 27-інде – Халықаралық театр күніне шығуы тиіс болатын...
Сөйтіп кеш өте жақсы өтті. Кештің соңында лық толы зал ұзақ уақыт қол соғып тұрып алған. Шыққан соң театрдың түбіндегі мейрамханаға бардық. Есмұхан Обаев, Қорлан Қалиламбекова, Әшекеңмен қатар бірге отырдым. Мен ерте кеттім.
– Әшок, таңертең мен ерте ұшам ғой... Қайтайын.
– Сен қайда барасың?
– Мәскеуге, Халықаралық театр фестиваліне... Жюримін.
– Онда Олег Ивановичке (Олег Пивоваров – «Театральная жизнь» журналының редакторы) сәлем айт, менен сәлемдеме ретінде бір «Қазақстан коньягын» апарып берші.
– Какой разговор, Әшко...
– Жақсы, жолың болсын! Аман болайық...
– Давай, Әшок!
Әшекең қолымды қатты қысты.
Бұл – біздің соңғы кездесуіміз екен...
Әшірбек Сығай қырық бес жыл бойы қазақ театр өнерінің, қазақ мәдениетінің, қазақ әдебиетінің, қазақ руханиятының іздеушісі, жоқшысы, сақшысы, сарбазы, дарабозы болды. Ең соңғы отырысымызда, яғни қарашаның жиырмасында ол осыны айтқан.
– Анада, сен өткен жолы Мәскеуде жүргенде біз – Есмұхан Обаев, Рашид Нұғманов және мені Парламентке шақырды. Ой, сойдым ғой... Қуанышбаев театрының ғимараты жоқтығын, облыстық театрлардағы жалақының аздығын, тіпті, кейбір шенеуніктердің театрдың қай жерде орналасқанын білмейтінін айттым... сойдым...
– Әшко, оны Есағам мен сіздер айтпасаңыздар кім айтады?..
– Ей, мейлі... – деген Әшекең. – Өзім үшін емес, өнер үшін. Көп болса, президенттік стипендияны қиып тастар!
Иә... Қайран, Әшекем! Сен өмір бойы өнердің, драма театрының, таланттар мен дарындардың жоғын жоқтаған, іздеген сардар екенсің-ау... Салт атты сарбаз екенсің ғой...
Қайран Әшком-ай!
Енді ел-жұртың сағынатын болды-ау...
Сағым боп кеткен салт атты...
2. «Полковник»
Соғыстан кейін бұл есім көп болды. Жұрт біткеннің барлығы ұлды болса – Бауыржандай батыр, Бауыржандай ержүрек, даңқты... аты аңызға айналған қаһарман болса екен деген... Шүкір, бүгінде ел ішінде Бауыржандар баршылық... Рамазан да шақалағының атын ырымдап Бауыржан деп атаған...
Бауыржан Нөгербек – Ұлытаудың тумасы. Әкесі Рамазан соғыстан кейінгі қиындық, жоқшылық, тапшылық кездерде Жезқазған қаласындағы тігін фабрикасында бөлім басшысы болды. Ер-азаматтардың көбі соғысқа кетіп оралмаған, қайтқандары – мүгедек, бірінің қолы, бірінің аяғы жоқ, үстеріндегі гимнастеркаларын әлі шешпей жүрген кезі еді бұл... Ел іші жүдеу... Ашаршылық, репрессия, соғыс... бірінен соң бірі кеп, елі есеңгіреп қалған шақ еді бұл... Дей тұрғанмен... Ұлы Жеңіс ел көңілін көтерген... «Бұдан жаман күнде де тойға барғам» дейтін қазақтың соғыстан соң да тойы тарқамаған...
Жесір атанған келіншектер күйеуі қайтыс боп, жетімдерін жетелеп жүріп өсірген әйелдер де бұндай той-жиыннан құр алақан емес-ті. Рамазан осындай бір отырыста Бауыржанның шешесімен кездескен... Бас қосқан...
Бауыржан Жезқазғанда қазақ мектебі болмағандықтан, орыс мектебіне барды. Алғыр, зерек болды. Класта да, көшеде де достарының алды болды. Бірте-бірте, келе-келе Бауыржан – Борис болды. Мектепте де, көшеде де Бауыржанды Борис деген... Ол кезде опера театры тек Алматыда, драма театрлары да бас шаһарда. Ал облыс орталықтары, кішігірім қалаларда тек кинотеатрлар болатын... Ел-жұрттың көңіл көтеретін де, бас қосатын да, қыз-келіншектердің өздерінің тігіп-пішкен көйлектерін көрсететін де сол кинотеатр болатын... Қыз-жігіттің әке-шешеден сытылып, кездесетін орындары да сол кішкене ғимарат еді. Кино ғажап дүние ғой. Ішіне бір кіріп кетсең, ертегіге енгендей болатын...
Иә, киноның ол кездегі рөлі үлкен-ді... Тым үлкен болатын... Көзі ашық Рамазан қолы қалт еткенде киноға барғыш еді... Және көбінде баласы Бауыржанды қасынан тастамайтын. Фильмнен соң екеуі үйге бірге қайтады. Кинодан алған әсерлерімен бөліседі. Қызылкеңірдек боп кейде әкесімен салғыласады. Содан соң ұйықтар алдында қиялдайтын... Әрбір көрген фильмдерін ой өзегінен өткізетін. Әсіресе, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бұл елге үнді кинолары келе бастады. Бейтаныс әуен, өзге дүние, тосын дәстүр, бөлек әдет-ғұрып бала қиялын тербеп, түйсігіне әлемде басқа да ел-жұрт бар екенін, олардың да өздеріндей жоқшылық, тапшылық, әділетсіздік көріп жүргенін аңдатқан. Мұның бәрін балғын Бауыржан сол Радж Капурдың фильмдерінен ұға бастапты. Бұл туралы әкесі екеуі ұзақ сөйлескен. Бауыржан алғаш режиссер болуды армандады.
Мектеп бітіруге бір-екі жыл қалғанда кино жайында жазылған мақала, болмаса актерлердің суреті болса, қиып алып, жинап қоятын. Бауыржан осылайша киноға бет бұрды. Алайда ол мектеп бітірген жылы оқуға бара алмады. Жезқазғандағы трикотаж фабрикасында бөлім бастығы болған Рамазан төсек тартып қалған... Үйдегі жалғыз бала... Амал не? Бауыржан әкесінің қасынан шыға алмады. Дүниедегі ең қиыны өзінің өзгелерден биіктігі біле тұра саптың соңында тұрғандай Бауыржан да қатты қиналған. Амал не?! Әкесін тастап кете алмады. Қимады. Ең болмаса қасында болып, көкеме көмектессем деді.
Ел қатарлы оқуға барған жоқ. Өзімен бірге оқыған кластастары Алматы, Қарағанды, тіпті біреулері Москва, Ленинград сияқты үлкен қалаларға кетті. Біреулері оқуға түсті, біреулері үлкен шаһарда жұмыста қалған. Ал Бауыржан сол тігін фабрикасына кіріп, жұмысшы боп істеді. Бірақ көңілдегі қиял, бұғып жатқан бұла күш... тыныштық бермеген... Өстіп жүргенде «Қазақфильмнің» хабарландыруын газеттен оқыған. Келер жылы жаз шыға Бауыржан Алматыға, қазіргі 8-март көшесіндегі «Қазақфильмге» келді. Бұл кезде Камал Смайылов «Қазақфильмнің» директоры кезі-тін. Кәмекең ол кезде үлкен-үлкен істер тындырып жатқан. Комсомолдан келген жас жігіт қыруар жұмыс бітірді. Және осы кезеңдерде әйгілі «Қыз-Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдері түсірілген еді... Камал аға Москвадағы ВГИК-ке баратын жастарға «сценарлық шеберхана» ашты. Яғни, оқуға түсетін балаларға дайындық курсы еді. Оны алғаш «Қазақфильмнің» редакторы Лев Варшавский бастап, кейін Валерий Старков жалғастырған. Старков өзі кино тарихын жақсы білетін редактор, оқыған-тоқығаны көп, білімді адам еді. Режиссер болам деп келген Бауыржанды Старков әрі-бері тыңдап, оның жазғандарын оқып-талдап, басқа ұсыныс білдірді. «Сенің ойлау-талдау, анализ жасау қабілетің жақсы екен. Сен одан да «кинотану» мамандығына барсаң қайтеді?» деген. Бауыржан келісе кетті. Сөйтіп барын салып дайындалған. Солайша Бауыржан ВГИК-тің «кинотану» мамандығына түсті. Бұл кезде «Қазақфильмде» кәсіби киносыншылар жоқтың қасы-тын. Қазақ кино өнерінің тұңғыш сыншысы – Қабыш Сирановтың тасы өрге домалап тұрған шағы-тын. Старковтың ойы да осы еді... Ұлттық кадрларды дайындау ол кезде ауадай қажет болатын. Бір айта кететіні, сол жылы Қазақстаннан жеті жігіт оқуға түскен. Олар – Максим Смагулов, Серік Райбаев, Сламбек Тәуекел, Жәкен Дәненов, Болат Омаров, Сапар Сүлейменов және Бауыржан Нөгербеков еді. Бауыржан кинотанушы Нина Туманованың шеберханасына түсті. Студенттік жылдар ВГИК-тің жатақханасы, Москваның қызықты да шуақты күндері зу етіп өте шықты. Әсіресе, ұлағатты ұстазы Нина Петровна Туманова өте білімді, оқыған-тоқығаны мол кісі еді. Және ол Бауыржанды ерекше жақсы көрді. Мінезі ұяң, көп сөйлемейтін, сөйлесе әрдайым орнымен өз ойын нақты да дәл жеткізетін шәкіртінен үміт күтетін. Иә... Бауыржан ұстазының сенімін ақтады.
«Қазаңфильмге» келген соң редакторлық жұмысқа кірді. Бұл кездері «Қазақ мультипликациясының» аяққа тұрып, қаз-қаз басқан кезі-тін. «Қазақ мультипликациясының атасы» атанған Әмен Хайдаров жақсы ұйымдастырушы бола білді. Әсіресе, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмі жарқ етіп ұшты. Фильм 1968 жылы Ленинград қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальда, 1975 жылы Нью-Йорк қаласында өткен Халықпралық мультипликациялық фильмдер фестивалінде жүлделер алып, жұлдызы жанған кезі еді бұл.
Әмен ағамыз Москваға келіп, ВГИК-тегі жастармен жолыққан. Себебі, Әмен Хайдаровқа білімді, алғыр жастар керек еді. Әмен аға қателеспеді. Сол жылы экономфакты бітірген Сламбек Тәуекел, Жәкен Дәненовты –суретші-мультипликатор, ал Бауыржанды редакторлың қызметке шақырған болатын... Өйткені Бауыржан дипломдық жұмысын Әмен Хайдаров айтқан – «қазақ мультипликациясының өсу жолы» тақырыбы бойынша қорғаған болатын. Сондықтан ол «Қазақфильмге» келген соң редакторлық жұмысқа кірді. Бұл кез қазақ мультфильмінде Әмен ағадан басқа Флобер Мұқанов, Тамара Мұқанова, Ғани Қыстауов, Жәкен Дәненов, Сламбек Тәуекел, т.б. қызу жұмыс істеп жатқан шағы болатын. Бауыржан бұл жерде он бес шақты жыл қызмет атқарды. Тек мультфильмдердің ғана емес, «Қазақфильмдегі» көркем фильмдерінің де редакторы болды.
***
Талдықорған облыстық драма театрында актермін... ойнайтын рольдерім де, отбасым да, пәтерім де бар. Бірақ көңіл шіркін көк дөнен... Сахнаға сиятын түрім жоқ. Оның үстіне ол кезде облыстық «Октябрь туы», республикалық «Лениншіл жас» газеттеріне әңгіме, мақалам шыға қойған жоқ-ты. Аяқ астынан бір күні кілт бұзылдым. Москваға ВГИК-ке барсам дедім...
Қысқасы, шыққаны бар, шықпағаны бар, әңгіме, новелласымақ жазғандарымды «Қазақфильмге» жібергем... Арада екі-үш айдан соң Алматыға келсем, менің әңгімелерім жайында «сценарлық шеберханасының» жетекшісі Екатерина Васильевна Рубанович бүге-шүгесіне дейін қалдырмай айтып отыр... Сөйтсем, менің жазғандарымды Бауыржан Нөгербек орысшаға аударған екен.
Иә, осылай Баукең менің Мәскеуге аттануыма өз үлесін қосқан азамат болатын... Және оны кейін... көп кейін ғана білдім. Баукеңді көрген сайын ол кісіге деген құрмет, сыйластығым... Сол үшін «сізге рахмет» деп айтқызбады. Дұрысы, бірде: «Бауке, баяғы менің әңгімелерімді орысшаға аударғаныңызға рахмет» дей бергенімде сөзімді бөлді. «Жарайды, қойшы оны» деген. Неткен қарапайымдылық, неткен сырбаздық, тектілік...
Бауыржанның қазақ мультипликациясы туралы жазған алғашқы кітабы 1984 жылы «Когда оживают сказки» деген атпен шықты. Және сол кітабы үшін Баукең Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының игері де болды.
Жетпісінші жылдардың ортасында Қазақ телевизиясында Жеңіс күніне арналған хабардан ұлы Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының бір сұхбатын көргенім бар. Баукең басы жалаңбас, бурыл шашын артқа қайырған, қасы мен мұрты тікірейген... Абайша айтқанда, қою мұрты аузына түскен, үстінде оюы бар, қазақы шапан... кішкене стол басында сұхбат беріп отыр екен. Дауысы күркіреген күндей... Болмаса арыстанның ақырғаны іспетті. Баукең сөйлеп отыр. Бір кезде жұдырығымен столды бір періп қалғанда стакандағы су төгіліп кетті. Әлі көз алдымда. Ол орысша «я полковник в отставке, но не гражданин в отставке» деген... Сол сөз есімде қалып қойыпты. Алла Пугачеваның бір әні бар еді. Сонда сөз бар. «Настоящий полковник» деген... Иә, Баукең нағыз полковник еді-ау.
Бауыржан «Қазақфильмдегі» редакторлықтан соң Қазақстан Киноматографтар одағында екінші хатшы болып ұзақ істеді. Содан соң ғылым академиясында, кейін Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық қызметке ауысқан.
1991 жылы Ұлы империя СССР құлағанда жылағандардан қуанғандар көп болды. Тәуелсіздікпен бірге экономикалық кризис, саяси дағдарыс, ақшаның құнсыздануы, тағы да басқа қиындықтар көп болды. Соның бірі Ресей енді басқа республикалардың азаматтарын оқуға қабылдамады. Арман қуған жастардың тауы шағылды. Мен сол кезеңдерде Алматыдағы театр және көркемсурет инситутына басшы боп келдім. Осы шақта Бауыржан бізде проректор боп қызмет атқаратын. Біздің болашағымыз үшін өзімізде бұрын болмаған, тек Москва, Ленинград сияқты үлкен қалаларда ғана оқытатын жаңа мамандарды дайындау керек еді. Сол жаңадан ашылған он үш мамандықтың бірі – ол кинотану болып еді. Бауыржан осы іске бар ынтасымен, күш-қайратымен кіріскен. Шындап келгенде Бауыржан Нөгербек – Тәуелсіз еліміздегі кинотану мамандығының іргетасын қалаушы. Бірден бір соның авторы. Бауыржанның алғашқы шәкірттерінің алды бүгінде елімізге, руханиятымызға білгілі тұлғаларға айналды.
Олар: Гүлжан Наурызбекова, Назира Мұқышева, Гүлнар Мүрсәлімова, Бақыт Құтпанбай, Нұрбол Алманов, Берік Уәли, Әсел Сәрсенбекова, Самал Есенбаева, Толқын Қожахметова.
Бауыржан Нөгербек сөзге көп араласа қоймайтын, жымиып қана отырып күлгенде өзіне ғана жарасқан шоқша сақалы селкілдеп, мәз болғанда көзі жұмыла кететін.
2010 жылы Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айжан Мұсаходжаеваның шақыртуымен Баукең Астанаға келді. Айман Қожабекқызы өнер ордасын тек музыка мамандықтарынан тұратын университет емес, театр және кино, хореография мамандарын дайындайтын өнер ордасы жасайын деген... Алайда кадр мәселесі қашан да тапшы ғой. Осы орайда ректор Алматыдан белгілі сыншы Әшірбек Сығай, композитор Кеңес Дүйсекеев, кинотанушы Бауыржан Нөгербек сынды мамандарды шақыртты. Осы кезеңдерде университет ұшан-теңіз жұмыс атқарған... Жастарды жыл сайын осы мамандықтарға қабылдады. Бауыржан Нөгербектің бұл екінші тынысы ашылған шағы-тын. Және Астанадағы ұшан-теңіз шаралардан Баукең қалмайтын. Біртоға, сырбаз, әр сөзінде, әр ойында үлкен адамгершілік, адамға деген үлкен сыйластық, кісіге деген құрмет – оның кредосы еді.
***
Таудың биіктігі – ол алыстаған сыйын көрінетіні сияқты, уақыт өткен сайын қазақ өнерінің хас тұлпары Бауыржан Нөгербектің орны үңірейіп тұр. Кейде кинопремьералардан көргенде құшақтасып, амандасып тұратын едік. Бүгінде таныс бейне көрінбейді. Мәңгілікке аттанған... Аттас ағасы Баукеңдердің дүниесіне өтіпті. Кей-кейде еске Баукең-Бауыржан Момышұлы түседі. Нағыз полковник... Біздің Баукең, Бауыржан Нөгербек те – өнердің, киноның полковнигі еді. Қазақ кинотану мектебінің полковнигі.
Менің «Тыраулап ұшқан тырналар» деген спектаклімдегі полковник еске еріксіз түседі. Онда Полковник Лукьянов жас жауынгер Пернебек Боранбаевты Сібірден – ит жеккеннен аман сақтап қалу үшін өзі қолбасшыға жүреді. Сол сәтте актер Тілектес Мейрамов қолын шекесіне қойып, «Честь имею» дейді. Баукең де сол аттас ағасындай қолын шекесіне тақап, «Честь имею» деген ғой. «Честь имею». Осындайда мен де қолымды шекеме қойып, әскери адамша «Бауке, честь имею» дегім келеді. Честь имею, Бауке!
Талғат Теменов,
Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық артисі, профессор