МӘМБЕТОВ АЛТЫНШЫ ҚАТАРДА ОТЫРДЫ

МӘМБЕТОВ АЛТЫНШЫ ҚАТАРДА ОТЫРДЫ

Көптеген замандастарымыздың күнделік жүргізетіні немесе естелік жазатыны мәлім. Біреу жанын толқытқан жағдайларды ескіртпей, есте сақтау үшін дәптерге түсіріп отыруды діттесе, екінші адам жазуды уақыт өткізетін ермек ретінде пайдалануы мүмкін. Әйтеуір, қалай болғанда да, мұның пайдасыз тірлік емес екені айқын. 

Ал жазушының жазбаларында тарихи мән жататыны, белгілі тұлғалардың көпшілікке беймәлім қырлары ашыла түсінетіні, тіпті, сайып келгенде ел руханиятына құнды қазына болып қосылып, өскелең ұрпаққа сабақ боларлықтай сипат алатыны жоқ емес. 

Біз белгілі қаламгер Қали Сәрсенбайдан өз күнделігінен бір үзік сыр бөлісуін өтінген едік. Бұл жолы бәрімізді осы жазбаның әйгілі театр және кино режиссері, СССР Халық артисі, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әзірбайжан Мәмбетов тұлғасына қатысты парақтары қызықтырды. 

Ұят болды қауымнан...

(12.12.06). Әкемтеатрдың сексен жылдығы. Қарашаңырақтың ұлы тойында қазақша сөйлейтін дені дұрыс шенеунік болмады. Бәрінен де сорақысы – Әзірбайжан Мәмбетов (театрдың алтын дәуірін жасаған адам) алтыншы қатарда, бізбен бірге отырды.  

Театрдың артистері ардагерлерімен қоса екі топ болып сахнада отыр. Әзекеннің көрермен ортасында отырғаны зор қуаныш еді, әрине. Ол әрі-беріден соң Халық Қаһарманы ғой. Мерейтойға арналған сахналық қойылымдарда Мәмбетов аты да аталып жарытпады, тіпті, аталмады-ау деймін.

Осының алдындағы көрініс көз алдымда. Тойға қалт-құлт етіп жеткен Мәмбетовті бір әйел баласы залда ағыл-тегіл жылап, сүйіп жатты. Мәмбетовті тірі көргеніне. Мәмбетовтің аты аталмаса да сол әйелдің көз жасы Мәмбетовтің өлшеусіз еңбегіне берілген баға еді.

Біреулер Мәмбетовті «Құдай сүйер қылығы жоқ адам» дер еді. Сол адам өлмейтін өнер жасаған жоқ па? Мәмбетовтің мінезінің, ашуының жеткен шыңы «идиот» сөзі еді ғой. Сол «идиоттың» арқасында талайдың маңдайы жарқыраған жоқ па?

Сахналық қойылым аяқталды. Шымылдық жабылуға тақау. Мәмбетовпен ешкімнің шаруасы жоқ. Бір кезде сахнада отырған атақты Асанәлі Әшімұлы мына қорлыққа шыдай алмаса керек: «Әзірбайжан Мәмбетов сахнаға шықсын!» деді. Жұрт дуылдап кетті. Әзекең жұрттың демеуімен сахнаға қалт-құлт етіп әрең жетті. Асекең мен Фарида Әзекеңді құшағына алып, көңілі босады. Сахнадағының бәрінің тұра жүгіретін жөні бар ғой.

Егер бұл біреудің қасақана жасаған тірлігі болса, онда оған тозақтың тоғыз есігі айқара ашық тұрған болар-ау.

Әзекеңнің біреулерге тілі тисе тиген шығар. Тіл тимей текті өнер, текті тентек қашан түзеліп еді. 

***

Жас Алаштың» өткен сандарының бірінде «Тұңғыш» айдарымен «Суретті түсірген... Шәңгерей» атты мақала жарияланды. Онда Әзірбайжан Мәмбетовтің әкесі Мәдиді жеті-сегіз жасында Шәңгерейдің суретке түсіріп алғаны сөз болған еді. Осы суретті сұрай барып, «сұрапыл сұхбатқа» тап болдым. Әзағаңның іші толып кеткен екен.

Бұл адамды «қиын кісі» деседі. Болса болар. Әңгімесі де қиын екен. Бірақ өнердің қыңырдан, қиыннан туатынын қайтіп жасырарсың. «Қыңырдан қоңыр туады» деуші еді менің бір көкем. Мәмбетов сахналаған қоңыр туындылармен академиялық театрдың атағы жер жарғаны күні кеше ғана еді-ау. 

Аймановтың ақбоз аты 

– Әзаға, әңгімемізді осы сұхбатқа себепші болған тарихи сурет 

жайынан бастасақ қайтеді? 

– Мәмбеттен Қартқожақ және Мұқаш деген екі бала туады. Қартқожақтан Мәди, Айтқали дүниеге келеді де, бауыры Мұқаш перзент көрмейді. Содан алты айлық кезінде Мәдиді Мұқаштың бауырына салады. Мұқаш Шәңгерейдің құсбегісі болған. Аталарымыз шетінен сал-сері, саятшы кісілер болса керек. Шешем Қанипа әңгімешіл еді. Әпкем Аққағаз екеуміздің өнер қуғанымыз да содан шығар деймін. Әкем 1900 жылы туған. Сурет 1907 жылы түсірілген. Демек, әкем ол кезде жеті-сегіз жаста болып шығады ғой. Біз Саратовтың төңірегінде тұрдық. Әкем мұғалім болды. 1942 жылы әскерге кеткеннен оралмады. 1945 жылы Праганы азат ету кезінде опат болды. Тағдыр деген қызық. Қайсыбір жылы Праганың Ұлттық театры мені «Қан мен терді» сахналауға шақырды. Сол күндері чехтың газеттері «әкесінің әруағына арнап спектакль қойды» деп жазып жатты. Әке алдындағы парызымның титтейін өтеуге себепші болған тағдырдың осы бір сыйына әлі күнге тәуба деймін. 

– Осы сіздің есіміңіз кейбіреулерді кәдімгідей ойландыратын көрінеді. «77 күннің» «Әзірбайжан Мәмбетов Бакуге елші боп кетеді екен» дегені секілді... 

– Әкемнің бір әзірбайжан тамыры болған, атымды соның құрметіне қойса керек. Мынадай бір қызық болды. Бұрнағы жылы әзірбайжан ұлттық театрының 100 жылдығына орай Бакуге Қазақстан делегациясын басқарып бардым. Президент Гейдар Әлиев президиумда тұрып, делегация басшыларын таныстырды. Кезек бізге келген кезде бүкіл зал тік тұрып, қол соқпасы бар ма? Салтанаттың ресми бөлімі аяқталған соң қонақтарға арнап банкет берілді. Үзілісте Президенттің көмекшісі келіп: «Сізбен Гейдар Алиевичтің танысқысы келеді» деді. Сөйтіп, әкемнің әзірбайжан досының арқасында Гейдар Әлиевпен де жүз грамм соғыстырдық.

– Сізді әу баста мың бұралған биші болған деседі ғой. 

– Бидің баһадүрі туған жездем Әубәкір Ысмайылов қой. Хореографиялық училищеде оқығаным рас. Сонда жүргенде Е.Аронның «Алтын мүйіз» фильміне түстім, Шәкен аға, Серағаңдармен бірге кішкентай рольде ойнадым. Осы кино менің бүкіл өмірімде бетбұрыс жасады. Фильмде Шәкен аға «келешекте Қазақстан қандай болады?» деп, мені ақбоз атқа мінгізіп, Алатау – Арқа, Атырау – Алтай аясын аралатып, ертегі айтатын бір ғажап кадр бар. Үнемі аспанда ұшып жүремін. Содан кейін көп ұзамай шынында ақбоз атқа міндім, «әкем театрмен» дүниені шарладым. «Ән қанатынданы» түсірдім. Көркемдік жағын Шәкен аға басқарды. Осы фильмде ол кісі мен Мұсаны сомдаған қайта тумас актер Әнуар Молдабеков Мемлекеттік сыйлық алды. 

Ғазизаның жүрегі

– Есіңізде болса, Президентте өткен бір кездесуде ол кісі көпшіліктің алдында Ғазиза апайдың денсаулығын сұрап, көмектесетіндігін айтып еді. Сол әңгіменің қалай аяқталғанын білуге бола ма? 

– Мына жағдай есімнен кетпейді. Осыдан көп жыл бұрын Мәскеуге бір үлкен жиынға бардық. Съездер сарайы мен қонақ үйдің арасына жаяушылап жүреміз. Бір күні аяңдап келе жатсам, артымнан біреудің айқайлаған дауысы шықты. Жұқалтаң жігіт жақындап келді де: «Сіз Әзірбайжан ағасыз ба? Мен Теміртау зауытының партком хатшысы Нұрсұлтан ініңіз боламын, сізбен танысқым келеді» деді. Маған оның сондағы бір ұнаған жері мынау болды. Мәскеудегі жиынға Қазақстаннан талай ығай мен сығай, жақсы мен жайсаң келіп жатады ғой. Солардың бірімен-бірі шаруасы болмайтын. Ал, мынау ерекше. Кейін Алматыға ауысқан соң, театрға да жиі келетін болды. Сондай бір сәттерде «Мен Әзекеңе сенбеймін, Ғазекеңе сенемін» деп те қалжыңдайтын. Бірде Ахаңның – Ахмет Жұбановтың музей-үйін жасау жөнінде өз тарапынан ұсыныс болып, ақылдасқанымыз бар. Сол музейдің ашылуына аса ықыласты еді. Тектінің көзін сыйлаған көргенділігі ме, әйтеуір, Ғазизаға құрметі ерекше болды. Ғазиза ауырып жатқанда Нұрекеңнің зиялы қауым өкілдерін қабылдағаны бар еді. Сонда Ғазекеңнің жағдайын арнайы сұрап, «ол кісінің бізге жүрегі қымбат, оны сақтауымыз кажет» деп, қолдан келген көмегін аямайтындығын айтқан. Бір күні үйге көмекшісі телефон шалып: «Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа ғана Мәскеуден оралды. Ельциннің оттегімен демалдыратын аппаратын арнайы сұрап алып келді» деді. Мұндай жақсылықты қайтіп ұмытарсың. 

– Айтпақшы, Ғазиза апайдың еш жерде жарияланбаған күнделіктері, естеліктері, мақалаларынан орыс тілінде газеттерде үзінділер жарияланып, кейіннен 2 том кітап болып, 500 данамен жарық көргенін естідік. Қазақ басылымдарына неге ұсынбадыңыздар? 

– Бұл кітаптарды «Өнер» баспасы әне-міне деп дәмелендіріп, ұзақ уақыт сүрледі. Болмаған соң үлкен қызым Дина туыстардан ақша жинап, бір жекеменшік баспадан орыс тілінде 500 данамен шығардық. Бұл кітап ең алдымен қазаққа керек. Онда ұлт мәдениеті үшін қажетті тағылымды әңгіме көп. Менің де ойым сол, ендігі жерде осы еңбекпен өз халқымыз ана тілінде танысса деймін. Бізде ұлттың рухани құндылықтарына сергек қарау әлі де кемшін ғой. 

– Балаларыңыз ендігі үйлі-баранды болған шығар. Өнер адамына «жалғыздық» күйін кешу де оңайға соқпас. 

– Айтпағыңды түсіндім. Белгілі әнші Қорлан Қалиламбековамен тұрмыс құрдым. Балалар өз алдына отау болып кетті. Бәрі де қарайласып, қатысып тұрады. Дегенмен, күтімге үйреніп қалған адамның мұндай жаста жалғыз қалуы да қиын. Ғазекең өмірден өткелі де бес жыл болды ғой. Әруақтың алдында арым таза. Оның үстіне Ғазизаның барлық әндерін Қорланның орындауы көңіліме көп демеу береді.

«Сізді қалай талатып қоямын»...

– Театр қайраткерлері одағы немен айналысады? Күнкөрістеріңіз қалай? 

– Бұл – Театр қайраткерлері одағының екінші үйі. Бұны да тартып аламыз деп, төрт рет соттасып-оттасып жүріп, ақырында Жоғарғы сот төрағасының арқасында әупіріммен қалды. 

– Кәдімгі Мақсұт Нәрікбаев па? 

– Иә. «Әзеке, біз сіздің спектакльдеріңізбен өскен ұрпақпыз ғой. Сізді қалай талатып қоямын бұларға? Қанымыздан, жанымыздан жаралған өнерге араша түсе алмасақ, азаматтығымыз қайда? Жоқ, бұлай болмайды» – деді. Құдайға шүкір, қадіріміз әлі де бар екен. Осындай азаматтар барда көзтүрткі көрмеспіз. Қарағым, мен мәртебелі министрлерге емес, сотқа қарыздар адаммын. 

– Түсінбедім. Қадіріміз бар екені қалай, таусылып сөйледіңіз ғой? Театрды сағынып жүрсіз-ау, шамасы. 

– Оның рас. Өткен күнге өкініш жоқ. Бірақ кейбір әңгімелерді әлдекімдер үшін қажеті болар деп айтқан жөн. Отыз жылдан астам уақыт «әкем театрды» басқардым. Мен бипаздамайтын адаммын, турасын айтсам, театрдан мені қуып шықты. Жәй емес, ит қосып қуды. «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» дей ме Абай? Өзіме де обал жоқ. Ақкөңілмін, сенгішпін, адамды шексіз жақсы көремін. Ақыры осы қасиетім түбіме жетті. Сол кездегі министрге хат жаздым. Комиссия құрылды; театрды тексерді. Кемшілік көп деген қорытындыға келді. Директорға сөгіс берілді, білімін жетілдіру үшін оқуға жіберу керек деді. Мені бас режиссер етіп қалдырды. Артынша театрдың көркемдік жетекшісі штаты министрдің бұйрығымен жойылды. Мен қатардағы қоюшы-режиссер болып қалдым. Мұндай жағдайға төзбей, өзім арыз беріп жұмыстан кеттім. Қысқаша айтқанда осы. Өте түсініксіз жағдай. Театрдан кету себебім әлі күнге анықталмады. Тіпті, қатар еңбек етіп, театрдың ыстық-суығын бірге көрген менің Халық артистерім мен қаламгерлерімнің үнсіз қалуын әлі күнге түсінбеймін. Вот так, вот. 

Театр – плакат емес

– Театрдың қазіргі жағдайына да алаңдайсыз-ау, сірә? 

– Егер жанашыр көңілмен айтсам, театр қазір тоқырап тұр. Жас драматургтер, режиссерлер керек. Заман басқаша екенін мен түсінемін. Бірақ сапасы сын көтермейтін дүниелер баршылық. Одан актер өспейді. Театр «Тамашаның» бір түріне, ортақол дүниелердің ордасына айналмауы керек. Халқымыз театрдан көңілі суығанда «жын-ойнақ» деп бір ауыз сөзбен бағасын беретін, соған келе жатыр ма деп қорқамын. Әкем-ау, бұл ұлы Әуезов атын иеленген ұлттық театр ғой. Ағылшынның Ханзадалар театры, Мәскеудің Үлкен және Кіші театры секілді қасиетті орда ғой. Актер, режиссер ортақол дүниелермен емес, классикамен өседі. Кешегі Қаллекиді, Шәкенді, одан беріде Фарида, Асанәлілерді өсірген классика еді. Кейбір қойылымдарды көргенде жаным түршігеді. Театр сахнасы – теледидар, радио, газет емес, оған публицистиканың қажеті жоқ. Оның туындыларын тек қазақтар емес, сырттан келіп көретіндер бар екенін неге ескермейміз? Ақсақ, тоқсақ кім – қазақ. Ішкіш, бұзылған, азған-тозған халық кім – қазақ. Біз бұл этаптан өткен жоқ па едік? Әрі-беріден соң адамның намысына тиетін жағдай ғой бұл! Қазақ қашанғы өз қотырын өзі қасып, қашанғы азап апанынан шықпай жүре береді? Шындықты айтудың басқа жолы жоқ па? Айналайын-ау, мұны кімге айтып отырсың? Өзі қиын кезеңде елдің рухын езіп, жанши беруге бола ма? Басқа тақырып құрып қалды ма? Дүниежүзілік саяси симпозиум, форумдарда, мәжілістерде сөз болатын мәселені театрға әкеліп тықпалаудың не қажеті бар? Ол анау Амантай қажылардың шаруасы. Театр – плакат емес қой. Қазір көрермен нені қабылдау, нені қабылдамау керек екенін өзі біледі деп, өз кемшілігі үшін жауап бермейтіндер пайда болды. Осылайша спектакль қою дағдыға айналды. Бірдеңе десең, «мен осылай ойлаймын» дейді. Мало ли что, сен солай ойлайсың... Мықты болсаң, жалпы көрерменнің көңілінен шық. Әйтпесе, жұрттың басын қатырма. «Абылайханның» сахналық қойылымы 1936 жылғы декадаға арналған концерт сияқты болған да қойған.

Театр өне бойы адам жанын жараламай, тазалаумен, нұрландырумен айналысса керек. Қазіргі уақыт осыны талап етеді. Театр бір күндік емес, ол мәңгілікке қызмет етуі тиіс. Онда ең кемі бес-он жыл жүретін дүниелер сахналануы тиіс. Бұрын мақтануға уақыт болмады, енді мақтансам жарасар. Мен қойған туындылар басқасын айтпай-ақ қояйын, мәселен, «Ана-Жер-Ана» сахнада отыз жыл жүрді. Қазір осы секілді дүниелердің декорациясын, костюмін жаңартса, әлі де талайға азық болар еді. Рас, бүгінгі театр сахнасындағы қойылымдарды түгелге жуық жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, «Қилы заман» көңіліме конады. Бірақ көбісінің сахналық ғұмыры қысқа. Халық казір жеңіл-желпі, жүйкеге тиер азапты туындылардан шаршады. Бұл міндетті үйдегі «көксандық» атқарып жатыр. Халық өзінің бұрынғы тұнық бастауына қайта оралып, содан мейірі қанғанша ішкісі, бекзат болмысына, аристократтық мінезі мен қалпына қайта үңілгісі келеді. Қазіргі рухани экспансияны ол бүгінгі дәлдүріш дүниелермен емес, кешегі рухы биік, классикалық өредегі қалпымен ығыстырғысы келеді. Мұндай талапқа жауап бермейтін туындыларды сахналауға қарсымын. Қайталап айтамын, бұл – академиялық, ұлттық театр, ол таза, текті болуы керек. Қарашаңырақта кешегі қасиетті қара шалдардың басқан ізінің табы жатыр. Оны таптауға болмайды.

Жаңашылдық, түрлі форма іздеу қажет-ақ, бірақ ол көп жағдайда ұлттық үрдісті жоққа шығару есебінен жасалмау керек. Ұлттың бар болмысы мінезі сән-салтанатымен көрінетін жер – театр. Жұрт қазір жер-көкті тұмшалап алған тайыздықтан әбден шаршады. Жаны жаралы көрерменнің рухани сұранысына кім жауап береді? Енді бұл қалыпта жүруге болмайды. Қазір опера театры – квартирант, әркімнің босағасында жүр, киностудияның жайы анау, жастар театры жөнінде әңгіме басқа. Ал енді бүкіл болмысымызды, салт-дәстүрімізді, ғұрпымызды жаңғыртатын жалғыз театрды бекзат қалпында ұстап тұруға болады ғой.

Әлгінде айттым, мен қазір мақтанатын, біреуге жағынатын жаста емеспін. Өз басым сырттай көп тірлігіне тәнті боп жүретін жаңа министр Алтынбек Сәрсенбаевқа осы жағдайды жеткізуге толық хақым бар, әрі міндеттімін деп есептеймін. Бұдан басқа амалым жоқ. Қаншама жыл жанымды беріп, терім сіңген театрдың адам төзгісіз жағдайы арқама аяздай батады. 

Мәмбетовтер жолда жатқан жоқ

– Әзаға, өкпеңіз қара қазандай секілді, осы ойыңызға ішкі қыжыл да араласып кеткен жоқ па? 

– Жоқ. Бұған дейін кім көрінгеннің министр болуы бізге таңсық емес еді. Министр Мамашев біз өнерде құбылыс жасап жатқанда үстелдің астында ойнап жүрген. Театрдағы ахуалдың қалыпты болмауына да ең алдымен кінәлі солар болатын. Өйткені, білмейді ғой. Содан кейін барып ойына келгенін істейді. Актер директорға, режиссерге айналып шыға келеді. Бәрі оп-оңай-ақ дүние. Әркімнің өнердегі өресі, орны деген мәселе бұларды ойландырмайды. Қазір ақшасы бар адамға кітап шығару да, спектакль кою да оп-оңай. Ал, шығарманың маңызы екінші пландағы әңгіме. Кезінде қазақтар белгілі бір деңгейде кемсітілген заманда мен театрды, Мәскеуді айтпағанда, Иранға, Францияға апардым. Прага театрында «Қан мен терді» койдым. Театрды әлемдік кеңістікке алып шықтым. Бұл ол кезде оңай шаруа емес еді. Кемшіліксіз пенде болмайды. Мен де жетісіп тұрғаным жоқ. Бірақ ұлттық мүдде жолында бөтен мінездің бәрін жиып тастайтынбыз. Кешегі «самородок-сары алтын» біртуарлар – Қаллеки, Серағаң, Елағаң, Құрағаң, Қанекең, Шәкен ағалардың шәйі орамал кеппей жатып, бірін-бірі еміреніп отыратын қасиетін қазір сағынышпен еске аламын. Сол кезде театрдағы тектіліктің тегеуріні күшті еді. Сахнадан алтынкүрек есіп тұратын. Кәдімгі хан сарайына кіргендей болушы едік. Театр-храм болатын. Ал енді заман осындай екен деп театрды жәрмеңкеге, базарға айналдыруға бола ма? Театр ішінен «Турандот ханшайым» атты ресторан, кафе ашылған. Ертең ол көшедегідей қызыл шамы жарқылдап казиноға айналмасына кім кепіл? Әуезов театры, опера театрын айтпағанда, маңдайдағы жалғызымыз емес пе? Жалғызын кім көрінгенге, байшыкешке, алпауытқа жалбарынышты етіп қою жөн бе? Театрға ақша емес, талант керек. Қара шаңырақтың киесі деген болады. Ал киемен ойнау жақсы емес. 

– Әлгінде әріптестеріңізге ренішіңізді де байқатып қалдыңыз-ау.

– Қазір қазақ интеллигенциясында ауызбіршілік жоқтың қасы. Бүгінде зиялылардың белгілі бір тобы ой айтпайды, өсек таратумен айналысады. Өнерді өшіретін сұмдық – осы. Мен тағы да қайталап айтамын, бірнәрсеге таңмын. Кезінде өзім талай-талай дүниелерін сахналаған Ә.Нұрпейісов, З.Қабдолов, Қ.Мұхамеджанов, С.Жүнісовтер, өзім тәрбиелеген халық артистерім мен театрдан кеткенде бір ауыз сөз айтуға жарамады. Жарайды, уағында ренжісулер, өкпе-наз болған шығар. Соның бәрі кім үшін?.. Содан театр жаман болды ма? Бәріне уақыт төреші ғой. Мәмбетовтер жолда жатқан жоқ. Жеке басымның жағдайын өнерге араластырғым келмейді. Бірақ мені осылай еттім деп мекіренген біреу ертең басқаға не істемейді? Айтысуға шебер халықпыз ғой, менің бұл ойыма да өре түрегелетіндер табылады. Бірақ басқа амалым жоқ. Қазаққа театр керек пе, қандай театр керек? Мені ойдандыратыны осы. Уай, қайдасыңдар, менің халық артистерім?!.

Қали СӘРСЕНБАЙ,

жазушы