Әр қазақ ұлтшылы Өмірдей болуы тиіс!

Әр қазақ ұлтшылы Өмірдей болуы тиіс!

Онсыз «Әділетті Қазақстанды» құра алмаймыз...

Шымкент қаласында бұрын қалаға, облысқа, бүгін күллі республикаға аты белгілі Өмір Шыныбекұлы деген мұғалым, тарихшы тұрады. Өлкетану оқулығының авторы. Сәті түсіп, екеуміз аз-кем сұхбат құрып қалдық. «Көргені көптің айтары көп» қой, сұхбаттың бір бөлігін, әсіресе, бүгінгі тағдырымыздың шешуші кезеңінде «ұлтым!» деген ұл мен қыздың болмысы жайлы тұсын назарларыңызға ұсынып отырмын.

 

Сан-мың инженер бір сәтте жұмыссыз болып шыға келді ғой...

-Мен Алатаудың іргесіндегі, «Оңтүстік» деп аталатын, алпыс шақты үйі бар шағын ауылда туып-өстім. Бастауыш мектепте білім алдым. Ауылдың айналасы кең дала, қозы баққан кезде қиялыңа сыйғанынша армандай бер! Бір ғана аулымыздан қаншама суретші шықты! Біздің ауылда суретші болуды, ақын-жазушы болуды армандамаған бала аз шығар. Мен де солардың бірімін. Өлең де жазып көрдім. Тарихшы да болғым келді. Сол екпінмен 1979 жылы Шымкентке, пединститутқа барып, «құлап» қайттым. Ауылға барсам иә тракторист болам, ия қойшы болам... Қозы бағып, кітап оқығанды жақсы көргеніммен, қара жұмысқа жалқау адаммын. Содан Өзбектанда бір совхоз-техникум жаңадан ашылып жатыр екен, бардым да, соған түсіп кеттім.

-Совхоз-техникум Шымкенттің түбіндегі Тасссайда да бар еді ғой?..

-Оған түсу үшін де ол кезде - «коррупция» деген сөз жоқ болғанымен - «блат» керек еді ғой! Техникумды зорға бітірдім... Оның үстіне оқығаныңнан мақта тергенің, мақта шапқаның көп екен ол жақта.

Тарих факультетіне түсуге төрт рет әрекет жасадым. Маған бұйырмады, бірақ.

-Әскерге алып кетпеді ме?

-«Жиырмаңда не істедің?» деген сөз бар ғой, мен жиырма жасымда ...әскерден қашумен жүрдім. 1980-жылы пойызыма кешігіп қалдым, кейін әскерге барғым келмеді. Күндізгі оқуға түсе алмаған соң, Шымкенттегі химия-технология институтының кешкі бөліміне, қазақтар жоламайтын тоңазытқыш-компрессор мамандығына бардым. Ол екі ортада ауылдағы баяғы «шолақ белсендінің» бір ұрпағы «Шыныбектің баласы неге әскерге бармайды» деп арыз жазыпты. Құдай қаққанда қойшы ағам әскери комиссариаттың бір дәрігерімен танысып қалған екен, анау «сол да сөз болып па, сал машинаға бір қойды» депті-дағы, мені «құлағы естімейді» дегізіп, құтқарды да жіберді...

3-курста Виктор Бобраков деген мұғалімнің арқасында математиканы қайтадан оқып, сызуларды түсінетін болдым, соның арқасында жақсы инженер болып шықтым. Өзім жұмыс істеп жүрген жобалау институтының бас инженері болып қалармын деген дәмем де бар еді, ол үмітімнің күлін көкке ұшырған басы «қайта құру» болып басталып, аяғы «түгел құру» болып біткен Горбачевтің әйгілі саяси реформасы болды...

-Иә, айналдырған екі-үш жылда Шымкенттей ірі индустриялық орталықтың сан мыңдаған инженерлері түгелге жуық жұмыссыз қалғаны естен шыққан жоқ.

-Мен көп саудагердің қатарында жүргенімде институтта бірге оқыған жігіт «Казтрансгазға» басшылыққа келіп, мен уақытша слесарь болып кіріп едім, досым жұмысты жолға қойған кезде «дәулер» оның орнына өздерінің бір боқмұрынын әкеліп қонжитты, досыммен бірге мен де кеттім. «Қай істің де бір қайыры бар» деген, сол кезде бір қарындасым «тарих мұғалымын даярлайтын курс ашылыпты, арманыңыз тарихшы болуы емес пе еді?» дегені. Барсам, расымен жеделдете даярлайтын екі жылдық курс екен, 1-курсын бітірген соң-ақ, 2003-жылы ойламаған жерде осы №85-ші мектепке оқытушы болып шыға келдім ғой.

Осы кезде мен өзімнің сөздік қорымның қаншалықты азайып кеткенін көрдім – бұл, сірә, мектептен кейін қазақ тілінде көркем әдебиетті оқуды қойғанымның, «қазақша білмесең ешнәрсе етпейді, орысша білмесең аш қаласың» деген саясаттың салдары болса керек. «Абай жолын», «Көшпенділерді», т.б. қайтадан оқып шығуға тура келді...

Бұл таза орыс мектебі ғой, қазақ сыныптары екі-үш жыл бұрын ғана ашылған екен. Директор, оның алты орынбасары – бәрі орыс, бір орынбасары ғана қазақ. Қазаққа қысым жасалатынын көріп жүрдім. Еден жуатын орыс әйелдерге дейін қазақ мұғалымдарға ұрсуға дайын. Бір күні дәлізде келе жатсам, шаруашылық меңгерушісінің, «завхоз» дейміз ғой, қазақ тілінің оқытушысына «тағы осылай істесең, жұмыстан қуамын!» дегенін естіп қалдым. «Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынаады» дейді, мен де жарылдым: «Жұмыстан қуатындай сен кімсің? Жөніңе жүр!» «Мен директордың экономика(?) жөніндегі орынбасарымын!» Сөйтсем, оның күйеуі қасымыздағы әскери бөлімде командир, ал директорымыздың күйеу баласы соның қолында істейді екен ғой...

2006-жылдың сол күнінен бастап олар менің де соңыма түсіп алды. Абырой болғанда, оқушыларым мені талатып қойған жоқ. Жоғарғы сыныптарға сабақ беремін, қыздарға «Өмір ағай кездесуге шақырады» деп, арыз да жаздырмақшы болыпты. 2010-жылы өз еркіммен «Нұр Отан» партиясына кірдім, бастауыш ұйымды құрдым. 

-Партияға кірдің бе? Не үшін?

-Пана іздеп. Бірақ, партияластарым пана болуға жарамады... 2011-жылы желтоқсанда Әзімхан деген еңбек пәнінен сабақ беретін әріптесімізді 9-сыныптан кейін кетіп қалған бір бала мектепке жеке автокөлігімен келіп, оқушыларды машинасымен қуалап қорқытыпты. Әзімхан оның көлігінің кілтін алып қоймақшы болғанда құлап, бір қолы мен бір аяғын машина басып сындырыпты. Жағдайын сұрауға үйіне бардым. Сөйтсем, әлгі баланың әкесі облыстық білім басқармасында істейді екен, директор шу шықпасын деп, бәрін жылы ғана жауып тастапты... 


Жылдан да ұзақ жарты күн


«Әділдік үшін күресем» десең, ертең «қысымға шыдаймын» десең көмектесем дедім. Келісті. Тележурналистерді шақырдым. Ертесіне телеарналар берді. Директорымыз шіреніп отыр: «Жұмыс уақтында ол өзі көшеде не істеп жүр?» 

-Мәссаған! «Күштінің дүмі диірмен тартады» деген осы.

-Қаным басыма шапты. Директорға кірдім: «Галина Владимировна, сіз фашистсіз! Мұғалымдарға сіз әке де, шеше де болуыңыз керек еді, істеп отырғаныңыз мынау!». Мұғалымдарға облыстық Ішкі істер басқармасына арыз жаздырдым. Комиссия келіпті. Ол түк болмағандай жуып-шайып кетіпті. Бұрынғы бұрынғы ма, енді нағыз көзтүрткі болдым. «Стукач» деген атақ алдым. Бір күні мұғалымның біреуі мен жайлы «Кеше базарда жүрген адам, бүгін педагог әйелдерді тауысып, оқушы қыздарға ауыз салып жатыр» деген материал ілінген сайтты көрсетті. Ананы көргенде өкпем қысылып, үйге зорға жеттім. Ертесінен рентгенге түстім. Өкпемнің сыртындағы қабы жыртылып кетіпті. Сол жерден аурухана жіберді. 

Дәрігерлер ота жасайтын болып шешіп еді, ақ шашты, жасы үлкен біреуі «маған беріңдерші» деп сұрап алды да, дәрі-дәрмекпен емдеді. 1 ай жаттым төсекте. Мен жұмысқа шыққан күні «педкеңес» болды. Баяғы «завхоз» тағы да маған тиісті: «Бәлеқорсың, арыз ұйымастырушысың. Кет жұмыстан!» «Бұл – менің жерім!» деп еденді бір тептім... «Көрдіңдер ме, қандай ұлтшыл екенін!»

Директор мен орынбасары екеуі бір күні менің сабағыма кірді. Не түсінгендерін қайдам. Сәлден соң шақырды. Барсам, орынбасар «анаусы жоқ, мынаусы жоқ» деп сала-құлаш рапорт жазып қойыпты. «Қол қойыңыз» деді. «Мемлекеттік тілді білмейтін адамның менің жұмысыма баға беруге хақысы жоқ!» деп жаздым, шиырып қолымды қойдым. Ол оқыды да, «мен енді бұның сабағына кірмеймін» деп, директордың алдына тастады. 

Директор да «жаман ешнәрсе жазған жоқпын» деп, өзінің «Сабаққа кіру» деген журналына жазғанын маған ұсынды. Оған да дәл жаңағы жазғанымды қайталадым. Сосын бетіне қарап: «Сіз – ұрысыз!» дедім. «Ұрысыз. Мен сізбен енді былай күресемін: ертең барлық марапатымды алып келемін, журналистерді шақырамын, солардың көзінше оның бәрін өртеймін! Сосын білетінімнің бәрін айтамын!» 

Шығып бара жатыр едім, директор менен озып, есігінің алдына барып тұрып алды. «Келісейік те» дей береді. Ол 120 келі тартады, менің салмағым – 55. Екеуміз екі сағат болмаса да, анық бір сағат алыстық. Ешкім кіруге батпайды. Келеді, тың-тыңдап кетеді...

- Эльдар Рязанов түсіретін киноның дайын сценарийі ғой мынау!.. 

-Ақырында шаршадым. Қазақ орынбасардың кабинетіне барайық дедім. Кірген бойда директорға: «Галина Владимировна, арыз жазыңыз, сізді мектептің маңайына жолатуға болмайды!» деп бұйырдым. Оны естіген орынбасар тұра қашты. «Не жазығым бар?» дейді директор. Жылады. Көзінен жасы, мұрнынан боғы, бетінен бояуы ағып кетті. «Зейнетке бір жылым қалды, кешір...» деп, бырқылдап отыр. «Кешірімді педсоветтің алдында сұра!» деймін. «Бұл мен үшін өліммен тең» деп қояды тағы да. Үйдегі телефоныма талай рет ер адамдардың қоңырау шалып, қорқытқан қоқан-лоққысы есіме түсіп кетті: «Сіз мені өлтіргіңіз келді ғой? Қанша рет телефон шалдыртып, қорқыттыңыз, айтыңызшы?!» Жауап жоқ. Бір уақытта тағы қайталады: «Шын жүрегіммен кешірім сұраймын!». Айқасымыз таңертең басталған, түс болды. Шаршадым. Қарным да ашты. Төбесінен төніп тұрмын: «Шын жүректен бе?» «Шын жүректен!» Қол алыстық, мен шығып кеттім. Үйге келген соң орынбасарға телефон соқтым:

-Айна Абылайқызы, директор сізге не болғанын айтпайды, мен де айтпай-ақ қояйын. Ешкім жеңген де, жеңілген де жоқ деп есептейік. Бірақ, сіз анау жандайшаптарға ескертіңіз, егер тағы бастайтын болса, тас-талқандарын шығарамын. Директордан бастап. Ол онсыз да бүгін бір өлімнен қалды.

Сол күннен бастап жаным тыншыды. Айтпақшы, әлгі оқиғадан кейін «үш әріптің» жігіті келіп, мені сыртымнан бақылап жүретіндерін, өздері осы салаға куратор екендерін, сөз соңында маған бір-екі директорды ұстауға көмектесіңіз деген өтінішін айтты. «Екі емес, екі мың директорды отырғызсаңдар да нәтиже шықпайды, бүкіл жүйені, заңдарды өзгерту керек» дедім. Мен өзім үшін, жақында дүниеге келген немерелерімнің жүзіне тура қарай алатын болу үшін күресіп жүргенімді айттым.

-Бұл қай жылы еді?

-2012 жылдың көктемі болатын. 

-Директор уәдесінде тұрды ма?

-Тұрды ғой. Орнына қазақ орынбасары отырды. Мен де оған кек сақтаған жоқпын. Оның қызы да бізде экономикадан сабақ беретін. Кейін орынбасардың бірі болды. Екеуміз тіл табысып жұмыс істедік. Кембридж технологиясын алғашқы болып екеуміз үйрендік.

Айтпақшы, мектебімізде сол кезде бір әсем орыс келіншек экономикадан сабақ беріп жүрді. «Директордың қызы сағатымды алып қойды» деп шағымданады маған. Мені шайға да шақырды үйіне. Пендеміз ғой, барып та қалар ма едім, мұғалымдар бөлмесіндегі әйелдердің әңгімесінен «үйіне қонаққа барып едік, итімен бірге тұрады екен» деген сөзді естіп, тәбетім тартпай қалды. Сол сұлуым бір педкеңесте директорға қарап: «Бұл адам қайтсе де сіздің орныңызды алмақшы» деп жала жапсын... Атып тұрдым: «Алуға хақым бар» дедім. «Бірақ, алмаймын. Себебі, Галина Владимировна облыстық топас бір әдіскердің жаман мінезіне қарсы келмейді. Ал, мен оның мұрнын бұзамын, сосын мені отырғызып қояды. Сол ма маған керегі?!».

Сол әйелді кешіре алмадым. Сәлемдеспей қойдым. Бір күні жол апатына ұшырапты. Естіген бойда директорға бардым: «Қандай көмек керек, қолымнан келгеннің бәрін істейін». Менің нала болғанымның әсері ме қорқып кеттім. Өзімше Құдайдан кешірім сұрағаным ғой. Мүгедек болып қалды, байғұс... 

-Дұрыс айтасыз. «Жақсы ат алғаннан артық жақсы іс жоқ» депті ғой Құтып есімді данышпан бабамыз. Жақсы атыңыз шыға берсін!

Ө. Әбдіуәліұлы, 

Қазақ үні