УАҚЫТЫНАН ОЗЫП ТУҒАН ЕР ЕДІҢ СЕН...
2023 ж. 23 наурыз
2043
0
Борандатқан ақпанда тек Мұқағали ғана емес, Бақытжан да «Кең дүние төсіңді аш, мен келемін!» деген екен. «Бақытжаны кім?» дейтіндерге тағы да Мұқағалидың сөзімен «Көрмеген оны арманда, Арманда оны көрген де!» деп жауап берген болар едік. Неге? Себебі, Ақаң, Ақселеу ағамыз секілді біз де «өтірік айтпай, сәл-пәл өсіріп айтатын» болсақ, ол сал-серілердің соңғы тұяғы еді дей алмаймыз, өткені қазақ бар жерде сал-серілердің туғаны туған, тек әуел баста қалыпқа сыймай жаратылған олар біздің жадымызда «ноқтаға сыймаған басын» (Шерхан Мұртаза) тауға да соққан, тасқа да соққан күйінде өз заманының серісі бейнесінде мәңгіге сақталып қалады. Мысалы, ақындардың ішінде сері деп Жұматайды айтсақ, сәулет өнерінде Бақытжан Әшірбаевты айтуға болады. Тіпті, мамандығы сәулетші болғанымен, бір мамандықтың аясы оған тарлық еткен. Ол суретші, ол әнші, ол ақын, ол фотограф, ол кинорежиссер, ол баспагер, ол дінтанушы, ол философ. Ол айналасына шуақ шашып, жүрген жерін нұрландырып, ұйықтап жатқанды оятып, жайбасарлардың намысын қамшылайтын теңдесі жоқ ұйымдастырушы еді.
Шымкент қаласында ақпан айының 9-жұлдызында басталған Бақытжан Әшірбаевты еске алу шаралары тура бір айға созылды. Оның әріптестері, қызметтестері марқұмның өздеріне де, өзгелерге де, жалпы қоғамға тигізген әсері мен ықпалын еске ала келіп, онымен бірге өткізген жылдарын бір ауыздан «Әшірбаев дәуірі» деп атады. Мен өзім сәулетші болмағандықтан, Бақытжан бауырымның біржақты талантты емес, жанжақты талантты екендігін көрсетсем деген оймен қаламымды қолға алдым.
«Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!»
Мен Тұңғыш Президенттің «Тұрғын үй құрылысы – біздің экономикамыздың локомотивi болады» деген пікіріне инженер адам ретінде бірден қарсы болған едім. Сол жылдары мен Бақытжанмен болған бір әңгімеде сол ойымды алға тарттым. «Мен өз басым осыған сенбеймiн!» дедім.
– Тұрғын үй құрылысының арқасында қанша адам жұмысқа тартылды, қанша кiрпiш зауыттары, тас карьерлерi ашылды, – деді Бақытжан. –Темiрбетон зауыттарына да жан бiте бастады. Яғни, бұл мұнайдың артық ақшасы дұрыс жұмсалып жатыр деген сөз. Ораз Жандосов Қаржы министрi болған кезiнде Үкiмет қаражаттан тарыға бастаса сопаң еткiзiп бiр жерден ақша суырып алатын. Депутаттар шулайтын, «бюджетте қаралмаған едi ғой, қайдан пайда бола қалды» деп... Демек, мұнай бiзге ақшаны ең қажеттi салаға жұмсауға мүмкiндiк берiп отыр. Тек, менiң ойымша бiздiң Үкiмет қаржыны кейiнгi күнге деп көбiрек тығып ұстайтын секiлдi. Ақшаның ақша тауып жатпағаны дұрыс емес қой... Құрылысқа жұмсалған қаржы ертең-ақ қайтады.
Ал, жұмыс дұрыс бағытта жүрiп жатыр ма, жоқ па, бұл екiншi мәселе. Менiңше, бiз қателiктерге жол бердiк. Құрылыс министрлiгi жойылып кеттi. Әлемнiң көп елiнде бюджеттiң үлкен бөлiгiн құрайтын осы сала. Жұмыссыздықтан құтылудың бiрiншi жолы – құрылыс жүргiзу...
– Және «ақша істеудің»...
– Иә, ол жағы да бар... Бiз Түркiстанда жүрген кезiмізде әкiм Өмiрзақ Әметұлы екеумiз жәрдемақы алғысы келетiн жұмыссыздарды қоғамдық жұмысқа тартып, қыш құйдыртып, соның арқасында оралмандарға арналған тұтас бiр ауыл салып бердiк. Сол үйдiң әрқайсысының өзiндiк құны 2,5 мың доллар ғана болды.
– Иә, дұрыс. Тек тактикалық планда, стратгиялық емес. Бiзде жоғары технология саласына ұмтылудың жоқтығы менiң жаныма аяздай батады. Ал, қазақ халқы жаратылысынан математикаға, немiстер секiлдi техникаға, жаңалыққа бейiм халық. Бiз сол әлеуеттi пайдаланбай отырмыз.
– Қазақтың жаңалыққа, техникаға бейiм болатын себебi – ол жалқау. Әрбiр адам өз жұмысын жеңiлдету үшiн әртүрлi нәрсенi ойлап тапқыш келедi! Дөңгелектi нағыз жалқау адам ойлап тапқан!
– Мынауыңыз техниканың дамуына деген ерекше көзқарас екен... Бiзде электротехника дамымаған. Электроника жайлы тiптi сөз жоқ. Бұл салаларды дамытудың жолы — автомобиль жасау! Барлық жоғары технология сонда. Құрылыстағы қайдағы жоғары технология?..
– Иә, құрылыста жоғары технология жоқ. Бiрақ, пайда болуы мүмкiн. Пенобетон, пенополистирол, т.т. Жаңа құрылыс заттары көп қой.
– Менiң айтып отырғаным құрылыс елiмiздi елу, жүз жыл алға апарып тастай алмайды ғой.
– Ол жағынан дұрыс сiздiкi. Үндiстанда компьютер шығаратын арнайы Бангалор деген қала бар, мен сонда болғанмын. Жоғары технология қаласы. Ол жерде әлемнiң барлық ұлтының өкiлдерi бар. Тек қазақтар ғана жоқ... Мен сол жерде қалғым келдi. «Жоқ, бiзге техника мамандары керек» дедi. Олар о баста компьютердi құрастырудан бастаған. Кейiн бiрте-бiрте компьютерге арналған бағдарламалар жасауға қол жеткiзген. Қазiр әлемдегi ең қымбат компьютер бағдарламалары сол жерде жасалады.
– Америкадағы бағдарлама жасаушылардың қырық пайызын бүгiнгi күннiң өзiнде сол Үндiстаннан шыққандар құрап отыр екен ғой!
– Иә, ол жағы тағы бар. Бiзге мұндай масштабты жұмысты қолға алу үшiн Үкiметте бұл iстiң маманы отыруы керек. Менiңше ондай адам бiзде әлi жоқ.
– Сiз менiң жоғарыда айтқан локомотив жайлы күдiгiмдi сейiлте аласыз ба?
– Жоқ, қайта қоюлатуым мүмкiн. Бізде жарты милииард теңгеден астам ақшаның бәрi негiзiнен жолды жөндеуге арналған. Жаңа жол салу деген жоқтың қасы. Сол кезде маған сәулетшi ретiнде мынадай ой келдi. Шымкенттен үш бағытта үлкен күре жол шығады. Бәрiнiң бойын жағалай телефон желiсi тартылған. Көп жерде электр желiсi, бiраз жерде су, бiраз жерде газ желiсi бар. Яғни, инфрақұрылым жаман емес. Ал, сол жолдың бойынан көретiнiмiз — ойдым-ойдым ғана ауылдар. Мiне, осы күре жолдың екi жағына, әр жерге жаңа ауылдар орналастыру керек. Бiр бетiнде үш көше, екiншi бетiнде үш көше. Үлкен жолдың үстi оларға көп жеңiлдiктер әкеледi. Алғашқы кезекте жолға жақын көшелерде кафе, жанармай құю бекетi, мотель, т.с.с. қызмет көрсету нысандарын қолға алу. Екiншi кезекте, жолдан алыстау көшелерде ауыл шаруашылық өнiмдерiн өңдейтiн, құрылыс заттарын, т.б. шығаратын түрлi мини-зауыттар салу. Мен есептеп көрiп едiм, осы үш жолдың бойындағы ауылдарға үш миллиондай адамды орналастыруға болады екен. Бұл бiр облыста ғана.
Ең қиын шаруада — коммуникация желiлерiн жүргiзуде қиналмайтын болғандықтан-ақ бiз ауылдарды тез салып ала аламыз. Бiздiң қаладағы бизнесмендердi осыған тарту керек! Бұл жердегi үйлер оларға қаланың сыртындағы коттедж есебiнде болар едi.
– Мен түсiндiм. Тамаша идея! Мұндай ауылдар жол бойынан онсыз да өз-өзiнен пайда болып жатыр. Ендi осыны тек мемлекет тарапынан тез қолдап, реттеп, жолға қойып жiберу ғана керек. Әсiресе, сырттағы 5 миллион қазақты осылай әкеп, жер берiп, басына кiшкене баспана немесе үй салып алуға жетерлiк қаражат бөлсе жетiп жатыр, ар жағын оралмандар ешкiмнен сұрамайды! Жете алмай отыр ғой олар, жете алмай отыр! Кәсiпкерлiктi бiзге үйретедi олар.
– Мұндай ауылдардың жоспары әр облыстың бас сәулетшiсiнiң алдында жатуы керек, сол облыстың бас жоспарына кiруi тиiс. Бұл жоспар бәрiнен бұрын ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламалардың iшiнде отыруы керек. Үкiмет пен банктер, бизнес құрылымдар несиенiң орнына әр бес үйге бiр станок, әр он үйге бiр мини-цех, әр ауылға бiр мини-зауыт берсiн. Тек бұлары нағыз бүгiнгi күннiң ең озық техникасы мен технологиясы болатын болсын. Олардың кiрпiштен, есiк-терезеден, құлыптан бастап жасап шығармайтыны болмасын. Станок, қондырғы болса соның бәрiн бiздiң адамдар да iстей алар едi. Бiз қазiр Қытайға жұмыс iстеп жатырмыз. Бәрiн сол жақтан тасимыз. Қытайың да бiз секiлдi екi қолы, екi аяғы, бiр басы бар адам ғой.
– Менің ең жанды жеріме тидіңіз – Қытай дәл осы жолмен ауыл шаруашылығын күрт көтеріп, халқының қарнын тойдырып алды ғой. «Бір ауылға – бір кәсіп!» деген әдісте алдымен Европадан үйренген Жапония, одан көріп кәрістер мен қытайлар қолданды. Біз әлі жүрміз...
«Кез келген iстiң алдында идеология жүруi тиiс»
Мен Бақытжанға біздің «Ұлағат» (бұрынғы Пахтакор) мөлтекауданында, Алматыға шығатын күрежол мен темір жолдың арасында 16 көше бар, бірақ, бір де мектеп ия балабақша жоқ – бәрін әкімдер мен сәулетшілер жекеменшік үйлерге беріп жіберген. Сiз сол кезде қаланың бас сәулетшiсi болдыңыз ғой деп өкпемді айттым.
– Бас сәулетшiнiң қалада берiлiп жатқан жерлерге ешқандай қатысы болған жоқ! Оларды бөлумен Үкiмет қаулысына сәйкес тiкелей облыстық жер комитетi айналысты. Бұл – бiздiң билiк орындарының тағы бiр қулығы!... Республика Жер ресурстары агенттiгiнiң басшылығы «Жер туралы» Заңға өзiне ыңғайлы өзгерiс енгiздi! Өзiне ыңғайлы. Қазiр онда «жер бөлу мәселелерiмен аумақтық, облыстық және қалалық жер комитеттерi айналысады» деп жазылған. Оған дейiнгi «Сәулет туралы» Заң бойынша жер сәулетшi арқылы ғана берiлетiн едi. Ал, бүгiн мынадай... Мен Индустрия министрлiгiне хат та жазғанмын. Оның құрамындағы Құрылыс және сәулет жөнiндегi комитет осы мәселемен екi рет Үкiмет деңгейiне шығуға тырысты. Жауып тастайды... «Жер туралы» Заң осы агенттiктiң мүддесi үшiн жасалған десе де болады.
– Кез келген заң қашанда алдымен белгiлi бiр топтардың мүддесi үшiн жасалады ғой. Екiншi кезекте барып халық үшiн. «Жер туралы» кодекстiң латифундистер мүддесi үшiн жасалғаны белгiлi. Бұл жөнiнде қаншама рет жазылды.
– Бiздiң қазақ сәулетi қазiр қандай күйде, қала сәулетi, дала сәулетi, үй мен мекеме ғимараты сәулетi? «Қазақтың сәулетi» дейтiндей қолтаңба бар ма өзi, жоқ па?
– Өмеке, кез келген iстiң алдында идеология жүруi тиiс. Нан пiсiру де идеология. Қазақтың наны бар, орыстың наны бар, өзбектiң наны бар, басқаның наны бар. Бiр-бiрiне ұқсамайды ғой, солай емес пе?
– Әрине, ол нанда әр халықтың жаны бар ғой!
– Ендеше сәулет те солай болуы тиiс. Бiз тәуелсiздiкке келгелi бұл салада да есiгiмiздi айқара ашып тастап, үстiмiзге әркiмдiкiн бiр жапсырудамыз. Қай қала қазақы бейнемен салынып жатыр? Алматы бұрынғы Алматы емес, Еуропаның бiр қаласы. Астананың өзi ше? Маған Стойлов деген болгар сәулетшiсi «Астаналарың 60-жылдардағы Будапешттiң көшiрмесi» дедi. Ертесiне ерiнбей Будапешттiң сол кездегi альбомын тауып алып қарадым. Айнымайды! Астанада ұлттың исi де жоқ, мәдениетi де жоқ. Оннан-мұннан құрастырылған. Оның үстiне бiраз уақыт Лаптев деген орыс бас сәулетшi болды, ал, оның көзқарасында шовинистiк пиғыл да табылып қалатын...
Басқа жақтан пайғамбар iздеудiң қажетi жоқ. Бек Ыбыраев деген жiгiтiмiз ұсынған бас жобада ұлттық идеология бар болатын. Үкiмет үйiн шығып келе жатқан жарты күн бейнесiнде жасап едi... Еркiндiк, кеңiстiк философиясы – бiздiң санамызда. Сәулеттi ұстап тұратын үш тамыр – сана, көзқарас, қоршаған орта. Ыстық Африканың сәулетi мүлде бөлек. Бiз үшiн жақсы нәрсе еуропалықтар үшiн жаман, керiсiнше де солай. Адамның ғасырлар бойы қалыптасқан табиғаты ғой ол. Сәулет идеологиясы осыдан келiп шығуы тиiс. Ал, онымен бiз санаспаймыз. Қытайдың алюкабондына жұмыс iстеп жатырмыз. Киiз үйдiң формасы – ең сұлу сәулеттiк форма.
– Шар секiлдi дейсiз ғой ол да, ал, шардың ең жетiлген геометриялық фигура екенi белгiлi.
– Иә, нағыз идеология – киiз үй. Бiз таза қазақы бiр нәрсе ойлап таппай, мысалы орыс десе ойымызға арақ, немiс десе «мерседес», американдық десе «коко-кола» ойымызға орала кете ме, дәл сол сияқты болмай идеология тумайды. Сәулет идеологиясымен айналысып жатқан жаңағы Бек бар, Сәкен деген жiгiт бар, тағы бiр-екi адам, сонымен болды. Сәулетте идеология – киiз үйдiң формасы дайын тұр. Әзiргi қазақтың символы киiз үй ғана. Басқа бiрде-бiр салада бiздiң ұлттық нышанымыз қалмады. Ең ақыры ыдыс-аяғымыздың өзi қазақы емес...
«Аралды тірілтудің амалы – Өгем өзенін өзімізге бұру»
– Зейнетке шыққан, бірақ қарап отыра алмайтын Әшірбаевты не толғандырып жүр?
– Біріншіден, Арал мәселесі... Америкадағы Орталық Азия мен Қазақстан институты жасаған картаның көшірмесін түсіріп алдым. Міне, мына жуан сызық – Сырдария. Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанда ол қандай жуан-дағы, Қазақстанға кірген жерінен бастап жіңішкеріп сала берген – көршілеріміз өз аумағында дарияның суын барынша пайдаланып қалуға тырысады... (Әмударияның Аралға жетпейтініне біраз жыл болды...).
Аралға су апарудың Сырдариядан басқа үш жолы бар, біріншісі – Ертіс өзенін бұру. Екіншісі – Шудың суын апару. Үшіншісі – Шардара су қоймасынан су алу. Тек соңғы 10 жылда ғана Өзбекстандағы Айдаркөлге 63 млрд. текше метр, Ыстықкөлге пара-пар су құйдық. Шардара қоймасының суынан 11 есе көп. Өзбектерге «сыйлап» қана қойған жоқпыз, біздің сыйлығымызды алғаны үшін көп ақша да төледік...
– Әрбір екі-үш жыл сайын қайталанып отырған оқиға ғой...
– Енді олар сол мол суды пайдаланып, оның жағасынан атом электр стансасын салмақшы! Сол суды Арнасай арқылы Айдаркөлге жібергенше, теңізге өзіміздің Шымкенттегі «Карлс Крона» зауытының насостарын қойып, Қызылқұмдағы 37 шақырым жердегі 60 метр биіктікке диаметрі 1,5 метр болатын үш құбырмен көтеріп апарып, су қоймасын жасасақ, су ары қарай ескі аңғардың бойымен 3 құбырмен өзі-ақ ағып Аралға барады.
Екіншіден, дәл осындай жолмен Шудың суын да құбырмен «жетелеп» Аралға алып баруға әбден болады.
Үшіншіден, Шығыс Қазақстан облысындағы жыл сайынғы көктемгі тасқын суды Балқашқа әкеліп құюға, одан бері Аралға әкелуге әбден болады. Ынта-ықылас болсын деңіз, техникалық жағы қиял-ғажайып ертегісі емес.
Жақында ел Президенті Қ.Тоқаев «жаңа ауыл шаруашылығы бағдарламасы бойынша біз алдағы уақытта бүгінгі 1,5 млн. га суармалы жерге тағы 1,5 млн. га қосымша жерді суландырамыз» деді. Мен ұсынған нұсқа бойынша Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының аумағынан ең кемі 15 млн. га жерді игеруге әбден болады. Әрі «су тасқыны» деген проблемадан құтыламыз, әрі даламызды суландырамыз, әрі Аралдың тамырына қан жүгіртеміз.
– Алатау өзендерінен энергия өндіру жайлы әдемі идеяңыз бар еді...
– Сайрамсу басынан төмен қарайғы 40 шақырым жерге өзенге жанай, ішіне генератор қойылған, диаметрі 1,5 метрлік құбыр жүргізейік. Мұндай канадалық құбырлар баяғыдан сатылып жатыр. 2006 жылы құбырды Кентау мен Түркістанның арасына қойсақ, генераторлар орнатсақ, бір құбыр 30 мегаватт, екеуін қойсақ 60 мегаватт энергия береді деп айтып едім ғой. Өйткені, әр генератордың қуаты 1,5 мегаватт. Өзіңіз қараңызшы, теп-тегіс жерде тұрған немістің Потсдам қаласына аз ғана биіктен құлайтын өзенді олар құбырмен жіберіп, генераторларды қойып тастаған! Қалаға қажетті электр қуатын олар сол қаланың ауыз суынан-ақ алып отыр.
Біздегі Өгем өзенінің ондаған тармағының суы шекарадан өтіп, өзбек жерінде жиналады. Олар оның бір бөлігін Үлкен Келес каналы арқылы өзімізге сатады... Мен өте қарапайым әдіс ұсындым. Міне, картадағы мынау қылтада Медеу секілді жасанды тоған жасау түкке тұрмайды. Сонда тереңдігі 500 метр, 93 млрд. текше метр суы бар теңдессіз қоймаға ие боламыз... Шардара теңізіндегі судың көлемі – 6 млрд. текше метр... Мұншама сумен не істесең де ерік өзіңде! Бірнеше ГЭС салуға да, тоннель қазып, Бадам мен Келес өзендеріне жіберуге де, бәріне де, тіпті Аралға да жетеді...
Үшінші бағыт – Өгем тауының теріскейге қараған беткейлерінен Алматыдағы Шымбұлақ секілді демалыс аймақтарын салу да қолдан келетін іс!. Небәрі бір машинаның құнына, 27 млн. теңгеге ғана салынған «Тау самалы» олардың қасында ойыншық!
Біздегі тау сілемі Жамбыл облысының шекарасынан Ташкентке дейін созылып жатыр. Облыстағы жер аумағы 11 млн. шаршы метр болса, соның 3 млн. шаршы метрі осы тауда жатыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде фирмаларды іске жегейік. Мен ол жобаны «Тау кластері» деп атап, жеке кәсіпкер тұрғысынан есебін де шығардым ғой. Салықтың өзінен жылына миллиардтаған ақша табады екенбіз. Облыстың шығынын толық жабатын ақша...
Одан бөлек, темір жол мен бойына жағалай қар көшкінін тоқтату үшін, автомобиль жолдарының бойына қарақат, бүлдірген, жеміс ағаштарын егуді қолға алып, еккенде де олар жыл сайын пәленбай тонна өнім өткіземін деп жеке кәсіпкермен, шаруа қожалығымен шарт жасасып егіледі, жол бойын осылай тұрғындарға бір-екі шақырымнан бөліп берген дұрыс деп санаймын. Сонымен қатар біраз ауданның кіріс бөлігін қайтсе көбейтуге болады деп ізденіп едім, орта есеппен әр ауданның табысын он есе көбейтуге мүмкіндік бар екен...
– Жансейіт Түймебаев әкім болып келгенде сіздің осы жобаларыңызды екі сағат осы жерде таң қала тыңдағанын білемін. Тағы кімге ұсындыңыз?
– Жобаны кімге ұсынбадым мен... Қазақ жерін суландыру үшін су көзі ғана керек емес, суды жеткізетін құрал да керек. Арықтар мен каналдарды дәл бұрынғыдай пайдалануға, қолдануға болмайды. Өйткені, буланудан судың 20 пайызы жоғалса, жер астына 40 пайызға жуығы сіңіп кетеді. Диаметрі 5 сантиметрден бастап 2 метрге дейін жететін арматура салынған резеңке шлангілердің сауда нүктелерінде неше түрі бар. Атақты биолог ғалым, Америкада жұмыс істеп жүрген Кен Әлібек «сүзгі ойлап таптым, кез келген арықтың суын ауылдың қажеттілігін өтей алатындай таза етуге болады» дейді.
Осыны мен қанша айттым, өкінішке қарай, қолға алайын дейтін бір басшыны көрмеймін... Облыс әкiмiнiң орынбасары болғанда Алматыдағы энергетика институтының мамандарын шақырып, 300 метр жоғарыдағы Кентаудан Түркістанға құлайтын суға генератор қоюды қолға ала бастап едiм, оны да аяқтап үлгермедiк қой... Мен әйтеуiр дау-дамайға тап болып жүремiн. Табиғатым солай ма...
Бақытжан дұрыс айтады, мейманасы тасып кеткен бір базардың басшысын сабаймын деп, бірнеше ай темір тордың аржағына отырып келгені де бар. «Істейтін түк жоқ, Қылмыстық кодексті оқи-оқи жаттап алдым, жұрттың бәрі ақыл-кеңес сұрап маған келетін болды, сөйтіп «паханға» айналып та кеткенім бар» деп күлуші еді өзі...
«Бәрі адамның өзінің қолында!»
– Сіздің бойыңыздағы өнерпаздық, шығармашылық әкеңізден бе, анаңыздан ба?
– Ешқайсысынан емес! Өзімнің еңбегімнен... Рас, әкеміз аздап ән салатын, өлең жазатын. Нағашы атам Абдулла кеңес заманының өзінде сопы болып өткен, қажылыққа барып келген адам еді. Ішінде Мекке, Медина мешіттерінің суреті көрініп тұратын калейдескоп тәрізді тәспісі бар еді. Философияға бой ұрып тұратындығым сол кісіден болса керек. Мен сопылық ілімге қалай бет бұрдым? Аяғым сынып 7 ай жаттым. «Торадан» бастап, Библияның бірнеше нұсқасын, орысша Құранды оқумен болдым. Қанша оқысам да олар жүректің қылын шертпеді... Атам сопы екені есіме түсіп, суфизм туралы Мәскеуден кітаптар алдырттым. Іздегенім алдымнан шықса бола ма! Артық ешнәрсені қажет етпеу. Өзің қалаған іспен айналысу. Сопылық менің өміріме сәйкес келетінін түсіндім.
Менiң сопы, сопы болғанда жасырын сопы болған нағашы атам Түркiменстаннан кiлем әкелiп сататын. Сол заманның сөзiмен айтсақ, саудагерлiк қылатын. Бiрақ, саудегерлiгi бүркеншiк тiрлiк болатын, негiзiнен кiлемге орап, сопылық дiни кiтаптар әкелетiн. Сол кiтаптарда «сенiң айналысатын iсiң Құдай сүйер iс болып қана қоймай, саған нан да тауып беретiн iс болуы керек» деп жазылатын. Нағыз сопы тақуалықпен қатар адам игiлiгiне пайдаланылатын бұйым да жасап, ол iсi үшiн ақы да алуы керек. Қайыр сұрап өмiр сүрмеуi тиiс!
Менiң мысалы Яссауи кесенесiнiң «алтын қабырғасын» түсiрген атақты суретiм маған бiрталай қаржы әкелдi. Оның әр данасын мен 500-ден 1000 долларға дейiн саттым. Сурет әкiмдер арқылы Нұрекеңе де жетiптi. Сол кездегi облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаев «Негативiн Елбасы сұратып жатыр» дедi. Мен бермедiм... Бiрақ, ҰҚК тығып қойған жерiмнен тауып алып кетiптi. Қалай тапқандарын...
Мен мұны неге айтып отырмын? Бізге Жаратушы ақыл-ми берген. Біз оның ары кетсе 5-10 пайызын ғана іске қосып жүрміз. Мен өзімді әлі толық танып болған жоқпын. Тағы не қолымнан келетінін білмеймін. Мен өзімнің әлеуетімнің 8-10 пайызын ғана пайдалана алдым ғой деймін. Фотографиямен 1999 жылдан бастап қана айналыса бастадым. Киноның кезегі содан кейін барып келді. Соның өзінде бұл екі салада бірталай жүлде алып үлгердім...
Ханбибі Есенқарақызы апаммен өлеңде ырғақ та болуы маңызды деп пікір алмасып отырғанбыз. «Менің өлеңімді аударып көрші» дегені. Аудардым. Ол кісі таң қалды: «Қалай бәрін бере алдың, менің түпнұсқамнан асып түсті ғой!» Көзінен жас шығып кетті... «Қазақтың юморын аудардың, бұл көп орыстілді ақынның қолынан келмейді» деді. Шынында, қазақ астарлап сөйлейді, орыстар оны түсінбейді ғой. Ол кісі кейін менің өлеңдерімді қазақшаға аударды. Әдемі шықты...
– Сөзіміз жалаң болмасын, сол әдемі өлеңнің біреуін оқып жіберіңізші.
– Мінекей.
Маңайымды тарылтты,
Тұлғасы жоқ бейнелер.
Болсам мейлі айыпты,
Айыпсыз да – кейде өлер.
Шенеунік басты сүлдеге,
Данышпан Пушкин не керек?
Оранған үлде-бүлдеге,
Толстой – оған көбелек.
Мұрнына иісі бармайтын,
Ясауи ғалым ілімі.
Болмаса, сана – талғайтын,
Шоқанның қонбас білімі.
Мұстафа Шоқай сатқын деп,
Тұрарды әруақ атқыр деп,
Жер басып жүрген «хақпын» деп,
Қарасаң ойлап, сатқын көп.
Махамбет ақын емес деп,
Олжасқа мұрнын шүйірген,
Манасты батыр емес деп,
Тартады аты диірмен.
Мылжыңдап, сөз боп кешегің,
Жиналыс бүгін бітпеді.
Көп сөзің – бос сөз, шешенім,
Тасалау жерде күт мені...
Қазір «жасанды интеллектіні» зерттеп жатырмын. Қараңызшы, басым сап-сау, бабына келіп тұр, ал, тізем иілмейді, асқазаным ауырады... Профессор Доуэль секілді басымды жап-жас, барлық ағзасы түгел сап-сау денеге қондырып алсам керемет болмай ма?..
– Жақында профессор, математик Ерлан Нұрсұлтанова: «Жасанды интеллект» – өте үлкен жетістік, бірақ, өте үлкен қатер» деп еді...
– Дұрыс айтады! Кез келген жақсы нәрсенің жаман жағы да болады ғой. «Жасанды интеллекттер» жиылып, ұйымдасып алып, адамдардың өзіне қарсы шабуылға шығуы мүмкін. Өйткені, адам баласы әлі толық жетілген жоқ. Сондықтан барынша жетіле түсуіміз керек деген міндет тұр алдымызда. Бәріміз де. Одан да бұрын әрқайсысымыз!
– Бұл – әсіресе біздің тоқмейіл қазақ үшін өте өткір мәселе... Жақсы, ең соңғы сұрақ. Неге бүгінгі заманның дәруіші осы ғимараттың бір бұрышын өзіне үй етіп алды?..
– Орынды сұрақ. Бұл ғимарат жиырмасыншы, отызыншы жылдары мектеп болған, онда Жүсіпбек Аймауытов сабақ берген. Бұл мектепте Бауыржан Момышұлы оқыған. Аурасы мүлдем бөлек бұның...»
Түйін. Журналист, Бақытжанның көпжылдық досы марқұм Кеңес Исмайылов «Шым» деген романында ол жайлы былай жазған еді: «Әлемді өзгертемін деп қырық төрт жыл, он төрт ай, он екі күн арпалысқан, осы уақытта сегіз әйел мен жиырма алды көңілдесін ауыстырған, жаулары он үш рет сатып, он сезіз рет аяқтан шалған, әлемнің талай данасын Шымкентке әкелген, ақырында ешкімге ештеңе керек болмаған соң шаршапғ ойыннан шыққан досымнан: «Бақа, не үшін қайстең де әлемді өзгертпек болдың?» деп сұрағанымда, ол мырс етіп: «Мен өзгерттім де. Өзіме қатыстысын. Бастысы да осы, бауырым...» деді».
Аманшылық болса, бірер жылдан соң әлгі ғимараттың көше жақтағы қабырғасында «Бұл ғимарат кезінде мектеп болған, онда Жүсіпбек Аймауытов сабақ берген, Бауыржан Момышұлы оқыған, Бақытжан Әшірбаев өмірінің соңғы жылдарында осында тұрған» деген мемориалдық тақта жарқырап, жұртты өзіне шақырып тұратын болады...
Өмірзақ Ақжігіт,
Қазақ үні