ЖАН ДАУАСЫ – ЖЫЛЫ СӨЗ

ЖАН ДАУАСЫ – ЖЫЛЫ СӨЗ

Адам жүрегін жылытатын үшбу хаттар екені де түсінікті.

Сонау Екінші дүниежүзілік соғыста қан майдан арасында жүрген сарбаздар мен сардарлар да ет-жақындарынан бір ауыз сәлем күтіп, елеңдегені анық.

Біз оқырман назарына даңқты қолбасшы, Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына жан жары Бибіжамал Мұқанқызы жазған хаттардың бірінен үзінді ұсынғымыз келді. (Ел арасында Жамал апай атанған бұ кісі батыр Бауыржанға Шолпан есімді қыз бен бүгінде алты алашқа танымал жазушы Бақытжандай ұл сыйлаған адам).

Бәукеш!

Бақытыңды қолыңа алып, «Айналдым сенен!» дейтін сөздеріңді екі айда бір рет есіңе түсірмедің бе! Ол сені айтпайтын сағаты жоқ. Күннен күнге ақылы кіріп келеді, қазір тіпті анық сөйлейтін болды. Мен темекі тартпаймын, орысша сөйлемеймін, папам ұрсады, маған ойыншықтар әкеледі дейді. Не болмаса орындықтарды жатқызып қойып, мініп алады да, «Бекбай болдым, папаға барайықшы» дейді. Ақылды-ақылды сөздер сөйлейді. «Ух, папамды сағындым ғой!» деп қояды. Маған: «Мама, жылама, папашым келеді ғой!» дейді. Ол сені шын сағынып жүр, көшеде әскерше киінген кісі көрсе болды «папа ғой» деп қарап тұрады.

Біреулерге жағып, біреулерге жақпай кеткен жайың бар. «Сол айтып кетіп еді» деп айтуға қаймығатын үлкендер де бар көрінеді. Бірақ көпшілік аузында – істеп, айтып кеткендеріңе ризалықтары ғана айтылып жүр. Көп риза саған. Бақытың да Бауыржаншыл...

Көп жұрт сенің хабарыңды менен сұрайды, сұраған сайын ұяламын, жамандығымнан сенен хабар ала алмай жүрген адам сияқтымын. «Иә, хабар келіп тұрады, хат алдым, телеграмма алдым» деп айтып қойдым елге. Менен басқа телеграмм, хат алған адамдар бар көрінеді...

Радиодан алатын үш-төрт жүз сомдай ақшаң бар екен, маған телефонмен айтып еді келіп алыңыз деп, мен бармадым. Бек те майдың алдында келіп «счет аш, азғантайдан ақша беріп тұрайық» деп еді, оған да «өзіне хабар болмай, мен ақша алмаймын, әзірге ақшадан қысылып жүргенім жоқ, мүмкін өзіне керек шығар» дегем. Аттестат кешікпесе, шынында да қысылмаспыз.

Бәукеш! Мен бір сиыр алайын деп жүрмін. Әрине базардан емес, бірақ базарда қазір арзан. Он мыңдарға алуға болады. Қазіргі ойым – бір сиыр.

Ауылдан әлгі бір аяғы жоқ туысқаның келіп кетті. Аяқ жасатуға келген екен. Жеңгейлерге шай-сабын жібердім. Айқан келем деген екен – қоя тұрсын деп сәлем айттым. Егер қолыңа ақша түсетіндей болса әр үйіне мыңнан жіберсең де дұрыс болар еді.

Бәукеш, Бақытың сырқаттанып тәуір болды. Қазір шапқылап ойнап жүр, далаға шығармаймыз, күн сондай ыстық. Тек ертемен, кешке шығарып ойнатамыз. «Көшеге алып бар, папамды көремін» дейді, онысы – көшеден өтетін командирлер.

Хат жазсаңшы, хабарыңды берсеңші. Хабарсыз келіп қалар деп пойызды да күтеміз.

«Жақында жүрсе тістескен, алысқа кетсе кісінескен» демей ме қазақ, менің әйелдік мылжыңымнан көңілің қалып хат та жазбай жүрсің бе, мен жоқ қасыңда, еркін жүрсің ғой, жел сөзіңді аяма жаным.

Хош, хабарыңды күттік.

Бақытың, Жамал.

Майдың 10-ы, 1944 жыл.