БАЛАМЕН СӨЙЛЕСЕ БІЛЕМІЗ БЕ?

БАЛАМЕН СӨЙЛЕСЕ БІЛЕМІЗ БЕ?

Әлемдік өркениетке құлаш ұрған іргелі мемлекет өмірдегі ең ұсақ-түйек саналатын моральдық-этикалық аспектілерге де жіті мән беруге тиісті. Бұл тұрғыда қоғамдағы отбасылық құндылықтардың айрықша орын алатыны өз-өзінен түсінікті шығар. Осы жәйт біздің авторымызды да бей-жай қалдымағандай. 

Бірде сапар шегіп келе жатқанымызда автобусымыз жолшыбай бір ауылға тоқтады да, сәбиін көтерген, білегіне сөмкесін ілген жас келіншек мінді. Әлгінің киген киімі, жүріс-тұрысы жып-жинақы көрінгенмен, баланы ұстауында бір ерсілік, епсіздік байқалғандай. Келіншек жайғасып бола сала қолындағы сәбиі қыңқылдап, әр нені сұрай бастады. Бала қыңқылдаған сайын жас ананың да амал-айласы таусылып, есі шығып, ебі қашты. Аузына сөз де түспей, жан-жағындағы жолаушыларға алақтап: 

 – Тү-үу, осы сенің мазасызың-ай! Қойсаңшы енді, – дей берді қайта-қайта. 

Сөмкесінен әлденелерді іздегіштеп, ақыры бір емізікті тауып шығып, тілі шыға бастаған баланың аузына тыққыштады. Жан-жағындағы адамдарды, өзін қоршаған ортаны тануға ұмтылып, сәбилік әуестігі оянған бала емізікке алдансын ба, аузын ала қашып, анасының қолын қақпайлап, бар пәрменімен қарсыласты. Ал анасы болса «беймаза баласының» қылығына «қысылып», бөтен кісі болмаса өз баласын өзі жеп жіберердей түтігіп, ашулы сыбырмен жекіре бастады. Сөйтіп бір автобус жолаушының шырқын жалғыз ғана сәби, сәби емес-ау, олақ әйел бұзды. Онымен қоймай әлгі келіншек ара-тұра көпшілікке бағыштап: 

– Апырай, алдыңғысы мұндай емес еді, мынау өзі бір мазасыз! – деп қояды ақталып. Балалы келіншектің алдындағы орындықта отырған бір әйел сөмкесінен кәмпит алып ұсынды. Сәби бір сәтке жадырап, көңіл үшін ғана мәміле қылғандай кәмпитті аузына салды да, тастай беріп, әлгі әйелге қайта ұмтылды. 

Ол байғұс та шарасы таусылғандай: 

– Басқа берерім жоқ енді, күнім! – деді ақталып. 

Сол мезет басына аппақ жаулық салған ақ самайлы әже қажыңқы, тозған өңіне мейірім шуағын жүгіртіп: – Құлыным, келші бері! Дәу де болса, әжеңді сағынған шығарсың! – деп құшағын жайды. 

Осы сәттегі сәбидің қуанғанын көрсеңіз. Батып бара жатқан күннің сәулесі кірпігіне үйірілген көз жасына шағылысып, жарқ ете қалды. Ал шешесі осы тұста да саңылаусыздығын әйгілей түскендей: – Сағынатын әжесі де жоқ бұл ұлдың! – деп қойып қалды. 

Кейуана ұстамды екен, келіншекті жаратпай қалғанын сездірмей: – Олай деме, айналайын! Еншісі бөлінбеген бір қазақтың баласымыз. Әжесі мына біз емеспіз бе,– дей салды да баланы қолына алды. 

Кейуананың алдына барған соң-ақ баланың «жыны басылып», әжеймен балдұр-бұлдыр сөйлесіп, бір жасап қалды. Өйткені әжей баланың көңілін аулап, онымен үлкен кісідей сөйлесе бастаған еді... 

*** 

Алыс жолға шыққан сайын, тіпті қала ішіндегі қоғамдық көліктерге мінгенде де осы тектес көріністерге жиі-жиі кездесем. Кездесем де келіндерімнің өз баласын түсіне алмай жүргеніне күйінемін. «Неге біз осы...» дейтін Қиялханның (О.Бөкеев) сауалы көкейіме оралады. Хош, осынау көріністегі келіншектің «тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен» туған баласын жұбата алмауын қалай түсінген жөн? Жалған намыс па, әлде саңылаусыздық па? Бәлкім, баланы адам санатына қоспай, кемсіту шығар? Осы тұста әйгілі ақын досымыз Әбубәкір Қайранның мына бір өлең жолдары еріксіз ойға оралады: Сен баланы бала екен деп ойлама, Сен оларсыз тойыңды да тойлама! Батпырауық ұшыратын балалар Бай болады бақытқа да, ойға да… 

Қазақта «баланың құлағына періштесі сыбырлап тұрады» деген сөз бар. Ол – сәбидің сезімталдығын мойындаудан туған ұғым болса керек. Өйткені бала үлкендерше сөйлей білмегенмен, аса сезімтал болатыны анық. Осы орайда сәбидің сезімталдығын адамша сөйлей алмағанмен, кей жағынан алғанда адамнан екі-үш есе сезгіш ит пен мысық, дельфин, құс, т.б. тіршілік иелерінің сезім мүшелерімен қарайлас десек, қателеспейтін шығармыз. Ит-құстың иісшілдігін, жер сілкінісін алдын ала сезінуін, жарқанаттың көзі көрмегенімен өрмекшінің торындай сымдардың біріне де соғылмай ұшуын, жыланның тері қабаттарындағы өткір сәуленің құпия қуатын, ұзақ сапар үстіндегі құстардың жұлдыздарға қарап бағыт түзейтінін, т.б. айтпай-ақ қойғанның өзінде осы мақұлықтардың әлгі ақылдымсыған адам баласының ой-пиғылын салған жерден танып қою құпиясын ғылым әлі аша алмай отырған жоқ па. Сол сияқты үйге жат пиғылдағы адам келгенде баланың тыныштығы бұзылып, мазасы кететінін, ол кеткен соң көп ұзамай қалпына келетінін, өзін балажандымсып жақсы көру мен шын жақсы көруді тез ажырата қоятынын қазір қай ғылым зерттеп, құпиясын ашып берді екен? 

Осының бәрін тергіштеудегі себебіміз – біздің мақұлықты мақұлық деп менсінбегеніміз, оның жан-дүниесін түсініп, мүмкіндігін ескермегеніміз сияқты, баланы да танымай, білмей, оның жан-дүниесін, талпыну себебін, әрнеге бір ұмтылу мақсатын түсіне алмай жүргендігімізді және сол түсінбестігімізді еш мойындамайтынымызды алға тарту еді. Әлгі мысалдағы келіншектің ең осалдығы да – баланы елемеуінде, жан-дүниесін ұғуға тырыспауында, оның сезім, таным қабілеттерімен, адамдық болмысымен санаспауында. Осындай таяз түсінік бала мен ата-ананың арасындағы қарым-қатынасты жояды. Қарым-қатынас үзілген соң бірін-бірі танымау, білмеуге апарып соқтырады. «Танымау» дегеніміз – сыртқы бет-әлпетін, тұрпатын ажырата алмау емес, ішкі күйзелісін, қуанышын сезе білмеу, ажырата алмау. Кейбір жиын-тойларда, қонақта ата-аналардың өз балалары жөнінде «Осы бір баламыз қыршаңқы, қыңыр, кімге тартқанын білмедік» деп отырғанын сан рет естідік. Бұл – әлгі айтқан ата-ана мен баланың арасындағы түсіністіктің мүлдем жойылып, бірін-бірі танудан қалғандығының айқын мысалы. Мұндай келеңсіз көріністерді болдырмаудың басты амалы – баланың жан күйзелісін, көңіліндегі өзгерісін тануға ұмтылу, яғни қарым-қатынасқа түсу, онымен сөйлесу. Сонда баланың қыңыр, қыршаңқы болуының себебі өз-өзінен-ақ айқындалады. Оған бабаларымыз әуел бастан-ақ жауап тауып қойған. «Баланың қыңыр болмағы – үйінен, жігіттің қыңыр болмағы – биінен» дейді халық нақылында. Осы нақыл жөнінде әрбір ата-ана ойлануға тиіс-ау, ендеше. *** Ата-ананың баламен қарым-қатынасын реттейтін, олардың арасындағы жатбауырлықты, өгейлікті жоятын құрал – сөз, сөйлесу. Өйткені сөйлесу арқылы баланың танымы тереңдейді, өрісі кеңейеді, өз-өзіне деген сенімі күшейеді. Ал сөйлесуді неғұрлым ерте бастасаң, бала да соғұрлым ерте ес тартады. Онда да әңгімені мазақ, қылжаққа айналдырып әкетпей, баланы тең тұсыңдай, қатар құрбыңдай көріп, әңгіме арқауын оның сезім иірімдерін қозғайтындай, түрткі болардай, жан-дүниесін, танымын байытардай түрлендіріп отырған жөн. Қазіргі күні кейбір үйлерге бас сұқсаң, балаларының өз-өзінен жасып, жауаптасуға, тіпті есімін сұрасаң, соның өзін дұрыстап айтуға шамасы жетпейтінін жиі кездестіресің. Ал ата-аналары болса, балаларының мұндай мінездерін ұяңдық, әдептілік деп түсіндіретіндігін қайтерсің. Шын мәнінде солай ма?! Өкінішке орай, бұл – әдептілік те, ұяңдық та емес, жасықтық, ынжықтық. Өйткені осындай мінездегі адамдар дәл әлгіндей балалардан пайда болады. Себебі ондай балалар сәбилік шағынан бастап кісінің жүзіне, көзіне, сөзіне қарап, кісілік келбетін, мінезін ажырата білуге машық-танбайды. Сөйтіп адам танымай өседі, өзінің тарының қауызындай, әрі томаға-тұйық әлемімен ғана өмір сүруге бейімделеді. Ал адам танымайтын адамда кісілік келбет бола ма? Жасанды жолмен (яғни тек теориямен) кісілік келбеті қалыптасатын мұндай балалардың ішінара кейбірінің ғана бірте-бірте мінезі ашылып, адамдармен өзін-өзі себепсіз тұқыртпай, еркін қарым-қатынасқа түсуіне мүмкіндігі туады. Бірақ мінездегі ондай өзгеріс көп кездесе бермейтінін, өзгергенде де үнемі жақсылық жағына (ашық боламыз деп тантық болатындар қаншама) бұрыла бермейтінін де ұмытпаған жөн. 

*** 

Сонда әлгіндей ынжық балалар қайдан шығады? Неге бір бала кісінің бет-әлпетінен, көзінен, сөз саптасынан-ақ адамды танып қояды да, бір бала кісінің мінезінен сыр беретін ондай белгілеріне көз салмайды? Біздіңше, мұның себебі – баламен сөйлесуге әу бастан мән бермеуімізде. Бала әрнені білгісі келіп сұраса, жауап берудің орнына жекіп тастаймыз, кісі келсе, дастарқан басына жолатпай, далаға қуамыз. Осының бәрі сәби көңілінің сынып, адаммен сөйлесуге әдеттенбеуіне, сөйтіп кісілік келбетінің қалыптаспауына әкеп соқтырады. Ондай баланың сөздік қоры да жұтаң, түсінігі де төмен болып өседі, адам тану ілімін меңгеру былай тұрсын, тұйықталып, жатбауырланып, кісікиіктеніп кетеді. Мұндай баланың келешегі де көмескі, бұлыңғыр. Себебі адамның ішкі қажеттілігі, талпынысы оны әйтеуір бір ашпай тынбайды. Ал көпшілік арасынан, қоғамнан өзін-өзі таба алмаған, аша алмаған бала көше бұзақыларына, маскүнемдер мен нашақорларға жылдам жұғысады. Сөйтіп өзін-өзі ашуға деген ішкі ұмтылыс оның тағдырын тығырыққа тіреп тынады. 

Жоғарыдағы айтқандардың бәрін оқи отырып, біреу болмаса біреу «Адамдық болмысы қалыптаспаған, айтқан сөзіңді ұқпайтын баламен не сөйлесуге болады?» деген сұрақ қоюы мүмкін. Бұған жауап беру үшін ғылыми тәжірибеге жүгінейік. Бірде теледидардан жапонның ғылыми-деректі фильмін (тақырыбы есте қалмапты) көргеніміз бар. Сонда бір ғалым тырнаның жұмыртқасын инкубатор аспабы сықылды затқа салып, газ пешінің ішіне белгілі бір жылулықта қыздырады. Мезгілі жеткен сәтте жұмыртқаны аударып, басқа жағымен қояды да, әйнектің бергі жағынан үнемі бақылап, онымен кәдімгідей адамша сөйлесіп жүреді. Сонда әлгі жұмыртқадағы балапан өзін жарық дүниеге әкелуші «енесіне» белгіленген мезетте дыбыс беріп, жауап қата бастайды. Ал «енесі» онымен қарым- қатынасын үзбей, үнемі сөйлесумен болады. Мезгілі жеткенде балапан жұмыртқаны өзі жарып шығады. «Енесі» балапанмен қарым-қатынасты үдете түседі. Ал балапан кішкентайынан «енесінің» айтқанын екі етпеуді үйренеді. Өскен соң біраз жыл көрінбей жүріп, қайта кездескенде де тырна иесін көріп, масаттанып, оның айтқанын істейді... 

Осы тұста «құс екеш құспен сөйлесіп, оның жан дүниесін ұққан адам, оған да өзін ұқтыра білген адам туған перзентінің тілін таба алмай ма?» деген сауал туады. Табады, әрине. Тек пейіл-ниеті болсын және баламен үнемі сөйлесіп отыру қажеттігін бір сәт те естен шығармасын. Сонда оның ішкі қажеттілігі қанағаттандырылады. Талпынысы мен ұмтылысының сыры ашылады. Сөйтіп ата-ана мен баланың ортасында жұдырықтай жұмылған ынтымақ пен береке, мызғымас достық, етене туыстық қарым-қатынас орнайды. 

Әбділдабек САЛЫҚБАЙ, 

жазушы