Маликаның тушоо тойы
2022 ж. 11 желтоқсан
3898
0
Қырғыз бен қазақ қашанда құда-жегжат. Алыс-берістері бар. Қуаныштары мен қайғылары да ортақ. Сондықтан болар бірімен-бірі тонның ішкі баудайдай араласып жатады. Қырғыздың Қарабалтасының Сосновка айылынан қарындасымыз Сарахан мен күйеу бала Болат телефон шалды. «Сіздерді кішкене немере қызымыз Маликаның тушоо тойына шақырамыз. Біздің той қазақтарға қарағанда өзгеше болады келсеңіздер» – дегенді айтып, шақыру билеттерін де жіберіпті.
Баруға тура келді. Қырғыздар кішкене балаларының тұсаукесер тойын қалай жасайды екен, оның үстіне бұдан үш жыл бұрынғы әлемдік кесепат ауруында бара алмай қалған шаруа барын да ескеріп, жолға шықтық. Ертеңгі сағат жеті жарымда Қордайдағы шекара кеден бекетіне жеткенімізде көліктердің ұзын сонар екі қатарлы тізбегіне іліктік. Бізден кейінде келіп жатқан жеңіл көліктер аз болмады. Кедендік бекет шамамен 600-700 метрдей болғанымен алға жылжып жатқан қозғалыс жоққа тән. Кезекті елемген кейбір көліктер біздерден озып, алға ұмтылғандары да болды. Солардың кесірінен екі қатар тұрған көліктер біраз жерден кейін тағы екі қатар қосып, төрт қатар тізбек жасапты. Бұдан әрі кеденнен өтетін екі есікке таяғанда төрт қатар қайтадан екі қатар болып, екі есіктің бір есігінен өтіп жатты. Кезексіз кіргендерге қарсы пікір айтып, не тәртіпке шақырғандар мұнда болмады. Не бір пысықтар кезексіз араға кіргендіктен біз тұрған кезек тасбақаша әрең жылжиды. Ал кедендік тексерудегі екі есіктің біреуі ғана жұмыс істеп, ол жабылғанда екінші есік ашылады. Осылай алма-кезек тексеру қозғалысты ұстап тұр. Бірі жабылып, бірі ашылған тексерістің жұмыстары да баяу. Міне осындай тірлік бізді ертеңгі сағат жеті жарымнан онға дейін ұстап, шекарадан, әйтеуір, өттік-ау. Мұндағы кезекте тұрғандардың айтуынша, «қырғызға өтуде бізде тәртіп онша жоқ. Ол үшін кеденге түнгі үш пен төртте келіп, кезекке тұрмасаң, шекарадан өтудің қиыншылығына ұрынасың, – дейді.
Көрші елге бұдан үш жыл бұрын барған едік. Сонда көрген ауылдарда көп өзгеріс жоқ. Жол-жөнекей басып өткен жерлерде кеңес заманының келбетін еске түсіреді. Өйткені ескі құрылыс, жөнделмеген жол сол қалпында. Кейбір ауылда ғана жаңадан салынған құрылысты кездескенімен бірақ аз. Бір ауылдан өтіп бара жатып жолдың екі жағында жүк машиналардан көмірді қолмен түсіріп жатқандарды көрсек, екінші жағында машинаға көмірді қолымен тиеп жатқандары да кездесті. Мұны көріп, көршілеріміздің тұрмыстары қиындау екен деп алға жылжыдық. Сондай-ақ жолдың екі шетінде он литрлік жабық пластмасса ыдыстардың қатар-қатар қойылған орындарды да көрдік. Сөйтсек,ол біздің жақтан алып өткен бензинді қырғыздар осылай саудалайтын орындар екен. Қырғызда жанармай бағасы бізден қымбаттығын жол-жөнекей байқадық. Жүріп өткен ауылдардың аттарын да орысша. Тіптен, шекарадан өткенде «Ленин районы» деген жазуды да оқыдық. Жолдағы елді мекендердің аттары «Степной», «Луч», енді бірі «Фрунзе» деген ауылдарды да басып өттік. Бішкек қаласын айналып өтетін Қарабалта жолына түскенімізде ескірген жолдың азабынан құтылып, үлкен даңғылға іліктік. Бұл жолды бұдан үш жыл бұрын Қытай компаниялары жасап жатқанын көргенбіз. Жол бітіп, жақсы жасалыпты. Мұндағы ауылдарда азда болса жаңа құрылыстардың нысандары бой көтере бастаған, бірақ көп емес. Тіптен, бұрын өзіміз көрген кеңестік атау жоғала қоймаған бір ауылға іліккенімізде «Мәскеу районы» деген жазуды көзіміз шалды. Сонда барып, Қарабалтаға жақын қалғанымыз еске түсті. Ауылда сол жылы Лениннің қолын созып тұрған еңселі ескерткішін көргенбіз. Сол еңселі ескерткіш әлі тұр. Айналасы таза, абаттандырылған қалпында сақталған. Қырғыздарда өз тәуелсіздігін алғанына отыз болғанымен қырғыз елі кеңестің Лениндей көсеміне тиіспегеніне қайран қалдық. Көп ұзамай көше бойына қарап келе жатып, біраз жер өткенде тағы да бір Лениннің қыстық киімімен тұрған екінші ескерткішті көзімізге түсті. Бұл ескерткіш те жақсы сақталыпты. Тұрған жері де көрнекі. Жол-жөнекей ауылды тамашалап, Қарабалтаға жетіп, той жасайтын Сарахан қарындасымыз бен күйеу баламыз Болаттың Сосновка ауылына бет алдық. Қарабалтадан оңтүстік қырғыз Алатауына қарай бет алған даңғыл жол біз баратын Сосновка ауылын басып өтіп, Тәжікстанға асады. Екі елді байланыстырған жолда көлік те көп. Сапалы жолға бейне бақылау қойылған екен. Себебі, жол шетінде азын-аулақ ауыл да кездеседі.
Шекарадан екі сағат жүріп той жасайтын Болаттың үйіне де жеттік. Есік алды тойдың абыр-дабырымен айналысқан қырғыз бауырларымыз бізді көргенде «Қазақстаннан бауырларым келді!» деп қарындасымыз бәйек болса, Болат та «қайын жұрт» деп құшағын ашты. Көрші-қолаңдары да қуанып жатыр. Үйдің ауласы кең болғандықтан, тойға деп үш үлкен тай қазанда жылқы еттің қайнап жатқанының үстінен түстік. Буы бұрқыраған қазанның бас қасында бір адам жүр. Ол бар шаруаны өзі ғана тындырып жүрген тәрізді. Оны сөзге тарттық.
– Мына қазандардың сыйымдылыға қанша?
– Байеке 250 литрлік, –деді.
– Сонда бір жылқының еті ме?
– Жоғ-а, бір жылқы сойып, ол жетпейді деген соң жарым жылқының етін базардан алдық және қазыны да, – деп қазанның астына отын салып жатып. –Ана жақтағы 80 литрлік екі қазанда ет пісіп жатыр, – деді.
Қазан-қазан етті көргенде бір жасқа келген Болаттың немере қызының тұсаукесер тойына аз адам шақырылмаған-ау деп ой түйдік. Біз жақта мұндай қазандардың басында бес-алты жігіт бірі отқа жақса, бірі етке қарап, азын-аулақ ошақ басында оңаша бастаңғы жасап жатушы еді. Мұнда ондай әрекет байқалмайды. Тек бір жігіт бәрін өзі жөндеп, піскен етті текештер салып жатқанда өзіміз танитын екінші күйеу бала келді.
– Сендерде қазанға бір-ақ адам қарай ма? – дегенімде:
– Бұ жігіт бір өзі жылқы сойып, осындай кәсіппен айналысады. Бәрін өзі жөндеп реттейді, кәсібі – сол, – деді.
– Еттерің шақырылған қонақтарға көп емес пе?
– Жоғ-а, бәрі есептелген. Оны даосы жігіт жөндейді.
– Ал қазандағы сорпасын не істейсіңдер?
– Оның біразын пайдаланады. Аз қамыр мен ет салып, дастарханда отырғандарға қояды, – деп ол қазан басындағы жігітке көмектесті.
Қазан басындағы жігіт сорпасынан суыған жылқының табан шыққан қабырларын арнайы электр құрғымен бір өлшеммен бөліп, тегештерге салды. Басқа да еттерді де реттеп, той дастарханына әзірлеумен айналысып кетті.
Той Қарабалтаны қақ жарып өтетін үлкен жолдың бойындағы «Бақ сарай» мейрамханасында түстен кейін сағат үште басталды. Мейрамхандағы жиылған елдің үлкен-кішісінің көбінің басында ақ айыр қалпақ. Бәріне жарасып тұр. Тойға келген көпшілікті асаба: «Бәріміз сыртқа шығайық, Маликаның тұсаукесеріне!» – деп, іштегілерді сыртқа шақырды. Көпшілік мейрамхананың батыс жағындағы көшеге шыққанда «екі жаққа қақ жарылып тұрыңыздар, қазір кішке қызымыздың тұсаукесерін бастаймыз» деп жар салды. Тойға келгендер екіге бөлінгенде Болат пен Сарахан әдемі киінген кішкентай Малика немересін аяғына ала жібімен көтеріп, келін баласы мен үйелмелі-сүйелмелі ақ қалпағы бар сегіз бен он жастағы екі ұлдарымен ортаға шықты. Жаңадан жүре бастаған баланың тұсау кесерін алдымен кішкене балалар мен қыздар, ересектері және жігіттер мен қыздар, үлкендер де жаяу жарысқа түсіп, бақтарын сынап кескенін көрдік. Жаяу жарыстың шарты бойынша кішкентайлар50 метр аралығында жүгірсе, ересек балалар – 100, одан үлкендер150 метр аралығында жарысқа қатысатын көрінеді. Жарысқа қатысатындар спорттық киімдерін киіп келіп, жарысқа қатысып жатты.
Бірінші болып, ең кішкентайлар арасында 50 метрден жарысқа бес-алты-жеті жастағы ер балалардың оншақтыдан көбі шықты. Топ баланың ішінде сөреге бірінші болып, ұзын бойлы, сырақты бала алдына жан салмай келді. Бұдан кейін іркес-тіркес болған балалар да көп. Жарыс төрешісі мәреге бірінші болып келген әлі баланың қолынан жетектеп келіп, Болаттың немересі Маликаның аяғындағы ала жібін пышақпен кескізді. Оған той иелерінің сыйлығын табыстады. Бұдан кейін 2-5 орынға ие болған балаларға түрлі ойыншықтармен марапатап жатты. Екінші кезекте осындай жастағы кішкене қыздар арасында да жарыс өтіп, оларда сыйлық үшін бар күштерін салып жарысты. Ересектер мен үлкендер және қыз-келіншектер, жасы келген сақа жігіттер мен келіншектердер де 100-150 метр аралықта жігірді. Жарысқа қатысқандардың арасында алдыңғы бес орынға ие болғандар түрлі сыйлықтардан құр қалмады.
Маликаның тұсаукесер жарысы едәуір уақытқа созылып, кешкі бестерде мейрамхананың төрт жүз қонағына жайылған дастарханына кірді. Той залы заман талабына сай жасалыпты. Қабырғаларында үлкен экрандар ілінсе, музыкалық сахна да барлығына көрінетіндей ойластырылған. Дастархан мәзірі де керемет. Тойды Болат пен Сарахан немересі Малика көтеріп, келін баласы және екі ұлымен орта шыққанда от шашу шашылып, дүйім ел құрметпен қарсы алды. Мұндағы бір ерекшелік – аталы-балалы, немерелілер ұлттық ақ қалпағымен шыққаны өмірлерінің жалғасып жатқан жарасымды тіршіліктерін көрсетсе, тойдағы ер адамдардың ақ қалпақтары қырғыз екенін айғақтап тұрғандығы сезілді. Кішкене баланың бұл тойы ұлтты ұлықтайтын ұлттық киім екенін мен осында сезіндім. Біздегі осындай тойда осылай ұлттық киіммен өтсе жарасатына көзім жетті. Тойдың асабасы бізді құрметтеп «Қазақстаннан келген қадірлі де сыйлы меймандарымыз» деп төрге шығарса, алғашқы құттықтау сөзді де бірінші болып берді. Қырғыздардың бізге деген қошаметі қарындасымыз бен күйеу баламыздың беделі екенін осыдан көрінді. Тойда Маликаның тұсаукесерінің жарысқа қатысып, алдыңғы бестік орын алған отыз бестен жоғарғы ер адамдар мен әйелдерді сахнаға шақырып, алдыңғы орынға ие болғанға теледидар, одан кейінгілерге тұрмыстық тұтыну бұйымдарын тапсыруы да салтанаты жағдайда өтті. Мейрамханадағы даяшыларының да қызмет көрсету де мінсізді көңілімізден шықты. Оларда артық қимыл жоқ, сыпайлық әрекеттері де ерекше. Тойдың бірінші отырысында сорпа мен иленген қамыр және аз еті бар тағам әкелді. Бұл қамырлы сорпалы ет үш қазанның сорпасынан жасалған екенін мен қазан басында жүрген жігіттің сөзінен ұққан едім. Сұйық тағам өте дәмді болыпты. Даяшы бәрімізге шағын ғана бір мәрте қолданатын төрт бұрышты желім бос ыдыстарды әр қайсымыздың алдымызға қойып кетті. Ол дастархандағы артылған тағамдарды әркім салып алуға арналғанын ыдыс екенін бірден ұқтық. Енді бірде төрт бүктелген пакетті де таратты. Қазан-қазан етті сағат тілі он бірден асып, он екіге қарай жылжығанда бастарында ақ қалпақтары бар кілең жас жігіттер табақ-табақ етті көтеріп, ортаға шығып бір айналып, әр үстелге екі табақта қойды. Бұдан кейін даяшылар қырғызша үгітіліп тураған кеспелі екі табақты қоса алып келді. Қырғызша үгітілген ет дастархан басындағыларға арналса, кесек-кесек етті әркім өзінің жолы бойынша бөліп алып кетуге арналған екен. Сол үшін даяшылар алдына ала пакет таратқаны белгілі болды. Ол пакеттің ішінде шағын қалталар да салыныпты. Біздегідей дастархан басында абыр-дабыр, «пакет, пакет» деп жатқан қонақтарды көрмедік. Яғни, мейрамхана ұжымының жұмысы өте мәдениетті түрде болса, той иелерінің де тойлары біздің көңілден шықты.
Бұл тойдан көп нәрсе түйіп қайттық. Тойда ұлттық ерекшелік, ұлтқа тән өзгешелік, рухы асқақтап тұрғаны сезілді. Оны біз қырғыздардың баласынан бастап, үлкендері киген ақ қалпақтарынан көрдік.
Жексен Алпартегі
Суреттерді түсірген автор.
qazaquni.kz