Мен қазақ қыздарына қайран қалам!
2022 ж. 11 қазан
2786
1
Руханиятқа қамқор, рухы биік Айнұр
Былтыр Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі мүсінші, марқұм Тілеуберді Бинаштың 65 жасқа толған мерейтойына байланысты Алматыда өткен көрмеге Астанадан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев екеуміз арнайы барып қатыстық. Сонда әдемі күліп келіп, ақсары қыз амандасты. Тілеуберді ағамыз: «Айнұр қарындасымыз белгілі меценат, үнемі руханиятқа қамқорлық жасап жүреді. Менің Әл-Фараби ескерткішіме де демеуші болған» – деп таныстырды. Айнұр «Сіздерді жақсы танимын сырттарыңыздан. Барлық жазғандарыңызды оқып, сөйлеген сөздеріңізді тыңдап жүрмін» – деп көңілімізді көтеріп қойды.
Содан биыл көктемде Астанада бір шайханада тағы да жолығып қалдық. Әйгілі әнші Майра Илиясова екеуі отыр екен. Сол жерде әңгіме үстінде Айнұрдың өзі рухани жобаларға демеуші болғысы келетінін айтып қалды. Біз Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына мүшәйра өткізуді жоспарлап жүргенбіз. Сол ойымды айтып едім, Айнұр бірден қуана келісе кетті.
Содан бұл жоба мын сан жұмыстармен менің есімнен шығып кете берді де, үнемі Айнұрдың өзі хабарласып жүрді. Ақыры Алматыға барғанда кездесіп, түпкілікті бір шешімге келіп, республикалық мүшәйра хабарландыруын «Қазақ үні» ұлттық порталында жарияладық. 150-ге жуық ақындардың ішінде шетелдерден де, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан елдерінен де өкілдер қатысып, мүшәйрамыз Халықаралық мүшәйра деңгейіне көтеріліп кетті.
Мүшәйраға Qazaquni.kz ақпарат агенттігі Бас редакторы, дарынды ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Азамат Тасқараұлы да көп еңбек сіңірді.
Қай салада да жетістікке жеткен адамдарды көре алмай, сыртынан сөз айтатындар да кездесіп жатады. Сол секілді маған Айнұр туралы, Айнұрға мен туралы ұнамсыз әңгіме айтқандар да болды. Бірақ алты жыл мұғалім болған педагогикалық-психологиялық тәжірибем мен ақындық-суретшілік түйсігіммен Айнұр туралы ешқандай бөтен ойға бой алдырған жоқпын. Шынында да, сенімім алдамапты. Республикалық «Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталы ұйымдастырған, жалпы жүлделік қоры мен ұйымдастырушылық қаржысы 10 миллион теңгеден асатын Халықаралық мүшәйраны қазақтың аймаңдай қызы Айнұр Жұмаш бір өзі толық қаржыландырып, ол басқаратын продюссерлік орталық өте жоғары деңгейде өткізді. Жыр жұлдызы Исраил Сапарбай төрағалық еткен мүшәйрада жүзден жүйрік шыққан жыр дүлдүлдері дүрілдетіп өлең оқып, ән жұлдыздары Роза Рымбаева, Майра Илиясовалар бастаған әйгілі әншілер ән шырқады.
Мүшәйра жырларының жеке кітап болып шығуына да демеушілік жасайын деп отырған Айнұр осындай мүшәйраларды жыл сайын ұйымдастырып отыруды ұсынуда.
Қазақтың қарапайым қызы, рухы биік Айнұрдың руханиятқа осындай қайрат танытқан Атымтай жомарттығына қарап отырып, әйгілі тарландар Жұбан Молдағалиев пен Исраил Сапарбайдың «Мен Қазақ қыздарына қайран қалам» деп жырлаған бүкіл қазақ білетін әсем жыры мен әні еске түсе береді.
Бұндай ерлік ерлердің де өздерінен көп шыға бермейді.
Осындайда еске түседі. 2000-шы жылдары мен осы «Қазақ үні» газетін шығара бастағанда әйгілі қоғам қайраткері, философия ғылымы докторы, профессор Алдан Айымбетов те «Казахская правда» газетін шығарып жүрді. Екі тілде шыққан екі газет те екі тілдік ортада демократиялық дем беріп, қоғамда үлкен серпіліс туғызғаны белгілі. Екеуміз де газетімізді сол кездегі белгілі жазушы Ырым Кененбаев басқаратын Алматы қалалық «Болашақ» баспаханасынан шығарамыз. Басқа баспаханалар қымбат. Ал марқұм Ырым ағамыз біздерге көп жеңілдік жасайтын. Сол кезде түстік ішіп, әңгімелесеміз. Алдекеңнің түстігі қою қызыл қара шай мен қара нан және шұжық. Алдан ағамыз бірде басынан өтіп жатқан, екеумізге де ортақ қиындықты айтты. Газет шығару үшін Алдекеңнің де бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Қалталы байлардың талайының есігін тоздырыпты. Тіпті, «ҚазКоммерцБанк» төрағасы, миллиардер Нұржан Суханбердинге де барыпты несие сұрап. Демеушілік жасамақ түгілі, несие де бермей қайтарыпты. Қазақ руханияты үшін қаһармандық танытып, газет шығарып жүрген қайсар қайраткер Алдан ағамыз ақырында әйелінің барлық алтын-күміс жүзіктерін ломбардқа өткізіп жіберіп, қайтып қайтара алмай қалыпты…
Әйтеуір бірде Қызылорда облысын басқарып тұрғанда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың азаматтық жасаған көмегімен газетке офис үшін орталықтан алып алған төрт бөлмелі үйін көрсетіп, риза болғаны бар еді…
Қазақтың қазынасы мен бар байлығын иеленіп алғандар қазақ руханиятына тамшыдай болса да, көмек берудің орнына теріс айналып кеткеніне, ал адал еңбек, маңдай терімен қаржылы кәсіпкерге айналған қазақ қызының ұлт мәдениетіне қамқорлық жасап жүргеніне қарап отырып ой түйеді екенсің…
Бұл жерде бар мәселе Айнұр ұлттық тәрбиені көріп, текті әулетте, киелі топырақта өмірге келген еді. Айнұр қасиетті қазақ тілінде тәрбиеленген де, қайырымсыз қалалық қалталылар орыс тілінде тәрбиеленгенін де ойлап, мәселенің мәнісі осында жатқан болар деп топшылайсың.
Тіпті, Айнұр 2004 жылы Алматыда өзі пәтер жалдап жүріп, жалғыз басты ана ретінде өзіне мемлекеттен берілген екі бөлмелі үйді 8 баласымен жатақхананың бір тар бөлмесінде тұратын, әйелі қайтыс болған жалғызілікті әкеге беріп кеткен ерлігіне қалай таңданбассың?!. Ал одан кейін Айнұрға мемлекеттен үй берілмейтіні белгілі еді. Бірақ, қайырымдылықтың қайтарымы ретінде Алла Айнұрға мол дәулет берді…
2020 жылы «Ақ жол» партиясы 1920 жылы 24 тамызда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермековтер бастаған Алаш арыстары айқындап берген Қазақ Елі территориясында «Қазақ Автономиялық республикасы құрылғанының 100 жылдығына арнап, «Қазақ Республикасына 100 жыл» атты Алаш арыстарының құрметіне арналған Алтын медаль шығарды.
Бұл медальмен ұлттық мүддені қорғау мен Алаш идеясын насихаттауға ерекше еңбек сіңірген ерлер марапатталады.
Биыл 12 шілдеде бұл медальды 80 жасын тойлаған әлемге әйгілі ақиық ақын, ұлттық мүдде мен тіл күресінің көсемі Мұқтар Шахановқа тапсырған едік Отырарда. Әлемнің жүздеген жүлде-сыйлықтары мен марапаттарын алса да, мемлекеттің медаль-ордендерінен қашып жүретін Мұқаң Қазақстанда өмірінде екі-ақ медаль таққан болар кеудесіне! Біріншісі - киелі Ұлытауда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қолымен таққан Еңбек Ерінің Алтын Жұлдызы! Екіншісі -қасиетті Отырарда Қазыбек Иса таққан «Ақ жол» шығарған Алаштың Алтын медалы!
Жақында Алаш жолын ұстанған «Ақ жол» партиясы президиумның шешімімен Алаштың рухани көсемі, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ЮНЕСКО көлемінде әлем бойынша аталып өткен мерейтойына және Тәуелсіздік бесігі Алматы қаласына арналған «Алаштың Азаттық рухы» атты Халықаралық мүшәйрасына демеуші болып, сәтті ұйымдастырғаны үшін меценат Айнұр Жұмаш Алаштың Алтын медалымен марапатталды.
Айнұр қарындасымыздың 15 қазанда туған күні!
18 жас және бірнеше жасқа толып отыр. Туған күнің қарсаңында Алаштың Алтын медалымен марапаталуың құтты болсын Айнұр Аралбайқызы!
Алла жар болып, Жұлдызың жарқырай берсін!
Әрдайым Ақ жол тілейміз!
Қазыбек ИСА,
ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі
депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары