ӨМІРШЕҢ БОЛҒАН ӨРІСІ
2022 ж. 03 қазан
2740
0
«Шиелі вальсі» қалай жазылды?
Журналистикада өз қолтаңбасы мен мектебі қалыптасқан, төңірегіне мейірім шуағын шашқан қоғам қайраткері
Дүйсенбі Смайылов тірі болса қазір тоқсан жасын тойлап, той төрінде төредей болып отырар еді..
...1968-ші жыл еді. «Сыр маржаны» (Шиелі вальсі) әні осы кезде дүниеге келді. Әнін Әсет Бейсеуов, сөзін Дүйсенбі Смайылов жазған осы бір ғажайып ән жарты ғасырдан астам уақыттан бері шиеліліктердің рухын көтеріп, сезімін серпілтіп той кештерінің төрінен түспей келеді. Ауданның шын мәнінде гимніне айналды десе де болғандай...
Ебек жолын өзі оқыған мектепте (Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы «Ортақшыл» мектебінде) мұғалімдіктен бастап, аудандық комсомол комитетінде мектептер бөлімінің меңгерушісі, «Стахановшы», кейін «Коммунизм жолы» болып өзгерген Шиелі аудандық газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары, Қызылорда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің жауапты хатшысы қызметін атқарған белгілі журналист Дүйсенбі Смайылов 1963 жылы осы аудандық басылым «Өскен өңір» деген жаңа атаумен жарыққа шыққанда редактор болып бекітілді.
Редактор кезінде Дүйсенбі Смайылов әріптестеріне, жаңадан қанаттанып келе жатқан жас буынға қамқорлық танытып, ақылшы бола білді. Сабырлы мінезімен, пайым-парасатымен, әділдігімен адамды өзіне үйіріп алатын. Айналасына мейірім шуағын шашып тұратын. Ауыл-село тілшілеріне сеніммен, үміт арта қарайтын. Ауыл-село тілшілері демекші, жыл сайын болатын баспасөз (5-мамырда.кеңес кезінде баспасөз мерекесі осы күні болатын.) күнінде олардың басын қосып, газетке хабар дайындау, тақырып таңдау төңірегінде әңгіме өткізіп отыруды жолға қойды. Ауданның әр мектебінен келген, бір-бірінің аты-жөнін тек газеттен көріп жүрген оқушы-тілшілер танысып, білісіп, шүйіркелесіп қалатын.
Мен де сол ауыл тілшісінің бірі болдым. Бір-бірімізбен жарысып мақала, өлең жазатынбыз. Мақаланы қысқа жазуға тырысатынбыз. Ұстазымыз «Қысқа да нұсқа жаз» дегенді көбірек айтатын. «Өскен өңір» газетінің бірінші бетінде «Қысқаша» деген айдар болатын. Газеттің шеткі бір бағанын ұзына бойына түгел алып жататын. Әр номер сайын беріліп тұратын. Ондағы мәліметтер 5-6 жолдан аспайтын. Ұжымның немесе бригаданың науқандық жұмысы сол 5-6 жолға сыйып кететін. Сол айдар ауыл тілшілерінің мақала-хабарларынан дайындалатын.
Осылайша редактор Дүйсенбі Смайылов ағаның арқасында газет жанрынан мектепте жүргенде-ақ хабардар болдық. Оның пайдасын университетке оқуға түсерде көрдік. Жоғарғы оқу орнының талабы журналистика факультетіне өзге құжаттармен бірге газетке шыққан мақаларды (кемінде 2-3мақала) өткізу керек екен. Менің апарған мақалам 20-дан асып кетті (Негізі одан да көп еді.). Қабылдап отырған апай: «Осының бәрін өзің жаздың ба? Сен дайын журналист екенсің ғой... » деп ризалық кейіппен күлімсіреп қарағаны есімде.
1967 жылдан бастап Дүйсенбі Смайылов Шиелі аудандық партия комитетінің идеологиялық істер жөніндегі хатшысы болып сайланды. Шиелі дәннің ғана емес, азулы ақын, тілге бай Бұдабайдың, «О, Нартай, шешен таңдай, қасқа маңдай, Сөзің дәмді тәтті екен шекер-балдай» деп жыр алыбы Жамбыл тәнті болып тамсанған Нартай Бекежановтың, тағы басқа таңды таңға ұластырып жырлайтын ақын-жыраулары, би-шешендері бар жыр мен әннің де мекені. Осындай өнерпаз өңірден заманға лайық өнер ұжымын неге құрмасқа?! Бұл белсенді қаламгердің көптен ойында жүрген мәселе болатын. Редактор кезінде газет бетінде талай қозғаған. Елін сүйген, ән мен жырға жаны құмар Дүйсекең қолы кеңейіп, мүмкіндігі молайған шақта аудан мәдениетін түбегейлі қолға алды.
«Жас дәурен» ән-би ансамблін, «Халықтар достығы» клубын, спорт секцияларын құрып, аудан жастарының мәдени өмірінің дамуына атсалысты.
– «Жас дәурен» ансамблін ұйымдастыруға Дүйсекеңнің шақыруымен республиканың танымал өнер қайраткерлері: сазгер Әсет Бейсеуов, балетмейстер Елдос Усин, жазушы Оразбек Бодықов арнайы Шиеліге келді. Бір ай өнерпаздарды ансамбльге дайындады.
Әсет Бейсеуов бір ай бойы біздің үйде жатты. Дүйсекең екеуі басы-қасында жүріп «Жас дәурен» ансамбілін құрды. Шиелі туралы «Сыр маржаны» әні де осы кезде дүниеге келді. Әнін Әсет шығарып, сөзін Дүйсекеңнің өзі жазды. 1968 жылы шыққан осы ән жарты ғасырдан астам уақыттан бері халықтың рухын көтеріп, сезімін серпілткен Шиелінің шын мәніндегі гимніне айналды.
«Жас дәурен» ансамбілінің тұсаукесер байқауында атақты композитор Нұрғиса Тілендиев «Міне ансамбль, міне оркестр, бірінші орын сендердікі» деп ризашылық сезіммен жиналғандарға жар салды, – дейді Кеңескүл апа сол шуақты жылдарды сағынышпен есіне алып, жігерлене сөйлеп.
Бірде Дүйсенбі ағамен екеуара әңгімелесудің сәті түскен. Кеңседе емес, дастархан басында. Сөзден сөз туындап, әңгімеміз ұзаққа созылды. Әңгіме газет шаруасынан, күнделікті тіршіліктен әдебиетке, оның ішінде өлеңге ойысқан шақта ағаның: «Туған жерге, халыққа аз да болса көмегім тиер ме екен деп әрі аудан басшылары қолқалаған соң өзімнің сүйікті газетімнен аупартком хатшылығына ауыстым. Әрине, ауданның әлеуметтік, мәдени, оқу және денсаулық сақтау саласында бір қатар жұмыстар жүзеге асырылды да. Дегенмен өлеңнен қол үзудің өкініші өзегімді әлі күнге өртейді. Әкімдік пен ақындық сөздері өлеңде жақсы ұйқасымын тауып, қабыса кеткенімен өмірде бір-біріне кереғар екен. Ұлы Абай «Мен боламын демеңдер» деген өлеңінде:
«...Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі де кесел асқанға...» ¬ –
демеуші ме еді. Қайран данышпаным-ай» деп ауыр күрсінгені жадымда қалыпты. Қамқор ағамен соңғы әңгімелесуім екенін ол кезде мен білгенім жоқ. Осы кездесуден кейін екі күн өткенде қайғылы жағдай туралы хабар Қызылорда мен Шиелінің арасын шарлап кетті. Бұл
кезде Дүйсенбі аға Қызылорда облыстық газетінде редактордың орынбасары болып жүрген еді. Белгісіз жағдайда поездан құлап мерт болыпты...Жұмбақ өлім...
Соңында қалған Ыдырыс, Роза, Ақәділ, Майра және Жандос секілді ұл-қыздары ардақты әкенің атына, даңқына лайық еңбек етуде. 2009 жылы қажылық парызын өтеп қайтқан асыл жары Кеңескүл Байжанқызы үлкен бір әулеттің анасы атанып отыр. Дүйсекеңнің әрбір мерейтойында, өмірге келген, кеткен күнінде дастархан жаю, дұға оқыту апаның дәстүріне айналған. Дүйсенбі мен Кеңескүлден тараған ұрпақ түгелдей дерлік имандылық жолына бетбұрған...
Дүйсенбі Смайыловтың туғанына 80 жыл толуына орай Кеңескүл Байжанқызының, Мұхамедқали Қазымов пен Мұрат Күлімбеттің құрастырып, баспаға әзірлеуімен «Ағып өткен бір жұлдыз» атты естелік кітап жарық көрді. Қызметтес ағалары мен інілері, туыстары шынайы дос, қамқор аға, адал жар Дүйсенбі Смайыловтың өмірдің аспанынан жұлдыздай ағып өткенімен көңілдің аспанынан өшпейтінін өз естеліктерінде тебірене, толғана отырып жеткізген.
Осы құрам «Сыр маржаны» деген Дүйсекеңнің жеке жыр жинағын да шығарды. Азамат ақын, қаламы ұшқыр Дүйсенбі Смайыловтың бұл жыр жинағы оқырманды адал еңбектенуге, елді, жерді сүюге баулиды.
Шиелі ауданының мәдениеті мен оқу-ағарту, әлеуметтік салаларының дамуына сүбелі үлесін қосқан іскер хатшы, ақпарат майталманы Дүйсенбі Смайылов «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және бір қатар Үкіметтік медальдармен марапатталды. «Алыста жүрсем кейде мен,
Аңсаумен көзім талады.
Сағыныш толып кеудемде,
Жүрегім оттай жанады.
Жеріңді сенің түлеттім,
Жайқалтып жасыл бақшаңды.
Жалынын орап жүректің,
Арнадым саған жақсы әнді...» – деп шырқалатын атақты «Сыр маржаны» (Шиелі вальсі) әні қалды артында. Автор айтса айтқандай, шиеліліктердің ресми жиындары, тойлары, сауық кештері әлі күнге дейін осы жақсы әнсіз өткен емес. Егер тірі болғанда тоқсан жасын тойлап, той төрінде төредей болып отырар еді...
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
«Қазақстанның қ ұ р м е т т і журналисі»,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы».
Қызылорда облысы