Тәуелсіздік киесі - Бөке би
2022 ж. 12 қыркүйек
3665
0
Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісін қозғаушы күштер
Кенесары көтерілісі дегеніміз...
Кенесары көтерілісі дегеніміз, біздіңше, тәуелсіздік алу үшін болған халық соғысы...
Тәуелсіздікті қантөгіссіз алдық. Шүкір қыламыз. Дей тұрсақ та, Ел тәуелсіздігі үшін күрестің өзіндік тарихы бар, қанды тарих. Мұның басында соңғы ханымыз Кенесары Қасымұлының есімі тұрады.
Кенесары ханның соңынан Алтайдан Атырауға, Арқадан Жетісуға шейінгі қазақтардың бәрі ергені белгілі. Бұл жолы өз өлкеме қатысты жайттарды оқыған, көрген-естігендерімді пайдаланып сөйлемекпін. Оның себебі тәуелсіздік үшін күрес дегенді әр адам өз туған өлкесі арқылы танып барып ұлттық деңгейге жетеді, тарихи түйсіктің, отансүйгіштіктің эволюциялық жолы осындай.
Сонымен, сөз Ақмола облысы Қорғалжын ауданының аумағына қатысты болмақ, тек ескерер бір жайт – байырғы Қорғалжын ауданының бірнеше рет әкімшілік-аумақтық бөлініске салынды, сөйтсе де бұл өңірдің халқы «Қорғалжын» дегенде осы күні Қарағанды облысының Нұра ауданына қарап кеткен, Ақмола облысының Егіндікөл ауданына қарап кеткен ел мен жерді атайды, біз де халықтың осы жадылық дәстүрін ұстанамыз.
Кенесарының қоластына Ақмола округінің қазақтары жаппай көшіп, топталып жинала бастады. Тінәлі-Қарпық, Қойлыбай-Шағырай, Байдалы-Алтай, Әлке, Темеш, Қалқаман-Малай, Алсай, Тама, Тарақты, Енең-Тұңғатар, Сайдалы-Алтай, Мойын-Қареке, Айтқожа-Қарпық болыстары түгел дерлік Кене ханды қолдап, көтеріліске косылды, – деп жазады профессор Ж.Артықбаев (Казахское общество: традиции и инновации. – Караганда, 1993. – 74-бет).
Кенесарының тәуелсіздік үшін құрбандыққа баруының себебі ханның өзінің Ресей билігіне жазған көпке белгілі хатынан мәлім. Оның патшаға, патша өкіметінің өкілдеріне жазған хаттарынан үзінділер келтіре кетсек, мәселенің мәні ашыла түсер: «Біздің ата-бабамыз бізге мұра етіп қалдырған Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Тоғызақ төңірегі және Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында бізден тартып алынып, оларға әскери бекіністер салынды. Енді біздің жерімізді күн сайын басып алып, оған бекіністер орнатып жатыр. Бұл әрекет халықты барынша ашындырып отыр. Мұның өзі біздің болашағымызға ғана емес, қазіргі тіршілігімізге де зор қауіп тудырып отыр»; «Мен өзімнің қазақтарым егін егу, аң аулау және басқа да бейбіт кәсіптермен шұғылданған кезде ғана тыныш өмір сүре аламын»; «1825 жылдан 1840 жылға дейін патша өкіметінің әскерлері біздің ауылдарымызды он бес рет шауып өтті. Сондықтан біздер, қазақтар, мұндай қысымға, талан-таражға, кісі өлтірушілікке шыдай алмай, лажсыздан басымыздың ауған жағына көшіп жүрдік. Бірақ олар сөйтсек те тыныштық бермеді. Сол себепті мен, Кенесары Қасымұлы, қаруланып алып ұлы күрсеті бастауға аттандым». Сөйтіп, ұлт-азаттық күресінің себептері мынадай болған екен: Патша өкіметінің отаршылық саясаты, Орта жүзде хандық билікті жойып, ресейлік әкімшілік басқарудың басталуы, қазақ жерлерін Ресейдің тартып алуы, бекіністер салып, әскери билік орнатуы т.с.с. салдарынан қазақ халқының, қарапайым халықтың жағдайларының нашарлауы. Ал мақсаты Ресей бодандығынан азаат ету болды.
Көтеріліспен тұспа-тұс болған оқиғалар, халықтың езгілік жағдайы бұл күрестің халық тарапынан шыққан әділдігін де (объективті сипатын да) көрсетеді. Е. Бекмаханов көрсеткендей, отаршылдық орталығы болған «Ақмола приказы қазақтарының Орта жүздің орталығын мекен ететін қазақтардың жаппай үдеруі алдағы күрестің хабаршысы мен патша өкіметіне ашық қарсылық болды» (Казахстан в 20-40 годы ХІХ века., 237-бет).
1837 жылдың 18 желтоқсаны...
1837 жылдың 18 желтоқсаны күнімен белгіленген «Перечень восставших волостей Акмолинского округа, откочевавших в глубь степи» деп аталатын бір құжатта Қорғалжын өңірінен Тінәлі-Қарпық болыстығымен көршілес көшіп-қонып жүретін, Соналы, Құланөтпес, Нұра өзендерінің, Қорғалжын, Алакөл, Біртабан көлдерінің жағаларында қыстап жүретін Боқы Тінеев бидің басқаруындағы Төбет-Темеш болыстығының ауылдарының көбінің осы көтерілістің басталуына орай Қара Кеңгір жаққа көшіп кеткенін, тек азғантай ғана бөлігінің Соналы өзенінің бас жағында болыспен бірге қалғанын айтады. Осы құжатта Қорғалжын өңіріне қарасты Сарыөзен, Көкдоңбақ, Жақсы Көң, Жаман Көң, Қотансор т.б. жер аттары келтіріліп, осы маңайды мекендейтін қазақтардың да көтерілісшілерге қосылу үшін Терісаққан, Кеңгір жаққа көшіп жатқан үрдісі көрсетіледі. Осындағы «Соналы өзенінің бас жағындағы болыс» деп отырғаны, біздіңше, Бөке би Тінейұлы.
Кенесарының көтерілісі 1837 жылдың көктемінде, ол Ақмола даласына көшкеннен кейін басталды. Оның туының астына халық ағылып келіп жатты. Байдалы, Әлеке, Қойлыбай – Шағрай, Жасай – Қалқаман, Темеш, Тінәлі болыстарының қазақтары қосылды. Олар мал, қару-жарақ тартып алумен айналысты. Көтерілісшілермен келіссөзге кеңесші Менькович және Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин жіберілді, алайда олардың әрекетінен ештеңе шықпады. Менькович өзінің мәлімдемесінде былай деп жазады: «Оларды ауыздықтау үшін отрядтарды пайдалана отырып қатаң шара қолдану қажет, онсыз табысқа жетуіміз мүмкін емес, өйткені бұл болыстар бостандыққа үйренген, бағынуды ауыр езгі деп есептейді». Міне, осы тұста Бөке бидің қайраткерлігі айқын көрінеді. Бірақ орыс тарапынан жазылған құжаттардағы «мал, қару-жарақ тартып алу» дегенді сол қалпында түсінбеген дұрыс. Елден соғыс қажеті үшін жинады деп түсіну қажет. Мұрағат мағлұматтарынан «Осылар Кенесарыны барынша қолдады. Пикеттер мен басқа да қоныстарға шабуыл жасағанда көтерілісшілерге тірек болды, сауда керуендерін тонауға катысты. Округтардан болыстардың алшақтап көшіп кетуіне, біздің қырғыздардың (қазақтардың. – Ж.Ж.) малын талан-таражға салуға басқаларға арқау болған», – деген айыпты оқуға болады. Бұл жерде «біздің қырғыздардың» дегеніне назар аударыңыз. Біздің қазақтар деп патша өкіметін жақтайтын қазақтарды айтып отыр. Патша өкіметін жақтайтындар мал-мүлік, қару-жарағын патшаға қарсы жұмсауға бере қоймайтыны белгілі ғой. Ондайлардан тартып алудан басқа жол бар ма?!
Мәліметтерге қарағанда, Қуандық, Сүйіндікке қарайтын басқа рулармен бірге Темеш руының жасағы Кенесары ханның әскеріне Арғын Жанайдар Орынбайұлы батырдың бастауымен келіп қосылады. Жанайдар батыр (1818-1870) – Кенесары ханның соғысына басынан аяғына дейін қатысқан батыр. Мәшһүр Жүсіп жазбаларында мынадай мәлімет бар: «Сүйіндік Малай, Жәдігер атасынан шыққан Жанайдар батыр кешегі Кенесары, Наурызбай сұлтандарға серік болып, хан Кене Ақтауды шапқанда, жанынан безіп қайрат көрсеткен. Кенесарыны қырғыздар қоршағанда, «үш дүркін» «тақсыр жүріңіз» деп барған екен. Кенесары хан көнбеген соң кетуге бет алады, сонда қырғыз Суданбек батыр ханға қылыш суырып, дүрсе қоя береді. Жанайдар батыр Суданбекке жаңса беріп шауып жібереді, Суданбектің басы допша домалап жерге түседі. Сонан ол қылыш «Суданбекті шапқан көк қылыш» атанады. Жанайдар батырдың үйінде әлі бар. Қолмен ұстап, көзбен көрген соң айтамыз да».
Осы тұста бір ой келеді. Осы ұлт-азаттық көтерілісінде Қорғалжын өңірінен шыққан Базар, Әлке батырлардың есімі белгілі. Қисынға салсақ, темештер Базар батырдың басшылығында болса керек еді. Бәлкім, Базар батырдың өзі Жанайдар батырдың қосынында болды ма екен.
Қазақстан Республикасының мұрағатында (374-қор, 1-тізбе, 1290-іс) Шорман Асатов дегеннің Кенесары ханның көші-қонын, оған берілгендердің санын айтып берген 1843 жылғы 28 желтоқсандағы көрсетіндісі бар. Кенесарыға берілген рулардың ішінде темештерді де көрсеткен. Жезді-Кеңгір қойнауында, Кішітау маңында ханмен бірге қыстамақ болған рулардың ішінде темештер 6 ауыл болғанын айтады.
Кенесары хан әскерінен патша өкіметінің қолына тұтқынға түскен Көжебек Киікбайұлы дегеннің тергеуге берген жауабында (ҚР Мемлекеттік мұрағаты, 374-қор, 1-тізбе, 1290-іс) 1843 жылы Ұлытауға қыстауға қоныстанғанын, Кенесары хан Қорғалжынға орыстың 200 адамнан құралған жасағының келгенін біліп мұны 11 адам қосып Темеш болысына барлауға жібергенін айтады. Көжебек адам аттандырып Кенесары әскерінің Бұтылықты ауылына келеуі керек екенін сәлем етіп адам аттандырады да, өзі Темеш болысындағы Көбе Сариннің үйінде қалады. Өйткені бұл жерден орыс жасағының Мамай қонысына келгені естіледі екен («Мамай» деген көл осы күнгі Қарағанды облысы Нұра ауданының Соналы ауылынан 10-15 шақырым жерде). Осы жерден мал алып Кенесары ханға аттанбақ екен, бірақ ұсталып қалыпты.
Осы жайт темештердің Кенесары ханға барып қосылуын жиілете түссе керек.
Осындай тарихи айғақтар Бөке би бастаған темештердің Кенесары хан бастған ұлт-азаттық күресіне белсене қатысқанын көрсетеді. Темештер ұлт-азаттық соғысында 1837 жылдан 1847 жылға шейін, яғни басынан аяғына дейін ханмен бірге болғанын байқатады. Темештердің осы күні Жетісуды мекен етіп отырғаны (тіпті шапырашты руының бір атасы болып шежіреге енгізілгенін), Қырғызияның Тоқмақ қаласының маңында ауыл болып отырғанын мен осы ұлт-азаттық көтерілісінің салдары деп ойлаймын.
Рубасы Бөке Тінейұлы туралы...
Рубасы Бөке Тінейұлы туралы сөз бірталай.
ХІХ ғасырдағы осы ұлт-азаттық күресін халық соғысына теңеуге болатынын айттық. Өйткені тәуелсіздікті қалпына келтіру жолындағы бұл көтерілістің қозғаушы күші қазақтың рулары болды. ХІХ ғасырды қазақта рулық қауымдастықтың қаймағы бұзыла қоймаған еді. «У ішсең руыңмен ішетін» тұрғыны ұстанатын заман ғой. Ру тірлігі рубасының қызметіне байланысты болатын. Ұлт-азаттық қозғалыстың басында да рубасылар тұрды. Қазақта сондай рубасының бірі – Бөке Тінейұлы еді.
Жалпы жұрт білсін деген ниетпен алдымен мұрағат құжатынан жасалған көшірмені көрсетейік (ҚР Мемлекеттік мұрағаты, 338-қор, 1-тізбе, 65-іс). Мұнда Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің белсенді тұлғалары, үш жүзден патшаның «қара тізіміне» енген тұлғалар – сұлтандар, билер, байлар, старшындар – көрсетілген.
СПИСОК
Султанам, Биям и Старшинам бывшим в отложении в какой степени замешан по возмущению мятежного султана Кенесары
Имена и прозвания Какие кто производил законопротивные действия
Округов
Куш-мурунскаго
Султаны:
1. Кенжала Асмандияров В 1838 году склоняя с собой киргиз в 15 юртах отложился в глубь степи и в 1839 году обратился обратно
2. Абдильда Аблаев и сын его Тюреджан Абдильдин Султаны эти в 1838 году во время мятежных действий Кенесары, склонив тюленгутов своих до 100 человек и два аула Барьякши-Уваковской и Бийдалы-Уваковской волостей в 30 кибитках удалились из округа, а в 1839 году Абдильда и Тюреджан возвратились обратно
/18 об. л./
Кокчетавскаго
Султаны:
3. Чигень Валиев Султаны эти склоняли 2-х казаков Михеева и Ефимова прибывщих в их аулы с казенными бумагамик управителям волостей, принять название Киргиз, обрить на голове волосы и удалиться с ними к мятежнику, а чигень Валиев требовал от казаков боевые патроны, но по случаю несогласия их на это, были отправлены до следующаго аула пешими
4. Тани Тортаев
5. Канкожа Валиев
Сын султана Токоная
6. Джанкут Токонаев Участники и указатели пути Султану Кенесары с его шайкою к ограблению волости султана Габбасова, о чем предъявлено Приказу 23 июля 1839 года аульным старшиною Байжановым и киргизцем Кабанбаевым
Сын бия Чокана
7. Аманджол Чоканов
Дети старш. Игеша:
8. Татыбай Игешов
9. Джантобар Игешов
10. Акзергер Игешов
11. Карача Игешов
12. Старшина Байбатыр Айсарин
/19 л./
Старшины: Старшины эти оподозрены в сношении с султаном Кенесарою в 1839 году
13. Чокан Баянов
14. Джанабатыр Джаманов
15. Мынбай Корачин
16. Контай Байсарин
Акмолинскаго
Султаны:
17. Кучук Айчуваков Имели с Кенесарою совет на счет удаления из пределов округа волостей Акмолинского Округа, что и исполнили и после при возвращении их отрядом, первые двое учинили вторичный побег к Кенесары
18. Джадай Айчуваков
19. Джанай Айчуваков
Бий:
20. Сайдалы Джанмурзин От биев этих зависела вся сила и распоряжение в вспоможению Кенесаре. Они находились с Кенесарой при нападении на Акмолинское селение и пикеты
21. Аккошкар Кечкентаев
/19 об. л./
Участвовали в грабеже торговцов, удалении из округа волостей, отгон скота у наших киргиз, составляли первые голосав управлении неприязненными шайками и в нападении на хорунжего Рытова и в убийстве его с казаками
Дети биев Амангельды и Айтея
22. Койлибай
23. Бекберды
24. Умбетей Участвовали в нападении с мятежником на Акмолинское селение и пикеты, в грабеж торговцов, и убитии хорунжего Рытова с казаками
25. Бий Батеш Одырбаев Был участником в нападении на Акмолинское селение, убийстве урядника Параднева
26. Бий Бока Тинеев Участвовал в заговоре на отложение к Кенесаре, что исполнив и вместе действовал с Кенесарою
/20 л./
Старшины:
27. Джанкара Ирназаров Участвовали в нападении на Акмолинское селение и увлечении из округа волостей
28. Бекташ Асыров
29. Джанай Копин
Бий
30. Кантарбай Мендекин Участвовали в нападении на селение
31. Аджар Калабаев
32. Бий Иткара Карымбаев Участвовали в нападении на Актауское укрепление и Акмолы, в увлечении волостей и во всех действиях с Кенесарою
33. Сын бия Сенгирбая Тайтеня В нападении на казаков, хорунжаго Рытова, Акмолинское селение, пикеты и Актауское укрепление.
34. Брат старшины Тлемиса Савранбай
Каркаралинскаго Старшины:
35. Ак-кошкар Ак-Идилев В 1838 г. находились с Султаном Кенесарою при нападении на Актауское Укрепление
36. Бай-Арыстан Абенев
Осы тізімде «билердің» қатарында 26-реттік санмен «Бока Тинеев» тіркелген (Буке емес, «Бөке» орыс тіліне «Буке» болып көшірілер еді), қазақша транскриптілесек Боқы Тінейұлы болып шығады. Қазақта баланың атын ырымдап осылай атау қазір болмағанмен бұрынғы дәстүрде бар. Бірақ халық қадірлісін құрметпен атайтыны белгілі ғой, сөйтіп үлкенге де, кішіге де «Бөке» болған. Бұдан білетініміз – Бөке Тінейұлының Темеш руының биі болғандығы. Бірінші бағанда тұлғалардың аты мен атағы көрсетілсе, екінші бағанда патша «заңына қарсы қандай әрекет» жасағаны көрсетілген. Бабамыз Кенесарыға қосылу жолында «астыртын сөз байласып қастандық» жасаған, Кенесарымен бірге әрекет еткен екен. Жасаған «қастандығы» отарлаушылыр үшін қастандық болып саналар, отар ел үшін ерлік қой. Бойды мақтаныш билейді. Бабаңның Ұлт мүддесі жолында басын бәйгеге тіккенін білгенде елдің иесі, елдің киесі демей не дерсің!
Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық күрес жөніндегі мұрағаттық материалдар ішінде Батыс Сібір генерал-губернаторының Патша атына жазған жеделхат іспетті хаты (ҚР Мемлекеттік мұрағаты, 338-қор) бар. Онда: «Предводитель темешцев Бока Тинеев сильно помогает движению людьми, лощадьми, провизией. Самовольно обезвредить его боимся народного волнения», - деп жазылған. Демек, Бөке би темештердің бастаушысы болған, ұлт-азаттық көтерілісіне жасақтар дайындаған, мініс атпен, азықпен қамтамасыз еткен. Жоғарыда құжатта көрсетілгендей, Кенесарымен бірге күрескен. Патша өкіметінің жергілікті өкілдері де Бөке бидің ел арасындағы жоғары беделін біледі, мойындайды, сондықтан да өз бетінше көзін жояйын десе, халықтың толқуынан қорқады. Жақсысы үшін жан беру қазақтың қашанғы қасиеті ғой.
Міне, Бөке би бастап ұлт-азаттық көтелісіне қатысудың темеш руына тигізген салдары, көтеріліс басылған соң олар патша өкіметіне сенімсіз халық деп танылды. Сондықтан олар мұнан былай бөлек Темеш болысы әкімшілік бөліністен шеттетілді. Бұл жөнінде ҚР Мемлекеттік мұрағатының 345-қоры, 1-тізбесінің 1800-ісінде мазмұндалған.
Кенесары ханның тәуелсіздік жолындағы күресі тарихынан әр қазақ өз тарихын да көре алатынына сенемін. Сол ата-бабаның рухы, оны мақтаныш ету тәуелсіздіктің бағасын қанымен және жанымен түсінуге ықпал ететіні сөзсіз, басқаша айтқанда, өз бабасының, өзінің кіші отанындағы елдің тәуелсіздік жолында жан кешкенін білген ұрпақтың өзі де соған бейілді болады.
Бөке би Тінейұлының туған жылын кейбір деректерде 1802 жылы деп көрсетеді. Бірақ жасаған әрекеттеріне, көнекөздердің әңгімелеріне қарағанда, ол Кенесары көтерілісі кезінде мосқал адам болып көрінеді. 80 жасында жұбайы қайтыс болып өзінің жолдасы Кіші жүздің бір биіне астарлап сәлем айтып, оның қызына үйленгені, одан ұрпақ тарағаны туралы деректер бар. Кіші жүзбен арасы осындай болғанына қарап, оның есімі қазаққа мәшһүр болғанын бағамдауға болады.
Бөке бидің ел арасында аса құрметті болғаны ұлт-азаттық күрестен тыс дүниеауи өмірінен де көрінеді. Бидің аузы дуалы, сөзі киелі болған. Оның айтқаны айнымай келетіні, ел қамын екі күннің бірінде жеп отыратыны, әділдік туын биік ұстағаны көне көздердің әңгімелерінде айтылып жүретін. Бөке би Қарағнды облысы, Нұра ауданы (бұрынғы бөліністе Ақмола облысы Қорғалжын ауданы) Қосарал ауылы мен Соналы ауылының ортасында жерленген. Жергілікті халық бұл жерді «Атам тамы» деп атайды. Басынан дұға бағыштамай өткен адамдардың алапатқа ұшырағаны бар. Білетін адамдар көліктен түсіп жаяу өтеді екен. Көліктен түспей өткен бір апамыздың шалық дертке ұшырағанын білеміз, апайдың өзі де мұны айтады екен. Алладан бала тілеген, амандық, жақсылық тілеген адамдардың «Атам тамына» түнейтіндері бар.
Қазір мемлекеттік деңгейде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жоба жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Еліміз бойынша 100-ден астам нысан жалпыұлттық деңгейде қасиетті орындар санатына, 500-ден астамы жергілікті маңызы бар киелі нысандар санатына енгізілген. Бұларды ұлттық құндылық деп санаған жөн. Бұлар тұтаса келгенде ұлттық қасиетіміздің берік негізін қалайды. Қазақстанның қасиетті орындары қенша уақыт өтсе де халықты рухани жұтаңдықтан сақтайтын, түрлі өткелектен аман өткізетін рәміздік қорғанымыз болмақ, ұлттық мақтанышымыздың бірі осы болса керек.
Жақында ұрпақтары бидің басына кесене салды. Құлпытас қойды. Ендігі міндет – мұны киелі кешенге айналдыру, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясының» санатына енгізу.
«Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз киең» дейді. Олай болса, сол тәуелсіздік жолында құрбандыққа барған Бөке би Тінейұлы да киелі екені даусыз.
Жантас Алтайұлы Жақыпов,
филология ғылымының докторы, профессор,
«Үздік ғалым» сыйлығының иегері.