"Шындықтың шырақшысы - Шерханын қазағы әлі талай жоқтайды"
2022 ж. 16 тамыз
3770
1
(Эссе)
Шынның жүзіндей Шерхан Мұртаза туралы сөз қозғағанда, ол кісінің өзіндей тереңдік бойымыздан табыла қоймағанымен, сонау тұңғиық тереңдерден орағытып әкелетін сыралғы сырлар ойымыздан суыртпақталады.
Бәрі ойламаған жерден басталды өзі.
"Қолда барда алтынның қадірін біл" деген асыл сөзді жаттап өскенімізбен жадыға тоқығанымыз шамалы болғандықтан шығар, көзі тірі тұлғаларымыз тұрмақ, жанымызда жүрген қарапайым жақсылар мен жайсаңдарды бағалай бермейтін ұрпаққа айналғанымыз рас.
Таразға баратын іссапарымның бірін пайдаланып, Шерхан Мұртазаны іздеп тауып алғым келетін ойымды айтқанда, жұбайым жүзіме аңтарыла қараған. Не алыс, не берісім жоқ, мен түгілі, менен де зордың бірін таныса, бірін танымайтын кәдімгі Шерхан Мұртазада менің нем бар?.. Ойын іштей әбден пісіріп алмайынша, сыртқа ешқашан шығара қоймайтын менің шынымен де алған бетімнен қайтпайтынымды сезді ме, күйеуімде артқа шегінер жол жоқ еді, үнсіз келіскен сыңай танытты. Өйткені мен оған бұлтартпайтын шешімдерімді жайып салғам.
Ерте туып, кеш қалудың зардабын шеккен мендей-ақ болар. Кежегесі кейін тартқыш кертартпалығымнан емес, өзіме лайықсызға ұмсынып, ұмтыла бермейтіндігімнен - оным.
Ертеректе бір колледжде өтіп жатқан кездесуде қаратаулық оқытушы мұғалім "Сонда Сіз Мұқағалиды көрмеген екенсіз ғой" деп таңғалғаны бар. Қайдан көрем. Менің шешемнің өзінен жеті жыл бұрын туылған Мұқағали ақын қайтыс болған наурыз айында мен небары бесінші сыныпта оқып жүрген болсам. Оның үстіне, Жамбылдың Таласында, шеткі ауданның шалғай ауылында. Астанамыз Алматы, облыс орталығы Жамбыл түгілі аудан орталығы Ақкөлге аттап басып көрмеген бүлдіршінбіз. Соныма қарамастан, жоғарыдағы өзі менен бірталай жас үлкендігі бар мұғалімнің алдында өзімді кінәлі сезіндім, ертерек туылмағаныма ыза болдым, аңыз Мұқағалиды тірідей көре алмағандығым жаныма қатты батты.
Сонда ертерек неге туылмадым екен дегем. Сөйтсем, кеш те туылмаппын. Кеш қалып жүретінім болмаса. Бірде Алматыдан республикалық мүшәйрадан жүлдегер атанғаным туралы сүйінші хабар жетті. Марапат алуға шақырылдым да, жұмыстан бір күнге рұқсат алып, жолға шықтым. Ол кезде Алматы қазіргідей жақын емес, ертеңгі жұмысымнан кешігіп қалмас үшін, поезбен ары- бері барып келетін билетімді алдынала алып қойдым. Ғалымдар үйінде өткен мүшәйраның салтанаты мерейімді өсірді. Көңілімді марқайтты. Әдебиеттің мүйізі қарағайдай Қадыр Мырза Әли, Мереке Құлкенов, Темірхан Медетбек, Исраил Сапарбай, Ғалым Жайлыбай, Әлібек Асқаровтай он бір көрнекті өкілінен тұратын қазылар алқасының бәрі қатысты. Солардың қолы қойылған "Қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін" Дипломы мен байқаудың бағалы сый- сияпатын сахнада атақты Қадыр Мырза Әлидің өз қолынан алдым.
Қаңтардың жиырма төрті күні жұмыстан келіп, үйде отбасымызбен көңілді шүйіркелесіп, кешкі асымызды ішіп отырған шақта, телеарнадан ақын Қадыр Мырза Әлидің дүние салғанын естідік. Аузымнан ас өтпей қалды. Өзегіме өксік кептеліп, ал, ағыл-тегіл жылайын кеп. Жұбайым да, балаларым да қойдыра алсашы. Бұрнағы жылғы мүшәйраның қорытындысында ақынды бірінші рет жақыннан көрдім деп қуанып келіп ем ауылға. Бірінші әрі соңғы рет көріп тұрғанымды қайдан білейін. Әкем өлгенде, кейін шешем өлгенде де бұлай жыламаған шығармын. Жылауын жыладым ғой. Бірақ олардан бетер болған мына жыласым өзіме өте ауыр тиді. Үйдегілер еңкілдеген маған көпке дейін басу айта алмады. Құдайдың құдіреті, сол жыл маған қазақ әдебиеті мен мәдениеті және өнері қайта-қайта қара жамылған жыл сықылды сезілді. Өйткені, Қадыр Мырза Әлиден соң, іле-шала, он екінші ақпан күні Әзілхан Нұршайықов қайтыс болды. Одан сәл бұрын, сегізінші ақпанда Роза Бағланова о дүниелік болған. Өзім сыртынан тәнті болып, рухани жаныма жақын тартып жүретін Дулат Шалқарбаев, Есенбай Дүйсенбайұлы, Мыңжасар Маңғытаев, Хадиша Бөкеева, Қасым Жәкібаевтардай қанша асылдар кетті бұ жалғаннан. Қазан айының онында Тұманбай Молдағалиев бақиға аттанды. Сыртынан көргенім болмаса, жерлес ақын ағам Нарша Қашағанұлы өзіне ұлы ұстаз тұтқан Тұманбай ақынға да дер кезінде жақындап барып, қолын алмағаным ішімді удай ашытады. Сөйтіп жүргенде оңтүстік астана жақтан шығармашылығыма байланысты тағы да бір жағымды жаңалық келіп, еңсемді тіктетті. Жазушылар одағына мүшелікке қабылданыппын. Осы жерде жақсының жақсылығын айтуға тиіспін. Республикалық, аймақтық газет-журнал беттеріне ұдайы шығып тұрған материалдарым арқылы жамбылдық Жарылқасын Нұралиев, Амангелді Әбілев секілді тілші ағалар бұдан көп жыл бұрын менің Журналистер одағына мүше болуыма ықпал еткен-тұғын.
Міне, содан тоғыз жыл өткенде жазушы атандым. Еліміздегі ең беделді саналатын қаламгерлердің бірлестігіне менің шығармашылық құжаттарымды одақтың сол кездегі облыстық филиалы төрағасы (бүгінде марқұм) Несіпбек Дәутайұлы өзі тапсырғанын айтты. Әдебиеттің ордасынан алыс аймақта жүріп, шығармашылық әлеміне қалам тартқандардың ішіндегі біздің буын өліара мезгілге тап келген ең мүсәпір буын еді. Бізге дейінгі үлкен толқын кеңестік кезеңнің кітапсүйер оқырмандарына сүйкімді боп, әдебиет айдынының алтын дәуірінде аздап та болса құлаштай жүзіп үлгерген. Біздің соңымызды ала өсіп келе жатқан жеткіншектерді егеменді еліміздің жастарды қолдау жөнінегі саясаты өз қамқорлығына алды. Не аға буынның қатарына кірмейтін, не жастардың тобына сәйкеспейтін біздердің таздың шашындай бірте-бірте сирей түскен шоғырымыз өз жарақатын өзі жалап жазатын көкбөрідей түлкіқұйрық заманның оңды-солды ұйтқи соққан желіне ұшып кетпеуге тырысып, жандалбасаласақ та, жазудан мүлдем қол үзіп кете алмадық. Өзара қатарластарымыздың арасында осылай деп бір-бірімізге аракідік мұң шағысқанымыз болмаса, "Бөрі арықтығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар" болып жүретінбіз.
"Жырыменен жүрген соң дараланып, Ақын дейді бізді жұрт, қара халық. Халық берді ол атақты, билік емес, Алып берді билікке балама қып" деп, қарапайым халықтың ақын деп атап, қаламгер деп сыйлаған құрметтеріне риза боп, өмір кешіп жатқан кездеріміз еді ол шақ. Сондықтан, әсем Алматыдан жабырқаулы жаныма тосынсыйдай болған бұл сүйінші менің бойкүйездігіме қамшы сілтеді. Ертең Таразға жол жүрем деп отырған менің аяқ астынан Шерхан Мұртазаны да іздеп барам деуіме негізгі себеп осы еді: арманым, көбінесе елорда жақта жүретін, ел жаққа іс барысымен, қызмет бабымен болмаса, ат басын бұруға мұршасы бола бермейтін, болса да, лауазымды адамдардың "қолдап, қоршап-қорғауында" жүретін қазіргі қайраткер тұлғаны көзі тірісінде жақыннан бір көру. Жақыннан бір көру ғана емес, мүмкіндік болса, амандасып, қолын бір алу. "Көзі тірісінде" дейтінімдей бар. Мен аузымды ашып, аңқайып жүргенде, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиевтер жетпіс алты-ақ жастарында көз жұмып кеткен жоқ па. Ал Шер-Ағамыз мен іздеп барып, жолыққалы отырған уақытта ол кісілердің жастарынан әлдеқайда асып үлгерген еді. "Жаман айтпай, жақсы жоқ". Шер-Ағаны дилы кезінде көріп қалуды армандап жүргенім сол. Оның үстіне, сенімді ақпарат көздерінен ол кісінің Тараздағы Т.Рысқұлов санаториіне демалуға келгенінен құлағдармын. Алматыға бара беруге мұрша бола бермейді. Ал мына Тараз оның қасында біздің Қаратауға тиіп-ақ тұр емес пе.
Облыс орталығындағы "Төлебай" базарынан таңдап жүріп ағаның иығына ілейік деп бір шапан және оны-мұны сатып алдық. Санаторийден Шерхан көкені табу қиынға соққан жоқ. Ақбілек жеңешеміз екеуі ем-домдарын алып болып, бөлмелерінде дем басып отыр екен. Келімді-кетімді кісілердің көптігінен ығыры шыққанын жұмсақ үнімен жеткізгені болмаса, жеңешем бізге қабағын қатты шыта қоймады. Дастарханын жайып, шайын жасап, ара-тұра әңгімемізге де емен-жарқын араласып отырды. Менің ішімдегі мұң-шерімді мұқият тыңдап, өзіне арнап жазып әкелген көлемді өлеңімнің аяғына дейін зейінін салған Шерхан көкемнің алдында менің ғана емес, ақынжанды күйеуімнің де бар тынысы ашылғандай керемет бір күй кештік. "Жақында облыс орталығындағы шипажайда демалып жатқан қоғам қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртаза мен зайыбы Ақбілек апайымызға амандасып барған таластық ақын Үміт Битенова Шер-Ағаңның батасын алды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған ақын қыздың енді басталар ар ісі - әдебиеттің жолындағы тұсауын кескен халық жазушысы оған: "Арман-тілегің орындалып, сөз өнеріндегі күш-қуатың мықты болсын! Ақындығың Алатаудай асқақтап, Тянь-Шань тауындай биікке өрістей берсін, өрлей берсін" деп батасын берді", деп жазды кейін бұл кездесу туралы өңір газеттері. Бөлмеден шығып, шипажай ғимаратының алдындағы көлеңкеде де біраз отырдық. Айтпақшы осы жерде бір қызық жайт орын алды. Маған жан-жағымызда жайбарақат жүрген ем алушы жұрттың көзінше орнынан түрегеп тұрып батасын берген Шерхан аға маңдайымнан сүйіп, ұзын орындыққа қайта отырғалы жатқанда, ар жағындағы бір жас әйел ол кісіні сүрініп кетер деп ойлады ма екен, ширақ қимылдап екі қолымен демемек болды. Бірақ оған іле-шала: -"Құла-маааай-мыыыын!" деп дауысын соза гүр ете қалған Шер-Ағаң, - Тағдырдың талай бұрқасын дауылы құлата алмаған Шерхан қайдағы бір іскәмейкәдан сүрінуші ме ед!.. - деген Ерболымның сөзіне үнсіз ризашылығын білдіре, қыран қабағын кеңірек аша, жылы жымиды. Иә, тағдырдың талқысына талай түсіп, тауқыметтің неше атасын көрсе де, қырағылығымен, қырғилығымен қоғам өмірінің қия беліне шығып, қияннан ғана көз тастап үйренген Шерхан еді бұл.
Өзінің роман-дилогиясын: -"Сен қайдан келдің? - дегенде, бір данышпан: -Мен балалықтың елінен келдім, - деген екен" деп бастайтын Шер-Аға шер мен мұңнан ғана тұратын ауыр тұрмысты бастан кешкен аяулы анасына "Ай мен Айшадай" ғажап шығарма арқылы ғажайып ескерткіш қойды. Айша образы арқылы бүкіл қазақ анасының рухын көтеріп, ақ жаулығынан мызғымас көркем мұнара тұрғызды. "Ересектерде сол "балалықтың елінен" келмеген ешкім жоқ. Анадан ешкім сақал-мұртымен тумайды. Мен де солардың бірімін. Анамның аты Айша еді. Аз ба, көп пе - алпыстан астым. Аз ба, көп пе - ірілі-уақты кітап жаздым. "Халық жазушысы" атандым. Жазғанымның бәрі алтын дей алмаймын. Бірақ солардың көбі және дәмділері тек балалық шақтың нәрінен, балауса балғын шақтың әсерінен туған. Өсе келе, көпті көрдім, дүниенің шартарабын араладым. Бірақ соның бәрі мені балалық шағымдай байыта алмады. Парижде болдым - Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым - Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркта болдым - олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым - оны да түсімде көрмедім. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін. Түсімде ылғи туған үйімді көремін. Түсіме ылғи Айша кіреді"... деп тебірене толқитын, қайда жүрсе де туған топырағының жусанын аңсап, жұпар ауасын жұтқысы келетін де тұратын жазушының жетпіс жылдық тойы Тараздың екі мың жылдығымен қатар келгені есте. Сол уақыттардың сәл-ақ алдында ғана еліміздің түкпір-түкпірінен "Шерхан Мұртаза" атты кітап дүкендері ашылған. Тараздың орталық күретамыр көшесінің бірі Төле бидің бойында тұрған "Шерхан Мұртаза" дүкені де кітапқа сусаған жандардың шөлін басуға жараған жақсы бір ошаққа айналды. Іле-шала менің ауданымның орталығы Қаратау қаласындағы Ә.Молдағұлова көшесінің нөмірі отыз үшінші үйінде де "Атамұра" ЖШС құрылтайшы болған осы "Ш.Мұртаза кітап үйінің" филиалы ашылды. Сол кездегі Талас аудандық мәслихат хатшысы Әбдірахман Әбдірәсілұлы ағамыздың "Атамұра" ЖШС басшылығы атына арнайы өтініш-хат жазуының арқасында мүмкін болған бұл кітап үйіне әсіресе қарапайым халық, мектеп жасында балалары бар ата-аналар, отбасылары қатты қуанды.
Өйткені, сол жылдарда "Атамұра" шығарған төменгі сынып оқулықтары ешқандай үстемесіз, арзан, сол баспаның өз бағасымен сатылатын еді. Дүкенде сондай-ақ, әдеби кітаптар, әсем безендірілген оқулықтармен қатар, әртүрлі саланы қамтитын анықтамалар, сөздіктер, түсіндірмеліктердің көптігінен көз сүрінетін. Кезінде "оңтайландыру" саясатының салдарынан түгелге жуық жабылып қалған кітапханалар мен кітап дүкендерінің біздің ауданымызда ғана емес, бүкіл елімізде қайтадан ашылуы үлкен сауапты іс болғаны аян. Ал ондай жақсылықтардың алғашқы нышанын елге таныта бастаған кітап үйлерінің Шерхан Мұртаза есімімен аталуы тіпті бір бөлек, ерекше жаңалық еді. "Тұла бойы намыстан жаралған, қажет жерінде халықтың намысын оятып, қайрайтын бірден-бір азамат" деп мемлекет қайраткері Амангелді Айталы өте риза болатын Шерхан Мұртазаның жетпіс жылдық мерейтойы шағын қала Қаратауда да елеусіз қалған жоқ. Әркім өз әлеуетіне қарай, әр аумақ өз шама-шарқына қарай әрекет ететіндігін ескерсек, жұрт руханиятының өніп-өсуі үшін қанатымен су сепкен қарлығаш құрлы ізгілікке талпындырар игі істердің үлкен-кішісі болмауы керек және ол мегаполистер мен қалаларға немесе ауылдарға бөлінбеуі қажет. Сондай айтулы іс-шаралардың бірі - Талас ауданы Білім басқармасының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп (директоры Аман Қылышбеков) ұжымы ұйымдастырған "Шерхан Мұртаза - ұлттың ұяты" атты аудандық ғылыми-танымдық конференция. Осы конференция туралы аудандық "Талас тынысына" шыққан шағын мақаламда егжей-тегжейлі жазыппын.
"Аудан мектептерінің жоғары сынып оқушылары қамтылып, "суретшілер көрмесі", "тест сұрақтарына жауап беру", "видеорепортаж" секілді бірнеше үй тапсырмаларынан тұратын конференцияның негізгі мақсаты жазушы Шерхан Мұртазаның өмірі мен шығармашылығы, қайраткерлігі мен әдеби және қоғами дамудағы рөлі туралы қорғалатын ғылыми жұмыстар, баяндамаларды талқылап, таразылауға арналды. Жазушының өмірі мен шығармалары бойынша әзірлеген суретшілер көрмесінде Алғабас аймағындағы "Алғабас" орта мектебі мен А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясы ерекшеленсе, Ш.Мұртаза туралы жан-жақты білімдарлық танытып, сұрақтарға мүдірмей жауап беруден "Алғабас" орта мектебінің оқушысы Дәуір Дәулетов пен мектеп-лицей оқушысы Алмас Бегман көзге түсті. Болашақ тілшілерді қиын да қызықты, күрделі мамандық - жорналшылық кәсіпке баулу бағыты ұсталынған "видеорепортаж", яғни тележурналистік зерттеу жүргізу байқауында Қойгелді атындағы орта мектеп оқушысы Гүлназ Ахметова мен А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназия оқушысы Айжан Сәтекбаевалардың еңбектері атап өтіліп, мектеп-лицей оқушысы Шынар Оспанованың бейне-таспаға түсірілген тілшілік репортажы жоғары бағаланды. Конференцияның әрін ашып, мазмұнын тереңдеткен - ізденімпаз оқушылардың жасаған баяндамалары еді. "Алысқа атылған жебе", "Ай мен Айша" ғұмырнамалық хикая" атты тақырыптарды зерттеген Айжан Сәтекбаева мен Жанерке Нұрғалиевалар Ш.Мұртаза шығармаларындағы басты кейіпкерлер бейнесіне тоқталса, "Ш.Мұртазаның қазақ әдебиетіндегі тілі", "Қарымды қаламгер" тақырыптарын қозғаған Бегман Алмас пен Ақтолқын Оразымбетова көрнекті жазушының шын мәніндегі суреткерлігін дәлелдей алды. "Жұпарына еміренткен раушан гүл" деген әдемі тақырыпты өз жұмысына өзек етіп алған Гүлназ Ахметова мен "Ш.Мұртазаның қоғамдық қайраткерлігі" жайында сөйлеген Дәулетов Дәуір де өздерінің тәп- тәуір еңбектенгенін байқатты. Әсіресе, аталған тақырыптар арасында Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушысы Ақтолқын Оразымбетова (ғылыми жетекшісі Іскендір Қынаша) мен "Ойық" ауылындағы Д.А.Қонаев атындағы орта мектептің оқушысы Жанерке Нұрғалиева (ғылыми жетекшісі Жансая Төлеуова) екеуінің баяндамалары өте жоғары деңгейде жасалынғаны сүйсіндірді. Аудандық Тіл басқармасының бастығы Б.Көлбайұлы, Білім басқармасының әдіскері М.Шоңова, кәсіпқой суретші Б.Жаңабеков, журналист Д.Төлепбергенұлы мен осы жолдардың авторы енгізілген қазылар алқасының қорытындысы бойынша, үшінші дәрежелі диплом Ы.Алтынсарин және Қолбасшы Қойгелді атындағы орта мектептің, екінші дәрежелі диплом А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназия мен "Алғабас" орта мектебінің оқушыларына беріліп, Д.Дәулетов, А.Оразымбетова, Г.Ахметова, А.Сәтекбаевалардың ғылыми жектекшілері Жаңагүл Смайыл, Іскендір Қынаша, Айша Үтбаева, Мадина Кенжетаева, Қалдыгүл Мұсаевалар да Мақтау қағаздарымен марапатталды.Конференцияға атсалысқан барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар тапсырылып, бірінші орын алған мектеп-лицей оқушысы Бегман Алмас магнитофонға, ал Бас жүлденің жеңімпазы ауылдағы Д.А.Қонаев атындағы орта мектептің аса қабілетті, дарынды оқушысы Жанерке Нұрғалиева теледидарға ие болды". Осы мақаламда есімдері аталған балғын зерттеушілердің әрқайсысының, Жаратқан ием амандығын берсе, түбі бір жерден жарқырап шығатындықтары сол кезде-ақ бесенеден белгілі болып тұрды. Және олардың өмірден өз орындарын жаңылмай тауып, дүниенің кетігіне кірпіш боп қаланғандарына қазір де күмәнсіз сенем. Өйткені олар өз ғұмырымен де, өз шығармашылығымен де, қоғамға еткен қызметімен де ешкімге ұқсамайтын ерен тұлға Шер- Ағамның еңбектерінен құнарланды ғой. Ғажайып ғұмырынан нәрленді. Шер-Ағамды оқыған, Шер-Ағаңды үлгі тұтқан адамның нашар болуы мүмкін емес. Шерхан Мұртазаның сексен жылдық мерейтойын да әулиеаталықтар дүбірлеп өткізді.
Екі мың он екінші жылдың жиырма сегізінші қыркүйегінде, жұма күні алдынала бекітілген бағдарлама бойынша, мерейтойдың ашылу салтанаты Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласындағы облыстық қазақ драма театрының шаңырағында жазушының «Домалақ ана» спектаклінің тұсаукесерінен бастау алды. Бұдан кейін сенбіде «Баласағұн» орталық концерт залында «Шерхан Мұртаза шығармашылығы және тәуелсіз ел руханияты» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда абыз жазушы шығармаларының бес томдық жаңа жинағы таныстырылып, насихатталды. Ал Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада Шерхан Мұртаза шығармашылығына арналған мұражай ашылды. «Халқымыздың ұлы перзенті Ш.Мұртаза 80 жаста» атты салтанатты шара жазушының туған өлкесі Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылында жалғасын тауып, драматургиялық шығармалар байқауының жеңімпаздары марапатталды, өнер жұлдыздарының мерекелік концерті болды. Той көрігін ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстар да қыздырды. Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхамед, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы сынды елге танымал тұлғалар, қаламдас достары мен қазақ зиялы қауымының, жерлестерінің басын қосқан мерейтой Жамбыл жерін үлкен салтанатқа бөлеген-ді. Парламент мінберіндегі пәрменді пәтуалары әлі күнге дейін аңыздай жырлана, ауызға алынатын Шерхан Мұртазаны кезінде жасындай жарқылдаған "Жас Алаш" газетінің "Парламентте он Шерхан болса, шіркін!.." деп арман ете жазғандары елдің көз алдында. Амал не, он Шерхан шықпады. Он тұрмақ, екеу де шықпады. Осып-осып сөйлейтін Шер-Аға жалғыз болды. Дара болды. Көп нәрсеге алаң болды. Көр тірліктен көңлі жаман болды. Көкірегіне нала толды.
Ондайда адам қайтеді. Дертке дерт қосады. Ауруға ауру жамайды. Қайғы ұлғаяды. Уайым ұзарады. Үміт жіңішкереді. Жүйке жұқарады.Жүрім қысқарады. Шерхан ағамыздың қатты сырқаттанып, ауруханаға түсіп қалғаны туралы жайсыз хабар желдей есіп, жұрттың жүрегін солқылдатқанда, Шерағаның сексен бес жылдық даталы мерейтойы есік қағып, ел-жұртының рухани босағасынан кіріп қойған кез-тұғын. Облыс әкімі К.Н.Көкірекбаев бізді сол кісінің кеуілін сұрап қайту үшін Алматыға жіберді. Жаңа жыл қарсаңындағы мерекелермен құттықтап, әрі сәлем беріп қайтамыз деген желеумен оңтүстік астанаға сапар шеккен делегациямыздың құрамындағы Жамбыл облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Еркінбек Солтыбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер-драматург Елен Әлімжанұлы, облыстық "Знамя труда" газетінің директор-Бас редакторы Бекет Момынқұлов, тарихшы-археолог, өлкетанушы ғалым Сауран Қалиев пен жуалылық Нұржігіт Бегалы алтауымызды сол кездегі Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов бастап апарды. Шер-Ағамыз бұрынғы совминнің емханасында екен. Біз келіп жеткенде, неше күннен бері толғатып, дәл сол сәтте ғана аппақ қарын бірде жапалақтатып, енді бірде қылаулатып жауғыза бастаған Алматының манаураған аспаны көктайғақ көшелерін жұмсартып, бұлыңғыр ауаны жұпарға бөлей берді. Даланың ызғары мен шыңылтыр суығын сіңірген тұлабойымыз көп қабатты аурухананың ұзыннан-ұзақ көсілген кең дәліздеріне жіпсіп үлгерді. Құп-қудай боп төсек тартып жатқан барыстай арыс ағамыздың жарық палатасына келіп кіргенімізде, иығымызға желбегей жамылған аппақ халатымызбен бірге өзіміздің үстімізден де ақ пейіл, таза ниеттің кіршіксіз көрінісі қылаң беріп тұрған. Бой- басын әлсіздіктің ауыр жүгі меңдеген Шерхан көкемізге үлкенімізден кішімізге дейін ыстық қолымызды созып, жылы алақанымызды ұсындық.
Қазақтың Шерханымен қауышып, ел тілегін жеткіздік. Үнемі қасынан табылып, перзенттік парызына адалдық көрсетіп жүрген Батыржандай ұлына сүйсіндік. Отты жанары өжет әкесіне тартқан Шер-Ағамыздың аяулы қызы Алма әкпеміз де толқыған көңілімен ризашылығын білдіріп, ауылдастарына аппақ тілегін арнап, дұғай-дұғай сәлемін жолдады. Бұдан бірнеше жылдар бұрын «Ақындығың Алатаудай асқақтап, өнерің Тянь-Шань тауындай биікке өрлесін!» деп маған бата берген Шерхан Мұртазадай аңыз адамның, абыз ағамның қоштасарда басқалардың соңынан ұсынған менің оң қолымды ұзағырақ ұстап, «Аман-сау болыңдар!» дегені елінің амандығын, жұртының тыныштығын сақтап, бейбіт заманның бесігін тербеткен халқын Жаратқан Иемізге аманаттағаны деп ұқтым. Еңіреп жібергісі келіп тұрған көңілімнің көзжасын көрсеткем жоқ. Көк өзегімде тұншықтырдым. Удай ашыған сол жақ кеудеме де сыр бергізбедім. Қасымдағы басқа кісілер де сөйтті деп ойлаймын. Өйткені, бұл - менің де, әлгі жанымдағы сапарластарымның да, қазақтың Шерханын соңғы рет көріп тұрғанымыз болатын.
Соңғы рет болса да бір көріп тілдесіп қалғанымызды дәтке қуат еттік. Соңғы рет. Казақ әдебиетінің алтын дәуірінің соңғы классигімен соңғы рет кездесіп тұрғанымызды іштей түйсіндік. Алайда бақұлдаспадық. "Тезірек сауығып кетіңіз!" деп қоштастық. "Келесі кездескенше!.." дестік. Ал ол кісі өзінің ана дүниелік екенін біліп жатты. Үндемей қарап жатқан солғын жанарымен бізге де сездірді. Кетерде басқа кісілердің соңын ала созған менің оң қолымды ұзағырақ ұстап, "Аман-сау болыңдар!" деген бір ауыз сөзімен-ақ мәңгілікке қоштасып жатқанын ұқтырған... Қаралы хабар көп ұзамай жетті. Екі мың он сегізінші жылдың оныншы қазанында қазақ елінің барыс текті Шері Шерханы бақилыққа аттаныпты. Үнемі түсінде көретін Айша анасын іздеп... Ал мына дүниеде біз ол кісінің өзін іздеп жүрміз. Ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы атанған Шерханын әлі талай жоқтайтын болады қазағы. Тек артында қалдырған өлмес мұралары ғана жанымызға жалау, көңілімізге медет. Өмірімізге нәр. Келешегімізге шамшырақ.
Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Қазақ үні