ӘДЕБИ СЫН ЖАНРЫНДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
2022 ж. 12 шілде
3776
1
«Қайнар» баспасынан танымал қаламгер, дарынды әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әмірхан Меңдекенің ұлттық әдебиетіміздің жай-күйін қаузайтын «Жалғыздық сені қайтейін...» атты таңдаулы әдеби-сын мақалалары жарық көрді.
Кітапты шетпұшпақтап шола бастағанның өзінде форма тосындығы, мазмұн тереңдігі байқалады. Мақалалар топтамасының тақырыптары да ерекше: «Әйел һәм еркек», «Жалғыздық сені қайтейін...», «Адасқақ», «Әуезов... және әйел айырбастау», «Гоголь «Өлі жандарды» неге өртеген?», «Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей», «Ұлтқа – ырыс, елге – құт», «Дос жылатып айтады!», «Сізді іздеп жүрмін», «Мұхтар Мағауинды Қазақстанға қай бетімізбен шақырамыз», «Менің Темағам», «Тәуелсіздік немен өлшенеді өзі?», «Соқыр қоғам, соқыр ұрпақ, соқыр...», «Дәме бар да дәрмен жоқ», «Біз кімбіз осы...», «Ұлт жазушысы», «Әдебиет! Әдебиет? Әдебиет...», «Тіліңді әулие тұт, сөзіңді – пір», «Ей, Қабыл, Әбіл қайда?»...
Жалпы көлемі жиырма баспа табақтай еңбекте қамтылған уақыт тынысы да айқын ¬аңғарылып тұр – тұтас бір дәуір жүгі көтерілгендей. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы мен Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесі шендестіре талданатын алғашқы дүниеден-ақ сыншының әрбір шығарма табиғатына дендеп бойлайтыны, кейде аса қауіпті, тіпті, қатерлі иірімдерге, қатпар-қатпар қалтарыстарға сүңгіп, тұңғиық тереңнен ой толғайтынын аңдайсыз. Сондай-ақ, авторлың, мәселен: «Мұқият зер салып байқасаңыз, Ж.Амауытовтың Ақбілегі мен М.Әуезовтің «Қаралы сұлуындағы» Қарагөздің бітім-пішінін психобиологиялық тұрғыдан тереңдете түскен, я болмаса осы бейнелердің жасалу жол мен жаралу баянын генезистік-психологиялық, көркемдік-пәлсапалық тұрғыдан онан әрі дамытқан, байытқан елеулі образдарды қазақ әдебиетінен кезіктіре алмайсыз!» дегендей батыл байламдары тәнті етеді.
Алғашқы мақалаға «Адамың жанын қойма ақтарғандай ақтармаған соң жазушылығыңның мәні де жоқ» деген Мұхтар Әуезов сөзінің эпиграф орнына алынуы да бекер емес екен. Мұндайда өзіміздің жазудағы кейбір үстірттігіміз, «осындайды оқырманымыз қабылдай алар ма екен» деп тартыншақтайтынымыз, қорғалақтайтынымыз, сөйтіп, негізгі бағыттан айдалаға лаға бастайтынымыз еске түседі.
Сарабдал сыншының қолға алған әрбір шығарманың қым-қуыт астарларын сонша қопара көрсетіп, небір нәзік қалтарыстардың ұңғыл-шұңғылын шеберлікпен талдап, соқырға таяқ ұстатқандай көрсететін мәнері тамсантады. Мұндайда, әлбетте, оқырман дүниетанымы кеңейіп, көкейіндегі көптеген түйткілдің, мазасын алған жұмбақ жәйттердің жауабын табатыны анық. Осылайша ол шығарма табиғатына сыншымен қатар біртіндеп еніп, алтын сарайдай әлемді армансыз аралай бастағанын байқамай да қалады.
Кітаптағы әрбір мақалада публицистикалық та, әдеби, ғылыми мәнер ұтқыр өріліп, шыншылдығымен, әділдігімен, риясыздығымен еліктіреді. Еңбектегі композиция ерекшелігі, кеңінен ұсынылатын аннотация автордың тақырыпты мұқият зерттеп, жан-жүрегінен өткізуі арқылы келетіні түсінікті. Бұл үшін оның күні-түні қаншама азаптанып тер төгетінін өзі ғана білетін болар. Ал автордың терең білім, мол парасаты оқушының да дүниетанымын кеңейіп, талғамын биіктете түсетіні түсінікті.
Айталық: «...Және олардың осы өзгешелеу түсінуінің ар жағында өз заманымен бірге ескіріп, өз заманымен бір мезгілде қартайып шыға келетін шарқы, жайдауыт көзқарастар емес, піл сауырлы қара жердің өзіндей самиянды, баябанды-байтақты көзқарастар жүйесі мен қорабалы дүниетаным жатқанын байқайсыз»... Яки: «Дәл осы жерде қазақ прозасының үлкен бір олқылығы, «балалық ауруы» айқындала түседі. Қазақ прозашыларының басым көпшілігі адамның әлеуметтік «меніне» ден қояды да, мендік «мен» мен меншік «менге» көп мән бермейді»... Немесе: «Енді «Қаралы сұлудың» тілі туралы бірер сөз. Әңгіменің тілі ¬– көне күмбезге түскен бедіздей бедерлі. Бұдырлы. Мықты материалдан жасалып, мініскер қолдан шыққан, сондықтан да бедерін де бұзбай, бұдырын да жоғалтпай заманалар бойы бәз қалпында тұра беретін көне бедіз сияқты аталған әңгіменің тілі де қуатты ой мен құнды шындықтың қорытпасы секілді аса мығым. Нық. Әр сөзі, әрбір сөйлемі – жерден пішіп алғандай құйқалы. Уызды. Қауқарлы» дейтін шымыр жолдар бей-жай қалдырмайды.
Сыншының кейіпкер психологиясының әлеуметтік, философиялық астарларына, жазушы шеберлігінің сырына терең бойлайтыны секілді, кітаптағы мақалалар формасы, олардың орналасу реті де көз тартады.
Ертеректе көрнекті жазушылар Тахауи Ахтанов пен Әбіш Кекілбаевтың «Керуен» және «Дәуірмен бетпе-бет» деп аталатын әдеби сын, рецензия жинақтары туралы «Жас ақын-жазушылар жастанып оқитындай екі кітап» деп жазған едік. (Әдебиет порталы. 13.09.2018).
Білікті әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық сені қайтейін...» атты таңдаулы әдеби-сын еңбегін де сондай кесек дүние деп бағалаймыз.
Иә, дау жоқ, бұл да өте шымыр, жоғарыда айтқанымыздай, әсем, иірімі терең, тартымды, тағылымды кітап. Жаңалығы да әбден мол.
Қорыта келгенде, «Жалғыздық сені қайтейін...» кітабын қазақ әдебиетіне келген сүбелі еңбек, мол олжа деп санаймыз.
qazaquni.kz