АРАЛДЫҢ АҚ ШАҒАЛАСЫНДАЙ
2022 ж. 12 шілде
2749
0
(Жазушы Қуаныш Жиенбайдың бір әңгімесі туғызған ой)
Әдетте әлденеге деген қызығушылығың алғашқы әсерден басталатыны белгілі ғой. Сонау тоқсаныншы жылдың бас кезінде «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген әлдебір әңгіменің елең еткізгені есімде. Ондағы кейіпкерлер арасындағы қым-қуыт шиеленіскен тартыс, нәзік психологиялық иірімдер, тіпті бір сәт, таным-түйсікті төңкеріп түсіргендей күйге бөлеген. Оның үстіне кез-келген идеяңның шетін тигізсең-ақ құлпыртып, құтыртып жіберетін сол кездегі газет суретшісі А.Черданцевтың шеберлігі қандай, әлгі дүниені графикалық жағынан безендірген айшықты штрихтарға дейін көз алдымда қалып қойыпты.
Бір қарағанда, шығарма мазмұны да өте жеңіл. Сюжет, негізінен, жиырма алты-жиырма жеті жастағы Қырықбай деген жігіт төңірегінде құрылады. Шофер. Тұрғындарының бір бөлігі балық шаруашылығымен, екінші жартысы теміржол ісімен айналысатын шағын мекендегі елге сыйлы бір адуындау, жесір әйелдің жалғыз ұлы. Ауылдағы кейбір қатарластарына қарағанда сәл кештеу үйленген. Әйелі Күлзипа қосылғалы бірталай өтсе де, бала көтере алмай жүр.
Бұл жәйт Қырықбайдың жанына батады, әрине, аз-мұздап. Ал қашаннан мұнымен іштей бақталасып жүретін кластасы Мүтәліп болса, бала таптыру жағынан келгенде «К-700». Төрт перзенті бар!
Ол – бақташы. «Мансап» тұрғысынан жарқ-жұрқ еткен су жаңа машинамен бөлімше басшысын таситын «блатной» Қырықбайға жете алмай діңкелеп, амалы құрығандықтан анда-санда құрдасының әлгіндей «кемшілігін» бетіне басып, қыжыртып та қояды. Сыр тартқан болып келіп:
– Күлзипаны күнде көріп жүрміз ғой. Оның дені сау. Барлық кілтипан өзіңнен шығар. Емделмейсің бе?! – деп соқтығады. Бірде осы сөзі үшін Қырықбайдан таяқ та жеді өзі. (Мысалды түпнұсқа бойынша дәлме-дәл емес, есте қалған көріністер бойынша келтіріп отырмын. Қ.М.).
Күлзипа көріксіз емес. Ауыл сахнасында аздап ән салатын да өнері бар. Сондықтан ба, Қырықбай келіншегін ел-жұрттан ептеп қызғанып та қояды. Үнемі сәнді киініп алып, желдей жүйткіген жеңіл көлігімен ойқастап олай өтіп, бұлай өтіп, кілең басшылардың маңайында, жиын-тойда жүретін күйеуін зайыбы да қызғанады. Өйткені керемет жақсы көреді.
Бір күні кештетіп жұмыстан келсе, түнерген апасы «әйелің кетіп қалды» деп отыр. Анасының сөз астарынан «Сенің рұқсатыңсыз кетті. Бұл не сұмдық, еркек атың қайда, неге бетімен жібересің» деген зілін де аңдау қиын емес еді. Әуелде шешесіне көз қып: «Ой, кетсе кетсін, әкесінің! Сойып саламын! Қайда барар дейсің!» деп қоқаңдағанымен, артынан ойланады. Себебі, әнге әуес әйелі облыс орталығында өтетін көркемөнерпаздар байқауына қатыспақ ниетін күнібұрын-ақ ескерткен-ді бұған. Сонда едәуір толғанған соң: «Ну, да, штожы! Барсаң бар! Тіпті, реті келсе бірге барып қайтайық та. Бірақ апама айтпай-ақ қояйық. Босаған сәтте қыдырайық. Ресторанға отырып жырғайық бір. Апама да керек-жарағын әкеліп беріп бір-ақ қуантайық» деген де өзі болатын. Бәрібір Күлзипаның сол шараға мұны күтпей аяқ астынан жүруге мәжбүр болып қалғанын қайдан ескеріп жатсын, «Шынында да, о несі екен-ей! Көрсетейін саған айтпай кеткенді!» деп бұлқан-талқан ашуланып та қалды. Дәл сол күні әйелінің бұған да сыртынан ренжігені рас еді. Ренжімей қайтеді, көшедегі колонкаға су алуға барса, күйеуі тура қасынан зу етіп өте шықты мәшинесімен. Анық байқады – қасына бір сұлу бикешті отырғызып алыпты. Екеуі бұған пысқырып та қарамаған. Қызғаныш деген қызыл итке не дауа, Күлзипа да әлгі әйелдің ешбір бөтен ойы жоқ, әшейін жұмыс бабымен кетіп бара жатқан адам екенін қайдан білсін...
Қырықбай ертеңіне бастығынан сұранды да, пойызға міне салып тартты келіншегінің соңынан қалаға қарай. Түскен бойда салып ұрып Мәдениет үйіне барса, жетекшісі: «Дайындығың төмендеу, бұл жолы кідіре тұрасың ба, қайтесің» деп ренжіген сияқты; сахнаға шығар-шықпасын білмей дағдарған Күлзипа мұңайып отыр екен. Қызметшілерге арналған есіктен вахтер шалмен айқайласып зорға кірген күйеуінің даусын естіген бойда ытқып шықты. Қырықбай да келіншегін көргенде кешеден бері бойды буған ашу-ызадан із қалмай, езуі жайылып ыржаңдай береді.
Мән-жайға қаныққаннан кейін: «Өй, өйткен концерті бар болсын!» деп екеуі қолұстасып қайтуға ыңғайланады. Сөйтеді де, дереу вокзал ғимаратына кіріп, билет алып шығады. Вокзалға кіріп бара жатқанында ойлаған: «Қалаға күнде келіп жатқан жоқпын. Қайтарда Мүтәліп итке оншақты шөлмек сыра ала салайыншы» деп. Бірақ қыршаңқы құрдасының өткендегі сөзі есіне түсіп ол ойдан тез айниды: «Тілінен қағынған ол оңбағанға тас да жоқ!».
– Нешінші орын? – деп сұрайды әйелі билетке шұқшиып. Қараса – ең соңғы вагон. – Ой, сен қызықсың ба, өзіңнен басқа адамды ойламайсың. Артқы вагонның қатты шайқалақтап маған ауыр тиетінін қалай ескермегенсің?! Ішім ауырса өзің жауап бересің ертең!
Күлзипаның аздап секпілдене бастаған жүзі алаулап тұр. Қырықбайдың аузы аңқиып қалыпты. Әйелінің аяғы ауыр ғой, демек!
– За то, ақырғы вагонда көп ешкім болмайды! – дейді ол қуаныштан жүрегі аузына тығылып. Сасқалақтап, абдырап тұр: – Шөлдеп қалған жоқсың ба, сусын әкеліп берейін?!.
Бұдан соң жалма-жан дүкенге қарай зымырайды.
– Ай, Мүтәліп ит-ай! Аузыңның салымы бар екен. Енді қайран жоқ! – дейді ол екі-үш шөлмек сусын мен он бөтелке сыраны санап алып жатып...
Міне, бас-аяғы осы. Әңгіменің аты – «Он тоғызыншы вагон». Авторы – Қуаныш Жиенбай.
Сол шығарма жарияланғаннан бергі аралықта жазушының талай-талай хикаят, әңгіме жинақтары шықты. (Қайсыбірі үлкен сыйлықтарды иеленген оларды тізіп отыру шарт емес шығар). Бір ғажабы, солардың бәрі де көбінесе дәл осынау «Он тоғызыншы вагондағыдай» бадырайып көзге іліне қоймайтын «оңай» тақырыптарға негізделеді. Әйткенмен, әсері орасан. Қызығып оқисың. Езуге күлкі үйіретін тұстары да аз болмайды. Кейде қынжыласың. Кейде күрсінесің. Өзіңе етене таныс, күнде көріп, сенің де көңіліңді күпті еткен нәрселер сияқтанады. Бірақ шығарма фабуласына таңырқайсың. Тамсанасың. Қат-қабат иірімдерімен баурап, жетелеп отырады. Ойланасың. Оқиға желісі көпке дейін есіңнен шықпай жүреді. Және өздерінің «Құлпытастағы қос жол өлең», «Қарғаның саңғырығы», «Кемпірлер мен кептерлер», «Апполон көбелегі», «Тоқта, өлесің бе?!», «Үшіншілерің кім еді?», «Сүт таситын мәшиненің шопыры» дегендей аттары да тосын келеді.
Шын мәнінде, қаламгер шеберлігінің басты мәні де осындай «оңтайлы» тәсілде жататыны анық. Діттеген нысанын сәтті ашудың құпияларын жетік игерген жазушы кейбіреуімізше «А, дүние!» деп ах ұрып, құшақ жетпейтін кеңістікті тұтас қамтуға тырмысып, бірден бүкіл ғаламдық проблемаларды игеріп тастауға ұмтылмай, «жалқыдан – жалпыға» деген пәлсапалық үрдіспен, титтей ғана нәрсені үңги қаузау арқылы бүкіл адамзат баласын толғандырған жәйттерге қарай құлаш сермеп, биік белестерге біртіндеп самғай бастайды. Тегінде, біз көп айтатын әдебиеттегі әлемдік мәселелер деген де осы секілді «ұсақ-түйек» үлестен құралатын болуы керек. Өйткені, расында да, жер шарының әрбір нүктесіндегі пенде баласының басынан өтіп жатқан уақиғалардың бәрі де дүниежүзілік деңгейде айтылуға құқылы емес пе.
Жазушының таңдаған тақырыбы нысаны да нақты – көбінесе өзі жақсы білетін Арал өңіріндегі өмір. Сондағы экологиялық ахуал. Теңіз төңірегіндегі табиғат тынысы. Небір дәуірлерде талай аласапыран оқиғаларды кешіп келе жатқан сан алуан тағдыр иелері. Солардың бейнесі арқылы әртүрлі портреттер галареясы айқындалады.
Қарапайымдылық қағидасын берік ұстанған жазушының атамекенге деген перзенттік сүйіспеншілігі мен кіндік қаны тамған жерге адалдығының да қаламгерлік шеберлікке қалтқысыз қызмет ететін басты қасиет екені сөзсіз.
Айрықша қолтаңбасымен өте ұғынықты, әрі өнімді жазатын Қуаныш Жиенбай шығармашылығының және бір жетістігі ұдайы туған халқымен бірге тыныстап, оның мұң-мұқтаж, қуаныш-қайғысын жіті сезіне білуінде болар. Өз замандастары мен ақсақал аға буынның, сондай-ақ үлкен өмірге енді-енді ғана қадам басқан іні-қарындастарының да тіршілік қалтарыстарына терең бойлап, олардың жүрек лүпіліне үңіле білу машығында болар. Сұрапыл толқындармен жағаласып, дауыл өтіне өршелене қарсы ұмтылған ақ шағаладай үлкен ұлттық мұраттар жолында жан аямай еңбектенуінде болар.
Әр кездері әдебиеттің қоғамдағы орны туралы, оның адам болмысына тигізетін ықпалы жөнінде сұрақтар қойылып жатады. Бұл бағытта Қуаныш Жиенбайдың заманалар ағымы туралы телегей теңіз ой тербеп, бүкпесіз сыр ақтарып, белгілі биіктен көрініп жүрген мәнері бөлек, қарымды қаламгер екені даусыз.
Құлтөлеу МҰҚАШ.