Ілияс мінген Қарагер
2022 ж. 02 шілде
2019
0
Семей қаласындағы Абай атындағы әмбебап кітапхананың ұйымдастыруымен жазушы-журналист, «Қазақ тарихы» журналының бас редакторы Әбділдәбек Салықбайдың 60 жылдық мерейтойының бастамасы ретінде «Ілияс мінген Қарагер» атты онлайн кездесу өтті.
Алаш қаласындағы Абай атындағы әмбебап кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Аязбаеваның ұйымдастыруымен өткен ауқымды шараға Шығыс Қазақстан мен Абай облысы кітапханашылары түгелге жуық қатысты. Алғашқы болып сөз алған қазақтың сұрапыл ақыны Әбубәкір Қайран екі облыстың кітапханашылары мен оқырмандарына кеш кейіпкерін толығырақ таныстырып шықты. Шара барысында жазушының сонау 1998 жылдан бастап күні бүгінге дейінгі кітаптары туралы мол мәлімет берілді.
Соңыра «Ақынға қара сөзден өлең оңай» дегендей, мерейтойға жырдан шашу шашты.
Кездесу сауал-жауап ретінде жүрді. Мерейтой иесі оқырмандардан келген сауалдарға жауап беріп, еркін пікір алмасты. Сонымен қатар журналист-жазушы Әбділдәбек Салықбайдың «Айдана мен Ақжолтай» және «Ілияс мінген Қарагер» атты кітаптарының қашықтан тұсауы кесіліп, оқырманға таныстырылды.
«Осы орайда осынау кездесудің өтуіне ұйытқы болып, Шығыс Қазақстан облысы мен Үржар ауданының әкімшіліктеріне хат жолдап, нәтижесін қадағалаған Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен Бауыржан Жақыпқа айтар алғысым шексіз. Осындай тілеуқор басшыларым Һәм жанашыр әріптестеріміз барда тың туындыларымыз өз оқырманының жүрегінен орын ала беретіні сөзсіз», – дейді мерейтой иесі Әбділдәбек Салықбай.
Осы іс-шараның тұздығы ретінде ақын Әбубәкір Қайранның жыр-шашуы ұсынылып отыр.
Медет БОЖАН
Семей қаласы
Әбділдабек Салықбайдың мерейтойына жыр-шашу
Қиындық, ауырлыққа қарамастан,
Еңбекке жас кезінен араласқан,
Ерлердің ер көңілді бірі осы деп
Сүйініп қарады Күн, қарады Аспан.
Мінезі – арайланған таңғы мезет.
Талант, жігер берді тағдыр жебеп.
Маңдайлы Мақаншының бір тұлғасы –
Ұрпағы Салықбайдың Әбділдабек!
Алды-артын тең болжаған бұл азамат,
Білгендер үлгі алады бұған қарап.
Кеп-кеше көкке ұмтылған шыбық еді,
Бұл күні тамырланып, болды дарақ.
Журналшы һәм жазушы, редактор,
Шыңдағы қыран құстай түлеп-ақ тұр.
Жан жары, үш ботасы ұясында,
Білетін әрбір жанға, міне, бақ бұл!
Ел-жұрты мақтан етер өскен ұлын,
Өскен ұл өркені ғой текті елінің.
Оңаша орда тігіп алды бүгін,
Түлегі “Қазақстан мектебінің”.
Маңайын масайратты, көрікті етті,
Басынан талай нөсер төгіп те өтті.
Еленіп еңбегінің нәтижесі
Алпысқа Әбділдабек келіп жетті!
Мерейтойы құтты болсын деп айтамыз,
Шаттанып, мәртебесін зорайтамыз.
Шыққан соң ортамыздан, осындайда,
Қол соғып, қуанбайық қалайша біз!
Әбубәкір ҚАЙРАН,
Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.