ҚЫРҒЫЗ ШОҢЫНЫҢ ҚҰШАҒЫ
2022 ж. 21 маусым
2349
0
ҚазҰУ-дың «Әл-Фараби кітапханасында» Қырғыз елінің тұңғыш президенті, бүгінгі Ресей Ғылым академиясының академигі, профессор, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Күрделі жүйелерді математикалық зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Асқар Ақаевпен кездесу өтті. Аты әлемге әйгілі ғалым «Демографияның ежелгі дүниелерден бергі динамикасы әм адамзат болашағы (математикалық үлгі және компьютерлік болжам») тақырыбында дәріс оқыды.
Менің көз алдыма осынау тұлғамен бұдан отыз жылдай бұрын алғашқы жақын жүздесу сәттеріміз оралған.Сондағы әсерлер жадыда қайтадан жаңғырықты. Кез келген құбылыстың қыр-сыры уақыт озып барып айқындала түсетіні заңдылық сияқтанады. Әлдебір оқиға туралы әсер суытпай жазып тастаған әуезелеріңді араға кезең салып қайта қарасаң, көп жәйттің кесек-кесек күйінде айтылмай қалғанын аңғарасың. Журналист Жолдасбек Дуанабай екеуіміз 1993 жылы маусым айында Қырғыз Республикасының президенті Асқар Ақаевпен кездесуіміз туралы «Мен – қазаққа жиенмін» деп аталатын сыр-сұхбатында сөйткен екенбіз. Бірталай әңгіме көкейде қалыпты.
Қырғыз елінің сол кездегі серкесі Асқар Ақаевпен алғаш осындағы жастар форумы кезінде жүздесіп едік.
«Сенің де бетің жап-жалпақ, менің де бетім – жап-жалпақ» дегендей, форум делегаттарынан еш айырмамыз жоқ, кең сарайға елеусіздеу ғана кіріп, сахнаға таяу қатарлардың біріне барып жайғастық. Президент қасында қырғыз елінің бір топ жақсы-жайсаңы бар, қасқа маңдайы жарқырап, президиум төрінде отырды.
Бір байқалғаны – мінберге көтерілгендердің дені сөзінің «әп піссімілләсін» президент пен үкімет жетекшілеріне, парламентке соқтығыңқырап бастайды да, ешкім сөкет көрмей ыждаһаттана тыңдайды екен.
Жиынға кірердің алдында ғана бірқатар газет-журнал сатып алған едік, олардың да тең жартысында Асқар Ақаев бейнеленген карикатуралардың басылғанын көргенбіз. Бұған қарап, республика президенті пікір бостандығына ерік берген екен-ау деген ой түйдік.
Небір орақ ауызды, от тілді шешендер мұнда да жеткілікті көрінді. Жалындап сөйлегенде бірінен-бірі асып түседі. Бір қу: «Алла-тағала жастың тілегенін береді» деген, енді президент сұрағанын беріп отырса! – деп жұртты ду күлдірді.
Қырғыз да сөзге тоқтаған ел ғой, мемлекет басшысы да қисынды уәжге мәз болып, алдындағы қағазға әлденелерді түртіп алып жатты.
Мәжілістің бірінші жартысы аяқтала бере президиумға: «Президент Асқар Ақаевқа. Қазақстанан келген журналистерміз. Сізбен сұхбаттасқымыз келеді» деп тілхат жібердік.
Президент оны оқып көріп, ықыластана бас изеп, қайда отырсыңдар дегендей сонадай жерден мойын созғанда, қол көтеріп белгі бердік.
Сәлден соң өзі де мінберге көтеріліп, жастардың алдында тұрған міндеттер туралы ұзақ сөз сөйледі. Соңында:
– Сіздердің форумдарыңызға Қазақстан журналистері арнайы келіп, қатысып отыр, – дегенде делегаттар ду қол соғып, залдағы бүкіл телекамералар мен фотоаппараттар шамдары жарқ-жұрқ етіп, бізге төнді.
Бұл – қырғыз ағайындардың Қазақ еліне деген кіршіксіз құрметінің белгісі еді.
Сөйтіп, жұртшылық назарының бәрі біз жаққа ауып, мәртебеміз мезетте көтерілді де кетті. Іле-шала: «Үзілісте сіздермен суретке түссек» деген әлдебір арулардан екі-үш ұсыныс та түсіп үлгеріп, езуіміз босап, маңдайымыз тершіп сала берді. Қазақ болып туғаныңа осындайда қуанады екенсің...
Үзіліс жарияланған сәтте бір жігіт:
– Президент сіздердің сахнаға көтерілулеріңізді сұрайды, – деді.
Сағынысып табысқан ағайындардай құшақ айқастырып амандастық. Асекең бірден:
– Қай тілде сөйлесеміз? Қазақша ма, әлде қырғызша ма? – деп жымиды.
Күлгенде маржандай тістері жарқырап, жүзі нұрланып, іші-бауырына тартып әкетеді екен. Әзірлеген сауалдарымыз көп еді, диктофондарды сыртылдатып, бүкпесіз әңгімеге кірісіп кеттік.
Алғашқы сұрақтарымыздың бірі баспасөз бетіндегі президент туралы карикатуралардың көптігіне, орынды-орынсыз сын бостандығына ерік берілуі себебіне сайды. Бұл сауалға президент: «Мен билік шыңына көптеген басшылардай комсомол мен партияның белгілі вертикальды жолдарымен тырмысып, білек ауыртып, тырнақ қанатып сатылап өрлеп емес, парашютпен секіріп түскендей келдім. Басшылыққа халық ішінен демократиялық жолмен сайландым. Сондықтан диктаторлық мінез маған жат нәрсе, баспасөз бостандығы мен үшін қорқынышты емес. Қайта пайдалы шығар. Және ақпарат құралдары да кәсіби мәдениет шеңберінен шыға қоймас, – деп жауап қайтарды.
Президенттің жұмыс стилі қырларын ашатын осы сипаттағы он бес-жиырма минуттік сұхбаттан соң әңгімені түскі астан кейін жалғастыруға уағдаласып тарадық.
Сәлден соң баспасөз қызметінің жігіттері бізді машинаға отырғызып алып, қырғыз әні шалқып тұрған әлдебір ресторанның төрінен бір-ақ шығарды.
Асты енді ішіп бола бергенімізде алқынып жеткен және бір азаматтар:
¬– Президент шұғыл шақыртып жатыр! – деп қол-аяғымызды жерге тигізбей тағы әкетті. Асағаң да қасында жалғыз ғана көмекшісі бар, форум өтіп жатқан сарайдың шағын бір бөлмесінде ауқаттанып болып, пиджагы мен галстугын шешіп, жейдесінің жоғарғы түймелерін ағытып, желпініп отыр екен.
Бұл жолғы сұрақты Қырғыз елбасының Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа көзқарасы туралы бастадық.
– Нұрағаң — жаңа заманның ең алғыр саясаткерлерінің бірі. Біліктілігі, көрегендігі, күрделі жағдайларда ұтқыр шешім қабылдау шеберлігі әрдайым таңқалдырып отырады, – деді. – Жалпы, өзіме қай жағынан болсын, қырғыздың – қазаққа, өзімнің Нұрағаңа іні болу жағдайымыз ұнайды. Ал, Қазақстан Республикасының президентімен жеке қатынасымызға келсек, мен – Нұрекеңмен доспын, қан жағынан туыспын. Бұл ара-қатынасымызға ТМД елдерінің басшылары қызыға қарайтын болуы керек...
Президент осыны айтқанда Шәкерім қажының: «Бергі заманда қазақ атанғаны болмаса, біздің қазақ та қырғыз» деген сөзі есіме түсіп, «осы болжамның анық-қанығы қайсы? Кімнен кім шыққан? Әйтеуір, қалай болғанда да, түбіміз алыс емес-ау» – деп ойладым.
Әңгіме Қырғыз көшбасшысының отбасы жайына ауысқанда, ол зайыбы Майрамгүлдің қазақшаға судай екенін айтқан. Расында да, кейін теледидардан байқадық, Мәкеңнің әлдебір әсерін қазақша майын тамызып:
– Жан дүниеңді тербейді екен. Жүрек тебірентеді, – деп әңгімелегенін көргенде сөйлеп отырған қырғыз қызы дегенге сенбейтіндейсің...
Қоңырау соғылды да, форум жұмысы қайта жалғасты. Президент бұл жолы да мінберге көтеріліп, өзінің жанына бататын жастар проблемаларына тоқталды.
Бұдан кейінгі сұхбатымызды резиденцияда тай тұяғындай алтын жиекті шәшкедегі қою кофені күміс қасықпен шайқап отырып өрбіттік. Еркінсігеніміз сонша, кең президент кабинетінің қабырғаларын қаптаған қымбат ағашты да сипалап көріп, оның қай елден әкелінгеніне, қанша ақшаға түскеніне дейін сұрап жүрміз.
Асағаң да көптен көріспеген бауырларына шешілгендей ағытылды. Сонау құлындай ойнаған жігіттік дәуреннің естеліктеріне сүңгіді. Жақсы билегенін, Майрам жеңгемізбен сол би алаңында танысқанын, он жыл Ресейде космос құрал-жабдықтарын жасайтын зауытта жұмыс істегенін, қалың сәнді шашының жартысын сонда қалдырғанын айтты.
Президент осы кездесуіміздің алдында ғана Америка Құрама Штаттарынан оралған болатын. Ол сапарда Билл Клинтонмен кездескенін, екі елге де тиімді келісімдерге қол жеткенін әсерлене әңгімеледі.
Арасында жағымды қоңыр дауысы күмбірлей жүріп, екі қолын қалтасына салып, ойлы жанарын бөлменің ұзына бойы бір қабырғасын алып жатқан биік терезеден алысқа тігіп тұрады.
Содан соң шынылы сөреден әлденелерді алып:
– Мынау сол Америкадан келген базарлық, – деп алдымызға қойды. Қағаз, қалам салатын былғары папка мен үлкен жазу кінежкесі екен. Папка Жолдасбекке тиді де, маған бұрыш-бұрышын «алтынмен» аптап, ішіне қалам қыстырған көк кітапша бұйырды.
– Қолтаңбаңызды қойып берсеңіз тіптен ғажап болар еді, – дедім мен.
Президент «әрине» деп, орындыққа жайғасты да, қаламсапты суырып баппен жаза бастады.
– Кетерімізде: «Не бұйымтайларың бар?» – деп сұраған.
Тілшілер бір-бірімізге қарадық. Президенттің пейілін байқасақ, «Бішкектің қақ ортасынан бір-бір үй тұрғыздырып беріңіз!» десек те орындайтын түрі бар сияқты. Бірақ бөлек мемлекеттің басшысынан не сұрай қоясың, «Кейқуат салды кесірді» демекші, ибадан озбауды ойладық. Сонда да мемлекет басшысының ыстық ықыласы мен өзіміздің пендешілік «правомызды» пайдаланып:
– Бәлендей бұйымтайымыз жоқ, тек жеңіл машиналарыңызбен Алматыға жеткіздіріп салсаңыз болады, – деп қалдық.
– Е, оған сөз жоқ, – деді президент.
Қоштасарда мейірленіп:
– Какие изящные! – деп бауырына қысқанда аса денелілер қатарына жатпайтын Жолдасбек екеуіміз Ақаевтың кең құшағына емін-еркін сыйып кеттік.
Содаң соң президенттін бізге көрсеткен ілтипатын бүкіл қазақ халқына деген сүйіспеншілік екенін жан-жүрегімізбен және бір мәрте сезініп, төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей сыртқа беттедік.
Қас қарайған шақ еді, Президент резиденциясынан ұзай бере, артқа бұрылғанымызда, бізді Асқар Ақаевтың көмекшілерімен бірге ақсия күліп, ұзатып салып тұрғанын көрдік.
Бірге болған үш сағаттың айналасында ұлықтығына кішіктігі жарасып, парасат-білігімен тәнті еткен XX ғасырдың нұрлы жүрек шоң қырғызы қатардағы қазақ тілшілеріне қол бұлғап тұр!
Біз де «Тусаң ту!» деп, көшбасшының игі істеріне сәт тілеп, жолға шықтық.
***
Асекеңнің ширек ғасыр бұрын сыйлаған сол жазу кітапшасын әлі күнге дейін мұқият сақтап келемін. Жора-жолдастарыма:
– Міне, көрдіңдер ме, маған Ақаевтың өзі мынандай қолтаңба берген! –деп мақтанып жүремін.
Құлтөлеу МҰҚАШ,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.
qazaquni.kz