ӨМІРІН ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛЫНА АРНАҒАН ДАРА ТҰЛҒА
2022 ж. 15 шілде
3262
0
Психолог ғалымдар адамдарды үш топқа бөледі:
- бірінші топтағы адамдар қоғамдағы қайнаған іс-қимыл әрекеттердің арасында жүретін, өмірлік позициясы белсенді адамдар. Қоршаған ортадағы, күнделікті ағымдағы қызметтер, жұмыстар, жаңалықтар мен жақсылықтар, өзгерістер солардың қолдарымен, яғни сондай адамдардың арқасында атқарылып жүзеге асырылады екен.
- екінші топ қоғамда, өмірде, дүниеде не болып жатқанын сырттай ғана бақылап, немқұрайлықпен өмір сүреді екен.
- үшіншілері әр нәрсеге тек құмарпаз, түймедейді түйедей, түйедейді түймедей етуге бейім адамдар. Әбекең бірінші топтағы адамдарға тән қасиеттер жиынын бойға сіңіргендіктен, санасы ісінен озық жүретіндіктен осы топтағы тұлғалардың алдыңғы легінде болды.
Тұлғалық қадірге ұлтының ұлылығын бойына сіңіргендер, яғни ұлтжандылар ғана жетеді екен. Ұлтжандыларда ғана туған жердегі өмірге деген сырластық пен сыйластық үлгілері тез қолдау алады екен. Бұл жағдайдың Әбдімұса Мұрат ұлына қатыстылығын, шынайы растығын дүйім жұрт оның тірісінде-ақ таныды.
Ұлттың қуаты рухында. Ұлттық рухты ұрпақ игілігіне асыратын ұстаздар болып табылады. Әбдімұса Мұратұлы алдымен ұлағатты ұстаз болды. Ұстаз деген ұлы ұғымға әлемнің екінші ұстазы ұлы бабамыз Әл-Фараби: «Ұста ...аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарға да әділ, жұрттың бәріне жақсылықпен ізгілік көрсететін, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер-жүрек адам болу керек»,-деген екен. Ұлы бабамыз жіктемелеп көрсеткен қасиеттер жиынтығы тұла бойына дарыған тұлғалардың бірегейіне Әбдімұса Мұратұлын жатқызу ұлы әділдік. Өйткені, Әбекеңнің бүткілдей саналы ғұмыры ұстаздық ету қызмет саласына арналған. Ол баршаға мәлім. Сонымен қатар Әбекең жоғары арнайы оқу орындарын ұйымдастырушы білікті басшы болды. Бұл орайда да Әбекең өмір талабының зәрулігін, мол қазынасын көбейтуде аянбай еңбек етумен болды. Көңілі көреген, көкірек көзі сәулелі Әбдімұсв Мұратұлы қысқа уақыт аралығында «Халықтар достығы университетінің», «Ақсукент көп салалы колледжінің» материалды-техникалық базасын аса жоғарғы деңгейге жеткізді. Жоғары оқу орны қызметін ұйымдастыру жолдарын, ісін теориялық және практикалық тұрғыдан Әбекеңнің терең меңгеруіне Жамбыл жеңіл және тамақ өмеркәсібі технологиялық институтында оның Семей қаласындағы филиалында, Қарағанды политехникалық университетінің Жезқазған филиалында, Оңтүстік Қазақстан аймақ аралық «Қайнар» университеті және Қазақ-өзбек инженерлі гуманитарлық университетіндегі басшылық қызметтерде болған жылдардағы білім-біліктілікті жетілдіруі, тәжірибені молайтып шеберлікті шыңдай түсуі үлкен алғы шарттылығын жасаған. Нәтижесі ЖОО қызметінің білікті ұйымдастырушысы және құрылтайшысы лауазымында қызмет атқаруына жетелеген. Әр түрлі салалық басшылық лауазымдарында Әбдімұса Мұратұлының іскерлік және ұйымдастырушылық қарым-қабілетінің жарқырай көрінгенін айғақтайтын дерек көздерде тіпті есеп жоқ деседе болады. Ал «Халықтар достығы» университетінің құрылтайшы-президенті ретінде елімізге қажетті білікті мамандар әсіресе техникалық мамандықтарын даярлауда жаңа технологияларды оқу-өндірістік мақсатқа ендірудегі іргелі ісі, сіңірген ерең еңбегі өлшеусіз болды. Ұстаз-ғалым, әрі басшы ретінде ең алдыменен ақиқат пен әділдікті айқын қоятындығы, ұлт болашағына қызмет етуге деген құштар құлшынысы Әбекеңнің абыройын шарықтаты. Әбекеңдегі мінез сұлулығы, әдептілігі, азаматтылығы, парасаттылығы, оқытушы-профессор құрамдарына көрсеткен үлгі-өнегесі бүткіл университет ұжымын тек жетістіктерге жетелейтін күш-қуат көзіне айналған еді.
Өз істеріне ерен білікті мамандарды университетке шақыру, әлемнің, таяу шетел және ТМД елдерінің жетекші оқу орындары, ғылыми орталықтар т.б. ұйымдарымен іскерлік қарым-қатынас орнату, байланыстың асқан үлгісін қалыптастыру да Әбдімұса Мұратұлы қолдан келетін еңбектің ерендік үлгісін жасаған тұлға.
Кейбір адамдар өмірден ізін іздейді, кейбіреулері өзін-іздейді дейтін қазақта тәмсіл сөз бар. Шындығында ізін іздегендер елге, ұрпаққа ұлағаттық жасайтын ізін қалдырады екен. Осы орайдан алғанда Әбекең қандай биіктерге жетседе «бәрі өзім татқан дәм тұзым үшін, туған жер, өскен елге қарыздар екендігімді естен ешқашанда шығара алмаймын»-дейтін сөзін ісімен шегендеумен болыпты. Мұндай ой-толғауды жүректен шыққан дүние емес деп қалай айта аласың. Мұндай ойлы толғау жан қызуын, жүрек жылуын, туған елге, туған жерге ұсынықты ұсынуды ғана ойлайтын арыстардан ғана көрінетіні хақ.
Әбекең аса қарапайым жан болды. Деседе қарапайымдылығына қоса қайрымдылық, мейірімділік қасиеттерден жаратылған жасампаз жампоздығын қалайша атамасқа. Мейірімділік –ол жаның жабырқағанда көңіліңе нұр құяр сәуле деген екен бір данышпан. Әбекеңнің қайрымдылығын, мейрімділігін есептеу киянат сияқты көрінеді. Өйткені жетпесті жалғап, тарыққанды таяп, азаматтықтың ақ берендігін жасаған жақсылықтары үшан теңіз ғой. Қамқорлық таза көңілден, ізгі ниеттен жасалатын сана-сезімнің жоғарғы көрсеткішін білдіретін ерекше қасиет. «Қамқорлықты сөзінде де, ісіндеде боямасы жоқ адамдар ғана жасай алады»,-деген екен грек данышпаны Платон. Шынында Әбекеңнің өмірінен бояма тапқан адамды таппайсың.
Химия ғылымында «Тізбекті реакция» деген термин бар. Әбекең адамгершіліктің, қайырымдылық, мейірімділіктің «тізбекті реакциясын» бастаған, көмекке мұқтаж жандар мәселесін шешуге барынша көмектесуге бек даяр санаулы азаматтар санатының көш басында тұрған қайрымды жан болды. Халық даналығында «өзгенің иығына жапқан шапан, өзіңдіде жылытады»,-деген қанатты сөз бар. Шынында да жақсылық жасау, жылағанды жұбату, мұқтажға көмек беру, жетім-жесірлерге, қараусыз қалған балғын балаларға қайрымдылық көмек беру адамның адамгершілігін оның сапалығын көрсететін ең басты қасиеті. Кейде Әбекеңнің осындай таптырмас қадір-қасиеті қалталы азаматтардың бойынан табылып жатса тіпті керемет болар еді ғой-деп арман ауанын сағынып кетесің.
Ел ақсақалдары, жерлестері көне көз тұлғалардан естуімізше Әбдімұса тіпті балаң жігіт шағынан ақ пен қара алмасқан өмірдің көлеңке тұстарына көбірек назар аударып жүреді екен. Әр адамның жүзінен сыр аулап, сөзге тартып жағдайынан хабардар болу әдетіне айналып кеткен екен. Өзгені қуанту өзіңді қуанту дейді халық даналығы. Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы жетім балалардың өкіл атасы ретінде сол балалардың мұқтаждарын өтеп олардың қуаныштарын көргенде өзі де қуаныштан жарыла жаздайтын жағдайда болатын еді-дейді, жетім балалар үйінің қызметкерлері еске алып. Санай берсе біткен істе есеп жоқ. Әбекең жыл сайын дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясына да белсенді қатысқан. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға оқу-құрал, киім-кешектермен қамқорлық көрсеткен. Университетке тегін оқыту, стипендия бөлу бір төбе шара. Әбекеңнің өзі құрылтайшысы болған оқу ордасында көмекке шынайы мұқтаж студенттерді іздестіріп таптырып отыратын әдеті болған. Олардың мәселесін оқу бітіргеннен соң да шешуге барынша көмектесіп отырған. Осындай жылағанды жұбатуға, сүрінгенді тұрғызуға, сұрағанға беруге әзір тұратын жылы жүрек жандар көп болса қандай қуанышты болар еді дейсің ғой Әбекеңнің қолдауындағы мейірімділік-қайрымдылықтың «тізбекті реакциясын» еске алған сайын. Әбекеңнің үй-күйі жоқ жетім-жесір отбасына үй тұрғызып қоныс қуанышын бөліскенде үйлі болған жандардың сол сәттегі қуаныштарын көрсеңіз ғой,- дейді бұл күндерді көргендер. Сол мұқтаж жандардың үйге кіріп-шыққан сәттердегі көңіл-күйлеріне куә болып бәріміз де толқыдық деп еске алады күәгерлер.
Ұлт болмысынан нәр алған, ұлт кемеңгерлігін бойына сіңірген, қара тырнағына дейін туған халқының мүддесі мен мұратын ғана күйттеген, мысық тілеулестердің мысын ұлт намысымен басқан Әбдімұса Мұратұлы замана салмағын бүткіл болмысымен сезіне білгендіктен ұлт денесін шарпыған дертке бар қуатымен қарсы күрескен дәуірдің дара тұлғасы болып өтті.
Туған жерді түлету перзеттік парыз болғандықтан қалталылар мен іскерлер туған жерді түлетпекте, ауыл аймақты гүл етпекте Әбекеңдей парыз өтесе қандай ғанибет болар еді. Туған ауылына заманауй сәулет үлгісінде құдайдың үйі мешіт тұрғызып, аналасын гүлдетіп,т.б.абаттылық іс-шараларды жүзеге асыру толассыз үйымдастыру, тынымсыздыкыты,талапшылдыкты, ізденісті, тоқтаусыз бейнетті, парасат биіктеріне ұмтылыс пен құшынысты қажет ететін іс. Оны озық сапада атқармақтың оңай емес екендігін Әбекең көрсетті.
Әбдімұса Мұратұлының өмірі мәуелі бәйтерекке айналған өмір. Олай деуге негіз шетінен білімді, заманына сай іскерде, қабілетті ұл-қыздары мен немерелеріне қарап көңілің тоғаяды.
Сонымен, Әбекең бүткіл саналы ғұмырын ұстаздық ету қызметіне, жоғарғы оқу орнын ұйымдастыру саласына, яғни бір ғана іске арналған тұлға болғандығы аян дейміз. Бір салада бүткіл ғұмыр бойы қызымет ету адамдардың өмірдегі тұрақтылығының, кәсіппен мұратқа адалдығының бірден-бір шынайы көрсеткіші болып табылады. Адам тану ғылымында мінез тұрақтылығы өмірдегі тұрақтылық адал пейілді, нәзік талғамды адамдарға ғана даритын қасиет деген анықтама берілген. Әбдімұса Мұратұлын биіктеткен осындай қасиеттер екен.
Ойымызды тұжырымдар болсақ Әбекеңді адамгершіліктің асқаралы биіктігіне көтерген басты қасиет ниет түзулігі екен. Әбекең осы түзу ниетін ойына, ойын сөзіне, сөзін әдетіне, әдетін мінезіне айналдырған ақберен. Сондай-ақ Әбекең ар-намысын кірлетпеген бекзат адам болды. Ол өзінен кішіге еш-қашанда паңдық жасамаған, өзінен үлкенге жарамсақтанып жағынбаған,»Өз ағасын тағалап кісі ағасын жағалап» жүрмейтін арлы адам болып өмір кешті.
Қазақ аса талантты, өршіл талапты адамды «Тең басу қабілетінің» адамы деп бағалаған халық. Әлін білмейтін адам ғана тең басу қабілетіне ие болмайды. Ондай адам «Тасып төгіледі, асып жығылады». Ақылды адамда ғана тасу да, асу да болмайды. Қазақ даналығында «Ақылдан асқан хандық жоқ» деген тәмсіл сөз бар. Әбекеңді биіктеткене осындай жағдайлар екен.
Әбекең аса көпшіл жан болғандықтан өзін көпшіліктен жоғары санамай өтті. Халықпен, көпшілікпен бірге астасып өсті. Халық даналығында:
«Шөлде өскен дуадақ,
Көл қадірін білмейді.
Көлде өскен қоңыр қаз,
Шөл қадірін білмейді.
Тауда жайлап, таста өскен,
Ағайыннан басқа өскен,
Ел қадірін білмейді»,-деген тәмсілдің өзі Әбекеңнің ел қадірін бағалайтындықтан халық өмірімен астасып, біте қайнасып өткендігін айғақтайды.
Әбдімұса Мұратұлы химия ғылымының биік деңгейдегі кәсіби маманы, ғылыми мектеп қалыптастырған академик, іргелі жоғарғы оқу орнының негізін қалаған, іргесін бекіткен білікті ұйымдастырушы-басшы болды.
Әлемдік ғылыми коммуникацияға тоқсаныншы жылдардан ақ араласқан дүние жүзілік ғылыми ортада зерттеу еңбектерімен танылған профессор болды.
Сахи қайырымды, мейірімді ұлағатты ұстаз, жаны жайсаң, көпті көрген, көңіліне көп нәрсе түйген парасатымен елін, туған жерін сүйген ұлтжанды тұлға, сыйлы замандас, ардақты аға, халықтар достығы беріктігін нығайтушы дәнекер ретінде өмір кешті.
Әбекең жаны таза, ниеті адал, мінезі қарапайым, ұлт мақтанышына айналған дарабоз тұлғаларды мақтан етіп, кішіпейіл, парасатты қасиеттерін үлгі тұтып, лайықты құрмет көрсету үлгісімен өмір сүрді. Қазақ даналығында «Ел ертеңі ер еңбегімен» деген сөз бар. Бұл ел ертеңі ер ісіне қарай белгілі болды дегенді білдіріп тұр емес пе. Еліміздің ертеңі жүрегі ел деп соққан ер еңбектерімен шуақты болмақ. Осыны ескерсек керекті.
Адам не жазсада, өзінің көрген білгенін, ойына түскенерді жазады деген әпсана бар. Бізде көрген білгенімізді ойға түйгенімізді жаздық. Біздің жоғарыда жазғандарымыз Әбдімұса Мұратұлының еткен еңбегінің бір парасы ғана.
«Тұлпарды тайынан, жүйрікті шаңынан танитын», қиядан жалт еткен жарқылды қыран қырағы көзімен шалып, ағалық ақылымен жастарды мәпелейтін ізгілігі телегей теңіз, бүгінгі ұрпақтардың жарқын, жауқазындай құлпырған өмірінің баяндылығына тер төгіп өткен қазақтың нар тұлға ұлы Әбдімұса Мұратұлы біздің жадымызда.
Әбдімұса Мұратұлы бізге орнын тастап кеткен жоқ. Бізге мақсатқа адалдықпен жетуді, ата-баба мұратына сай дәстүрге берік болуды, қиянатқа бармауды, ата-ана, ұстаз алдында парызды ұмытпауды, туыстық қалыпты тиянақты сақтауды, қамқоршы, пайдакүнемділік пен дүниеқоңыздықтан аулақ болуды, дәулеттің құлы емес халықтың перзенті болуды парыздап кетті.
Әбеке, сіз бізбен біргесіз!
Омар ЕСҚАРА, п.ғ.д., профессор
«Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі