АҚПАРАТТЫҢ АҚ «ВОЛГАСЫ»
2022 ж. 03 сәуір
1544
0
Ерекше қауышқан екеу
Сол күнi кешке дейiн мейрам болған,
Кешкiсiн абыройым айран болған.
Көлбеңдеп көз алдымда жүрiп алған,
Көрiнбей қайда кеттiң, қайран «Волгам»?
(Журналистiк фольклордан)
КазГУ-дiң журналистика факультетiне оқуға түсетiндердiң өзiндiк ерекшелiгi болады. Олар абитуриент кезiнен бiр-бiрiмен таныс-бiлiстiгiн байқата бастайды. Өйткенi, көпшiлiгi – оқушы кезiнен қолына қалам ұстаған өрендер. «Е, сен анау екенсiң ғой, мақалаларыңды оқығам», – деп кәнiгi қаламгерлер секiлдi өзара қауқылдасып жатады. Не жазып қарық қылғандарын кiм бiлсiн, бiрақ бұл тұста осылардан артық «классик» табыла қоймайды. Соларды көрiп, оқуға түскенше өзiңнiң өндiрiп жазбағаныңа қарадай қысыласың. Бар бiтiргенiң небәрi бес-алты мақала. Яғни, «айдағаның бес ешкi», ал ысқырығың жер жармақ түгiлi, көмейiңнен шықпайды.
Бiз де оқуға өңкей бiр жазғыштармен түсiппiз. Өздерi – бiреу емес, бiрнешеу. «Жалын» журналына 7-класта оқып жүргенде ертегi-әңгiмесi жарияланған талдықорғандық Аймен Абдрасовадан кәдiмгiдей именемiз. Жүрiс-тұрысынан бекзаттығы көрiнiп тұрады. Оның әңгiмесiн бәрiмiз де оқығанбыз. Тiптi, кейбiр тұстарын Талғат Батырханов тақылдап тұрып жатқа айтады. Ол кезде жазуға құмартқан балалардың iшiнде «Жалынға» көз салмайтыны жоқ едi. Тағы бiр курстасымыз – Мәди Өтеғалиевтiң өңiрiне тағып алған «СССР Журналистер одағының мүшесi» деген жазуы бар төсбелгiсi мысымызды басады. Өзi бiзден әлдеқайда ересек. Ана төсбелгi оны одан сайын есейтiңкiреп көрсетедi. Ал әрi әншi, әрi ақын, әрi серi Бауыржан Үсеновтiң абырой-беделi бәрiнен жоғары. Себебi, дайындық курсында оқып жүргенде-ақ өнерiмен көзге түскен оны қалашықтың күллi тұрғыны жақсы таниды. Керiсiнше, бүгiнгi Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, аса талантты ақын Гүлнәр Салықбаева дәл сол тұста елеусiздеу ғана жүрдi. Өлең жазатынын да ешкiмге бiлдiре қоймады. Жұрттың алдына шығуға ұмтылмады. Көсiле шабатын кезi кейiнiрек...
Менiң осындай көпшiлiкке белгiлi курстастарымның арасында екпiндi екеудiң дауысы қаттырақ шығатын. Оның бiрi – түн баласы ұйықтамай, қалғып-шұлғып отырса да, мақаласын бiтiргенше дамылдамайтын Мұратбек Тоқтағазин, екiншiсi – анау секiлдi бұрқыратып жазбаса да, ел iшiнде едәуiр мойындалып үлгерген Әнуарбек Әуелбеков. Бұл екеуiнiң арасында бұрыннан қалыптасқан шығармашылық байланыс бар. Себебi, ол да, бұл да қаршадайыңнан қаламыңды шыңдайтын «Қазақстан пионерiнiң» бала тiлшiсi болған. Оқуға түскен кезде бала тiлшi бала тiлшiнi алыстан таныды. Таныды да, бiрiн-бiрi қапсыра құшақтады. Шымыр да ширақ, әрi төртбақ Тоқтағазин арық-тұрық Әнуарбектiң қабырғасын қаусата жаздады. Өзара «Өй, сен осындай екенсiң ғой», – деп бiр-бiрiне сүйсiнiп қарап алады да, қайта қауышады. Жатқан бiр мелодрама... Тегiн спектакльдi тамашалап бiз тұрмыз. Сөйтсек, олар үш-төрт жыл бойы Семей жерi мен Сыр елiнiң арасын жалғап, хат жазысып тұрыпты. Бiр-бiрiне Шоқан мен Достоевский сияқты ылғи бiр сағынышты да сыршыл хаттар жолдаған. «Бұл тағдырдың сәйкестiгiне қарасаңшы, – деп тебiрене толғанады Тоқтағазин. – Менiң алдымда екi ағам бар. Бiр ғажабы, бiреуiнiң аты – Әнуарбек, екiншiсiнiң аты – Әуелбек». Бiз болсақ, тiрлiгi мен тұрмысына дейiн тамырласып жатқан көзi тiрi «классиктерден» айбынып, алыстан ғана бақылап жүрмiз.
Тоқтағазиннiң екi ағасының есiмiн еншiлегенiмен Әнуарбек оқу бiтiргенше тынымсыз әрiптесi секiлдi редакцияларды үздiксiз жағалаған жоқ. Тiптi редакция түгiлi жатақханаға да жоламады. Дайындық курсында бiрге оқыған досы Ескендiр Ертаев екеуi пәтер жалдап тұрды. Екеуi де Жаңақорғанда өскен. Екеуi де – бiрiнен-бiрi өткен серi. Домбыраны шебер тартады. Бiреуi ән салса, екiншiсi тамсанып отырады. Бүгiнгi тiлмен айтқанда, «екi жұлдыз». Өздерi өлең-жырға жүйрiк. Қысыр сөздiң қалыптасқан хас маманы. Ескендiрдiң қалада тұратын Кала деген ағасы бар. Демалыс күндерi сарылып, соны күтiп отырса, Әнуарбек: «Қарайғанға қараймын Кала ма деп, Бес-алты сом Ескендiр ала ма деп», – деп оны шымшылап тұрады.
Сабаққа көңiлдерi қалаған кезде келедi. Жатақханаңа да, стипендияңа да қызықпайды. Қит етсе «жатақханадан шығарамыз, стипендиядан қағамыз» деп қорқытатын оқу орнының басшыларына тәуелдi болғысы келмейдi. Ал ешкiм оларды жалдап тұрып жатқан пәтерiнен шығарып жiбере алмайды. Сабақтан соң вагоннан жүк түсiрiп, ақша табады. Сол Әнуарбек пәтерге тұрудың қай жағынан да тиiмдi екенiн үнемi дәлелдеп бақты. Тамағың тоқ. Бiр. Жүрiс-тұрысың еркiн. Екi. Армансыз жазу жазасың. Үш. Осындай мықты дәлелдерiн алға тартқан соң, соған ерiп, бiз де желiктiк. Бiр күнi Талғат Батырханов, Мұратбек Тоқтағазин үшеумiз жатақханадағы жылы орнымызды тастап, пәтерден бiр-ақ шықтық. Бiрақ жаны сiрi ана екеуi секiлдi күн көру оңай емес екен. Ақыры қиындыққа шыдай алмай, екi-үш айдан соң ит құсап, кеткен жерiмiзге қайтып оралдық.
Студент кезiмiзде Әнуарбектiң ел бiлетiн екi лақап аты болды. Бiрiншiсi – «Копченый», екiншiсi – «Қылқау». Өзi кептiрiлген балықтай қақпыш, iлмиген арық едi. Екi аты да әлi күнге дейiн актуальдылығын жойған жоқ. Бүкiл денесi сүйегiнiң төрт-бес шегесiне iлiнiп тұр. Соған қарамастан сондай тарамыс. Кез-келген жұмысты жапырып iстейдi. Бала кезiнде оңбай құлап, сындырып алған ба, әлде бiреу жұлып алмақ болып, жұлқып қалған ба, әйтеуiр бiр қолы қисық бiткен. Жо-жоқ, ендi есiме түстi, есекпен көкпар тартып жүргенде оңбай жығылған. Сунақатада жылқы жағы тапшы болған соң есектi ерттеп мiнген ғой. Бiрақ сол еменнiң иiр бұтағы секiлдi сол қолымен кетпен-күрек ұстағанда қолы түзу бiздi жолда қалдырады.
Қолы қисық болғанмен, жолы қисық болған жоқ. Қаламсабы да ешқашан жантайған емес. Қазақ журналистикасында өз үнi бар алымды ақпаратшы ретiнде қалыптасты. Қисық қолына қағазын, түзу қолына қаламын ұстап, ұлт қамын жоқтаған мақалаларды жиi жазып тұрды.
Ұжымды ұйыстырған «ұтыс»
Жүргенмiн адамдай-ақ жұтып алған,
Көлiгiм талайлардың құтын алған.
Көшеге шыға қалсам, елестейдi,
Ақ «Волгам» «Спринттен» ұтып алған.
(Журналистiк фольклордан)
Бiрде «Лениншiл жастағы» ағаларымыз Әнуарбекке мынадай тапсырма бердi. Театрлардың бiрiнде роботтардың көрмесi өтетiн болыпты. Кәдiмгi адам кейпiндегi темiр бұйымдар залдағы балалардың алдында өнер көрсететiн көрiнедi. Соның қалай өткенi жөнiнде репортаж жазуы керек. Бiз оны сырттай келемеждеп күлемiз. Өмiрiнде робот көрмеген бейбақ не айтар екен?! Жоқ, тiптi де қиналған жоқ. Жетi атасынан берi құлтемiрмен бiрге ғұмыр кешiп келе жатқан адам секiлдi, келдi де, мақаланы бұрқыратып жазып тастады.
Бiр айналып соқсақ, қолжазбасын оқыған басшылар оны әбден мақтап жатыр екен. Әнуарбек жұрттың қолпаштағанын елең қылмай, мойны қылқиып, өз орнында бұйығып отыр. Шынында да ол репортажын өте қызықты етiп ұсыныпты. Шап-шағын ғана дүние. Бiрақ бiрден елiктiрiп әкетедi. «Шымылдық сыртынан аяғын апыл-тапыл басқан «темiр балалар» шыға келгенде, нағыз балалар залды сахнаға айырбастап жiбере жаздады» деп бастапты. Мақала осылай басынан аяғына дейiн әдемi өрiлiп отырады. Баланың жанын бiрден баурайды. Қайран, «Қазақстан пионерiнiң» мектебi... Қысқа-нұсқа, артық-ауыс сөз жоқ. Осы мақаладан соң бiздiң Қылқаудың редакциядағы беделi күрт өстi. Летучкада ылғи жақсы жағынан аталады. Содан Қылқау летучкаға «летучая мышь» секiлдi қанатын қомданып баратын болды.
Тағы бiрде мынадай қызық оқиға болды. Әнуарбек қолына «Спринт» лотереясының билетiн ұстап жүр екен. Таңертең жұмысқа келе жатып ала салған. Кәдiмгi «Ұтыс жоқ» деп жазылған құнсыз қағаз. «Үнемi алам, үнемi осылай», – деп аздап қамығып тұр. «Қой, бұған қуаныш сыйламасақ болмас». Әлгi құнсыз қағазды «Лениншiл жастың» суретшiсi Владимир Черданцев лезде бақытты билетке айналдырды. Ол лезде «Волга» машинасын ұтқан болып шыға келдi. Ол кезде «Волга» – көлiк атаулының төресi. «Қылқау, мә, билетiң. Ендi тек құттықтауларды қабылдап отыра бер. Кешке дейiн қайсарлықпен шыда», – деп, аяқ астынан табылған «несiбесiн» қолына ұстатып кеттiк.
Онымен де тынбадық. Газеттiң бланкасын алып, «Лениншiл жастың» тiлшiсi «Волга» ұтты!» деген мақала дайындадық. Шекесiне тиiстi мәлiметтерiн, техникалық өлшемдерiн көрсетiп, секретариатқа әкеп, шиырып тастадық. Секретариаттың сенбеске лажы жоқ. Төбесiнде бас редактор Уәлихан Қалижанның қолы тұр. Менiң Уәлихан ағамның қолын айнытпай қоюдан оңай нәрсе жоқ. Томпитып «У» әрпiн бейнелейсiң де, құйрығын оң жаққа қарай бiр сүйкетiп жiбересiң. Болды. Газет баспаханадан шыққанша қай заман?! Сәлден соң барамыз да алып тастаймыз. Мұндай тапқырлыққа Уәкеңнiң өзi де риза болмақ.
Содан дүние гүл жайнап сала бердi. Құттықтаушылар ағылып келiп жатыр. Жетiншi қабатқа астыңғы алты қабаттың, үстiңгi екi қабаттың журналистерi түгелге жуық кiрiп-шықты. Бәрi де шын қуанып жүр. Өзi пәтерде тұратын, өзi көп балалы журналистiң ойда-жоқта машина ұтып алуы деген... Әнуарбектiң алдындағы шоқпардай көк телефон екi иiнiнен демалып тұр. Журналист олжаға кенелдi деген хабар жерде жата ма, он тоғыз облыс түгел құлақтанды. Ағайын-туыс, құрбы-құрдас, дос-жаран... Осы күнгi талайды дүрлiктiретiн «Розыгрыш» бағдарламасы мұның қасында садаға кетсiн!
Бiр кезде күллi Алматыны құшағына сыйғызып, фототiлшi Рахымбай Ханалиев келдi жұмысқа. Оған жiгiттер жалма-жан секретариатта жатқан «материалды» көрсеттi. Оң жақ шекесiне «суретiмен берiлсiн» деп, белгi қойылыпты. Ақкөңiл Рахымбай ағамыз Әнуарбектi ертiп, дереу төменге қарай құлдилайды. Есiк алдында керiлiп тұрған ақ «Волганың» бiреуiнiң қасына Әнуарбектi тұрғызып қойып, қайта-қайта суретке түсiредi. «Неге түсiрiп жатырсың?», – деп сұрағандарға: «Iнiм ғой менiң. «Волга» ұтты, почти туған iнiм», – деп марқаяды. Бiреудiң қуанышын өз қуанышындай көретiн қайран ағамыз, сөйтiп, шалқып сала бередi. Редакцияны күзететiн милиционерлерге дейiн айтып, сүйiншi сұрайды. Суреттi жедел шығарып, Әнуарбектiң қолына ұстатады.
Әбден есi шығып, ыржалақтап жүрген Әнуарбектi қайдам, осы жобаның бас режиссерi болсам да, ақ «Волганы» ұтқанымызға өзiм де сенiп қалыппын. Көптiң ықыласы мұның ойын екенiн ұмыттырып жiбердi-ау деймiн. Ендi осынау көкке көтерiлген көңiлдi пәсейту қиынның қиыны едi. Кеш батты. Жұмыстан қайтатын уақыт болды. Жұрт қайта-қайта құттықтап, жөнiне кеттi. Бөлмеде қиялдағы «Волгамызбен» бiрге Әнуарбек екеумiз ғана қалдық. Сыртқа шығайық десек, күтiп тұрған көлiктiң жоқ екенi есiмiзге түсiп, жүрегiмiз сыздайды. Үйге «Волга» мiнiп келедi деп Әнештi күтiп отырған Жазираға не бетiмiздi айтамыз? Құрсын, ендi бүйтiп ойнамаспыз...
Алдымен облыстық газеттерiне «Журналист «Волга» ұтты» деп құттықтау беремiз деп, шала бүлiнiп жатқан Талдықорғандағы Талғат пен Целиноградтағы Мұратбекке телефон шалдық. Сосын көлiктiң көңiлiмiздегi арманымыз екенiн халыққа бiртiндеп естiрттiк. Бiреу күлдi, бiреу кейiдi, бiреу тiлдедi... Бiрақ бәрiбiр iшiмiз әлем-жәлем. Содан Әнуарбектiң көңiлiн аулағымыз келiп, досымыздың атынан «Ақ «Волга» деген әзiл өлең шығардық. Себебi, мерекелiк көңiл-күйдi одан әрi қарай жалғау керек болды. Бұл өлеңнiң шумақтары осы мақаланың өн бойынан табылады. Ел iшiнде кең таралған әндердiң бiрiнiң әуенiне салып, домбырамен айтқанда, жұртшылық қосыла шырқайтын. Бiздiң буын «Лениншiл жастан» кеткенше бұл әндi айтудан жалыққан жоқ-ты. Әсiресе, «Арманым асқақ едi, мұратым бай, Бұл бақыт мәңгi менде тұратындай. Қасымнан шырқ үйiрiлiп шықпай жүрiп, Суретке түсiрген-дi Рахымбай» деген жолдар сағынышқа айналған көп күндерiмiздi еске салады...
Оның есесiне, Әнуарбек кейiн көлiктiң талайын ерттеп мiндi. Ал өзi ақпараттың ақ «Волгасы» секiлдi жүйрiк журналиске айналды. Ақ «Волганың» заманында жағымды хабарлардың көбiрек болғаны секiлдi, бiздiң кейiпкерiмiз де журналистиканың имандылық қағидаттарын берiк ұстанады. Санаға сәуле түсiретiн рухани нәрселердi ғана жазады. Қазiргiдей атыс-шабысқа толы алқын-жұлқын ақпараттан алты қырды айналып қашады.
«Мылқау» болған Қылқау
Тәп-тәуiр болмасам да шопыр әлi,
Ақ «Волгам» алыс жолға шақырады.
Құйғытып айдап келе жатқанымда,
Қасымда Жазиражан отырады.
(Журналистiк фольклордан)
Оның ақпарат кеңiстiгiнде көрiнуi «Лениншiл жас» («Жас алаш») газетiне қызметке тұруынан басталды. Сол жылдарда осы газетте бiздiң курстың алты түлегi бiрге жұмыс iстедiк. Нұржамал Байсақалова, Ғалымжан Мелдешов, Жақсылық Молдақұлов, Досымхан Қапасов, Әнуарбек Әуелбеков және мен. Осы аспандап ұшқан алты қаздың қай-қайсысы да кейiн қонар жерiн тапты. Солардың iшiнде журналистикада табан аудармай келе жатқаны – Әнуарбек пен Нұржамал. Бiрақ сол билiкке бейiмдеу Нұржамалдың iлгерiде Жаркенттегi Пионерлер үйiнде қызмет iстеп, жеткiншектердiң қамын, аудандық атқару комитетiнде қызмет iстеп, халықтың қамын ойлағаны бар. Ол барған мекемесi тарап кете берген соң, газетке қайтып оралған. Сонда баяғы алтаудың iшiнен ақпа-раттың ауласынан ұзамаған Әнуарбек қана болып шығады.
Сол алтауымыздың арасында көп үндемейтiнiмiз Жақсылық едi. Ақыры ол өңшең үндемейтiндер жұмыс iстейтiн мекемеге ауысып кеттi. Ал шындап үндемеу қажет болса, тастай қатып қалу жағынан Әнуарбекке ешқайсымыз жете алмайтынбыз. Баяғыда студент кезiмiзде Қостанайдың бiр совхозында ауыл шаруашылығы жұмыстарында жүргенiмiзде, Әнуарбек екеумiз бәстестiк. Бәске не тiккенiмiз есiмде жоқ. Бiрақ оның шарты бойынша, ешкiммен тiл қатыспауымыз керек. Яғни, таза мылқау болу. Аңдаусызда сөйлеп қойған адам оңбай ұтылады. Сөйлегенiң не, артық-ауыс дыбысқа елең еткен адам жеңiледi. Содан ол мелшидi де қалды. «Е, байғұс-ай, өзiң Қылқау едiң, ендi тiптi мылқау болдың-ау», – деймiн. Әрине, iшiмнен.
Мен болсам, әншейiнде iшiм толып жүретiн адаммын, сөйлегiм келiп шыдамай өлiп барам. Қалың қарағайдың арасына барып, Талғат Батырхановты тауып алып, армансыз қауқылдасып келем. Бұл бiр таза партизан. Менiң бұлбұлдай сайрап кеткенiмдi жан баласына бiлдiрмейдi. Қайтып келсем, Қылқауымда әлi үн жоқ. Тiптi өмiрi сөйлеп көрмеген адамдай тымсырайып, жұмысын iстеп жүр. Ту сыртынан келiп, бос шелектi қаңғыр еткiземiз. Елең етпейдi. Дауысы ащы қыздардың бiрi байқамаған болып, баж ете қалады. Әнуарбектiң шаруасы жоқ. Алыста тұрып, картоп лақтырамыз. Басына тисе де былқ етпейдi. Кәдiмгi Ақан серiнiң мылқау баласы Ыбан сияқты орманға қарап, ойға батып отыра бередi. Осының өзi шынымен мылқау болып қалған жоқ па?!
«Әй, Қылқау, қой, жаман ырым бастама, қайт райыңнан, сөйле, жырау!», – деп Талғат мәмiлегерлiкке бiрнеше рет барып, тауы шағылып келдi. Арандатушылық әрекетiмiздiң бәрi де сәтсiз аяқталды. Ақиқатын айтайық, бұл кезде Әнуарбектiң осыдан бес-алты сағат бұрын кәдiмгiдей сөйлеп жүрген кезiн сағына бастаған едiк. Содан соң шыдамай қасына бардым да, құлағына: «Қазақ-совет мылқаулары жасасын!», – деп сыбыр еттiм. Ол аңырып тұрып қалды да, бiрден: «Сен жеңiлдiң!», – деп айқайлап жiбердi. Құрсын, жеңiлсем жеңiлейiн, әбден жалығып кеттiм.
Шынында да, ол көп үндемей, жұмысын iстегендi ғана бiледi. Көбiне елден оқшауланыңқырап жүредi. Сондықтан да «Мөлдiр бұлақ» журналының бас редакторы Жанастан Кучукова ол туралы жазған мақаласында «Үндемей жүрiп үлгеретiн Әнекең» деген тiркестi қолданды. Оның үндемегенiнен, дау-дамайға араласпағанынан ұлт журналистикасы тек қана ұтады.
Кейiпкерiмiз қазақтың ең белдi басылымдарының мектебiнен өттi. Әсiресе, жас күнiнен қамау терiн алған «Лениншiл жастың» жөнi бөлек. Бұл газетке он алты жыл бас редактор болған Сейдахмет Бердiқұловтың тәлімді тәрбиесiнiң шет-жағасын көрдi. Мәдениет бөлiмi мен студент-жастар бөлiмiнiң тiлшiсi ретiнде жастар газетiне жаңа леп әкелдi. Оқу орындары мен жатақханаларда талай қызықты пiкiрталастар өткiздi. Оны қызыл тiлдiң майын тамызып жазып, оқырманға тартымды етiп ұсына бiлдi. «Жас алаштан» соң «Қазақ әдебиетiне» ауысты. Кейiнiрек «Егемен Қазақстан», «Түркiстан», «Дала мен қала», «Әдебиет айдыны» газеттерiнде шеберлiгiн шыңдады.
Тоқтаңыз, ол тек газетпен шектелiп қалған жоқ. Екi ғасырдың тоғысында екi-үш жыл бойы қолына микрофон ұстағаны бар. Бұған себеп болған өзiн жас күнiнен жақсы бiлетiн Қайнар ағасы едi. Жалпы, Қайнар Олжай «Хабар-2» телеарнасына директор болған кезде орта буынның құдайы бердi. Бұрын газеттiң мектебiнен өткен, қаламы жүйрiк журналистер жаңа телеарнаға шақырылды. «Лениншiл жаста» бiрге қызмет атқарған әрiптес ағасы таңдаған жiгiттердiң iшiнде Әнуарбек те бар-ды... Келе сала, «Кеше ғана орналастым «Хабарға», «Хабар» мендей корреспондент табар ма?!», – деп құлшынып iске кiрiстi.
Жаңалықтар қызметiне бұрынғы газетшiнiң тигiзер пайдасы көп екен. Құнарлы тiлмен, жатық стильмен жазылған сюжеттер эфирден өте бастады. Әдетте жас журналистер мәтiн дайындағанда бас әрiп, тыныс белгi дегендерiңе пысқырып та қарамайды. Әйтеуiр өздерi түсiнсе болды. Сол күйiнде монтаж жасайтын бөлмеге барып, оқи салады. Әнуарбек сияқты сақа журналистер солардың бiр қайнауы iшiнде тұрған шикi дүниелерiн ширатып бередi. Қайнар Олжай телеарнаға жастарға қоса аға буын мен орта буынның өкiлдерiн тартты. Сөйтiп, үш буынның бiр-бiрiмен сабақтастығын қалыптастырды. Алдыңғы екi буын кейiнгi ұрпақтың тәлiмгерi болды да шықты. Сол тұста мәтiндi өңдеуге ерекше үлес қосқандардың бiрi – осы Әнуарбек едi.
Сәл кейiнiрек ол «Солай болған» деген хабарлар сериясын дайындады. Бiр кезде елдi елең еткiзген тосын оқиғалардың астарына үңiлдi. Мәселен, оның «Академиктiң ақырғы сапары» деген телематериалы ұшақ апатына ұшыраған әйгiлi селекционер ғалым Кәрiм Мыңбаевқа арналды. Жұмбақ апаттың жай-жапсарын анықтауға тырысты. Сөйтiп, үндемейтiн Әнуарбек үнсiз жатқан бiрқатар деректерге тiл бiтiрдi.
Секретариатқа сұранған серi
Жiгiттер, өткен iске өкiнбелiк,
Бiз бекер тәуекелге бекiнбедiк.
Алтын күн домалайды аспанымда,
«Волгамның» дөңгелегi секiлденiп.
(Журналистiк фольклордан)
Әдетте, газеттегi жұмысын секретариаттан бастаған журналистер бөлiмге ауысқанша асығады. Себебi, редакцияның жүрегi саналатын секретариаттың тiршiлiгi тынымсыз. Мұндағы күнделiктi шаруаның қайнап жататыны өз алдына, кең бөлме келiмдi-кетiмдi адамнан босамайды. Жалпы, секретариат – газет-журналдың бүкiл материалы жинақталған ең құнды бөлмесi. Сондықтан оған қызметкерлерден басқа ешкiм аяқ баспауға тиiс. Бiрақ «Ит қорыған жерге өш» дегендей, ел-жұрттың жиналатын, тiптi кiм көрiнгеннiң келетiн жерi – осы. Солар жайғасып алып, мұрнына су жетпей жатқан макетшiлердi қазақы кең қолтық әңгiмеге тартады. Осыдан соң секретариатта кiмнiң жұмыс iстегiсi келедi дейсiң.
Жұрт өстiп секретариаттан қашып құтыла алмай жүрсе, Әнуарбек бастығына барып, секретариатқа қызметке ауысуға сұранған ғой. «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бас редакторы, атақты жазушы Оралхан Бөкей оның техникалық жұмыстардың қыр-сырын меңгерсем деп ниет бiлдiргенiне қатты қуаныпты. «Мынауың қызық ой екен, өз басым жүз пайыз қолдаймын», – дептi. Содан ол iске кiрiседi. О бастан қағаз қаттауға өте ұқыпты едi. Алфавит бойынша конверттердi қатарластырып қойып, фотосуреттердiң картотекасын жасайды. Бұрын шашылып жататын дүниелердi ретке келтiрiп, жұмысты оңтайландырады.
Орағаңның «Секретариат – бiздiң операциялық үстелiмiз. Бұл жерде жұрт көп жиналып, жұмысқа кедергi келтiрмеуi керек», – дегенiне қарамастан, басылымның қонақжайлық дәстүрi ешқашан толастамайды. Әнуарбек сол у-шудың iшiнде отырып, газеттiң макетiн сызады. Сызуға да қолы ептi едi. Соған сай басылым беттерi жұтынып шыға бастады. Секретариаттағы тәжiрибесi бұдан кейiн атқарған қызметтерiне септiгiн тигiздi.
Қанша жерден безендiру iсiн меңгерiп алса да, оқырманға журналистiгi арқылы көбiрек танылғанын айтуға тиiспiз. Өзi қызмет iстеген басылымдарда заманына сай өткiр мәселелер көтерiп, әрқайсысында айрықша iз қалдырды. Әсіресе, бiлiм мәселесiн көбiрек көтердi. Ол осы саланың жай-күйiн өте жақсы бiлетiн. Себебi, отыздан ендi ғана асқан шағында жетi баланың әкесi болып үлгердi. Сол балалары жыл құрғатпай бiрiнен соң бiрi мектепке барып жатты. Өмiрден ерте кеткен тұңғышы Динарасынан кейiнгi перзенттерi оған бүгiнде немере сүйгiзiп отыр. Сондықтан мектеп пен балабақшаның жайын Әнеш бiлмегенде, кiм бiлмек?!
Ауызекi сөзге өте ұтқыр. Студенттiк кезiмiзде Әнуарбектiң әр жерде айтқан сәттi тiркестерiнiң өзi жетiп артылады. Бiрде басқа оқу орны жастарының басқосуына бардық. Бiз көп ұзамай өзге бiр жерге кетуiмiз керек, ал мына кештi де қимай тұрмыз. Сонда Әнуарбек айтты: «Ендi не болса да шыдайық. Артымызда арақ қалды деп алаңдамай кетейiк». Мұндай тапқырлық оның журналистикасын да алға сүйредi. Қызықты деректердi табуына, оны ойнатып беруiне жол ашты.
Кейiпкерiмiз қазiр «Алматы ақшамы» газетi бас редакторының орынбасары болып қызмет iстейдi. Жақсы аға, жаңашыл басшы Қали Сәрсенбайдың жанынан жайлы тұрақ тапты. Көңiлi кең, пейiлi зор Қалағаң талай басылымның дәмiн татқан оны «Ақшамның» алтын қазығына байлады да тастады.
Кейiнгi жылдарда ол бұрқыратып өлең жазды. Бiрнеше жыр жинақтарын шығарды. Оны айтасың, тiптi ән жазатын болды. Бiрқатар әндерiн есiмi елге белгiлi әншiлер айтып жүр. Бiрақ неге екенiн бiлмеймiн, өз басым ақын Әнуарбек пен сазгер Әнуарбекке қарағанда журналист Әнуарбектi әлдеқайда артық көрем.
Сiрә, «Құдай-ай, қойған деканға тәуелдi етiп, Деп жылап жүр Әнуарбек Әуелбеков», – деп өлеңдетiп тұратын сонау студент кезден серiк еткен негiзгi кәсiбiн бағалағаным шығар... Ақпараттың ақ «Волгасы» оны әлi де бiраз жерге жеткiзетiнiне еш күмәнданбаймын.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі,
филология ғылымдарының докторы, профессор