ҚҰСБЕГІЛІК – ӨНЕРДІҢ ТӨРЕСІ
2022 ж. 22 наурыз
1695
0
Бір сәт ойлап қарасаңыз, қазақтың бүркітшілік салты биік мәдениетке де, туризм саласына да, оның ішінде әлемдік өркениет мұрасы объектілеріне де жатады екен.
Төмендегі мақала қаһарманы Тілеуғабыл Есенбекұлы – қатардағы фермер. Сонымен бірге құс ұстап, ит жүгірткен саятшы. Және шағын ғана Тасбаз аталатын қыстағын төрткүл дүниеге танытып, этнографиялық-туризм бағытында үлкен бір дәстүрлі мәдени орталықтың міндетін атқарып отырған қайраткер екен.
Бүгінге дейін бірталай деректі фильмдерге түсіпті.
Бүркітшіліктің арқасында мұның да атағы алыс Америка, Англия, Австрия, Германия, Франция, Норвегия, Жапонияға жайылды. Ал бір топ нөкерімен Австрияға арнайы ұшып барып, талай уақыт жатып, қазақтың саяткерлік өнерін паш етіп қатуы өз алдына бөлек әңгіме.
Бірақ, өстіп жүріп, күндердің күнінде өзімнің де кино түсіруіме тура келеді деп ойламапты. Көңілде алаң көп. Мазалайтын жәйттер жеткілікті. «Қайбір жетіскеннен киногер боларсың?!» демекші, фильм түсіруге түрткі болған қазіргі халықтың тұрмыс-жағдайына, кейбір ағайынның салғырттығына қатысты сондай бір ділгірліктер еді. Мысалы, Қарағанды мен Жамбыл облыстарының түйіскен тұсында «Ақдала» аталатын шұрайлы жер жатыр. Алып аумақ. Жалпы ауданы екі жүз шаршы шақырымнан асады-ау. Кеңес үкіметі заманында осы Шет, Ақтоғай, Жаңарқа аудандарының союға арналған күллі малы сонда семіртілетін. Со бетімен күзге қарай ет комбинаттарына айдалатын. Жамбыл облысының да көп малы сонда бордақыланды. Екі аймақтың механизаторлары ала жаздай осынау кең-жазира алқапта жемшөп даярлау ісімен айналысушы еді. Құмырсқаның илеуіндей қыбыр-жыбыр еткен техника мен аянбай тер төккен еңбеккерді көретін едің. Шабады, жинайды, тасиды дегендей.
Көк майсаның иісі жеке көлікте қыр жиегімен өз бетінше жүйткіп бара жатқан жай жолаушы адамның өзінің мұрнын қытықтап, рахатқа батыратын.
Ақдала десе Ақдала, нағыз аста-төк байлық, береке мекені. Бетегесі белден келеді. Көк орай шалғын атырап, ұзарып толған бәйшешек. Қалың шабындық, сыңсыған көде, жоңышқасы да шаш етектен. Бірақ қазір сол құйқалы орын қаңсып, құлазып жатыр. Ешкім ат ізін салмағалы да ширек ғасырдан асқан шығар.
Жылдан жылға Ақдаланың суы да тартылып барады. Сондықтан, осы аймақты қайта жандандырып, ретке келтіру үшін үлкен ылғалдандыру жұмыстарын жүргізу керектігі айқын. Скважиналар қазса, суат алаңдарын жасаса дейді. Ол үшін алдымен өңірді электр қуатымен қамтамасыз ету қажет. Оның бәрін атқару үшін істі білетін, халыққа жаны ашитын нақты бір іскер қожайын болуға тиісті. Сол адам шаруашылықты бекітіп алса, қызу науқан уақытында техникасын апарып қойып, бұрынғыдай мал семіртумен айналысса, басқа да мүмкіндіктерді ұтқыр пайдаланып, ел игілігін еселесе, жауапкершіліктің бәрін көтерсе дейді.
Анау Аргентина, Бразилия сияқты елдер осы Ақдалаға ұқсас алқаптарының қызығын көріп, шылқып отыр. Чили де, тіпті, Америка Құрама Штаттары да солай жасайды. Жазғытұрым шөбі шүйгін кең алқапқа жүз-жүздеп, мың-мыңдап бұқашықтарын айдап шығады. Жаздай көшіп жүріп бағады. Біз ет жеуден қасқырдан кейін екінші орында қазақтар деп мақтанамыз. Расында, аргентиналықтардың қомағайлығын, етшілдігін көрген адам бұл пікірінен айныр еді. Себебі, анықтап қараған кісі бір аргентиналықтың бес қазақ жейтін етті бір өзі жейтініне көз жеткізе алады...
Сөйтіп, бұлар да әбден семірген малды күзге қарай етке өткізеді. Осылайша ковбойларыңыз, қалтаға ақшаны басып алады да, жақсылап дем алады. Неше түрлі жарыстар өткізеді. Сауық-сайран құрады. Ойнайды, күледі. Бізде де тура сондай жағдай туғызса деп армандайсың. Мал басы көбейер еді. Ет те мол болар еді. Халық та тоқ, малшы да дәулетті. Осыған өреміз жетсе...
Негізі, бір ықпалды азаматтарға бұл ойын айтып та көрген. Бастапқыда жарайды, жарайды, ойластырамыз деп уәде береді. Қызығы, жеме-жемге келгенде бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай:
– Ойбай, менің әйелім ауру еді. Жағдайым болатын емес. Анау-мынау, – деп қашып, ұстатпай кетеді.
Бірақ бұл енді келешектің ісі. Түбі істеледі. Тілеуғабыл жасамаса жасамас. Түбінде өзге біреулер түрткі болады бұған. Немесе шет ел қозғайды. Бір күні-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы:
– Әй, қазақ, есің түзу ме? Бос жатқан дүние – анау. Малыңды неге семіртпейсің?! Жаныңды неге күйттемейсің?! – деп сөз шығаратыны айдан анық.
Тек мұндайда елдің ен ризығы тағы да жат қолына түсіп кетпесе екен деп қауіптенесің.
Мұның қолынан келгені – ептеп халықаралық бағдарламалармен жұмыс істеп жүр. «Демонстрациялық проектілер» дейді. Былайша айтқанда, үлгілік жобалар. Байтақ Қазақ елінде әлгіндей игерілмей жатқан орындар мен мемлекеттің назарына ілікпей жатқан дүниелер бар. Әлемдік тәжірибеде сондай жерлерді іске қосу үшін арнайы халықаралық ұйымдар грант бөліп отырады. Міне, соны қауза. Атқарған жұмысыңның нәтижесі біреу болмаса, біреуге өнеге болады.
Тілеуғабылдың алғашқы іске асырған жобасы – Ағадырдағы екі фермерге сол Біріккен Ұлттар Ұйымынан грант алып, екі жел агрегатын орнатқызып берді. Токқа. Телефон байланысын күшейтуге.
Аудандағы шаруа қожалықтары қауымдастығының президенті, заңдық тұлға ретінде бұдан да басқа талай іске мұрындық болып жүргені рас. Қолынан келгенше елге көмек жасауға ұмтылады. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Жаңаша шаруашылық қалай ұйымдастырылады? Тығырықтан қайтіп шығасың? Өсу, ірге кеңейту жолдары қандай? Ұнжырғасы түскен ағайынға: «Басыңды жерге салма. Кеудеңді ешкімге басқызба. Адам болуға ұмтылайық. Мынандай кәсіп қыл, ақша тап. Оның жолдары – мінеки. Еңсеңді көтер» деп нақты ақыл-кеңесін береді.
Бүгінде бүкіл жер бетінде энергия тапшылығы сезіле бастады. Сондықтан, бұл ділгірлікті шешумен дүние жүзі мамандары шұғылдануға кіріскен. Қазақ елі де қол қусырып отыра алмайды. Қазір Тілеуғабылдың осы жөнінде облыс әкімі мен салалық министрдің миын қатырып жүргенін көп ешкім біле қоймас. Кезінде елдің тұңғыш президенті: «Жаңартылып жатқан қуат көздері Қазақ еліндегі энергия өндіру ісінде лайықты орын алуға тиісті» деген-ді. Бұл – бұдан былай желден, күннен, судан қуат алу ісін жандандыру қажет деген сөз-тін. Ол үшін мұнайдың, көмірдің қажеті жоқ. От жақпайсың. Тікелей табиғаттың өзінен алынады. Алматыда да осы бағытта Жапония елінің қаражаты арқылы жұмыс істеп халықаралық бір орталық бар. Оның жетекшілері де Тілеуғабылдың жолдастары. Кешелері ғана солар Шет ауданында қойылатын мониторингтік мұнара орнын анықтап кетті. Сөйтіп желдің қуатын әбден белгілеп алған соң жер-жерде электр станцияларын орнатыла бастайды. Тілеуғабылдың өзі жел қондырғыларын қойғаннан кейін Тасбаздың түбінен үлкен плотина салды. Одан бері де талай жыл өтті-ау. Енді екінші тоғанды салсам деп әрекеттеніп жүрген жайы бар. Соны біртіндеп үлкен көлге айналдырсам дейді. Көл болған жерде береке бар. Құс ұшып-қонады. Балық өседі...
Расында, шағын Тасбаз қазірдің өзінде үлкен бір дәстүрлі мәдени орталықтың міндетін атқарып отыр. Жақын және алыс шет елдердің саяхатшылары келіп жатады, түрлі елшіліктер мен өкілдіктердің қызметкерлері жиі соғады. Кешелері ғана Жапония, Англия, Словакия, Латвияның елшілері болып қайтты. Олар, әрине, мұнда шәй ішейін деп келмейді, жергілікті халықтың тұрмыс-салтымен, мәдениетімен жақынырақ танысуға ұмтылады. Қазақтар қалай отырады, қалай тамақтанады немесе немесе атқа қалай мінеді, құсты қалай салады дегенге қызығушылық танытады. Сондықтан, елді жерге қаратпай биік деңгейде көрінуге ұмтыласың. Кейде осындайда өзін мемлекеттік деңгейде атқарылатын жауапты міндеттерді қоғамдық негізде жалғыз атқарып жүргендей сезінетіні де жоқ емес. Әйтеуір, халықтың биік өркениетін сыртқы жұрт тани түссе кен деген ниеттен де...
Еліміз аман болса екен. Азаматтар ақылдырақ болса деп тілейді...
Өз ойынша, құсбегілік деген ¬– үлкен өнер. Және осынау дәстүрдің түп-тамыры қазақ елінен негіз алатынын іштей мақтан тұтады. Ертеде құс салу мәдениетіне қатты құмарлана бастаған орыс патшалары өз ордаларында салтанатты бүркітшілік сарайларын жасақтаған екен. Мәселен, қазіргі Сокольники соның дәлелі. «Известно, что Иван Грозный имел шестьсот птиц. Воспитанием этих птиц и сокольничих из числа царских дворовых людей занимались наставники из казахской степи» деп жазған әдебиеттер бар. Осының өзі-ақ тайлай жәйтті аңғартса керек.
Мұндай деректерге қарап отырғанда, Тәуелсіз Қазақ елінің көк байрағынан қыран құс кескінінің көрініс табуы өте бір әділетті істей көрінеді...
Құлан САҒАТҰЛЫ.