ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІҢ ЖОҚТАУШЫСЫ – ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ КӨМЕККЕ ЗӘРУ
2022 ж. 02 наурыз
3268
0
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға!
ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМДАРЫ БАСШЫЛАРЫНЫҢ АШЫҚ ХАТЫ
Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
«Қаңтар оқиғасы» бәрімізді де дүр сілкіндірді. Бұл оқиғаның зардаптарын жою оңай емес екендігін өзіңіз жақсы әрі терең айтып жүрсіз. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында берген сұхбатыңызда қазақ баспасөзін оқитыныңызды және оның қоғамдағы рөлінің күшті әрі маңызды екенін айтып өттіңіз.
Мемлекетіміздің гүлденуі мен өркендеуіне үлес қосып келе жатқан қазақ баспасөзі халық пен биліктің арасындағы алтын көпір десе де болады. Әсіресе өзіңіздің «Жаңа Қазақстан» құру жөніндегі идеяңызды қолдап қана қоймай, мемлекетіміздің болашағы, құрылымы жөнінде қазақ баспасөзі ерекше қолдау көрсететіні анық.
«Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымыздай, бұл мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне жауап қатуы деген сөз емес. Бұл ең алдымен билік пен қоғам арасындағы диалог» деп Жолдауыңызда айтқандай алдағы уақытта да осы парызымыз пен міндетімізді орындай береміз. Сол алтын көпір Қазақ баспасөзінің жағдайы қазір аса мәз емес. «Қазақ баспасөзіне зор қауіп төніп тұр!» деген тақырыпта Қазақ баспасөзі мерзімді басылымдарының басшылары биыл онлайн дөңгелек үстел жасап, өзіңізге Ашық хат жолдағанбыз. (Дөңгелек үстел 20 ақпанда («Qazaqstan dauiri» №8) өткенмен қатыспай қалған мерзімді басылымдардың басшыларымен онлайн байланыс арқылы жалғасты https://qazdauiri.kz/?p=16721). Одан аса нәтиже болған жоқ. Рас, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бұрынғы министрі Аида Балаева Алматыға арнайы келіп, біздің өкілдермен екі мәрте кездесті. Одан бері біршама уақыт өтті. Әлемді коронавирус індеті жайлағалы таралымымыз азайып, жағдайымыз одан әрмен нашарлай түсті. Бірақ министріміз мемлекеттік тапсырыс мәселесінде қозғау салғанын сезіндік. Бірақ жазылу жөніндегі ұсынысымыз аяқсыз қалды.
Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Қазіргі 2022 жылғы жазылу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Қолымыздан келген ұйымдастыру жұмыстарын істеп жатырмыз. Әсіресе 18 мың кітапханаға бір-бір данадан жазылу жөніндегі ұсынысымыз орындалған жоқ. Сондықтан бұл хатымызды сізге тағы да жолдап отырмыз. Егерде осылай кете берсе Қазақ баспасөзінің халықпен байланысы нашарлап, өзі де қатары селкеуленіп қалған басылымдар жаппай жабылуы әбден мүмкін. Сондықтан Қадірлі Президент мырза, Қазақ баспасөзін өз қамқорлығыңызға алуыңызды өтінеміз!
Ғаламтор, әлеуметтік желі әсерлерін айтпағанда соңғы кездері әкім- қаралар, мектеп директорлары «Біз ешкімді күштеп жаздырта алмаймыз» деген желеу айтуы салдарынан мерзімді басылымдарға теріс көзқарас қалыптасты. Газетімізде (11 қараша, 2021ж) «Баспасөзге жазылуға мәжбүрлемеңіздер» деген билік «Рухани жаңғырудың болашағын ойламағаны ма?» атты мақалада (авторы С.Мешітбайқызы) бұл мәселенің бүге-шүгесіне дейін жазылған. Баспасөзді оқымау ол надандыққа бей-жайлылыққа, рухани жаңғырмауға, сауатсыздыққа деген тікелей жол салу деп білеміз. Өркениетті, дамыған мемлекеттерде мұндай теріс көзқарас мүлдем жоқ. Оларда газет, журнал оқу мәдениеті әрқашанда жоғары. Қазір ақпаратқа деген халықтың сұранысы артып отыр. Мерзімді басылымдарға қаржылай және рухани жағынан олар қамқорлық жасап отырады. Ол мәселені шетелдерде көп зерттеген сіз жақсы білесіз. Баспасөзге жазылу науқаны алдында қайтадан өзіңізге хат жазуға мәжбүр болып отырмыз. Бұл хатымыз нәтижесіз, аяқсыз қалмайды деп сенеміз. Біз мерзімді басылымдардың таралымын көбейтудің бірнеше жолдарын ұсынамыз.
1. Басылымдардың, соның ішінде қазақ газет-журналдарының таралымын көбейтуге еліміздегі кітапханалар жүйесі айрықша ықпал етеді. Нақты санын айтар болсақ, 11 мыңдай кітапхана бар. Оның сыртында мектептерде де 7 мыңдай кітапхана жұмыс істейді. Оларға қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарды жаздырып алуға бөлінетін қаржыны көбейту керек. Бір-бірден жазылғанның өзінде тек кітапханалар жүйесі арқылы таралымымыз 18 мыңға жетер еді. Осы мәселеге өзіңіз тікелей ықпал еткеніңізді қалаймыз.
2. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан «Ақпараттық-сараптамалық комиссия» құрылса жөн болар еді. Сонда ол комиссия бізбен тікелей жұмыс істер еді.
3. Тәуелсіз басылымдар мемлекеттік тапсырыстан әрқашан тыс қалады. Бұл басылымдарға да мемлекет қаржысымен шығып жатқан басылымдар секілді оң көзқарас қажет. Оның сыртында тапсырыс берілгенде газет-журнал таралымы жөніндегі шарты алынып тасталып, дотация беру жағын қарастыруға ықпал етсеңіз дұрыс болар еді. Шынында да мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетсе дұрыс болар еді. Мәселен мемлекеттік тапсырысты алу үшін таралым (газет) саны 10 мыңнан кем болмауы тиіс. Бұл санды 5 мыңға азайтса деген өтінішіміз бар. Себебі жоғарыда айтқанымыздай басылымдардың таралым саны күрт азайып кетті. Облыстардан, министрлік тарапынан тапсырыс көлемі арттырылса және ол конкурстан тыс болғаны жөн. Ол сонда бүгінде қиындық қыспағында қалған қазақ басылымдарына оң ықпал етері даусыз.
4. Кеңес өкіметі кезінде мерзімді басылымдар арнайы ғимарат орындарымен қамтамасыз етілді. Мәселен, республикалық деңгейде «Дәуір кешенді баспасы» үйі болды. Онда газет-журналдардың редакция ғимараты, арнаулы баспахана, спорт залы, мәдениет үйі бар болатын. Жекешелендіру кезінде республикалық басылымдардағы журналистердің маңдайтер қаржысымен салынған осы кешенді Баспа үйі әлдекімнің меншігі болып кетті. Сондықтан да бұл мәселе қайта қаралып, өздеріне қайтарылуы қажет. Немесе жаңа Кешенді Баспасөз үйі Алматы қаласында бой көтерсе құба-құп болар еді. Осыған ықпал етуіңізді сұраймыз.
5. Газет-журналдарды таратуға «Қазпошта» қызметі айрықша үлес қосады. Өкінішке қарай, бүгінде оның жер-жердегі мыңдаған бөлімшелері дұрыс жұмыс істей алмай отыр. Бұл газет-журналдың уақытында бармауы баспасөзге деген көзқарастың теріс болуына ықпал етуде. Пошта тасушылардың еңбекақылары мүлде төмен. Айлық жалақысы 20-30 мыңнан аспайды. Соның көлемін ұлғайту үшін аудандардағы пошта қызметкерлерінің еңбекақысын жергілікті бюджетке енгізген өте дұрыс жол болар еді. Сонда олар ауыл әкімдігінің құрамындағы қызметкерлер қатарына еніп, күнделікті пошта жұмысын кеңес үкіметіндегідей қалыпқа келтірер еді.
6. Газет-журналдарға салынатын қосымша құн салығы мүлде алынып тасталғаны да біздің жұмысты жандандыруға ықпал етеді. Сондықтан осы мәселені де күн тәртібіне қойсаңыз.
7. Қазір газет-журнал сататын дүңгіршіктер жұмыс істемейді. Тіпті, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының өзінде де дүңгіршектер жоқтың қасы. Осы мәселені де назарға алып, министрлік тарапынан іс қозғауға ықпал етуіңізді сұраймыз.
8. БАҚ өкілдері осы жылға дейін мемлекеттік тапсырысты «ҚР Мемлекеттік сатып алу» Заңы бойынша (аталмыш заң барлық құрылымға ортақ) жергілікті (аудан, қалалық) ішкі саясат бөлімдері жариялаған конкурстың нәтижесімен алып келген болатын. Ал биылғы жылдан бастап жергілікті жерлердегі бюждеттен бөлінген қаржыға конкурс өткізу құзіреті облыстық ішкі саясат басқармасына беріліп отыр. Бұл Қазақстан Республикасы «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің» 2017 жылғы 23 ақпандағы №75 бұйрығымен бекітілген ережеге сәйкес жүзеге асуда. Демек бұдан былай бұқаралық ақпарат құралдарына бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған тапсырыстар «ҚР Мемлекеттік сатып алу» Заңымен емес, «ҚР Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына сәйкес өтетін болып отыр.
Жоғарыда аталған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бұйрығымен бекітілген ережеге сай еліміздің барлық облыстарында және республикалық маңызы бар қалаларда мемлекеттік тапсырысты ұйымдастыру облыстық ішкі саясат басқармасының құзіретіне берілгендігі ақпарат құралдарына біршама қиындықтар тудыруда. Өйткені аталмыш ережеде мемлекеттік тапсырыс конкурстарына біркелкі талаптар қойылған. Соның ішінде бір аудан көлемінде таралымы жоғары және жергілікті оқырмандармен біте қайнасқан, тарихы терең басылым мен басқа қаладағы немесе аудандағы газет мемлекеттік тапсырыс конкурсына қатысуына ешқандай шектеулер қойылмаған. Яғни ауданның тынысын күнделікті жарыққа шығарып отырған, редакция құрамында 10 адамнан кем емес қызметкері бар газет ұжымымен өзге қала немесе аудандағы басылымның артықшылығы аталған ережеде ескерілмеген. Одан бөлек жыл сайын «ҚР Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес аудан аумағында жыл көлемінде игеретін қаржының 20 пайызына дейінгі көлемін алдын ала қосымша келісім арқылы аударатын. Себебі мемлекеттік тапсырыс конкурсының өтетін мерзімі шамамен 2 айға жоспарланған. Осы уақыт аралығында редакция ұжымы айлық жалақы мен өзге де шығындарынан қысылмайтын. Ал бүгінгі таңда қаңтар айының басында қол жеткізетін 20 пайызға дейінгі қаржымыздың нақты қай мерзімде берілетіні әлі күнге дейін белгісіз.
Елімізде ресейлік БАҚ-тар үлес салмағы басым. Жеке мемлекет ретінде олардың жұмысын тоқтатып немесе мейлінше шектеу қажет. Олар біздің мемлекетімізде ұлттық-ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретіні сөзсіз. «Жаңа Қазақстан» жүйесін құрған кезде осы мәселені игеру керек.
Міне көріп отырсыз, бұл айтқан мәселелер мемлекетке аса көп жүк, ауырлық түсірмейді деп ойлаймыз. Тек бізге деген ниет, ықылас түзелсе бәрі де жүзеге асатын мәселелер. Бізге де қаржы табуға жанталаспай, шығармашылықпен айналысуға зор мүмкіндік туар еді. Сөйтіп еліміздің даму деңгейін арттыруға, «Жаңа Қазақстанның» экономикалық және рухани жағынан гүлденуіне, өркендеуіне біз барынша үлес қосар едік.
Зор құрметпен:
1) Сәуле Мешітбайқызы, «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері;
2) Мағира Қожахметова, Балалардың республикалық «Балбұлақ» журналының, «Дертке дауа» медициналық-танымдық, республикалық газетінің бас редакторы;
3) Марат Тоқашбай, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, Қазақстанның педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор;
4) Талғат Айтбайұлы, республикалық «Жыл – он екі ай» журналының бас редакторы, ұлт қайраткері;
5) Досымбек Өтеғалиев, «Заң» медиа корпорациясы, ЖШС басшысы, («Заң» газеті, «Юридическая газета»);
6) Ертай Айғалиұлы, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі;
7) Төрехан Данияр, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, «Қазақ радиосының үздігі», Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, ҚР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының мүшесі, Қазақ журналистикасының қайраткері медалінің иегері;
8) Қымбат Әбілда, Республикалық «Айгөлек» журналының автор-редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркі әлемінің ақпарат саласының үздігі;
9) Дәурен Қуат, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Халықарлық «Алаш» әдеби сыйлығы мен түркі халықтарының М.Қашқари атындағы сыйлығының лауреаты, «Ақпарат саласының үздігі» медалінің иегері;
10) Құлтөлеу Мұқаш, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері;
11) Срайыл Смайыл, «Jas qazaq» газетінің бас редакторы, ҚР Президентінің БАҚ саласы бойынша сыйлығының лауреаты;
12) Болат Батыр, Республикалық «Үш қоңыр» газетінің бас директоры, бас редакторы;
13) Нұрлыбек Саматұлы, Республикалық «Таңшолпан» әдеби-көркем көпшілік журналының бас редакторы, жазушы;
14) Шолпан Ұғыбайқызы, «Ақ босаға» газетінің құрылтайшысы, бас редактор, «ҚР Президенті жанындағы Отбасы және демографиялық саясат комиссиясы ұйғарған «Әйел басқарған үздік кәсіпорын» басшысы;
15) Дәулетбек Байтұрсынұлы, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, ақын, «Түркі дүниесі ақындары» мүшайрасының жүлдегері, Халықаралық «Илһам», «Молда Бағыш», «Юнус Эмре», «Поэтикалық тірек» сыйлықтарының лауреаты.
qazaquni.kz