Генерал Сабыр Рахымов жауынгерлердi қалай рухтандырды: Бағланова естелігінен
2022 ж. 02 сәуір
2701
0
Біз – жауынгер халықтың ұрпағымыз. Бұл жәй ғана айтыла салған сөз емес, тарихтың ұзақсонар көшінде талай рет айғақталған нәрсе. Өжеттік пен батылдық біздің қанымызда бар. Қай ғасырды, қайсыбір елеулі оқиғаны алсаңыз да, бар ғұмырын аттың жалы, түйенің қомында өткізген ата-бабаларымыздың ерлік пен батырлық дастаны менмұндалап тұрады. Өзге жұртқа қарағанда, бір ерекшелігі – біздің халқымыздың ұлдарымен бірге, қыздары да барлық уақытта өжеттік пен ерліктің символына айнала білген.
Арғы тарихты айтпағанда, аяқталғанына небәрі 77 жыл болған күні кешегі – Ұлы Отан соғысы деген атпен тарихта қалған төрт жылдық қырғында Шығыстың шынарлары Әлия мен Мәншүк, Хиуаз бастаған қыздарымыз қаһарман халықтың қаны сақталғанын барша әлемге тағы бір әйгілеп берді.
Жаратылысы бөлек, табиғаты батырлық пен батылдықтың тұнығынан таралған өр қыздарымыз өз алдына, жаны нәзік, ішкі әлемін сезім иірімдерінің тербетілген әлсіз ғана майдақоңыр талшықтары билеткен өнер иелері де күн туғанда қасқайып, қыр басындағы қан майданның арасында жүрді. Сондай оқиғаның бірі атақты әншіміз, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан халық қаһарманы Роза Бағланованың басынан өткенін бүгінде ел жақсы білсе керек.
Жан алысып, жан беріскен ұлы шайқас қара жердің қара топырағын қанға бояп, қыраттың басы қызарып, ойпаттың іші ойран боп жатқанда, зұлымдықтың найзасына айқара төсін қаймықпай тосып, бұғауға түскен бейқам елдерді фашизмнің құрсауынан босату үшін өлімге бас тіккен кеңестік жауынгерлерге күш беру мақсатында ел-елден өнер адамдары барып, концерт қойып жүрген кездер болатын. Оған да екінің бірінің жүрегі дауалай бермейді, бұған да батырлық пен батылдық қажет.
Қазақтың қайсар қызы Роза Бағланова от пен оқтың арасында өмір мен өлім арпалысып жатқан жантүршігерлік қан шайқаста майдан шебіне қасқайып барып, қаһармандық танытты.
Бұл кезде Кеңес әскерлерi Польша жерiн жаудан азат етiп жатқан. Грауденцте соғыс қызып жатқанда, «Генерал Рахымовтың дивизиясына концерт қоюға әртiстер келе жатыр» деген хабар тарайды. Туған жерден жырақта, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердiң қуанышын сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын мұндайда.
Фашистік басқыншылардан қорлық көріп жатқан жергiлiктi халық кеңестік жауынгерлердi қуана, құшақ жая қарсы алған болатын. 16 күннiң iшiнде 215 шақырымға созылған Польшаның 124 елдi мекенi гитлершiл басқыншылардан тазартылады. Әрбiр адым жер үшiн жантүршiктiрерлiк шайқас болып, Кеңес әскерi 1945 жылдың 25 ақпанында Грауденц қаласын қоршауға алады. Оған 37-гвардиялық атқыштар дивизиясы мен 2-күштi армия бiрiге отырып қол жеткiзген едi.
37-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирi даңқты қолбасшы, генерал-майор Сабыр Омарұлы Рахымов болатын. Концерт қоюға әншi жерлестерiнiң келгенiне оның өзі де қатты қуанады. Елден келген өнер иелерiнiң iшiнде бұлбұл көмей әншi Роза Тәжібайқызы Бағланова да бар еді. «Iштерiңде менiң қарындасым бар екен ғой, қазақтың қызы – Роза Бағланова деген қайсың?» деп, ол кiсi бiздiң арамызға өзi iздеп келдi. Сұңғақ бойлы, ұзын келген, шашы қап-қара, қырықтардан асқан кiсi екен. Әңгiме арасында ол өзiнiң туыстары жайында сөз қозғады, кiшкентайынан жетiм қалғанын айтты. Кiм бағып, кiм адам еткенiн, тегiнiң неге Рахымов болғанын – бәрiн-бәрiн айтып бердi», – деп еді бұл жайында әнші Роза апайымыздың өзі.
Майдан даласында жүрген жауынгерлердi рухтандырып, көңiлдерiн көтеруге келген өнерпаздарға генерал Рахымов жерлесi Тоғанбайды таныстырады. Қазақстанның мақтанышы, Кеңестер Одағының Батыры, Днепр шайқасының қаһарманы Тоғанбай Қауынбаевтың майдан даласында аты аңызға айналып тұрған кез едi. «Отан үшiн» атты майдандық газетте жауынгер-ақын Сағынғали Сейiтовтiң «Тоғанбай» деген өлеңi жарияланған болатын. Қаптаған жаумен бетпе-бет шайқасып жүріп, майдан ортасында кездескен қазақтар бір-біріне ақтарыла әңгіме айтып, бір жасап қалады.
Алғашында, енді келіп көліктен түсерде, генерал «Менің қарындасым екенсің ғой» деп көтеріп алғанда, өзінің туған қарындасына жолыққандай қатты қуанады. Сонда екі иығына екі кісі мінгендей, ұзын бойлы, қарулы кісінің қолындағы кіп-кішкентай әнші қыздың балаша мәз болғанын қайтерсіз. Қазақ қайда жүрсе де бауырмалдығын ұмытпаған халық қой, Еуропаның төсіндегі қан майдан даласында кездесіп, бірін-бірі ағалы-қарындас тұтқан екеуіне өзге жұрт қызығы қараған еді.
Сол жолы елден келген әншiлер шаршағанына қарамай, күнiне үш реттен концерт бередi. Тiптi, жау жағының мазалап, оқта-текте оқ жаудырып қоятынына да қараған жоқ.
Әншiлердi генерал Сабыр Рахымовтың дивизиясына арнайы апарып концерт ұйымдастыратын жөнi бар едi. Ержүрек қолбасшының сарбаздары мұндай құрметке лайық болатын. Мұның алдында Солтүстiк Кавказды басқыншылардан азат етудегi генерал Рахымовтың ерлiгi мен әскери шеберлiгi Сталиннiң өзiн таңқалдырған.
Сұрапыл соғыс жүрiп жатқанда да қолынан iс келетiн бiлiктi басшыны таңдап-талғап отырған. Әскери iстердегi генералдың шеберлiгi маршал Рокоссовскийдi де мойындатты. Ол 1-Белорус майданының жаңа қолбасшысы Жуковтан генерал Рахымовты майдандағы жағдайдың тым ауырлығына байланысты 2-Белорус майданына жiберуiн өтiнген. Рахымовтың 37-гвардиялық атқыштар дивизиясына келу себебi осы болатын.
Шырайлы Шымқаланың маңындағы Қазығұрт тауының баурайында туып-өскен Сабыр Рахымов өзбек елiнде тәрбие алды. Сөйтiп, төскейде малы, төсекте басы қосылған екi елдiң төл баласына айналады. Оның кезiнде «өзбектен шыққан тұңғыш генерал» атанғаны да сондықтан едi. Алайда, ол өзiнiң сүйген жары, майдандас серiгi Құралай Натуллаеваға «Менiң арманым – қазақ болып өлу» деп талай айтыпты. «Мен Сабырмен соғыста бiрге болған адаммын. Сабырдың қайтадан қалай қазақ болғаны ұзақ әңгiме. Бұл мәселемен айналысып, ары-берi шапқылағаныма 50 жыл болды. Бармаған жерiм жоқ, ақырында, жоғары әскери училищенiң мұрағат бөлiмiнен «Сабыр Омарұлы» деген құжатын алып барып жағдайды түзедiм. Соның өзiнде, 1996 жылы халықаралық сотқа берiп жүріп, соның арқасында ғана оның қазақ болғандығын дәлелдей алдым», – деген болатын бір естелігінде Құралай апай.
Талай сыннан сүрінбей өтіп, ерен ерлік көрсете білген генерал Рахымов елiнен келген әртiстерге үлкен сый-құрмет көрсетiп, арнайы дастархан жасаған. Маңайындағы жоғары шендi офицерлердi түгел жинап, келген қонақтармен ашық-жарқын әңгiме құрады. Елге деген сағыныш сезiмi жеңiп, бiр сәт Роза қарындасымен қазақша сөйлескен. Соғыс уағында ең қажет нәрсе – қауiпсiздiк пен сақтық шаралары. Сабыр Рахымов жауынгерлердi қанаттандырып, соңында өздерiн күткен ел бар екенiн тағы бiр естерiне салып, дем беруге келген қонақтарының жай-күйiне қатты алаңдаушылық та білдіреді. Айтқандай, майдан даласында талай мәрте қан көрiп құтырынған қанқұйлы фашистер біздің жауынгерлеріміздің артындағы елден әнші қарындастары арнайы іздеп келіп, мәре-сәре болып жатқанын қайтсін, олар қонақжайлылық таныта қоймапты.
Қалыптасқан тәртіп бойынша келген өнерпаздарды концерт қоюға жауынгерлер орналасқан үйлерге, госпитальдерге алып барады. Барған жерлерінде кейде «Бұл жер өте қауiптi» деп, басқа жерге қарай қайтадан алып кететін де кездері болған. Қазақша айтқанда, көшіп-қонып жүрiп, концерт ұйымдастырып отыруға тура келеді.
Өмірінің кейінгі жылдарында осы оқиғаларды сөз еткен әнші Роза Бағланова майдан даласындағы сол уақыттағы сәттерді әдемілеп суреттеп тұрып айтып берген болатын. «Бiрде, кiшкене демалып жатқан кезiмiз едi, «Сақтаныңдар! Жау ұшағы!» деген айғайлаған дауыстар шықты да, бәрiмiз сыртқа қарай жүгiрдiк. Артынша, сол жатқан үйiмiздiң төбесiн бомба жапырып тастады. Бақытымыз бар екен, дер уағында шығып үлгердiк», – дегені бар.
Иә, қазақтың қаһарман қызы, әншi Роза Бағланованың майдан даласы жайында айтар әңгiмелерi аз емес еді. Ол генерал Сабыр Рахымов туралы да көп дерек айтып кетті. Бәрінен бұрын, әнші апамыз қазақ қызына тән өр рух пен өжет мінезін, батырлық пен батылдықты ақтық демі біткенше сақтап өтті. Өйткені, ол шынында да халық қаһарманы болатын.
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК
qazaquni.kz