ЖЕКЕ АДАМҒА ТАБЫНУШЫЛЫҚ ДЕГЕН НЕ...
2022 ж. 02 наурыз
2228
0
Оян, қазақ!
Көзіңді аш,
Оян, қазақ,
Қөтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті,
Дін нашарлап,
Хал һараб боп,
Қазағым, енді жату жарамасты!
Міржақықып Дулатұлы (1909 ж.)
Осыдан тұп-тура 112 жыл бұрын «Оян қазақ» деп ұрандаған Міржақыпты білмейтін қазақ жоқ шығар. Бірақ осы ХХІ ғасырдың дәл осы күндері бұлай сүрен салатын қазақты кездестірудің қиындығын айтып отырып, амалсыздан тағы да «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты» деп бар дауыспен ұрандауға мәжбүр болып отырмыз. Кеше ғана өткен ғасырдың соңғы ширегінде «Кемелденген социализмде болып-толған қазақ «Мақтансаң мақтан қазақ, төбең көкке жетпей тұр аз-ақ» деп даурыға әндетіп жүрген еді. Ол қазақтың тілден, діннен, еркіндіктен, жерден де айрылып жаппай орыстанып, ұлтсызданып бара жатқанын ойлауға ойлануға тоталитарлық режим мүмкіндік бермеп еді.
Ал, қазақы тыраш, жалған намысты қайырып қойып, тарих бетіне тіке-тура қарап айтар болсақ, 1991 жылдың соңғы айларына дейін Одақтан бөлінбеуге бел байлап, 1989 жылғы референдомды бетке ұстаған Нұрсұлтан Назарбаев, басқа елдің бәрі бет-бетіне кетіп Тәуелсіздігін жариялағанға дейін, тіпті Мәскеудегі әскери төңкеріске дейін міз бақпай отырғаны баршаның есінде. Отаршыл орыстардың өзі кімнен тәуелсіздік алғанын өзі де түсінбей тәуелсіздігін жариялап қойған соң қазақ билігі аяқ астынан «Қазақстанның тәуелсіздігін жариялап «ерлік көрсетті. Онда да құдайдың 366 күнінен лайықты күн таппай Алматыдағы қанды Желтоқсан бастаған 16 желтоқсанды, қара жамылған қаралы күнді таңдап Қазақстанды той-думан дүрмегіне еліктіріп, ән айтқызып, би билетіп, шалқып шарап ішкізіп жіберді. Сөйтіп Желтоқсан көтерілісінің от жалынын өрт сөндіргіш машинаның суымен өшірткенімен қоймай, күллі желтоқсаншыларды орталық Алаңда төгілген қазақтың қыршын қыз-жігіттерінің ар-намысын да «Тәуелсіздік тойының арақ-шарабына тұншықтырып тастады. Содан бергі 34-жылдан бері «Желтоқсан көтерілісіне әділ баға беріп, ресми саяси ақтау берілмей көмескіленіп атаусыз қалып бара жатыр.
Ал, Тәуелсіздіктің 30 жылын, осы жылдарда жүргізілген барлық саяси, экономикалық әсіресе конституциялық реформаларды сарапқа салар болсақ мынадай үш-төрт түрлі сөзге сыйғызуға болады екен.
1. Алдымен экономика, содан кейін саясат.
2. Жерді сату, мемлекет меншігіндегі барлық байлықты жекешелендіру желеуімен билік басындағы кешегі коммунист, бүгінгі Президент пен әкімдер, күштік органдардағы погондылар пышақ үстінде бөліп алып, шетінен миллионерлерге айналып шыға келді. Биліктің «алдымен экономика» дегенінің шын сыйқы осы болып шықты. Ал, шетелдік алаяқтармен ауыз жаласқан ең жоғарғы билік қазақтың жер асты, жер үсті байлығын талан-таражға салып ту-талақай қылғаны тағы бар. Сөйтіп, 30 жыл ішінде «көзін ашып, басын көтермек түгіл өз халқын қасқырша талаған ашкөздердің кесірінен өзінің «Тәуелсіз Қазақстанының» босағасында қалған қайыршы қазақ қазақтың бүкіл қала, даласын нұрландырған ұлы көсем – елбасының нұрынан көзі қармасып ұйықтап бара жатқанын көріп біліп отырғанда тағы да Міржақып атамызша «Оян, қазақ» деп жар салуды азаматтық әрі перзенттік парызымыз деп білдік.
3. Осының бәрі 1995 жылы қабылданған Ата-заңның бір адамның және оның отбасының мүддесін қорғап, атағын аспандату жолындағы қуыршақ Парламент пен Сенаттың халқының мүддесін аяққа таптап, қолдан кешегі коммунистердің ұлы көсеміне балама ешбір қателеспейтін, сондықтан, жалпыға ортақ Конституциялық заңдар мен ережелерден мүлде жоғары тұратын абсолютті билік иесі ретінде «Нұр сәулелі –сұлтан» мәртебелі «елбасының» ұлылығын Сталинге тең таппай қиналған Жамбыл жырауша қиналған қазақты көріп, біз де қиналып отырмыз.
ХХІ ғасырдың – өркениетті әлемнің бір мүшесі болса да масаң ұйқыдан маужыраған қазағыма «жеке басқа табыну» деген сүркейлі сөздің пайда болу тарихын - кешегі сталиндік зұлматқа 1956 жылы бүкіл Кеңес елін билеп-төстеп тұрған КПК бюросының бағасын ұсына отырып, бүгінгі реал өміріміздегі келеңсіздіктерді салыстыра, салғастыра сараптауды ескерткіміз келді.
«Жеке адамға табынушылық ¬– көрнекті адамдар тарихи процеске шешуші ықпал жасайды деп жеке адамның алдында бас ию, оны қошаметтеуді, уағыздауды көрсететін ұғым. Ж.а.т. идеясы мен практикасы ерте заманнан бері келе жатыр. Халықты ол кезде діни және зиялылар өкіметінің өкілдері ¬– қателеспейтін, жаңылыспайтын ерекше адамдар деп, құлдық ұруға зорлап көндірді. Кейінірек Ж.а.т. идеясы идеялистік бурж. Философияда қоғамдық өмірдегі обьективті заңдылықты жоққа шығартып, жеке адамның зорлық-зомбылығын ақтайтын идея ретінде қалыптасты. Марксизм-ленинизм Ж.а.т-тың қандай түріне болса да қарсы, оны тарихты материалаистік тұрғыдан түсінумен де соц. Қоғамның демократиялық мәнімен де сыйыспайтын ұғым деп есептейді. М.-л. классиктері бедел атаулыларға ескі наныммен бас июге дейін баратын жеке адамға табынудың қандай бір түріне болмасын қарсы пікірлерде болды. Коммунизм жаулары біздің елімізде кезінде орын алған И.В.Сталиннің жеке басына табынушылықты соц. қоғамдық құрылысқа байланысты болады деп түсіндіруге тырысады. Ал, шын мәніне келгенде мұның өзі ерекше жағдайдан туған құбылыс еді. Біздің елімізде дүние жүзіндегі тұңғыш соц. қоғам темірдей берік тәртіп сақтауды және партиялық мемлекеттік басшылықты бір орталыққа бағындыруды қажет еткен капит. қоршау мен қатаң экономикалық блокада жағдайында орнатылды. И.В.Сталиннің жеке басына табынушылық осындай күрделі ауыр жағдайда пайда болды. Партиямыз Ж.а.т.-ты батыл сынады. КПСС ОК-і «жеке адамға табынушылықты және оның зардаптарын жою туралы» (1956 ж. июнь) қаулысында Ж.а.т-тың обьективтік жағдайларын, сондай- ақ Сталиннің жеке басының қасиеттеріне байланысты кейбір субьективтік факторларды талдап, Ж.а.т-тың материалистік позициядан таюға, тарихты нағыз жасаушы халық бұқарасының белсенділігі мен бастамасын бағаламауға әкеліп соқтыратынын ашып көрсетті».
Қ.С.Э. 4-том, Док – имантау Алматы. 1974 жыл. 361 бет, қаз-қалпында көшірілді.
ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан қазақ азаматтары сонау 1974 жылы баспадан шыққан осы энциклопедияның әр бір сөзін ұқыптай оқып, бүгінгі Конституциялық заң ережелеріміздің қалай бұрмаланып өзгертілгенін санамаласақ есептен жаңылып, басымыз айналып кететін шығар.
Сөзді ҚР конституциясынан бастағанда назарларыңызға 2019 жыл Конституция күніне орай сөйлеген сөзінде Президенттің «Қазақстан Конституциясына ешқандай өзгертулер енгізілмейді және оның қажеті де жоқ» дей келіп: «Конституцияға өзгерістер енгізу туралы айтып жүргендердің барлығы ібілістің әрекеті» деп мәлімдеген болатын. Солай-ақ дейін десек соған дейінгі жағдайымыз мынадай екен ҚР Конституциясына осы жылдарда бес рет: 1998, 2007, 2011,2017, 2019 жылдар енгізілген өзгертулер мен толықтырулар бойынша 55 статьяға 1100 толықтырулар мен өзгертулер енгізгендерді де ібілістер қатарына қосу керек болатын шығар. Солардың ішінде 1998 жылы ең негізгі 19 заңға түбірлі өзгерістер жасалыпты. Соңғы өзгеріс 2019 жылғы 20 наурыздағы Конституциялық кеңестің: «Вносимые в Конституцию Республики Казахастан «Астана» ¬– «Нұр-Сұлтан» связами с признание исторической роли и увекавсячиванием заслуг Первого Президента Республики Казахстан перед народом Казахстана, не затрагивают вопросы независимости государства, территориальной целосности Республики, формы ее правления, а также основопологающие принципы деятельности Республики, заложенные основателлем независимого Казахстана, первым Президентом Республики Казахстпан – Елбасы».
Біздің ләппай тақсырға әбден машыққан Мәслихатшылар мен Парламентарилер жағымпаздықтың әлемде жоқ үлгісін көрсетіп Астананың жаңа атауын – «Нұр-Сұлтан» деп жазуды, әу баста, Нұрсұлтан деп ат қойған ата-анасы көрегендікпен арабтың «Нұр» деген сөзінің «свет», «сияние» екенін, ал «Сұлтан» - «власти» немесе «правитель» екенін біліп әдейі «Нұр-Сұлтан» деп қойғанын еске алса керек.
Қазағым-ау бұл сорақылықты қара орыс депутаттар қошемет үшін айта салған түсінбнестік дейін десек, республикалық Ономастикалық комиссия алақайлап бұл сандырақты заңдастырып бергеніне куә болып отырмыз.
Жаңа Президенттің таққа отырар отырмастан шығарған указы бойынша өзгертілген қала, көше, оқу орындары мен мәдениет мекемелері, вокзалдар мен аэродромдар, станция бекеттері т.б. сансыз жаңа атауларды жабдықтап орнатуға шамасы 125 миллион доллар (47301250000 теңге) жұмсалатын көрінеді. Мынау кедейшілік, қымбатшылық, ауру-сырқау, алқымдап тұрған қазақ халқы жағымпаздарға қарғыстан басқа не айтар дейсің?! Басқасын айтпағанда соңғы 15-20 жылда Парламент қабылдаған Конституциялық өзгертулер мен толықтырулардың басым көпшілігі тұңғыш Президент –Елбасының абыройын асқақтатып қана қоймай, оның жеке басына табынудың диктатор В.И.Сталиннен де сорақы түрлерін заңдастыратын толып жатқан заңсымақтардың жалпы тізімі оннан асады екен. Атап айтқанда: осы өзгертулер мен толықтырулар тұңғыш Президент – лидер нациды және оның қазақ халқының бар байлығын озбырлықпен иемденіп алған отбасы мүшелерімен, бар билікті басып алған қылмыстық топты қайткенде тарихтың бүгінгі және ертеңгі әділ жазасынан құтқарып қалудың барлық айла-шарғысын заңдастырудан басқа еш нәрсе де емес екенін бұдан 11 жыл бұрын (21.05.2010) қабылданған заңдағы: «...Что глава государства и члены его семьи полностью освобождаются от уголовной ответственности» дей келіп, «...Уголовной отвественную отвественность за порчу изоброжений первого Президента Казахстана, публичные оскорбления и искажения фактов его биография» ¬– т.б. қатаң ескертулермен көруге болады...
Қадірлі отандастар, бізге мыңдаған жылдардан бері өмір сүрген адамзат баласы басынан өткерген қанды тарихқа көз жіберсек, алтын тақтан айрылмау үшін тіпті, қара жер қойнына кіргеннен кейін де мәңгілік өмірден дәмелі сан диктаторлардың тағдыры бүгінгі «өлмес өмір» арқанына жармасқан көсемдерге сабақ болмаған екен. Ағылшынның ұлы ақыны Лорд Байронның «Өмір арқан, жабысып ұшына, соңғы түйін қолдан шықпаса екен деп» дейтін орындалмас «Арманға» алданған лидерлер, патшалар мен хандар, пролетарияттық ұлы көсемдерді аяп, жаның ашиды екен.
Мәңгілік тек жаратушы Аллаға ғана жарасады, ұлы Абайша айтар болсақ:
Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір – жарқылдар, алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің?
Өлмек үшін туғансың, ойлан шырақ.
Дегенмен, өлімнің де қадірлісі мен қадірсізі де болатынын ұмытпауымыз керек. ХХІ ғасыр диктаторлар мен коммунист көсемдердің миллион, миллиардтарға тұрғызылған сан мың ескерткіштерін талқандап, олардың ат-атауларын қайта жаңғыртудан басқа игілікті, сауапты қарыз-парыздары аз емес еді ғой.
«Лидер нацииды» ойлап тапқандар қай ұлттың ¬– қай нацидың «қателеспейтін, жаңылыспайтын ерекше адамы» дегісі келген Ж.А.Т (жеке адамға табынушылықты) «...Жеке адамның алдында бас ию, оны қошаметтеуді, уағыздауды және жеке адамның зорлық-зомбылығын ақтайтын идея ретінде айыптағанын білмегені ме? Біз осындай шектен шыққан мәңгүрттікті заңдастыру арқылы ХХІ ғасырдағы өркениетті әлем алдында ұятты болып отырмыз.
Қазақ халқы кешегі Алматыдағы «Брежнев» алаңында қанға боялған қыршын қыз-жігіттерімізбен Қайрат Рысқұлбек, Ләззәт Асанова т.б. жаныштауға бұйрық берген қанды қолдар әлі әділ сотқа тартылған жоқ. Ал, айдың, күннің аманында, Тәуелсіз елінің босағасын бекітіп, шаңырағын көтеруге барын салып күрескен Алтынбек Сәрсенбаев, Заманбек Нұрқаділовтардың қанды қол құныкерлерінен құн сұрайтын күн қашан келеді? Жаңа өзенде қанға боялған сансыз қазақ боздақтарының құнын кімнен сұрайтынын жақсы білетін қазақтар тек уақыт деген әділ төрешінің үкімін тағатсыздана күтуде. Ал, қазақтың жер асты, жер үсті байлығын таран-тараж қылып талтаңдап жүрген ашкөз байшыкештерден есеп алатын күндер әлі-ақ келеді. Сол кезде кімнің кім екені белгілі болады. Жеке адамға табынушылықты айыптап, әшкерелеп, тарих үкімін жариялайтын энциклопедиялардың жаңа редакциясын оқитын күндерді әзірше күте тұрамыз да...
Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН, профессор.