Күні ертең бәріміз күлге айналамыз - Ғарифолла Есім
2022 ж. 25 қаңтар
3848
2
Қандай биік лауазымда отырма, сен – қазақсың.
Есепсіз байлығы бар олигарх бол, сен – қазақсың.
Үйтіп-бүйтіп жиған, орташа дәулетің бар, сен – қазақсың.
Амалдап күн көріп, бүгін біреуді, ертең басқаны жақтап, жағымпазданып, бөгелек тиген жылқыдай шыбындап жүрсең де, сен – қазақсың.
Арқа жүгіңді даярлап, шет елдерге күн көріс қамымен сапарға шықпақ ниетте болсаң да, сен – қазақсың.
Бүгінгі жағдайдан биік болғансып, арқа-жауырынды сипатып, қымбат ішімдік ішінде, әлемнің белгілі шипажайларында өзіңше «рахаттанып» бай-патша кейпінде күн көріп отырсаң да, сен – қазақсың.
Арба тасып, әркімге жалынышты түрде күн көріп жүрсең де, сен – қазақсың.
Байдың есігінде құл болып жүрсең де, сен – қазақсың.
ХІ ғасыр ғұламасы Махмұд Қашқари: «40 жылда кедей бай болады, бай кедей болады», – деген. Үміт шамыңды өшірме!
Балалы-шағалысың, ішер тамаққа, киер киімге зәрусің, тұрмысың ауыр, бәрібір сен – қазақсың.
Білім, ғылым қуған зерексің, тұрмыс тауқыметі саған еркіндік берер емес, ғылыми нәтижелеріңді еш жерге өткізе алмай, аласұрудасың, бірақ сен – қазақсың.
Маман-дәрігер, инженерсің, жағдайың шектеулі, бірақ сен – қазақсың
Осы тұста айтарым, қазақ болу – дәреже, ол – дәулет, ол пендесіне Алла тағаласы берген – қазына.
Қазақ болудан таймасаң, түптің түбінде дәулетке кенелесің. Өзің болмасаң да ұрпағың, балаң не немерең. Ал, қазақ болу әншейін әжуәз, күлкі етушілердің ермегі болса, ол қазақтар ұрпақтар қарғысына қалады. Қазақтан биікпін десе, бұл оның адасқаны. Қазақ қазақпен туыс, хакім Абай айтқандай, «Біріңді қазақ – бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос». Сенбесеңіз Гетенің «Фауст» шығармасын мұқият оқыңыз. Сонда айтылады, Троя соғысының басты кейіпкері әрі себепшісі – Елена. Соны шайтан Мефистофель өмірге келтіргенде, Фаустқа ескерту жасайды. Еленаның денесіне қол тигізуші болма, ол күл болып кетеді деп.
Күні ертең бәріміз күлге айналамыз. Жалғанда көзін шел басқандар туралы ақын Абайдың «Ескендір» поэмасын оқыңыз. Әлемді жаулап алған Александр Македонскийден не қалды? Оның құны – бір уыс топырақ.
Кісі қайтыс болғанда, бір уыс топырақ саламыз, сонымен әңгіме аяқталады. Адамның дүниеге достығы үзіледі, жойылады. Мысалы, дүниеден
өткен олигархтардың бірде-бірі өзімен бір доллар алып кете алмаған. Бұл шындық әркімге аян.
Ғарифолла Есім,
Қазақ үні