Шындық бәрібір жеңеді
2022 ж. 24 қаңтар
4214
0
Белгілі публицист-жазушы Көлбай Адырбекұлы 1986-шы жылғы Желтоқсан көтерілісі кезіндегі ұлттық интеллигенциямыз бен студент, жұмысшы жастардың патриоттық сезімін бейнелеудегі зерттеу материалдары мен қырық цикльден тұратын «Казахское дело» зерттеулері үшін 2006-шы жылы Президент сыйлығымен марапатталған еді.
Қаламгердің кейінде жарық көрген «Тамұқ», «Алты Алаштың ардақтысы», «Ауыл хикаялары» кітаптары да, ұшқыш, Совет Одағының Батыры Біліс Нұрпейісов ерлігі туралы повесі де қалың оқырман көңілінен шыққаны даусыз.
Көлбайдың мемлекет және қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Дінмұхамед Қонаев, Төлеген Тәжібаев, Асанбай Асқаров, Өмірбек Жолдасбеков, Өзбекәлі Жәнібеков өмірінен жазған туындылары да тағылымға толы.
Біз бүгін жетпіске толған осынау жазушы-журналисті мерейлі жасымен құттықтап, оқырман сүйсінер жаңа шығармалар жаза беруіне тілектестік білдіргіміз келеді.
АТА-АТАҒА БӨЛІНГЕНІМІЗ ДҰРЫС ПА?
– Біздің Жүзімдік ауылында бір Найман, бір Уақ, бір Қыпшақ отбасы бар. Соңғы кезде екі Арғын отбасы келіп қосылды. Қалғандарының бәрі Сексен Байқара атаның балалары.
– Сексен Байқара қай руға жатады?
– Ысты руына жатады. Менің әкем көрші ауылдан көшіп келгенімен руы – Ысты. Өзім Жүзімдікте туып өстім. Мектепте суретті жақсы салдым.
– Суретшілік өнерің бар екен ғой?
– Бар еді. Бесінші сыныпта оқып жүргенімде «Батырлар жырын» құмартып оқыдым. Қобыланды батырдың Қазан батырмен айқасып-шайқасқан көрінісін түрлі-түсті қаламмен плакатқа үлкен етіп салдым. Сол суретімді сыныптастарым атынан мектебімізде ұйымдастырылған оқушылар шығармашылығына арналған байқауға қостым.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Жүзімдіктің жергілікті тұрғыны Ибадулла ағайым:
– Бұл суретті Көлбай салған жоқ. Мұны ол қайдан салады? Оған біреу салып берген, – деген желеумен маған орын бергізбей, тіпті атымды да аттатпай қойды. Ол кісінің неге олай еткенін түсінбей, аң-таң қалдым.
Оқу жылының аяғында сыныбымызда:
– Кім қандай мамандықты таңдайды? – деген тақырыпта пікірталас өтті. Мен:
– Суретшілік өнерді таңдаймын, – дедім.
– Суретші болу оңай дейсің бе? Ол үшін арнайы оқу орнын бітіруің керек. Сен қанша ұмтылсаң да суретші бола алмайсың, – деді Ибадулла ағайым тағы қақпайлап. «Е» дедім де қойдым. Ол кісінің сөзіне сеніп, іштен тындым. Не ойлағанын қайдан білейін.
– Баласың ғой?
– Иә. Қабілетің бар, дамыта бер, – деу орнына әлгіндей дегені көңілімді бәсейтіп тастады. Мақтанғаным емес, қара қаламмен, тушьпен Мұхтар Әуезовтің, Бауыржан Момышұлының, Асқар Тоқмағамбетовтың, Қасым Аманжоловтың, Құрманбек Жандарбековтің, тағы басқа да ақын-жазушыларымыздың, өнер адамдарының суреттерін кітаптардағы кішкентай суреттеріне қарап салып, мектебіміздің дәлізі қабырғасына қатар-қатар іліп қойғанбыз.
Мектебіміз жетіжылдық еді. Көрші Жамбыл атындағы орта мектепке ауыстық. Интернатта жатып, сегізінші сыныпта оқи бастадық. Ондағы мұғалімдер мені ерекше жақсы көріп, құрметтеді. Салған суреттерімді көріп:
– Ауылдан да осындай талантты суретші бала шығатынын біз білмеппіз. Білмек түгілі ойлап көрмеппіз, – десті таңырқап. Бұл сөзге жігерленген мен бояумен Жамбыл Жабаевтың үлкен портретін салдым. Қуанған мұғалімдер оны мектептің ең көрнекті төріне іліп қойды.
Кезінде Мұхтар Әуезовтен дәріс тыңдап, тәлім алған Кәрім Молдасейітов деген мектебіміздің директоры Жамбыл Жабаев портретін көргенде риза болғаны сондай, арқамнан қайта-қайта қвғып:
– Сенен мықты суретші шығады. Мына еңбегің керемет! Жәкеңді айнытпай салыпсың, – деді мейірлене, толқи сөйлеп.
Оңашада ойға шомдым. «Е, мені Ибадулла ағай шеттеткен екен ғой. Ол кісі өз атасының балаларынан суретші шықпағанына іштей өкініп, мені қызғанған тәрізді деген тұжырым жасадым.
– Ол қарау, қорқау біреу ғой. – Көлбай менің сөзіме көңіл бөлмей:
– Ауылымызда Әділбек Шардарбеков деген бөлімше бастығы, кейін совхоз директоры болды. Совет үкіметі тарағанда өзінің атынан банк ашты. Ауылымыздың өмірінен «Өмір-өзен» атты кітап жазды. Мұның алдында ғана С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студенті – мен «Оңтүстік Қазақстан» газетінде іс-тәжірибеден өте бастағанмын. Әділбек аға жөнінде мақала жариялап үлгергем.
«Өмір-өзенді» оқып көрсем, ағайындарының бәрін түгендеген, менің әке-шешемнің, мектепте мұғалім болған әпкемнің аты жоқ. Газетте жарияланған мақаламды алып, Әділбек ағаға апарып бердім. Кабинетінде отырмыз. Мақаланы оқып қуанып қалды. Өзі жылдам оқиды екен.
– О, інім, мынаны жақсы жазыпсың, ризамын.
– Әдеке, сіздің «Өмір-өзен» кітабыңызды оқып шықтым. Ағайындарыңызды түгендепсіз, бізді бөтенсіпсіз. Ауылда мені ешкім бөлектеген жоқ еді. Әкем Жүзімдікте қырық жыл жылқышы болды. Совхоздың жылқысына қоса жекешелердің жылқысын да бақты. Оның ішінде сіздің әкеңіздің 3-4 жылқысы да бар еді. Анам егіс даласында тер төкті. Әпкем Жүзімдіктің балаларын оқытты. Шәкірттерінің бәрі қазір айтулы азамат атанды. Бізден не жамандық көрдіңіз? Кітабыңызда аттарын атай салу соншалық қиын болды ма? Сіз ел басқардыңыз. Ауылымызға кімнің қандай еңбек сіңіргенін білесіз, – деп едім, екі беті алаулап қызарып кетті. Сасып қалып:
– Мен сөйтіппін бе, сөйтіппін бе? – дей берді. Іле есін жиып, өзіне өзі келіп, үйіне телефон соқты. Әйеліне:
– Дастарқан әзірле, қазір үйге қонақ Көлбай барады, – деді.
– Үйіңізге бармаймын, қазір кетемін.
– Әй, Көлбай, менен қателік өтті. Келесі кітабымда сенің ата-анаң, әпкең туралы сөзсіз жазамын.
«Асығыс едім» дегенді сылтау етіп, үйіне бармай, кетіп қалдым. Атаға, руға бөлуді сол жолы білдім.
– Бұл өте жиркенішті, пасық, елдің бірлігін бұзатын тірлік. Атаға, руға бөлетіндер осындай жекелеген қызғаншақ, надан адамдар, – деген маған Көлбай:
– Сіздің пікіріңізбен толық келісем, жөні түзу адам «әй, менің бөлгенім елден ұят, естіген жұрт не дейді?» деуі керек қой, – деп қабағын шыта сөйледі. Соғысқа қатысқан ¬ Сәуірбай Бөриев деген кісі ауылымыздың агрономы еді. Өзі өте жұмыскер, тынымсыз адам болатын. Бидайы да, жүгерісі де, жоңышқасы да жақсы өнім беретін. «Оңтүстік Қазақастан» газетіне Сәуірбай аға туралы мақала жарияладым.
Бір күні жұмыс орныма Ибадулла ағай келді.
¬ – Көлбай-ау, сен Сәуірбай құрдасым туралы жазыпсың. Енді мен туралы жазсаңшы? Сені мен оқыттым ғой. Ұстазың емеспін бе? – ¬ деді.
Жасы үлкен кісі ғой, «жарайды» дедім.
¬– Өзінің ағайындарының балаларынан суретші шықпаған соң сенің сурет салғаныңды көре алмағанын айтпадың ба?
– Айтпадым. Көре алмаса да сабақ берді ғой деген ойда кешірдім. Қатарынан қалып бара жатқанына қиналса керек. Ол туралы жазған мақалам да «Оңтүстік Қазақстан» газетіне шықты.
«ӘПКЕМ ЖОЛЫНА ЖАНЫМ ПИДА»
¬– Көлеке, сенің шектен шыққан бауырмал, намысқой екеніңді сезем. Әпкеңнің көңіліне тиген мұғалімді сабай жаздағаныңды біреулер айтты. Соны өз аузыңнан естісем деймін.
– Е, есіме дұрыс салдыңыз. Әпкем мектепте сабақ беретін. Бір мұғалім көңіліне тиетін қатты сөздер айтыпты. Үйге ебіл-дебіл жылап келді.
– Не болды? –¬ дедім жүрегім атша тулап. Әпкем жауап бермеді. Анам:
– Пәленше деген мұғалім қатты сөз айтыпты, ¬ деді.
Мектепті сол жылы бітірген едім. Асығыс-үсігіс киініп, аяғымды асыға басып, мектепке жеттім. Күшім көп, мықтымын. 60-70 кило келетін дәу бір қапты иығыма салып алып, жарты шақырым шалғай үйіме бір демалмай апара беретінмін. Үлкен кісілердің:
– Әй, байқа, балам, жүгің ауыр. Денсаулығыңа, беліңе әсер етуі мүмкін, ¬ дегендерін тыңдамайтынмын. Оның үстіне күнде зілтемір көтеріп, әбден шыныққанмын.
Менің бір қап бидайды иығыма салып, үйіме қарай кетіп бара жатқанымды совхоз кеңсесіндегілер көріп:
– Көлбай ғой, дәу бір қапты көтеріп бара жатыр, –¬ дейді екен таңырқап.
– Мектепке бардың ғой?
– Бардым. Ашулымын. Сабақ өткізіп жатқан жерінен мұғалімді бас салдым.
Екі жағасынан ұстаған күйі қабырғаға соққыладым.
– Қыз баланы сыйламайтын сен кімсің?! Қандай ұстазсың?!
Сыныпта отырған балалардың көздері бақырайып кетті. Әлгіні ұрмасам да, ұрғандай етіп әбден сілкілеп, «арнайы келіп әпкемнен кешірім сұрайсың» дедім де кетіп қалдым.
Менің ізімше Ибадулла ағай поштаға барыпты.
– Ойбай, милиция шақыру керек. Адырбектің Көлбайы біздің мұғалімді сабап кетіпті. Милиция шақыру керек, –¬ дейді байбалам салып.
Пошташы жақсы көршіміз еді.
– Е, ол ешкімге тиісе қоймайтын бала ғой. Сенің мұғалімің бірдеме деген шығар. Сен неге милиция шақырасың? Мұның ұят болады, –¬ деп шақыртпай қойыпты. Көршіміз ара түспесе, Ибадулла ағай мені қаматып жібергісі келген ғой.
–¬ Ана мұғалім әпкеңнен кешірім сұрады ма?
– Сұрады. Мен оған:
– Әпкем жолында жаным пида. Аудандық оқу бөліміне шағымдансам, мұғалімдіктен қуалатынына көзің жете ме? –¬ дегенімде:
– Жетеді, кешір, –¬ деді менен де кешірім сұрап.
«ШЫНДЫҚТЫ ШЫРЫЛДАП АЙТТЫҢ-АУ»
– «Семей таңы» газетінің жүз жылдық мерейтойына «Түркістан» газеті ұжымы атынан бардым. Салтанатты жиналыс қала орталығындағы биік еңселі, әсем драмтеатры залында өтті. Жан-жақтан келген көп құттықтаушылардың бірі ретінде маған да сөз берілді. Мінбеге шығып:
– «Семей таңы» – Алаш ардпгерлерінің көзі, сол кісілердің еңбектерін алғаш жариялаған тарихи газет, – дедім мінбеге шығып, әріптестерімді ұжымым атынан құттықтап. ¬– Мен Абай еліне бірінші рет келіп тұрмын, ¬ Құдай қаласа, ертең Жидебайға бармақшымын. Бөріліге де соғамын. Зере, Ұлжан аналарымыздың, Құнанбай, Абай, Шәкерім бабаларымыздың аруағына бас иіп, тізерлеп тағзым етіп қайтсам деймін.
ЖҰРТ ДУ ҚОЛ СОҚТЫ
– Сіздермен рухани байланысым бар. Аты аталған аталарымыздың, семейлік басқа да ақын-жазушылардың шығармаларын бала кезден оқып өстім. Мұның сыртында сіздердің Шар ауданының тамаша азаматы, ердің ері Әзімбай Лекеров туралы көлемді шығарма жазып, «Түркістан» газетінің жеті санына жарияладым. Ол газет нөмерлерін арнай алып келдім. Міне, көріңіздер, – ¬деп жұртқа газеттің әр бетін айқара ашып көрсеттім.
– «Бесеудің хатын» білетін де, естіген де шығарсыздар?
Залдан «білеміз, естігенбіз» деген дауыстар шықты.
– Кешеге дейін оны жазған Ғабит Мүсірепов деп даурығып келдік. Архив құжаттарын ақтарып, зерттеу жүргізгенімде шындық сыры ашылды. Оның авторы Әзімбай Лекеров екен. Сіздерге түсінікті болу үшін хаттың жазылу тарихына тоқталайын.
Сол кездегі Қазақстан Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекиннің қастандықпен қолдан жасаған 1932-1933 жылдардағы аштықтың себеп сырын ашып, КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Сталинге жазбақ оймен Ғабит Мүсірепов бастаған бесеу оңаша үйге жасырын жиналып, ақылдасады. Әзімбай Лекеровке: «Сен жаз, біз қол қоямыз. Сені жазды деп жан баласына айтпаймыз», – десіп уәделеседі. Ол хатты Сталинге жолдамақ болған бесеудің біреуі жақын досына «біз осылай әрекет еттік» дейді. Содан ол сөз Голещекинге жетеді.
Сәл сабыр етіңіздер, Әзімбай Лекеров кім еді дегенге жауап бере кетейін. Ол Мәскуедегі қызыл профессура иниститутының экономика факультетін үздік бітірген, Тұрар Рсықұловпен, Нығмет Нұрмақовпен жиі қарым-қатынаста болып, өзінің күрескерлік рухын шыңдай түскен. Оған дұрыс бағыт бағдар беріп, түзу жол көрсеткен Тұрар Рысқұлов пен Нығмет Нұрмақов...
Әзекең Голощекиннің қастандық әрекетінің түгін қалдырмай, орыс, қазақ тілінде жазған. Ол хатты қолына түсірген Голощекин Әзімбайды шақырып алады.
– Мынаны кім жазды? ¬
Әзімбай «мен жазған жоқпын» ¬депті.
– Онда мә, оқы!
Голощекин: «Мұны жазған Әзімбай Лекеров. Бізді үгіттеген де, қол қойдырған да – сол» деген бесеудің түсінігін Әзімбайдың қолына ұстатады.
– Жөндеп оқы!
Бесеудің түсінігін оқып шыққан Әзімбай, амал жоқ, «менің жазғаным рас еді» дейді мойындап. Бесеу хатының авторы менмін деген сөзді Ғабит Мүсірепов өле-өлгенше айтпай кетті.
Алматының көшелерінде аштан өлгендердің мәйіті толып жатады екен. Соның бәрін жинатқан да Әзімбай Лекеров. Тарихшы Тілеу Көлбаев менің газеттің жеті санында жариялаған мақаламнан кейін «Бесеудің хатын» Ғабит Мүсірепов жазды» деген мақала жазды. Шындыққа көз жұма қарау, әсіресе, тарихшыға жараспаса керек. Факті ешкімнің бұрмалауына көнбейді. Себебі – шындық жалғыз.
Қымбатты семейліктер! Әзімбай Лекеров ел үшін, сіздер мен біздер үшін құрбан болды. Әзекеңнің еліне, ата-анасына, өзіне алғыс айтайық. Оның жазған хаты тарихи әрі анау, мынау емес, жазудың классикалық үлгісі түріндегі хат, олай жазу басқалардың қолынан келмейді.
Қымбатты семейліктер! Әркімнің еңбегін бағалап, өзіне лайықты құрмет көрсетуіміз керек. «Халық жауы» деген жаламен атылып кееткен Әзекең жөнінде айтар сөз көп. Қазір Әзімбай Лекеров туралы «Түркістан» газетінің жеті санында жарияланған еңбегімді «Семей таңы» газетінің редакторы Ләззат қарындасыма тапсырамын.
Залдағы орныма жетіп отырғанымша жұрт қол соқты. Жан-жағымдағы, желке тұсымдағы қарттар:
– Әй, шырағым-ай, бір шындықты шырқыратып айттың-ау, – десті риза болып, жапатармағай қолымды алып.
Салтанатты жиналыс аяқталып, қонақ үйге қарай беттегенімде, жасы елудің үстінде дерлік жігітағасы сәлем беріп, аты-жөнін айтып:
– Мен Семейдегі Әзімбай Лекеров атындағы колледждің директоры едім. Сіз айтқан мәліметтерді, шынымызды айтсақ, біз білмеуші едік. Әйтеуір атын, сондай кісі болғанын ғана білетінбіз Сізде көп мәлімет бар екен. Ертең мұғалімдерімізбен, студенттерімізбен кездесу өткізсек деген тілегімізге қалай қарайсыз? – деді.
– Айналайын, мен ертең таң атар атпастан Жидебайға бара жатырмын. Екі ара екі жүз елу шақырым екен. Барып келуім бес жүз шақырым. Тарихи орындарға тағзым етіп қайтқанымша кешкі сағат бес-алты болатын түрі бар. Сосын пойызбен жолға шығамын. Семейге жолым түссе, сіздің тілегіңізді қуана-қуана ескерем.
– Қап, әттеген-ай! – деді ол өкініп. Одан бері Семейге жолым түспеді. Мүмкін алда түсіп те қалар..
«БІЗ ҚАЛАЙ МЕЙІРІМСІЗ БОЛАЙЫҚ?»
–¬ Жұбайым – мұғалім ғой. Өзі жетекшілік ететін бесінші сыныптағы 30 оқушы, қастарында екі апайы бар, мұғалімдер күнімен құттықтап, үйімізге сау етіп кіріп келді. Күнібұрын ескертіп айтпағандықтан біз біраз абыржып қалдық.
Балалар аяқкиімдерін шешіп-шешіп, кіре берістегі босаға маңына қалдырып, жұбайымды кезекпе-кезек құшақтап мәз. Оларды жұбайым үлкен залға бастап жүрді.
Мен дәлізде еріксіз бөгелдім. Балалар қайтар кезде аяқкиімдерін таппай, алмастырып алып, әуреге түсер деген оймен оларға қызмет көрсетуді жөн көрдім. Өйткені бала – патша ғой, менің құрмет-қошаметімді ешкім ерсі көрмес деген ойда балапандардың аяқкиімдерін рет-ретімен жұптап, қатар тізіп жатқанымды екі мұғалім әйел залдың есігін жартылай ашып, маған қайта-қайта күлімсірей көз тастаумен болды.
Бала кезімізде бәріміз үлкен кісілердің аяқкиімін алдына қойып өскенбіз ғой. Еңбекпен есейген бізге мұндай жағдай таңсық емес. Ауылымызда, жетінші сыныпты бітірген жылы бізге бригадир екі ат жеккен арба берді. Оны мажар арба дейтінбіз. Онымен күні бойы шөп тасимыз.
Елді мекеннен алыстағы қоста жатамыз Араға екі-үш күн салып бізге үш қарт келеді. Біреуі қоржынның екі басына салып, 8 қауын әкеледі. Ол кездегі қауындардың үлкендігі самауырындай-самауырындай еді. Екінші қарт – етікші. Ол кісі асай-мүсейін, яғни құрал-сайманын алып келеді. Үшінші – әңгімешіл қарт.
Түскі мезгілде етіктерімізді сілкіп-сілкіп шешіп, аздап демалып, тамақтанғаннан кейін қауыншы қарт:
– Ал енді, балалар, мына қауынды жеп, сусындаңдар, – дейді қауынын жарып. Пышақ тиген кезде қауын па-а-арс етіп жарылады.Тәттілігі сондай, бал жегендей боламыз. Екі тілігіне-ақ тойып қаламыз. Тоғымызды басқалы біз жақын маңдағы арықтың терең суына шомалатынбыз. Біз ол жақтан келгенімізше, етікші қарт етігіміздің жыртылған жерін тігіп, бүтіндеп береді. Әңгімешіл қартымыз ауылымыздың өткен-кеткенінен, ел ағаларының өмірінен әңгіме айтады. Сол еңбектеріне ол кісілер ешкімнен ақша сұрамайтын. Сондай қарттардың мейірімін көріп өскен біз қалай мейірімсіз болайық?
«ҚОЖАН АҒА ЖАҚСЫ КІСІ ЕДІ»
¬¬ ¬– «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттерінің редакциясына Алматы облыстық партия комитетінің біірінші хатшысы Е.Төлепбеков келді. Бізбен танысып, сөйлесті. Алдымен жасы үлкен Қожан Есжановқа:
– «Жетісуда» істеп келе жатқаныңа қанша жыл болды? –¬ деді.
– Отыз жылға таяп қалды.
– Отыз жылдың ішінде сен бір алғыс алдың ба, не марапатталдың ба?
Бірінші хатшы орысша сөйлеп тұрғандықтан Қожан да орысшалап:
– Как сказать... –¬ деп еді:
– Понятно. ¬ Сендер кадрларды бағалай білмейсіңдер. Отыз жылдай істеген журналистке көрсеткен құрметтерің жоқ, – деп бірінші хатшы редакторымызға шүйлігіп, есін шығарды. Оның сасқаны сондай маңдайынан тер шығып, көзі алақандай болып кетті.
Қожаннан құтылудың амалын қарастырып, ретін таппай жүрген редакторымыз бірінші хатшының жазасынан әупірімдеп аман қалған соң, қайта айлаға көшті..
– Мен облыстық атқару комитетінің аударма бөліміне ауысатын болдым. Айлығы 400 сом. Мұндағы айлығым 100 сомның төңірегі, ¬– деді Қожан аға көңілденіп.
– Аға, онда ылғи жастар істейтінін білесіз бе? Барған соң сізден көп материалдың аудармасын талап етеді. Жасыңыз келген кісісіз, ол талапты орындауыңыз қиын. Жастардың ренішіне қаласыз. Сіз әуелі жұмыстың ауқымын біліп алсаңызшы? – дедім.
Ол кісі ойланып қалды да, бөлмеден шығып кетіп, бірер сағаттан кейін қайтып келді. Бөлім бастығына жолықса, «мыналарды аударуың керек» деп мән-жайды айтып, түсіндіріпті. «Көлбай, сенің айтқаның дұрыс екен. Жұмыс ауқымының көптігінен көтерем болып өліп кетуім мүмкін. Бас тарттым» деді ыржиып күліп.
– Қожаннан құтылатын болдық, – деген редактор қуанышы су сепкендей басылды. Оның 400 сом айлығы бар деп қызықтырған айласы жүзеге аспады.
Қожан аға жұмысқа таңертең нөл-нөл тоғызда келеді. Тәртіпке өте ұқыпты. Үстіндегі костюм-шалбарына кемінде 15 жыл болса да, сырт көзге су жаңа көрінеді. Кабинетке енгеннен кейін столының тартпасындағы шүберекті алып, столы үстін жақсылап сүртеді. Сосын шүберегін тартпаға қайта салып, көйлегінің, костюмінің жеңін қағады. Он минуттей терезеге қарап ойланып отырады да, ұсақ материалды аударуға кіріседі.
Бір күні редакторым маған басқа бөлмеге көшесің деді. Мұны естіген Қожан аға: «Көлбай басқа бөлмеге ауысатын болса, онда мен жалғыз отырамын», – деді қарсылық білдіріп. Бірінші хатшыдан жүрегі шайлығып қалған редакторымыз «жарайды, екеуіңді бөлмей-ақ қояйын», – деуге мәжбүр болды.
– Қожан министр секілді шіреніп жүруші еді, – деген маған:
– Шын мәнінде Қожан аға жақсы кісі еді, – деді Көлбай ехе-хе-хелей күліп.
Мамытбек Қалдыбай,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, бауыржантанушы.
Өмірдерек
Көлбай Адырбекұлы 1952 жылы 20 қаңтарда Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының Жүзімдік бөлімшесінде өмірге келген.
1980 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген.
Сол жылы Алматы облыстық «Жетісу» газетіне тілші болып орналасты.
1989 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысты.
1994 жылы «Заман Қазақстан» газетіне шақырту алып, сол газетте жұмыс істеді. Кейінірек бұл газет жабылып, оның орнына «Түркістан» газеті шықты.
2018 жылы сол газеттен зейнеткерлікке шықты.
Шығармалары
Мақалаларының біразы бәйге жарысында жүлделі орындарға ие болған.
«Жүрек жұтқан», «Тамұқ», «Зекеннің қилы кезеңдері» хикаяларының авторы. «Тәуелсіздікке талпыныс» повестер жинағы жарық көрді.
Тұлғатану саласында Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Нұрмақов, Е.Бекмаханов, Қ.Сәтбаев, Ө.Жәнібеков және т.б. туралы зерттеу мақалалары мерзімдік басылымдарда жарияланған.
Ауғанстанда мұждахеттер қолына еріксіз түсіп, Кубадағы АҚШ-тың Гуатемала түрмесінде жатқан Қазақстан азаматы Илхомжан Ботаевтың анасы Хасият Ботаеваның ұлын іздеп, Ауғанстанға барған жанкешті сапарындағы азапты жолы туралы «Түркістан» газетіне жарияланған «Жанпида» атты бір беттік мақаласы Америка әскери сотының қылмыстық іс қарауында пайдаланылып, сол мақаланың арқасында Илхомжаннаң адалдығы дәлелденіп, елге қайтарылған. Бұл қазақ журналистикасында бұрын-соңды болмаған жәйт.
Соңғы 20 жыл бедерінде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы және соның салдарынан жапа шеккен интеллигенция, студенттер мен жұмысшы жастар жайында «Авторлық бағдарлама» айдары бойынша «Казахское дело» тақырыбымен көлемі газеттің 3-5 беттеріне жарияланған қырыққа жуық журналистік-архивтік зерттеу мақалалары жарық көрген. Атап айтар болсақ Д.Қонаев, А.Асқаров, Ө.Жолдасбеков, Р.Хобдабергенов, С.Зиманов, С.Әшімбаев, К.Нәрібаев, М.Шаханов, Б.Қойшыбаев және тағы басқалар. Ал жастардан Қ.Рысқұлбеков, Сәбитова, Г.Байбосынова, М.Әбдіқұлов, Е.Декелбаев, Б.Шарахымбай және тағы басқалар.
Осы тақырыппен 1989 жылғы Жаңаөзен көтерілісі туралы көлемі бір кітаптық зерттеуі жарық көрді.
Осы еңбектері үшін 2004 жылы Қазақстан Журналистер одағы мен 2006 жылы Қазақстан республикасы Президентінің сыйлығы берілді.