Қазақтың қырғыз қызы
2021 ж. 26 желтоқсан
4030
0
Өз-өзiн жоғалтып жападан-жалғыз қалған қазақ жiгiтiн қырғыздың Қиял атты қарлығаштай қамқор қызы тоғыз жылдан астам уақыт өткенде ата-анасымен табыстырған. Алматыда оқып жүрген кезiнде – 1991 жылдың 23 ақпанында есiн жоғалтқан Айбек туыстарын тапқан соң ғана өзiнiң Бақытжан екенiн бiлдi.
Ажал аузынан алып қалған қырғыздар
Бішкектегі ауруханада ауыр халде жатқан қазақ жiгiтi бiр айдан кейiн есiн жия бастады. Кәдiмгiдей бойын тiктеп өз-өзiне келгенмен, бұл жерге қалай түскенi ойына оралмай қойды. Оны айтасыз, өзiн ажал аузынан алып қалған қырғыз дәрiгерлерiне аты-жөнi мен қайдан келгенiн айтып бере алмады. Жиырмалар шамасындағы жігіттің мына хал-жайын жақсы түсiнген дәрiгерлер де оған асығыстық жасаған жоқ.
Қазақ жiгiтi ұзақ ойланып барып қасындағыларға өзiнiң аты Бек екенiн айтты. Ақыл-есiнен айырылғанына iштей намыстанғаны сонша Ауған соғысына қатысқанын айтып ақталғандай болды. Бұл өтiрiктердiң ойына қалай келе қалғанын өзi де бiлмейдi. Бәлкiм, ауруханада теледидардан Ауған соғыстары жайында болған хабарларды көрiп жүргеннiң салдары болар.
Бiр айдай жатқан соң Бектi ауруханадан шығаратын болды. Алайда өлiара мезгiл сияқтанған өтпелi кезеңнiң өз қиындығы осы кезде оның басына да ыңғайсыз бiр жағдай орнатқан едi. Бар ықылас-пейiлiн салып өзiн емдеп шығарған дәрiгерлердiң ақысын төлеу керек болды. Басқаны қойғанда өзiнiң аты-жөнiн ұмытып қалған жiгiтте ақша қайдан болсын.
Осы жайды айтқызбай-ақ сезген қасында жатқан Бекен деген қырғыз жiгiтi қол ұшын созбағанда, ол дәрiгерлер алдында ұятқа қалған болар едi. Құдай жарылқап, Бекен жасалған ем-домға кеткен шығынның бәрiн өз қалтасынан төлеп бердi.
– Бекен аға ауруханадан менен бұрын шығып кеткен болатын. Кейiн өзiм ауруханадан шыққанда не iстерiмдi бiлмей қойдым. Қайда барамын? Осы бұрын мен қай жерде жүрiп едiм? Ештеңе есiме түспейдi. Амал жоқ, сол Бекен ағаның үйiне тура тарттым, – дейдi өткен өмiрiнiң iзiн өшiрiп алған жiгiт.
Бекен Шолпан-Атаның iргесiндегi Қорымды ауылында тұратын. Ауруханада өзiмен бiрге жатқан жiгiттi ол құшақ жая қарсы алды. Жайылып жастық, иiлiп төсек болған үй иесi оған барынша ыстық ықылас танытқан едi. Бек бұл үйде бiр күн емес, екi күн емес, тапжылмай бiр ай жатты.
Аты-жөнi белгiсiз құдайы қонаққа айналадағы жұрт қызық көре қарады. Кездесе қалса болды жас-кәрiсi түгел айналшықтап жүрiп, ананы-мынаны сұрап қоймайды. Бұл да үйренiп алған: «Атым – Бек. Алматылықпын» дейдi де қояды. Әрi кетсе Ауған соғысы туралы айта бастайды.
Сол кездерi теледидарда Ауған соғысы туралы хабарлар мен түрлi кинолар жиi берiлiп жататын. Қажет нәрселердi есiнде сақтап, тiптi жаттап алған болатын. Басқа не айтпақ?..
Бекен атты қырғыз жiгiттiң үйiнде бiр ай бойы жатып алғанына өзi қатты қапаланды. Ақыры, былай-былай шығып, жұмыс тауып алмақ ниетi бар екенiн сылтауратып бұл үйдегiлермен қимай қоштасты.
Аты жоқ әке
Үйден шығып кетуге бiр қиналса, көшеге шыққан соң одан бетер мазасызданды. Ешкiмдi танымайды, еш жердi бiлмейдi. Бiр ойдан кейiн бiр ойдың соңына түсiп, Ыстықкөлдi жағалап бара жатып бiр пансионаттың басшысына жолығып қалды. Аты – Талай. «Жылқы малы – кiсiнескенше, адам баласы – түсiнiскенше» дегендей, сөйлесе келе екеуi тiл табысып кеттi. Талай шынымен Ауған соғысында болған едi.
Жаңа танысын ол өзiнiң пансионатына орналастырып, тiптi жұмыс тауып бердi. Бұл жерде Бек үш жыл тұрды. Пансионат айналасында жүрген кiсiлердiң бiр жақсы жерi – мұның кiм екенiн, қайдан келгенiн сұрастырып мазасын алған жоқ. Оны қойшы, Ыстықкөлдiң жағасында жүрiп Бек қырғыздың Қиял атты бiр қызына ғашық болып қалды...
Күн сайын көл жағалай жүгiрiп бой сергiтетiн Қиял Қорымды ауылындағы талай жiгiттiң арманы болатын. Қор қызындай көрiнетiн өзiнiң сымбатына сүйсiне қарап жүрген қазақ жiгiтiн Қиял да сезiп жүрдi. Құдай сәтiн салып, тағдыр жазып екеуi бас қосты.
– Қазақта Бек деген ат жоқ, сенiң атың Айбек шығар, – деп Қиял оны солай атай бастады.
Көп ұзамай дүниеге шекесi торсықтай ұл келдi. Бiрақ осы үлкен қуаныш өзiмен бiрге Қиялға батпандай мұң ала келген едi. Аты жоқ әкеден туған баланы кiмнiң тегiне жазарын бiлмей дағдарды. Бәрi ақылдаса келе, ақыры Қиялдың әкесiнiң атына жазуға бел байлайды. Жаңа туған Бексұлтан перзентханадан сөйтiп Егiзбайұлы болып шықты.
– Баланы басқа кiсiнiң атына жаздыру үшiн алдымен «баладан бас тартамын» деген қолхат жазып беру керек екен. Өз әкемнiң атына жазып отырған күннiң өзiнде қолхатты жылап отырып әрең жазып бердiм, – дейдi Қиял Егiзбайқызы.
Айбек сол үйдiң баласына айналып кеттi. «Өз қызым өзiме келiн болды ғой» деп әкелерi Айбектi өз ұлындай көрдi. Дегенмен Айбек ауруынан әлi де құлан-таза айығып кеткен жоқ едi. Оқта-сонда ескi жараларының орны сыздап, қайта-қайта басы ауырып қалып жүрдi. Аяқ-қолы балғадай, тепсе темiр үзетiн жiгiттiң бұл сырқаты жан-жарының да жанына батты. Тiптi Айбек кейiнгi кезде ұйықтап жатып сандырақтайтынды шығарған едi.
Сандырақтап жатып сезiк тудырған
Өзi де, өзгелер де жетiм санап жүрген жiгiттің жүріс-тұрысы кейiнгi кезде секем тудыра бастады. Басының ұстамасы ұстап есiнен танып құлаған Айбек бiр күнi сандырақтап жатып бiреулердiң аты-жөндерiн атай бастайды. «Мен жетiм емеспiн. Әкем де, шешем де бар. Шымкентте...» деген сияқты бұлыңғыр сөздерiн Қиял Айбектiң өзiне бiлдiрмей жазып алып жүрді.
Ол ауруынан айығып жап-жақсы жүрген кездерінде келіншегі абайлап қана сыр тартып көретін.
– Шымкент жақта сенің туыстарың бар-ау деймін. Түсімде бір кісі «Айбектің әке-шешесі бар. Мақтааралда тұрады» деп аян берді. Меніңше, сен жетім бала емес сияқтысың. Тәрбиең де, мінез-құлқың да жақсы ортадан шыққан жігіт екеніңді байқатады, – деп анда-сонда ой салып қойып жүрді.
Шынын айтқанда, айналада дос бар, дұшпан бар. Ауылдастар арасында Қорымды ауылының бір жігітіне көз қиығын салып көрмеген құлыншақтай әдемі қыздың қор болып қаңғырған қазаққа тұрмысқа шыққанын айтып қалып жүргендер бар сияқты көрінетін.
Қиялдың көңілінде өзі сүйіп қосылған қосағынан күндердің күнінде айырылып қалам ба деген қорқыныш сезімі де жоқ емес еді.
Шын жүрегімен жақсы көрген адамын кім де болса жамандыққа қимайды. Сол жамандыққа қимағандықтан көңілге түрлі ойдың келетіні де рас. Арғы-бергі өмірінде із қалмаған сұрауы жоқ жігіт болушы ма еді? Ертеңдері іздеуші табылып, Айбектің шын мәнінде кім екендігі анықталып жатса, қандай жағдай болуы мүмкін? Бұрын отбасын құрған, әйелі, бала-шағасы бар жігіт болып шығып жатса, сұмдық деген – сол.
Қиялды мың сан ойдың жетегіне жетелеген сауалдар көбейген үстіне көбейе берді. Ешкім ештеңе демесе де, ұйқы қашты, маза жоқ. Жар болып, бала сүйіп, бірін-бірі одан әрі жақсы көре бастаған сайын көңілді мазалаған ұры ойлар да қайта-қайта қылаң бере бастаған.
Дәл бұлай іштен мүжіліп мың рет өлгенше, ақ-қарасын анықтап, бәлкім бір-ақ рет өлген дұрыс шығар. Бұрын үйленген болып шықса, құдай өзі кешірер...
Тіпті, бойдақ жігіт болған күннің өзінде, біреудің әп-әдемі баласын сыртынан иеленіп алып жасырынып жүргендей көрінді. Сан түрлі ойдың шырмауына маталған Қиял не де болса өзі әрекет жасап көрмекке бел байлады.
Айбектің ұйқысырап жатып айтып қалатын кейбір сөздерін ерінбей-жалықпай қағазға түртіп алып жүрген Қиял бір күні әңгіменің төтесіне көшті.
– Қазақстанға барып қайтамыз. Шымкент жаққа... Мақтаарал деген айылды тауып алу керек. Ел бар, жұрт бар, сұрастырамыз. Біреу болмаса біреуден бір дерек шығып қалар.
Қырғызстаннан қия басып шығып көрмеген Қиял бірақ жеме-жемге келгенде абдырап қалды. Ертіп жүрген ешкім жоқ, бұрын-соңды көрмеген Шымкентке бару да оңайға түспеді. Дегенмен... қырғыздың қайсар қызы ештеңеден тартынбады. Қиялдың жан-жүрегі бір жақсылықты сезіп тұрған еді.
Қайта қауышу
«Сұрай-сұрай Меккеге де барасың» деген. Әркімнен әртүрлі сұрай жүріп бұлар Мақтаарал ауданының Қызылқұм ауылына ат басын тіреген еді. Бейтаныс жер Айбекке де түрлі ой салды. Бірақ ол 9 жыл 2 ай 17 күннен кейін өз туған жерінің топырағын басып тұрғанын сезген жоқ.
– Балам спортпен жан-жақты айналысқан мықты спортшы едi. Алғашында Ақмолада оқыды, кейiн Алматыға ауысып, жазғы, қысқы демалыстарына келмей қалған болатын. Сол келмей қалғанның аяғы жоғалған есебi болды ғой, – дейдi Бақытжанның әкесi Раманқұл. – Сөйтсек, ол қосымша бизнеспен айналысып жүрiп, Қырғызстанға барғанда бiр топ бұзақылармен төбелесiп, ес-түсiн бiлмей ауруханаға түсiптi.
Мектебiн жақсы бiтiрiп, бiр емес, үш институтта оқыған баласы Бақытжанның ұшты-күйлi жоғалып кетуi шешесiне ауыр тиген. Шапқылап жүрген анасы iштей мүжiле-мүжiле, өз бетiнше жүруден де қалып, екi таяққа сүйенуге мәжбүр болды. Сырты бүтiн болғанымен, iшiн жегiдей жеген жан жарасы қанша жерден күйiк отына салса да, ол құдайдан үмiтiн үзген жоқ болатын.
– Сол күнi күн ыстық едi, әкесi далада отыр екен, екi таяқпен әрең жетiп, мен де қасына барып жайғастым. Бiр кезде медбике болып iстейтiн жиен қызымыз бар едi, сол «Апа, жүрегiңiз қалай едi, жүре аласыз ба өзiңiз?» деп бiрдеңелер айта бастады. Мен бiр қонақ келiп қалған екен ғой деп ойлағанмын. Сөйтсем, менi дайындап жатқан түрi екен, бiр уақта «Бақытжан келдi ғой» демесi бар ма! Екi таяққа сүйенiп әрең шыққанмын үйден, екi таяқ орнында қалды. Екеумiз бiрдей жүгiрiп кетiппiз. «Орамал алып шық, орамал алып шық» дегенге үйден орамал алып шығыппын. Өзiм ештеңенi бiлмеймiн, шынын айтсам, – дейдi жылай-жылай жанары суалған Бақытжанның шешесi Тұрғанкүл Сәрсенбаева.
Алматыдағы Жамбыл технология институтының филиалында сырттай оқып, сол институтта жұмыс iстеп жүргенiнде, 1991 жылы жоқ болып кеткен Бақытжан өзiнiң әке-шешесi мен туған-туысқандарын таныған жоқ. Үйдегi фотоальбомдар мен құжаттарға қарап қана өзiнiң Айбек емес, Бақытжан екенiне сенген. Шынын айтқанда, бұл қырғыз қызы Қиялдың арқасы едi.
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,
журналист.
qazaquni.kz