Марат Тоқашбай: Ұлт ұстазы мұрасына байланысты арнайы бағдарламалар жасалуы керек
2021 ж. 25 желтоқсан
2427
0
«Ақ жол» фракциясы атынан сайланған Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бауырымыз өзінің депутаттық сауалында өте маңызды мәселені көтеріп отыр. Келесі жылы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығының аталып өтілетініне шын мәнінде қуаныштымын. Өкінішке орай, Қазақ елінде, Қазақ жерінде дайындықтың кемшін екені көрініп тұр. Көп нәрсенің әлі күнге дейін қолға алынбағандығын, көп нәрсенің шешілмегенін депутат ашына айтты. Ахмет Байтұрсынұлы туған жүз отбасындай ғана тұратын ауылдың жағдайы сын көтермейтінін тілге тиек етті. Тозығы жеткен жолдардың жайын айтудың өзі ұят. Бұл – мемлекеттік тұрғыдан қолға алынатын маңызды мәселе. Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылын көркейтіп, туристердің баруына тиісті қадамдар жасалуы керек. Бұл ұлт ұстазына деген халықтың махаббатын одан әрі арттырып, Алаш көсемі салған сүрлеуді даңғылға айналдыруға септігін тигізеді.
Сол сияқты Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мұражайға ұлттық мәртебе беру туралы ұсынысты да қолдауға тиіспіз. Әңгіме Ұлт Ұстазы төңірегінде болғандықтан, ол кісінің атындағы мұражай ұлттық мәртебеге әбден лайық. Қостанай облысына қарасты Жангелдин ауданының атын өзгертіп, оған Ахмет Байтұрсынұлының атын беру өте орынды. Революционер Жангелдин – большевизмнің өкілі. Николай Степнов деген атқа ие болып, қазақ халқына түрлі қысым ұйымдастырушылардың бірі болды.
Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын оқып үйренуге байланысты арнайы бағдарламалар жасалуы керек деп есептеймін. Мектеп оқулықтарында кеңірек орын алғаны құба-құп болар еді.
Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт Ұстазы еткен ең алдымен ұлтқа деген махаббаты еді. Осы патриоттық сезім әрбір жастың, әрбір мектеп оқушысының жүрегінде лаулап тұруы керек. Сондықтан, осыған байланысты шаралар Үкімет тарапынан қолға алынса екен дейміз. Күні бүгінге дейін Қазыбек Иса көтерген мәселелердің барлығы оң шешімін тауып келе жатқаны көңіл қуантады. Бұл депутаттық сауалдың да шешімі Үкіметке сын. Бұл биліктің қаншалықты ұлтқа жақын екендігін көрсетеді деп ойлаймын. Халық қалаулысы Қазыбек Исаның ұсыныстары оң шешімін табатынына сенім білдіреміз!
qazaquni.kz