Бар еді жүрегінде мол қазына
2021 ж. 20 желтоқсан
2299
0
Серағаң өнері – сегіз қырлы, мың сырлы құбылыс. Әрбір қыры, әрбір сыры бір-бір әңгімеге арқау болғандай. Өйткені, Серағаң қоры мол кеніштей қазып алған сайын, қаныққан сайын ақтарыла береді, ашыла береді. Оның бүкіл өмірі – өнер. Бүкіл өнері – өмір. Кезінде осындай жағдайдың шындығына ден қойғандықтан да ұлы Абай: «Жүректе көп қазына бар – бәрі қызық», – деген болса керек. Иә, Серағаң жүрегінде көп қазына бар. Тағы да бәрі — қызық, қатпарлы, құнарлы қазыналар. Сондықтан да біз бүгінгі әңгімемізді Серәлі Қожамқұловтың жүрегіндегі басты қазынаға, атап айтқанда, Серағаңның сабақтарына: өнердегі ағалығына, жаңалығына, даналығына арнағанды жөн көрдік.
Серағаң сексен жасқа толып, бұл мүшел-мерекені күллі республикамыз салтанатпен атап өтіп жатқан шақта біз «Лениншіл жас» газетінің тапсырмасымен той иесіне жолыққан едік.
– Осы, жастар, сендер кейде қызықсыңдар, – деп еді сонда Серағаң, біздің бұйымтайымыздың бағдарын ұққаннан кейін. – Серкенің сабақтары демексіңдер ме? Иә, солай ғой. Жақсы ниет. Оларыңа айтарым алғыс қана. Бірақ менде сол сабақтарың табылмай жүрсе қайтесіңдер? Соны ойладыңдар ма, санаға салдыңдар ма? Менде айбарақтатып айтатындай сабақ, өзгеше тағылым жоқ сияқты. Өйткені, мен арнайы сахналық білім алмаған адаммын. Тындырғаным да көп емес. Талантым да тасып бара жатыр дей алмаймын. Рас, театрдың алғашқы тасын қалаушылардың бірі болдық. Азды-көпті еңбек сіңірдік. Табыс та бар. Абыройсыз да емеспіз. Алайда, бар бітіргеніміз – қолдан келгенді жасадық. Қолдан келмегенді мен де жасай алған жоқпын. Оның үстімс мен әлі де үйреніп жүргеп адаммын. Ендеше өзі әлі үйреніп жүрген адамда...
– Сераға, сөзіңіз аузыңызда. Өзі үздіксіз үйреніп жүрген адам ғана өзгеге үйрете алса керек. Ұстаз бола алса керек. Енді ұстаздың да ұстаздары бар ғой...
– Е-е, жөнге енді көштің. Мен титтей де болса табысқа жетсем, артистік өнерде өсіп, өрлесем, ол осы ұстаздарымның арқасы. Сондықтан да өнерге құштар жастардың құлақтарында жүрсін деп үш нәрсені айрықша бөліп айтамын. Олар: Өмір, Тіл өнері, Еңбек.
Советтік жасампаз өміріме ризамын. Бақытты ғұмыр сыйлады. Білім алуыма, талабымды ұштауыма көмектесті, төрінен орын берді. Мен кейіпкерлерімді өмірден тауып отырдым. Ойнап жүрген рольдерімнің мінез-құлқын, сөз саптасын, пиғыл-парасатын ел ішінен, адамдар арасынан жиі тауып алатынмын. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебегіндегі» адуын би Еспембеттердің жұқанасы есепті жандарды өз көзіммен көруімнің септігі өте мол болды. Немесе шахтер Тайман мен шопан Бекендер қазір де арамызда кездеседі емес пе? Тіпті, көптің аты көп. Олардың арасынан Қарабай, Қоңқай, Земляника, Яго болмыс-бітімдерінің талай бедерлерін де табуға болар еді. Соғыс жылдары Моссовет атындағы театрдың Алматыға келіп, бізбен бірге жұмыс істеуі көп пайдасын тигізді. Завадский, Черкасов секілді сахна алыптарынан талай тағылым алдық. Орыс артистерінен үйренгеніміз аз емес. Егер өмір ұстаз болмаса, сүйікті партиямыз бен үкіметіміздің аялы қамқорлығы болмаса, бойымыздағы бейімділігімізді жетілдірмесе – актер болып жүрмес те едік.
Халқымыздың тіл өнері ұстаз дегенім – эпос, қисса, кітаптардың үйреткені көп дегенім. Мәселен, «Қобыланды батырдағы» Көбікті. Бұл батырлық жыры VI ғасырда дүниеге келіпті. Сол кезде туған жыр-қиссаларды оқымасаң, сол кез адамдарының сөз саптауын, болмыс-бітімін қалай бағдарлап, үйренесің? Әйгілі Станиславский үлгісі де үлкен бір арна. Оның «Менің көркем өнердегі өмірім» деген кітабы бар. Мұхтар Әуезов 1932 жылы театрымызға әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып келген соң-ақ осы кітапты оқуға кеңес етіп еді. Осындай кітаптардан, Мұхаң шығармаларынан, ұлы драмашылар туындыларынаи үйренгеніміз, ұққанымыз, сөз жоқ, ұшан-теңіз.
Әрине, еңбек, тер төгу – табыс кілті екені айтпай-ақ түсінікті. Егер мен еңбектенбесем, ізденбесем, Қарабайды ойнай алмаған болар едім. Баймағанбеттей ертегіші, Лукадай зымиянның ролін шығара алмаған болар едім. Баз біреулерге мен Қоңқайды оп-оңай ойнайтын сияқты болып көрінетін шығармын. Ол бекер. Бұл – менің екі жыл бойы «алысып» барып бағындырған бейнем. Қазір де ол – әбден игерген ролім болса да, жаттанды, жеңіл ойнауды көтермейді.
Меніңше, артистің жаспын, тәжірибесізбін деп, немесе қартпын, қайратым қайтқан адаммын деп, әйтпесе осы жолы көңіл күйім болмай тұр, ауырып тұрмын деп, яки өткен жолы тәуір ойнадым ғой, осы жолы көз алдап шықсам да болар деп, нашар ойнауға хақысы жоқ. Себебі, оның творчестволық өнерінің нәрі – тағылымында, үлкендерге ой салып, жеткіншек ұрпақты жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелер ұлағатты ұстаздығында. Нашар өтілген бір сабақ кластағы жиырма-отыз баланы бір жолғы білім нәрінен құр қалдырса, артистің нашар ойнаған бір ролі одан отыз есе көп адамға теріс тәлім беруі мүмкін. Сол себепті де бұл өнер – аса жауапты өнер...
Кішіпейілділік – кісінің көркі. Серағаң сөзі айналып келіп тағылымға соқты. Өз ұстаздығын өзі байқамай айтып қалды. Ол кісінің өмір жолы жарқын, еңбегі зор, дарыны дарқан. Ендеше, ұстаздығы да, дау жоқ, ұлан-асыр.
Халқымызда асыл сөз көп. Соның бірі – аға деген сөз. Әдетте, аға дегенде жасы үлкен кісілер ұғылғанымен, солардың бәрі аға бола бермесе керек. Әрине, жасы үлкендік бар да, ағалық бар. «Ағасы бардың – жығасы бар», «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» деп қазакең неге айтқан дейсің? Демек, ағада қыраулы самай, аппақ сақал ғана болуымен қатар кісілік, көшелілік те қоса-қабат жүргені абзал.
Серәлі Қожамқұлов – бойынан, болмысынан осындай ағалыққа тән барлық қасиет мол табылған кісі. Оның ағалығы – адамның азаматтық, адамгершілік ағалығы. Актердің ағалығы.
Біз бұл ағалық ықпалды М.Әуезов атындағы қара шаңырақ театрымыздың творчестволық өрлеу жолына қоса, облыстық театрлардағы әрбір актердің өмірбаянынан да дерлік көрер едік.
Бұл орайда бірер деректі ғана алға тартсақ, қазіргі СССР Халық артистері Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова; Қазақ ССР Халық артистері Айша Абдуллина, Камал Қармысов, Атайбек Жолымбетов және басқалар – Серағаң сабақтарын көрген, қабылдаған өнер иелері. Және де бұл айтып отырғанымыз – Серағаңның жалғыз ғана театрдағы артистерге жасаған тікелей ағалығының көрінісі.
Ал, Серағаңның ең басты ағалығы – саф алтыннан соғылғандай сом рольдері болса керек. Олардың бәрін де халық жақсы біледі. М.Әуезовтің «Еңлік – Кебегіндегі» естен кетпес Еспембет, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» қалт-құлт еткен Қоңқай, У.Шекспирдің «Отеллосындағы» іші ала Яго, М.Горькийдің «Шыңырау түбіндегісіндегі» лыпылдақ Лука... М.Әуезовтің«Абайындағы» СССР Мемлекеттік сыйлығы берілген ролі Майбасар. Бәрі де – тағылымы таусылмас, қазақ театры тарихында төрт аяғынан тең басқан үздік үлгілер.
Демек, Серке Қожамқұлов – қазақ актерлерінің ағасы ғана емес, қазақ театрының да ағасы.
Сахнада сомдалған әрбір роль жаңалық болу үшін екі түрлі сипат танытуға тиіс. Мысалға, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» Қоңқайды алайық. Бұл бейненің драмалық шығармада қаншалықты мүсінделгенінен әркім-ақ хабардар.
Ал осы Қоңқай сахнаға шықса ше? Біріншіден, ол – актер ойнауында тірі, өмір сүріп жүрген, өз заманының типтік өкілі, кәдімгі Қоңқай болуға міндетті. Екіншіден, ол – аталмыш актердің төл Қоңқайы – өзгелер сомдаған Қоңқайларга ұқсамайтын, өзіндік Қоңқайы болуы міндетті. Сонда ғана ол өнер жаңалығы болады, жүрек жаңалығы болады.
С.Қожамқұлов бедерлеген Қоңқай – осындай қайталанбас өнер жаңалығы, жүрек жаңалығы болғанын білеміз.
Әдетте, Қоңқай комедиялық тұрғыдағы кейіпкер делініп жүр. Сол сөз рас та шығар. Бірақ Серағаң – Қоңқайды көрген сәтіңізде ше? «Е, мынау күлкілі кейіпкер ғой», – деп, ойсыз езу тартуды мүлдем естен шығарасыз. Өзіңізді ұмытып, сахнадағы өмірге еніп кетесіз. Күлесіз. Толғанасыз. Ішіңізден жылайсыз. Осыншама кереғар сезімдердің бәрін бастан кешесіз. Сосын барып пайымдап қарасаңыз, мұның бәрі актер ойынының кұдіреті екенін ұғасыз. Керек болса, Қожамқұловтың Қоңқайды дамытып, ширатып, шебер ойнағаны сонша, оның сомдауындағы Қоңқайдың классик қаламгеріміз драмасындағы Қоңқайдан да еңселі екенін зейіндейсіз.
Қожамқұлов бейнелуінде Қоңқай – ғажап адам. Онда замандық сипат та, пендешілік сипат та, Серағаңдық сипат та бар.
Қараңғылықтың тірегі, діндар Науан қазірет арбауына түскен бейшара, дәрменсіз Қоңқайды көріп, тұла бойың мұздап сала береді. Ісінде абырой табар салмақ, сөзінде бәтуа жоқ әкенің қызына жаны ашымайды емес. Оның «Апыр-ау, Ақтоқтым ба, қазірет», – деп дағдара айтқан лебізінен-ақ, өз бетімен істер қимыл-әрекеті жоқ момын кедейді көріп, аяп кетесің.
Алайда, Серағаң Қоңқайды бірыңғай момын, байғұс жан етіп көрсете бермейді. Қейде ол да қуана білетін, «қайраттана» білетін жан етіп тұлғалайды. Мәселен, жалғыз қызы Ақтоқтыны ұзатар тойға әзірлік алдында қалай қуанады деңіз? «Далаға шығып, желпініп бір алмасам, тіпті үйге сия алар емеспін. Күні кеше екі кісі бас қосса әркімнің аузына карап, түгіне түсінбей кайтып келіп, қатынынан сұрайтын Қоңқай! Міне, бүгін кім болдың? Кім болдың деймін мен саған?..». Төбесі көкке жеткендей. Бірақ сіз оның бұл қуанышына ортақ болудың орнына еріксіз күйінесіз, ызалы күлесіз. Ақтоқты басындағы бұлтты көріп, күрсіне қайғырасыз.
Егер таратып айта берсек, осы бір рольдің өзі арнайы әңгімеге, бір зерттеуге тиек болған болар еді. Бір Қоңқай ролінің өзі ғана – тағылым мектебі, рухани, мінездік, актерлік жаңалықтар жиынтығы. Өнер, жүрек жаңалықтары жиынтығы.
Серағаң сабақтары сөз болғанда, ол кісінің жастарға, балауса буын артистерге ықпалын, өнегесін аттап кету мүмкін емес. Керек десеңіз, бұл Қожамқұловтың талант тағылымының күретамыр арнасы. Осыған орай, М.Әуезов атындағы театрдың кейінгі буындағы дарын ды актерлерінің бірі Бақыт Жанғалиева:
– Біз қазақ театры өнерінің көшіне 70-ші жылдары келіп қосылған жастармыз, – деп бастады әңгімесін ол. – Біз дегенде әріптестерім – Тұңғышбай Жаманқұлов, Әнуар Боранбаев, Құман Тастанбеков, Уәйіс Сұлтанғазин, Ғазиза Байқошқарова, Шайза Ахметова тағы басқаларды айтып отырмын. Біз неге осы өнерді қаладық? Алғашқы қадамдарымызды қалай бастық? Соны ойлағанда, менің есіме әуелі өзіміз емес, асыл ағалар мен апалар, Серағаңдар түседі. Өйткені, олар да көлеңкесі алысқа ерте түскен асқар таулар ғой...
Мен Серағаңа өмірде тұңғыш рет қашан жолықтым? Бұл күн әлі анық есімде.
Ал Серағаңа өнерде алғаш қашан жолықтым? Ол есімде жоқ. Бұл жерде өнер дегенде мен актерлікті ғана айтып отырған жоқпын, оны сүюді, оған жанкүйер-көрермен болуды айтып отырмын. Әйтеуір, Серағаңа ерте жолығыппыз. Сол кезден-ақ ол кісі баурап алыпты, тәрбиелепті.
Серағаңның ғажап ерекшелігі – алған ролін еркін, қапысыз игере білетіндігі, басқаша айтқанда, алған роліне өзінің еркін, қапысыз игеріле білетіндегі, яғни ол өзін ұмытып, ойнайтын адамдарына – өзгелерге айнала біледі. Ол сахнаға шыққанда біз білетін Серағаң жоқ, оны «жоғалтып» аламыз, оның орнында мүлдем басқа, бөгде адамдар – анау аласапыран жылдардың адамы Мырқымбай, большевик Сергей бар, аузы алты қарыс қайсар би Еспембет пен шық бермес Шығайбайдан өткен сараң Қарабай бар; шахтер Тайман мен әке Қоңқай бар. Ол үшін қуанасың, қайғырасың, күйінесің. Біздіңше, бұл дарқан дарындылықпен ғана жүзеге асар сүйінішті құбылыс.
Серәлі Қожамқұлов – осындай дарқан дарынның иесі.
Десек те, бір дарынмен ештеңе бітпесе керек. Дарын да жерге түскен дән сияқты. Күн сәулесі, топырақ құнары, ылғал, жылу мен жарық болса ғана өніп, бүр жарып, өсіп жетілмек. Оның құдіреті де осы өсіп жетілуінде, жеміс беруінде.
Осы тұрғыдан келгенде, Серағаң қоспасыз даналықтан ғана жаралған жандай. Серағаң бойындағы даналықтың бір белгісі – өнерге деген кіршіксіз адалдық, сұлу сүйіспеншілік. Екінші белгісі – керемет еңбексүйгіштік. Үшінші бір белгісі – жастарға деген жанашыр қамқорлық. Біз Серағаң бойынан осының бәрін күнбе-күн сезініп жүрдік. Серағаң біздің қай-қайсымызға да ақыл-кеңесін беруден жалықпайтын. Қайта өзі іздеп жүріп тауып алып, жетпей жатқан жағыңды, жіберген кемшілігіңді қолма-қол айтып, түзетіп жатқаны. Әрқашан даналық көрсетіп, үйретіп жүргені.
Театрға алғаш келген кезім. Келісімен-ақ Серағаңның шуағын сезіндім, шапағатын көре бастадым.
– Сенің өзің, қарағым, тәуір қыз сияқтысың. Талабың бар екен. Саған Баян, Ақтоқты рольдерін ойпатса жөн болар еді. Бірақ, кірпік салуыңа қарағанда... Сендердің бәріңді де сынап, шамаларыңды таразылау қажет. «Өнер жастан» деген, – деп еді Серағаң бірде.
Ағаның айтқаны келді. Баян ролінде ойнадым. Басқа бейнелермен жүздестім. Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» Ақтоқты ролін ойнауға да тура келді.
Ақтоқты – қиын да қызық роль. Апалар ойнаған Ақтоқтыға өзіндік бірдеме қоса аламын ба, жоқ па? Өткен өмірдегідей өз қалпында, тамаша драмадағыдай өз биігінде көрсете аламын ба, жоқ па? Қатты қиналдым. Ізденісім мен еңбегім жемісін берген де сияқты. Бірақ осы рольді ойнауда Серағаң кеңесі, ақылы, үлгісі болмаса, әй, қайдам. Ол кісі – елге бұрыннан белгілі Қоңқай. Мен – Ақтоқтымын. Соның қызымын. Пьесаны қою, дайындау барысында Қоңқай – Серағаң туған әкемдей сезіліп кетті. Мейірлі. Үні жұмсақ, жанға жылы.
Қолынан ештеңе келмейтін, дәрменсіз әке болса да, сахнада маған көп қуат берді. Жаныма жалын дарытты. Бұл – сахна үстіндегі сезінісім... Алдымда асқар таудай Серағаң серпіліп, сергек, сырбаз ойнап жүрсе, сен еріксіз соның екпінімен, инерциясымен жақсы, шебер ойнай бастайды екенсің. Биікке кетеріліп, табиғи да шынайы ойнай бастайды екенсің.
Бірде жақсыдан шарапат дегендей бата сұрадым.
– Әкемсіз ғой (Қоңқай), қызыңызға (Ақтоқтыға) бата беріңіз, – дедім.
Кәдімгідей қол жайып, ақ тілек, күбірлеген бата күткем. Серағаңның айтқаны: «Ал, жақсы ойна, қызым, сенемін», – деген сөз болды. Сенім. Серағаңның осы сенімі ме екен маған жігер берген, қанат байлаған? Мұндай жақсы сөз – жарым ырысың. Мұндай даналық дәні жүрегіңде егіліп, мәңгіге із қалдыратын болса керек.
Серағаңның тағы бір даналығы – өнерде кіші роль жоқ, үлкен немесе кіші актер барлығын танытқандығы. Ол кісі қай рольді ойнаса да, дарындылығынан, даналығынан болса керек, кемел толғайтын, кесек мүсіндейтін еді. Ол кісі: «Әрбір рольдің өз үні, мақамы болады. Әрбір рольдің сөзінің өз сазы, ырғағы болады. Соны табу керек», – дейтін. Серағаң айтатын: «Қара көзден нұр тайғанша, жүрек сөніп қартайғанша, Ақтоқтыны шығара алман есімнен»; «Күншілдік пен күндестіктің зәрі жетіп қалғанын, елемеді жанға сенгіш сорлы Ақан».
Бұл – екі түрлі сөз емес. Бұл – екі түрлі дем. Екі түрлі өрнек. Екі түрлі саз. Екі түрлі әлем. Сен соларды адаспай тап, жүрегіңмен танып тап. Осы сөздердің арасында адаспаған жан Науан, Жалмұхандар арасында да адаспайды. Ақтоқтыны табады. Өз Ақтоқтысын табады. Алып-қосарың жоқ лебіз бұл. Даналық деген осындай-ақ болар. Тіпті, Серағаң жарқ етіп көрінген барлық сәттер – бүкіл спектакльдерге сәуле шашатын еді десек те, асыра айтпаймыз.
Әрбір от басына ақ пейіл ата, ақылгөй ақсақал керек. Серағаң – біздер үшін, біздің театр үшін сондай ақсақал еді. Керек болса, әрбір от басында бір ұлы әкенің болуы әрқашан міндетті. Ендеше Серағаң өлмес-өшпес өнерімен қазір де алдымызда, арамызда жарқылдап жүр.
Шәкіртсіз – ұстаз тұл. Серағаңның шәкірттері жетеді. Осы сөздің атына ғана ие болып жүрген емес, затын зерделетер шәкірттері мол. Алайда осы сөзде тағы бір мәйекті мағына бар. Яғни керісінше пайымдағанда: «Ұстазсыз – шәкірт жетім». Ал ол ұстаз бар. Арамызда мәңгі тірі Алатаудай асқақ Серағаң бар. Бұл – ұлттық сахна өнеріміздің бір бақыты.
Серағаң сабақтарын айтқанда екі ғибрат сорабы соқпақ тартады. Ұстаздың өз ойлауы бар. Ол да – үздік үлгі, өрелі өнеге, тасқын тағылым. Содан соң ұстаздың өз әсерімен өзгелерді «ойнатуы» – яғни өзгелер арқылы ойнауы бар. Бұл – із басқан інілер мен жас толқын өкілдерінің ұстаз үлгісін үйренуі, ұстазша ойнауы деген сөз. Бұл үйрену, бұл ойнау тағы бар бізде. Демек, сапымызда бір Серағаң емес, одан Серағаңша ойлауды сіңірген, өмір-өнер тұңғиығына бойлауды білген ондаған, жүздеген Серкелер, Серәлілер бар. Біздің бұл байламымызға Серағаң туралы әр түрлі кезеңде айтылған сөздер, басылған мақалалар, түйінделген ойлар, дәйікті дәлелдер куә деп білеміз. Ал мұны Серағаңның өмірден туған өнеріндегі, өнерінен туған өміріндегі басты бағы, баянды бақыты деп білсек жөн.
Серағаң ағалығы, жаңалығы, даналығы – қазақ совет өнері өлкесіндегі дербес бір әлем, тағылым мектебі.
Серағаң ағалығы, жаңалығы, даналығы —- совет өне- рі өлкесіндегі дербес бір әлем, тағылым сабағы.
Бақыт Сарбалаев, әдебиет сыншысы
Тәмсіл
СЕРКЕ АҒАНЫҢ САБАҒЫ
(Жазушы, бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайұлының естелігінен)
Атақты режиссер Асқар Тоқпановпен тілдесіп отырмын.
– Біреулер мені білемін дейді. Менде жынды Асқар да, дана Асқар да, жалқау, не еңбеккер Асқар да, қорқақ, не батыр Асқар да бар, – деп қалды о кісі. – Маркс: «Адамға тән қасиеттің бәрі мен үшін жат емес», – деген ғой. Мен бойымда тек сараңдықты ғана тәрбиелесем, менен Қарабай, шық бермес Шығайбайлар ғана шықпай ма? Ұлы Пушкиннің «Сараң серісін» оқышы. Сараңдықты қалай көрсеткен? Төрт құбыласын түгел білем деу асылық шығар. Мен, құлыным, екі Ғабеңді, екі Мұхаңды, екі Сәбеңді, екі Ахаңды (Ахмет Жұбановты), екі Қанекеңді (Қаныш Сәтбаевты) білем. Оны басқа замандастарым да біледі. Бірақ олар айта алмайды, қорқады. Ал қорқақтық – сатқындық. Есіңде болсын, сатқындар қайдан шығады десең, қорқақтардан шығады...
Асекең кенет қабағын түйіп, көңілсіздеу тіл қатты:
– Бірде Димаш Ахметұлы Қонаев: «Асқар, сен терренкурда жалаңбұт жүріп, орыстың қыздарын қорқытады екенсің», – деді.
– Димаш аға, Жамбыл тәтем: «Ахау, пәни, сұр мерген, жаман адам сөзге ерген», – дейді. Сіз жақсы адамсыз ғой. Сыбыр-жыбырдың жеткізгеніне сеніп отырсыз ба? Мені бір ағам аузымды бейне отқа қыздырылған темірмен қарығандай өсектен біржола тыйған еді.
– Ол кім? Аузыңды қалай қарып, өсектен қалай тыйды?
– Бұл 1939 жыл болатын. Мәскеудегі Луначарский атындағы театр өнер институтын бітіріп, Алматыға диплом қорғауға келгем. Жиырма төрт жастамын. Ойымда дәнеңе жоқ. Қанабек пен Құрманбек ағам екеуі шекісіп қалыпты деп естідім. Соны Серағаңа, актер Серке Қожамқұлов ағаға айтып қалдым. Ол кісі маған жақтырмай қарап, былай деді:
– Шырағым Асқар, қатын өсек керекпейд (керек емес дегені). Сені біз Мәскеуге оқуға жібергенде өсекшілердің санын көбейтсін деп жібергеніміз жоқ. Өсекші қатындар мұнда да жетеді. Қанаш пен Құрмаш – құрдас. Ол екеуі күніне мың рет төбелесіп, мың рет сүйісіп, табысып жүреді. «Бозадағы сөз боққа аспайды» деген. Сенің оларда не шаруаң бар?!
Жүрегім аузыма тығылып, төбемнен жай түскендей болды. Өсекшісің, қатынсың деп тұр ғой. Ашу үстінде шалға тілім тиіп кетер деп оңаша қашып шықтым. «Екі Асқар» өзімен-өзі сөйлесті.
– Кім кінәлі? Серағаң ба, әлде сен бе?
Өсекші Асқар үндемей қалды. Әлден кейін деміккен көңілін басып:
– Серағаңның айтқанының бәрі дұрыс, – деді ақылды Асқар.
– Енді не істеймін? – деді өсекші Асқар.
– Кешірім сұра.
Жерге кірердей ұяла қысылып, дегбірім қашып:
– Сераға, – дедім жанына әрең жақындап.
– Немене, шырағым?
– Ағатай, мені кешіріңіз! Бұдан былай сіздің ақылыңыздан қорытынды шығарам.
Серағаң туған баласына мейірлене қарағандай, маған күлімсірей бұрылып:
– Е, шырағым Асқар, ондай сөз саған керекпейд. Сен жас та болсаң, бассың ғой. Бізге ұстаздық жасайтын сен емес пе? Үлкен ғұламалардан дәріс ап, үлкен ұстаз алдын көріп келдің ғой, – деді.
Сенесіз бе, мен сол күннен бастап бір ауыз өсек айтқан емеспін. Міне, Димаш аға, Серағадай тиым салатын ұстазыңыз болмаған екен. Өкінішті-ақ. Ал енді сіз маған: «Сен қандай қазақсың?» – десеңіз, жауабым мынау: Біріншіден, цивилизованный (өркениетті) қазақпын. Мен Абайдың мектебінен нәр алған, аруағынан жаралған Асқармын. Ал Абай шығыс пен батыстан нәр алған, әлемде теңі жоқ адам. Сондықтан мен шолақ шалбармен (шортикпен) терренкурде қыдырам. Европада адамдар шортикпен мейрамханаға бара береді. Шетел сапарымда мен соны көргем. Екіншіден, интернационалист Асқармын. Мен неге орыстың қыздарын қорқытам? Олар немерелерім ғой. Оларда менің не шаруам бар? Абырой-беделімді түсіру үшін сізге осындай ұсқынсыз, қисынсыз сөздерді айтуға дұшпандарымның дәті қалай жетіп, аузы қалай барады екен? Оның бір себебі, Димаш аға, өтірікті айтуға болады, қоштауы табылса дегендей, сіз өсек тыңдауға жақын тұрсыз.
Ол кісі күлді де, сөз таластырған жоқ.
qazaquni.kz