Намыс туралы нақыл
2021 ж. 20 желтоқсан
1849
0
Ата-бабалардан бүгінгі ұрпаңңа мирас болып жеткен Ұлы Даланың түпкі тарихына бармай, XX ғасыр басында, тура жүз жыл бұрын, Ресей патшалығы құрдымға кетуге таяп, ақ пен қызыл айқасқан кеңестік жаңа империя күш ала бастаған шақта 1917 жылы 5-12 желтоқсанда Алаш қайраткерлерінің Алашорда автономиясын құру қадамы сан ғасырдың қойнауында қайнап піскен ұлттық намыстың тәуелсіз ел болуға ұмтылысының басы еді.
Кеңестік жүйенің қуғын-сүргіні, қолдан жасаған аштығы, ату-айдау азабының откешуінен «біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған» деп күңірене жүріп, сол жиырмасыншы ғасыр соңында Тәуелсіз Қазақ Елінің көк байрағы көтерілген күнге жеттік.
Еліміздің құрыш келбеті саналатын кешегі Қазақстан магниткасы –
Теміртау металлургия комбинатында металдың ең мықтысы шойын балқытатын от-жалын шашқан домна пешінің оттықшысы бола жүріп, адам төзгісіз ауыр жұмысты ауыздықтауда «қой баққан қазақ шыдай ма?!» деген сөзді теріске шығарып, ұлттың намыс пен өз ісіне адалдықтың теңдессіз құдіретін паш еткен кешегі маман жұмысшы-металлург – бүгінгі Елбасымыз еді. Тұңғыш Президент 1991 жылы баршамызды жарқын болашаққа бастады. Мәңгілік Ел болуы жолындағы бекем бірліктің үлгісін көрсететін уақыт келді.
Намыс туралы нақыл сөз, үздік ойдың иірімі өмірмен өзектес болып келеді. Айталық, халқымыз «Ерді намыс, қоянды ңамыс өлтіреді» дейді. Ой кемеңгері Әбіш Кекілбаев: «Елің теңелмей тұрып, өзің теңелмейтініңді ұқтыратын құдірет – намыс» деп толғаған-ды. Ал Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» үндеуінде: «Ұлттық код, ұлттың мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деген сұңғыла сөзі бірлікке бастайтын бағдаршам. Бұл адамдың арлы асыл қасиеттің, алмас қылыштай күш-қуаттың рухани қайнары ұлттың намыс биігіне жетелейді. Иә, өзіңнің туған ұяң – әулетіңді ғана емес, Отаныңды дөңгеленген дүниенің мықтыларымен иық теңестіруге, бойыңды тік ұстауға жеткізетін тұғыр –
«Аққа Құдай жақ» дейтін адалдықтан артық ештеңе жоқ. Дегенмен, жар жағалатып жығатын, ұлтты ұятқа қалдыратын жалған намыс шылауына шырмалып қалатынымыз бар.
Алматыда бір сапарымда қоныс тойға құтты болсын айтып, кештетіп шығып таксиге отырдым. Биік екі үйдің арасындағы тарлау жолмен үлкен даңғылға бұрылуға екі-үш метрдей қалғанда қарсы беттен шыға келген «Джип» бұрылып, алдымызға тоқтай қалды. Екі машина қарама-қарсы тұрды да қалды. Жүргізушіге: «Қайтесіз, шегінуін сұрайсыз ба?!» деп едім: «Апа, «Джип» рулінде отырғандар шағын көлік көрсе, жол бергенді намыс көреді. Үлкен жолдың үстінде, оңға, солға бұрылуға болмайтынын көре тұра, артыңа түссе, бипылдатып, тықсыратыны бар. Күтемін» дегені. Көңіліме қорқыныш кірді. «Төбелес болып кетпей ме?» деп сұрадым. «Қорықпаймын, қаруым бар» деді жүргізуші. Зәрем ұшты. Машинадан шықтым да, алдымызда тұрған көліктің терезесін ақырын қақтым. Төмен сырғып ашылды. Қарасам, екі қара көз жігіт отыр. Алдыңғы екі орындықтың арқасына сүйеніп бала тұр. Сәл шегінулерін сұрадым. Сол жақтағы жігіт маған қарады да, жүргізушіге «шегін» дегендей ишара жасады. Діттеген жеріме жеткенше, оқтау жұтып алғандай күй кештім. Президенттің Үндеуінде «астамшылық пен кердеңдікке жол бермеу» дегені осы екен ғой. Ойланған сайын екі орындық ортасында мәз болып күліп тұрған бала бейнесі көз алдыма келе берді. «Сол тар жолда төбелесіп, арты атысқа ұласса бейкүнә сәби мен біздің күйіміз не болар еді? Бұл не? Өзімізді өзіміз менсінбеушілікке қалай жеттік» деген сауалға жауап іздедім. Философ Амангелді Айталының бір мақаласында: «Ұлттың руханилығы тарихи жағдайларға да байланысты. Кейде ұлтына жағымсыз баға беру, кемсіту, отарланған ұлт өкілдеріне тән. Өзімізді өзіміз қомсынушылық пен өзара сыйыспаушылық, өн бойымызға сіңіп қалған қырғиқабақтық рухани жаңаруды, тазаруды қажет етеді» дегенін оқыған едім. Сонда отарланған ұлт өкілдеріне тән өзара сыйыспаушылық, менсінбеушілік тәуелсіз ел жастарына қалай жеткен? Орыс тілінде «намыс» сөзінің баламасы жоқ екен. «Честь – абырой», «гордость – мақтаныш», «стыд – ар», «совесть – ұят» сөздерінің бәрі «намыс» ұғымының жиынтық мән-мағынасын жеткізе алмайды. Патриот, патриоттық та толық мағынадағы балама бола алмайды.
Сондықтан Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Қазақша оқымай, қазақ өзіне керек ғылым үйренбейді» деген тәмсілі руханият мәйегі ана тілінде екенін нұсқағандай... Мәдениеттің өзі осы бір риясыз жақсы көруде, ел мен жеріңе деген ерекше сезімде жатыр.
Педагог-журналист Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ
qazaquni.kz