Смағұл Елубай: Балабақшалар мен мектептер түгелімен мемлекеттік тілге көшу керек
2021 ж. 17 желтоқсан
1728
5
Оқырман назарына белгілі қаламгер Смағұл Елубайдың Алматы қаласындағы «Достық» үйінде Қазақстан Халық Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Ұлы дала тілі – ұлтаралық тіл» тақырыбында өткен жиында сөйлеген сөзі ұсынылып отыр.
– Құрметті жиынға қатысушылар және ұйымдастырушылар! Біріншіден, мен жиынның тақырыбына да, мазмұнына да қуанып отырмын. Өйткені менің алдымда сөйлеген азаматтардың көбі өзге ұлттың өкілдері еді. Бәрі дерлік мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінде сөйледі. Әрі қазақ тілінің мәселесін көтерді. Өздерінің қазақ тілін меңгергені туралы керемет айтты.
Осы ретте біз де өз ойымызды ортаға салғалы отырмыз. Мына 30 жыл шынтуайтына келгенде, тіл жанашырлары үшін ойбайлаумен өткен 30 жыл болды. 1989 жылы мемлекеттік тіл қазақ тілі болып қабылданды. Сол кезде біз, қазақ тілі мемлекеттік тіл статусын алғаннан кейін, жұрттың бәрі қазақ тілін үйренуге бет бұрады деп ойладық. Сөйтсек біз аңғал екенбіз, аңқау екенбіз. Ешқандай да жалпыхалықтық қазақ тілін үйрену байқалмады. Біздің елімізді басқарған бірінші президентіміз де, екінші президентіміз де айтудан кенде қалған жоқ. Әлі күнге дейін қазақ тілінде сөйлеу керектігін айтумен келеді. Бірақ оң өзгеріс байқалмайды. Қазақ тілін үйрену үшін қаншама миллиондаған теңге қаражат салынды. Қаншама үйірмелер жұмыс істеді. Бірақ құлқымыз сол баяғы советтік деңгейдегі межеден көтерілмей-ақ қойды. Бұған не себеп? Енді осыған назар аударғымыз келеді. Бұған себеп - біз біріншіден, Атазаңымызда «Қазақ елінің азаматы ең бірінші мемлекеттік тілді білуге тиіс» деген бапты қоспадық. Мұндай бапты қосу керектігін кезінде бір кәрістің қызы көтеріп еді. Одан кейін де бұл мәселе қаншама рет көтерілді. Бірақ құлақ аспадық. Ендігі жерде біз сөзден іске көшуге тиіспіз. Менің ұсынысым – қазірден бастап, бүкіл балабақшалар мемлекеттік тілде тәрбие беруді қолға алуы тиіс. Өйткені, бес жыл мемлекеттік тілде тәрбие алған балалар, ұлтына қарамастан, орта мектепте қазақ тілінде сабақ алуға дайын тұрады. Сондай-ақ, мектептер түгелімен мемлекеттік мектепке айналуы керек. Орыс мектебі, қазақ мектебі деп бөлінуді қою керек. Бөлінудің ақыры жақсылыққа алып бармайды. Совет заманында бөлінген едік, сол күйінде әлі бөлініп келеміз. Бөлінудің салдарынан бүгінде бірін-бірі түсінбейтін ұрпақ қалыптасты. Күндердің күнінде бір мәселе туындаса, бірін-бірі түсінбейтін балалар бір-біріне жұдырық ала жүгіріп жатпасына кім кепіл?! Соның алдын алу үшін мектептер орыс-қазақ дегенді қойып, бір бағдарламамен оқитын мемлекеттік мектепке айналуы керек. Әрине, ол жерде басымдылық мемлекеттік тілге берілуі керек. Сондай-ақ, орыс тіліне де мүмкіндіктер қарастырылуы қажет. Содан кейін орыс мектебінде сабақ берген мұғалімдер жұмысымыздан айрыламыз деп қорықпауы керек. Олардың мемлекеттік мектепке барып жұмыстарын жалғастыруға жағдай жасалуы керек. Нәтижесінде, он жылдан кейін ұлттарына қарамастан, мемлекеттік мектепті бітіріп шыққан балалардың барлығы түгелімен қазақ тілінде сөйлеп шығатыны анық. Сөйтіп он жылдың ішінде мемлекетік тілдің мәселесін шешуге мүмкіндік тумақ. Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі бізге не үшін керек? Олардың құқын қорғау үшін қажет. Ертеңгі еңбек нарығында олар қағажу көрмеуі үшін керек. «Мемлекеттік тілді білмегенің үшін, мемлекеттік қызметте істей алмайсың» деп ешкім олардың бетінен қақпауы тиіс. Сол үшін де олар мектепте мемлекеттік тілді меңгеріп шыққаны абзал. Нәтижесінде, еңбек нарығында олар тең құқылы болмақ. Сондықтан мемлекеттік мектепте мемлекеттің саясатына сай білім берілуі керек. Осы тұста тағы бір айта кетерлік нәрсе – Ассамблея мүшелері түгелімен қазақ тілінде сөйлеген жиында отыруымыздың өзі зор қуаныш. Бұған дейін де бұл ұйымның жиналыстарына қатысқанмын. Ал бірақ бүгін мен өз үйімде, ағайындарымның арасында отырғандаймын. Бүгін қазақ тілінде таза сөйлеудің үлгісін көрсеттіңдер! Сендер осы үлгіні бастаушысыңдар және таратушысыңдар. Дәл бүгінгідей Ассамблея мүшелері ұлтттың тілін насихаттаудың алғы шебінде жүрсе, бұл ұйымға деген халықтың сенімі артады. Әйтпесе әлеуметтік желілерде «Ассамблеяны тарату керек» деп жүргендер жетерлік. Қоғамда мұндай мәселелер қайта қозғалмауы үшін Ассамблея дәл осылай үлгі көрсетуі керек. Сондықтан да бүгінгі жиынды ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз!
qazaquni.kz