Дос Көшім: Ұлт азаттық күрестің қозғаушы күші – ұлтшылдық идеясы
2021 ж. 09 желтоқсан
1878
0
Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл. Осынау ұлық мереке қарсаңында азаттық жолында тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, елдің болашағы үшін өмірін сарп еткен ұлт азаттық күрес қаһармандарын еске алған жөн.
Азаттық аңсаған ата-бабалардың күресі туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның» мүшесі Дос Көшім «Қазақ үні» ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, бірқатар сұрақтарымызға жауап берді.
- Ұлт азаттық күрес тақырыбы қазіргі уақытта қаншалықты ашылды?
- Қазақ еліндегі ұлт-азаттық күрес тақырыбы біршама ашылды деп ойлаймын. Оның ашылуына қазіргі тарихшылардан басқа, Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезінде де осы мәселені ашуға барлық күш-жігерлерін салған тарихшыларға, жазушылар мен ақындарға, архив қызметкерлеріне, публицист-журналистерге рахмет айтумыз керек. 37-жылғы асқан қатыгездікпен жасалған зорлық-зомбылықтан кейін де қазақтың жүрегі шайлығып қалған жоқ, 50-жылдары, өздерінің ертеңін емес, ұлтының ертеңін ойлаған Бекмахановтар мен Есенберлиндер шықты...Әрине, Тәуелсіздік қайта орнаған кезеңде ұлт-азаттық күрес кезеңдерін зерттеуге үлкен мүмкіндік туды. Алайда, осы мәселенің төқңірегінде екі «әттеген-айды» да айта кеткім келеді; біріншісі – неліктен екені белгісіз, Кеңес жүйесіндегі қазақ ұлтына жаслаған ең соңғы зорлық-зомбылық – Желтоқсан көтерілін – тарихшылар әлі де нақты зерттеу тақырыбы ретінде қолдарына алған жоқ. Өкінішке орай, бұл кезең - әлі де журналистер мен ұлтшыл саясаткерлердің, қоғам белсенділерінің үлесінде қалған сияқты. Екіншісі – Тәуелсіздіктен кейін Кеңес заманындағы құжаттардың, архивтің толық ашылмауы. Кеңес одағында біздермен бірге болған басқа мемлекеттер Кеңес кезеңіне қатысы бар барлық мәлеметті қоғамның алдына ашып салды (ұмытпсам, ең соңғы болып Кеңес заманындағы мәліметтерді ашқан Украина елі болды). Біздер бұл мәселені әлі де шеше алмай, созбұйдаға салып отырмыз. Меніңше, аса құпия архивтік мәліметтердің толық ашылып, зерттеушілердің сол кезеңдегі сан түрлі құжаттармен танысуға мүмкіндік туғанда ғана Ұлт-азаттық күрес тақырыбы толық ашылды деуге болады.
- Ұлт азаттық күрестің негізгі қозғаушы күші не болды?
- Ұлт азаттық күрестің негізгі қозғаушы күші – ұлттық, ұлтшылдық идея болды деп ойлаймын. Бұл жерде біріне бірі жалғасып, сабақтасып жатқан екі идея бар. Біріншісі – ұлттық құндылықтарды қорғау, сақтап қалу идеясы. Бұл – Ресей империясының Қазақ елін отарлау саясатының салдарынан 18-20 ғасырлар арасында орын алды. Қазақ ұлты өзінің жерін, дінін, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап қалуды мансұқ етті. Сол үшін көтерілді, хандардан бастап, қарпайым қазаққа дейін осы идеяның негізінде атқа қонды. Екіншісі – әрбір ұлттың, ұлт басшыларының санасында, жүрегінің түбінде жататын – мемлекетшілдік идеясы. Әрине, мемлекетшілдік – мемлекетін құрған халықта ғана болады. Ал әр ұлттың өз мемлекетін құру идеясы – табиғи идея. Кез келген ұлт белгілі бір тарихи кезеңдерден өтеді; рудан – тайпа, тайпадан – тайпалық одақтар, тайпалық одақтар жетіле келе – халық пайда болады да, сол халық ұлттың даму жолының ең шырқау шегіне шыққанда – мемлекет құрады. Кеңес өкіметі кезіндегі Алаш арыстарының күресі – жеке Қазақ мемлекетін, бұрығы Қазақ хандығы болған елдің егемендігін қайта жаңғырту болды. Бұл идея Кеңестік коммунистік партияның орыс әлемі билейтін біртұтас кеңес ұлтын құру саясатына толықтай қарсы келді. Қысқасы, кез келген күрес – идеядан басталады және бұл – бүкілхалықтың идея болып табылады. Сондықтан репрессияға жеке азаматтар, жеке тұлғалар ұшырағн жоқ, репрессияланған ұлттық идея болды. Демек, репрессияға ұшыраған – қазақ халқы болды.
- Ұлт азаттық күрес идеясының басты нәтижесі қандай?
- Басты нәтиже – осы мемлекетті құрған, қорғаған, тәуелсіздігі үшін күрескен халықтың ұлттық құндылықтары сақталған егеменді елге қолымыздың жетуі. Қазақ еліндегі өзге ұлттар осы ақиқатты түсіне білуі керек.
Қазақ үні