Түркі дүниесінің дәде Қорқыты
2021 ж. 05 желтоқсан
1819
0
1990 жыл еді. Студент кезімде республикалық «Ана тілі» газетінде хат тасушы (курьер) болып жұмыс істеп жүргенмін. Іздеген мекенжайды тез таптым. Есікті Рахманқұл ағаның өзі ашты. Бірден кабинетіне бастады. Аты-жөнімді, қайдан екенімді сұрады да: «Отыра тұр, қарағым, қазір бітіп қалдым» деп тық-тық еткізіп жазу мәшіңкесінде жұмысын жалғастыра берді.
Қалада жүргеніме бір¬шама уақыт болса да мұндай кең пәтерді, «кітаптан қаланған» жұмыс кабинетін бұрын-соңды көрмеген едім. Аузым ашылып иін тіресе, сөрелерде сірескен көп кітаптан көз алмай отыра беріппін. Бір кезде: «Баяғыда қазақтың бір батыры, жаугершілік заманда қатты науқастанып, жонарқасын тұтас жара басып, орнынан тұра алмай жатса керек. Сол кезде ауылдың шетіне жау келіп қалыпты. Жараға қарайтын кез бе, найзасын ала атқа қонады. Жан алып, жан беріскен қиян-кескі ұрыспен жауды шауып қайтады. Бір кезде байқаса, артындағы жараның бәрі төгіліп, өз-өзінен жазылып кетіпті. Сол сияқты, бір-екі күннен бері науқастанып, жұмысқа шыға алмай отыр едім. Мына шовинистердің жат пиғылына зығырданым қайнап, іштегі запыранды ақ қағаз бетіне ақтарып, бар ашуымды «мәшіңкеден алып» отырмын. Тіпті, тұмауымның қайда кеткенін білмей қалдым ғой» деді.
Расында да байқасам, аға мәшіңкені ызаланып, қатты екпінмен басып отырған сыңайлы. Рахманқұл аға ол кезде Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы еді. Сол тұста есік көзінде қалып, жетімнің күйін кешкен ана тіліміздің аянышты халіне қабырғасы қайыса күрескен, тіл тағдырына араша түскен азаматтардың бірі де бірігейі болды.
...Бұдан кейін Рахманқұл ағамен 1998 жылы университетке қызметке тұрғанда кездестік. Университеттің шағын газетіне жиі-жиі материал беріп тұратын белсенді авторымыз еді. Университеттің «Хабаршы» (ғылыми) журналымен бір кеңседе отыратын біздерге ғалым ағамыз үлкен басымен өзі келіп сәлем беретін де: «Озық ойдың ордасына сәлем берелік. Редакция деген ¬– озық ойдың ордасы ғой» деуші еді марқұм.
Кафедра меңгеруші С.Садықовтың ұсынысымен «Рахманқұл Бердібай ¬– публицист» деген тақырыпты кандидаттық тақырып етіп бекіттік. Профессор, абыз қариямен жиі пікірлесетін болдым. Үйіне барып тұрамын. 2002 жылы ағаның 75 жылдық мерейтойы қарсаңында газеттерге материал ұйымдастыру үшін сөйлеспекке үйіне бардым. Қараша айының орта тұсы еді. Екінші қабаттағы кабинетінде әңгімелестік. Ат шаптырым кең кабинет. Талай келгенмін, келген сайын бай кітапханасына, түрлі конференциялар мен ғылыми басқосулардан, сапарлардан сыр тартқан портфелЬдер, кәдесыйлар еріксіз қаратады. Әзірге жылу қосыла қоймаған сыртқа шықсаң жылы, бөлменің іші салқындау уақыт еді. Үш сағаттай сөйлестік, бір кезде тоңып кетті-ау: «Холлға шығып отырайық, қызым, мұнда күн түсіп тұрғасын жылырақ» деп холға бастады. Көнелеу шағын диван мен екі орындық, бір жазу үстелі қойылған айнала әйнекпен қапталған «холл» деп аталатын балкон сияқты бөлме расында жылырақ. Осында отырып, бала кезден университетке түскен кезге дейін өмір сырларын ақтарып еді... Орыс, қазақ сөздерін арластырып сөйлеуге әдеттенген Бибізада апамыздың дауысынан орнынан тұрып: «Әзірге осы да жетер қызым, жазғандарыңды маған көрсетіп алуды ұмытпа» деді. Холлдың терезесінен далаға қарасам күн қызарып, ұясына батып барады екен. Айнала әйнектелген шағын бөлме ұясына батып бара жатқан күннің қызыл шапағынан арайланып, нұрланып кеткендей. Әлде бұл ғұмыр бойы білім іздеуден, оқудан жалықпаған дегдар жанның айналасын нұрландырған шуағы ма екен? Кеудемді терең білім мен парасаттың, ізгіліктің, биік мәдениет пен зиялылықтың, инттеллекттің нұры кернеп үйіме қарай құстай ұштым... Ұзамай, «Жас алаш» газетіне ағаның оқушы кезі, студенттік шағынан сыр тартқан «Мөлдір бастаулар» деген мақалам жарияланды. Университет хабаршысына «Рахманқұл Бердібайдың публицистік қызметінің алғашқы кезеңі» атты ғылыми мақала, ғалымның мерейтойына арналған жинаққа «Талант пен тағдыр» атты үш мақаладан тұратын 20 беттік материалым шықты. Бір өкініштісі, Рахманқұл ағаның көзі тірісінде кандидаттық диссертацияны қорғай алмадым. Бір себептермен университеттен кетіп, қалалық сазды-драма театрында қызмет істеп жүрдім. Рахманқұл аға өте белсенді, көпшіл азамат еді. Өзінің жұмыс тәртібін (күн тәртібін) дұрыс жоспарлап, жүйелі жұмыс жасайтын. Сол жүйелі жұмыс істеудің, еңбекқорлықтың арқасында шығар 50 шақты кітап шығарып, артына мол мұра қалдырған. Театрдың премьераларына жиі шақырылады. Кездесіп қаламыз: «Осында жұмыс істеп жүрмісің?» деп сұрап қояды. Жұмысты аяқтай алмағаныма қысыламын. Бірде үй телефоныма хабарласып: «Келіп кетесің бе?» ¬– деді. Демалыста едім, сәби күтіп жүргенмін. Баруға қысылдым (2006), бармауға тағы да ренжітіп аламын ба деп ойланып, ақыры бардым. Апамыз да құрақ ұшып, қарсы алып жатыр. «Бұрындары аспиранттар жетекшілерін жағалайтын, қазір ағаларың сендерді іздейді» ¬– деп кейіп жатыр сөз арасында. Мен бір себептерді көлденең тартып ақталған боламын. Бір кезде кабинетіне көтерілдік. Ғалым аға: «Көре алдың ба, көрмедің бе білмеймін» - деп, Қазығұрт»» баспасынан жарық көрген бес томдық кітабын ұсынды. Кітаптарды қолыма алып, құтты болсын айттым. Аға көп томдықтың бірінші кітабына: «Әдебиет ғылымының табалдырығын аттаған Әтіргүлдің ізденіс сапары сәтті, мақсаты биік болуына тілектестікпін, Рахманқұл Бердібай. 21.02.2006.» деп қолтаңба жазып берді. «Авторға баспа кітаптың аз ғана данасын береді екен, ағылшында істейтін әлгі қыз (Нұрсәуле Рысалиева) бен саған ғана беріп отырмын»-деді. Жалпы, менің тануымда ол кісі кітапқа сараңдау еді. Кітапты көп бере бермейтін. Мен ыңғайсызданып, тиынын төлейін дедім. «Жоқ қажеті жоқ, мен сенен ақшасын сұрап тұрған жоқпын. Мен кім-көрінгенге кітабымды сыйлай бермейтін адаммын. Саған үміт артамын. Тұрмыс құрыпсың, қосағыңмен қоса ағар, қарағым. Түбінде кәдеге жаратарсың» деп бес томдықты қолыма ұстатып еді... Бүгінде ойлап қарасам, ардақты ұстаз, парасатты ғалымның жанында жүрген кездер өмірімнің ең бір шуақты күндері екен. Әңгімесі қандай еді. Білім деген телегей теңіз. Бірер сағат сұхбат құрсаң, академияның курсын тәмамдағандай қор жинайсың.
Рахманқұл Бердібай шығар¬ма¬шылығы сан-салалы: әде¬биетшілігі, сыншылығы, қазақ фольклорын зерттеуі, өнер¬танудағы қолтаңбасы (сал-серілер мен жыршы-күйшілер, айтыс өнері жайлы), түркітанудағы ізі әрқайсысы бір-бір докторлық жұмысқа жүк боларлық жүйелі зерттеуді талап ететін дүние. Осыларымен қатар, Рахманқұл Бердібай дарынды көсемсөзші еді. Сонау, 17 жасында Ащысай Түсті металл комбинатының үні «Қаратау кеншілері» газетінде басталған жіңішке сүрлеу ғұмырының соңына дейін үлкен арнаға айналды. Дегдар ғалымның осы публицистік жолы да ден қоя зерттеуге тұрарлық үлкен арна. Саналы ғұмырында 1500-дей мақала жазған, барлық деңгейдегі басылымдарға жүйелі түрде мақала жазып, белсенді автор болған Рахаңды публицист ретінде таныту парызымыз. Ол кісінің өте танымал ғалым болуына осы публицистикаға бейімдігі пайдасын тигізген бе деймін. Жалпы, қазақ публицистикасында Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұландар негізін салған ғылыми публицистиканы өрістеткен бірегей тұлға. Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары халқымыздың жыршылық, күйшілік өнері, айтыс, терме, елде танылмай жүрген дарынды өнерпаздар ғалымның публицистік сергектігінің, бел¬сен¬ділігінің арқасында халыққа танылып отырды. Ұлт¬тық құн-дылықтарымыздың, мәде¬ниетіміз бен өнердің жоғын жоқтап, ұпайын түгендеуде сіңір¬ген еңбегі орасан. Осының бәрі ол кісінің қанына сіңген қасиеті – ұлтжанды, ұлтқа жанашыр¬лы¬ғын¬да болса керек.
Азаматтық белсенділік қасиетін де Рахманқұл ағадан үйрену керек шығар. М.Әуезов мұражайында өткізілген «Халық универси¬тетінің 500 сабағы» соның айғағы. Өзі айтқандай: «500 сабағы - 500 орден». Халық уни¬вер-ситетінде Рахаңның ұйымдастыруымен өткен дәрістер құрсаулы кезеңде, демократияның орнын алмастырған, ұлттың жоғын жоқтаған, рухани өлшем-дерге жауап берген кезіндегі сәтті жоба деуге болады. Небір айтыл¬маған ақиқат, көмулі жат¬қан қазыналарымыз ол кісінің түрткі болуымен айтылып, тың¬дау¬шысын білімге кенелткен. 80-жылдардың студенттері сол кездегі «Халық университетінің» тың¬даушысы болғандар дәріс¬тердің көкірегі ояу, көзі ашық жанға білім нұры болып құйыл¬ғанынын сағына еске алады.
Ал Құлбек Ергөбек ғалымды «жоқ іздеген Қоқыт Ата сынды қазақ халқының, қазақ қана емес түркі әлемі руханиятының бүгінгі жоқшысы» деп баға берген. Түркиялық ғалым Шериф Акташ: «...Ұлы Түркістанда қалыптасқан мәдениет пен талғам бірлігінің жемісіне қол жеткізген Рахманқұл Бердібай түрік бірлігінің үніне айналған асқақ тұлға. Рахманқұл Бердібай – бүгінгі Деде Қорқы¬тымыз...» Түркияның «Ай-хабер» жур¬налының алқасы да Рахаң қазасына қатысты осыны айтыпты. Түркістандағы күллі түркінің абыз-ақсақалы, дана қариясы, Деде Қорқытымыз көз жұмды» депті. Ия, абыз-ақсақал, күллі өмірі елдік мұраттан тұрған: «қы¬зығым, қуанышым да қазағым» деп өткен Алаштың ардақтысы өзінің туған Түркістанында мәң¬гіге тыныс тапты.
Абыздың мәңгілік өмірі енді басталды...
Әтіргүл ТӘШІМ
qazaquni.kz