Кеңес ДҮЙСЕКЕЕВ: Бұл елден басқа менде ештеңе жоқ...
2021 ж. 27 қараша
2627
0
Кеңес ДҮЙСЕКЕЕВ, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері:
БҰЛ ЕЛДЕН БАСҚА МЕНДЕ ЕШТЕҢЕ ЖОҚ
Композиторлар одағының жүзден аса мүшесі бар
– Қазақстан Композиторлар одағының 70 жылдығы – үлкен мерейтой екені рас, алайда, көпшілік одақтың қазіргі қызметінен бейхабар сияқты...
– Шындығына келгенде, бұл бір жылға созылатын музыка мейрамы болуы керек-ті. Іс жүзіне келгенде Алматы мен Астанада музыкалық оқу орындарының шағын ұжымдарының күшімен концерттер берілмек. Мемлекеттік оркестрлерге қаражат табылмай тұр. Одақтың 70 жылдығына бюджеттен қаржы карастырылмаған. Осы дұрыс па? Мәдениетін сыйламайтын бұл қандай ел? Композиторлар одағы Қазақстанды былай қойып, ұлт аспаптары оркестрімен Мәскеуге дейін барып концерт беріп келген.
– Баяғыда одақтың басты органы – съезд болатын...
– Қазір де солай. Съезде басшылық тағайындалады. Симфониялық музыка, халық музыкасы, хор капелласы, ұлт аспаптары оркестрі, камералық музыка, эстрадалық әндер; әрқайсысынан бір емес, бірнеше концерт беріледі. Одақтың жүзден аса мүшесі бар. Тың туындыларды естуіміз керек қой.
– «Тың туынды» дегеннен шығады, эстрадада жеңіл әуенге құрылған әндерді кәсіби білімі жоқ адамдар да шығарып жүр. Қазір кәсіби музыка жазатын жастар бар ма?
– Қазақ жерінде талант жетеді.
– Оларды біз неге естімейміз?
– Оның себебі біреу ғана – дарынды жас композиторлардың қалтасы тесік, ал Үкімет тарапынан қолдау жоқ. Олар түгілі менің өзімді алайық. Осыдан екі жыл бұрын 60 жасқа толған мерейтойымды атап өттім. Республика сарайын жалға алудың өзіне екі миллион теңгедей қаржы жұмсалды. Қалалық әкімшілік қолдау көрсетпесе, концерт өтпес еді. Симфониялық оркестрмен бір кеш өткізгің келеді. Ондай ұжымның репетициясына, концертіне пұлды қайдан тауып бересің? Жас композиторларды ести алмауыңыздың себебі сол.
– Мемлекет тарапынан қолдау жоқ дегенді айтып отырсыз, сол қолдаудың жоқтығынан шет ел асып кеткен әріптестеріңіз бар. Композиторлар одағы сол мамандармен байланыс жасай ма?
– Иә. Алмас Серкебаев, Эдуард Балушевскийлер шығармаларын жіберіп тұрады. Былтыр Серкебаевтың «Томирис» деген операсы қойылды.
– Ал әріптестеріңіздің соңынан шекара асу өз ойыңызда болмады ма?
– Үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Балам бір кездері: «Сонша таусылғанша, шет елге кетіп қалайық» деген. Баруға болады. Бұдан артық тұрмасақ, кем тұрмайтынымыз анық. Бірақ бұл – менің туған далам. Әке- шешем осында жатыр. Жылына бір-екі рет басына барып тұрамын. Шет елге қалай кетпекпін? Қазақта «битке өкпелеп тоныңды отқа тастама» деген сөз бар. Бұл менің елім, менің жерім, менің мемлекетім. Арманымның бәрі осында болуы керек. Жақсы болсын, жаман болсын бұл қоғам – менікі. Менің қаным, менің жаным. Бұл елден басқа ештеңе жоқ менде.
«Осы мемлекетке композитор керек пе?»
– Соңғы жылдары сіз симфониялық шығармалар жазып жүрген сияқтысыз. Әрине, қазақ камералық музыкасын да дамыту керек, ал опера, балет жанрларында құлаш сермеп көру ойыңызда жоқ па? Опера театрларымыздың репертуарында төл композиторларымыздың туындылары жетіспейтін секілді...
– Ол рас. Қайта соңғы жылдары қозғалыс пайда болды ғой. Былтыр К.Байсейітова атындағы опера театрында Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман Мамыр» операсының премьерасы болды. Оған дейін Еркеғали Рахмадиевтің «Абылай хан» операсының шымылдығы көтерілді. Қаржы тапшылығынан қойылмай жатқаны болмаса, Бейбіт Дәлденбаевтың балеті дайын тұр. Дүнгенбай Ботбаев деген ақсақал опера жазып қойды. Өзі көп жылдар қызмет еткен ҚызПУ-де премьерасын өткізгендей болды. Өзіме келсек, былтыр Астананың 10 жылдығына арнап «Астана» деген симфония жаздым. Премьерасы Астанадағы халықтар музыка фестивалінде болды. Италия, Франция, Германия, Австрия, Польша, Ресей, Белоруссиядан композиторлар келді. Бір байқағаным, Еуропа авторларының, мәселен, неміс және француз композиторларының шығармаларын бірінен-бірін ажырата алмайды екенсіз. Шығыс елдері түп-тамырынан ажырамаған. Шет ел композиторларының бәрі: «Музыкаларыңыздан қазақтың исі аңқып тұр» деп риза болды. Өйткені, қазақ әндерінің, күйлерінің интонациялық байлықтарын пайдаланамыз. Шығармашылықтың тоқ етері сонда ғой деп есептеймін. Опера – ең күрделі жанрдың бірі, балет те оңай емес. Мемлекет тарапынан тапсырыс болса, жазуға болады. Баяғыда қандай шығарманы да жазбас бұрын шартқа отырып, құнының 25 пайызын бірден қолға ұстататын. Алаңдамай, шығармаға кірісесің. Ал, алтын уақытыңды шығындаған туындың жарық көрмесе, оған төленбесе, бала-шағаңды қалай асырайсың? Тоқырау кезінде біраз таланттар базарға кетіп қалды. Қазір солардың бәрі музыкаға оралып жатыр. Бірақ, кемі, бес-алты жылдан жоғалтып алды. Баяғыда бір газет бетінде «Осы мемлекетке композитор керек пе?» деген базынамды да айтқанмын.
– Сөзіңізге қарағанда, қазір де осы мақалаңыз өзекті болып тұрған сияқты ғой?
– Өте өзекті. Әрине, сәл-пәл оң өзгерістер бар. Там-тұмдап тапсырыс беріледі. Менің айтып отырғаным – тапсырыссыз, келісім-шартсыз шығарма жазылмайды деген сөз емес, бірақ, шығармалары сатылып алынбайтын композитор бала-шағасын қалай асырайды?
Шабыт іздеп қиналған емеспін
– Ал бұрын жазылған шығармалар үшін қаламақы алу үрдісі қаншалықты жолға қойылған? Сізге қаламақы түсе ме?
– Түседі. Қаламақымның 20 пайызы – Авторлық және сабақтастық құқық қоғамына, 80 пайызы маған тиесілі. Анда-санда тиын-тебен қолымызға тиеді. Тоқырау жылдары түк ала алмай қалғанбыз. Кеңес өкіметі кезінде құрығанда 1000 сом қаламақы алатынбыз. Өзіңіз есептей беріңіз, ол кезде Министрдің айлығы 350 сом болатын. Алматының өзінде он-он екі Көркемдік кеңес болды. Көркемдік кеңес бір әніңді мақұлдаса, 225 сом қолға ұстататын. Бір ән шығарып, бір ай бойы шіреніп өмір сүруге болатын. Қуанарлығы, Үкімет Мәдениет министрлігіне 25 миллион теңгедей қаржы бөлді. Десек те, оны жазушы, драматург, суретші, композиторларға үлестіргенде тиын-тебен болып қалады. Шындығында келгенде, біздің мемлекет үшін 25 млрд. теңге деген де ақша емес қой. Мына жерде («Қазақконцертте») құрығанда пәтер ақысын төлеу үшін жұмыс істеп жүрміз. Өмір бойы өкіметтің жұмысын істедім, бір ай үйде отырып көрген емеспін.
– Жұмыс шығармашылығыңызға кедергі келтірмей ме? Шығармашылық дағдыңыз қандай?
– Консерваторияда оқып жүріп жұмыс істеп, еңбекке үйренген адаммын. Шығармашылықпен кешке, түнде, тым-тырыс кезде айналысамын.
– Шабыт деген ұғым бар. Түнде жазу үшін күндіз ойлануыңыз керек шығар...
– Кейбір композиторлардың «Бәленше әнімді автобуста шығардым» деген әңгімесін естимін. Далбаса. Шығармашылық ой арқылы келеді. Мен үшін, кәсіби композитор үшін ең маңыздысы образ, тақырып тауып алу. Өзгесі өзінен-өзі төгіліп келе береді. Шабыт іздеп қиналған емеспін. Өзімді қинап «мынандай шығарма жазуым керек» деп зорықтыратын жағдай болған жоқ. «Шәмші ағамыз ішіп алып жазған» дейді біреулер. Бос сөз. Ішіп алған адамның есі дұрыс бола ма? Есі дұрыс емес адам дұрыс дүние жаза ала ма? Қисынға салып көріңізші... Шәмші ағаның өзінен де сұрағаным бар, «жай сөз» деді. Қай туынды болса да ойдан туындайды. Жарты жыл ма, бір жеті ме, қажетінше күтсеңіз, өзі келеді.
– Образ деп отырсыз ғой, соңғы жылдарда жазылған симфонияларыңызды тыңдай алғаным жоқ, өкінішке қарай...
– «Астана» тарих туралы сыр шертеді. Әңгіме бағзы заманнан басталып, дамиды да, симфонияның шарықтау шегінде казіргі заман сөз болады. Егемендікті сарыла аңсаудан келген қуанышты көңіл-күй...
«Астана» деген тақырыбының өзі соған жетелеп тұр ғой. Ал, жалпы алғанда, бүгінгі тіршілікте қуаныштан гөрі мұң басым емес пе?
Мұң іздесеңіз – мұң, қуаныш іздесеңіз – қуаныш, өкініш іздесеңіз өкініш табасыз.
Римский-Корсаковтың шөбересімін
– Қазақтың еуропаша білім алған композиторлық мектебі кімнен басталады дегенде ең алдымен Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловскийлер ойға оралады. «Алматы Ақшамында» «Қазаққа адал болған» деген айдар бар. Брусиловский осы анықтамаға әбден сай келетін секілді. Қайдан оқығаным есімде жоқ, ол кісіден композиторлардың бірі: «Қазақстанда қалуыңызға не себеп?» – деп сұраған ғой. Сонда Брусиловский: «Мен өз тағдырымды қазақ музыкасының тағдырына арнаған адаммын», – деген екен...
– Оныңыз рас. Өкінішке қарай, ұлы композиторымыз Мұқан Төлебаев шәкірт қалдырмай кетті. Ол кісінің бәйбішесі хабарласқан. Музейі әлі Лепсіде екен, Талдықорғанға көшіру жөнінен телефон соғыпты. Ойбай-ау, Мұқан Төлебаев деген – Талдықорғанға ғана емес, Астанаға, Алматыға музейін көшіріп қоятын біртуар тұлға. Мұқан Төлебаевты біз пір тұтуымыз керек. Ғасырда бір туатын талант! Қазақстанның композиторлық мектебінің табантасын қалаған осы Брусиловский, Төлебаевтар ғой. Евгений Григорьевич Брусиловский Ленинград консерваториясын бітіріп келген. Қазақстандағы беткеұстар композиторлардың бәрі сол кісіден тәлім алған. Бір жағдай есіме түсіп отыр: 1980 жылы Ленинградта (Петербург) киноға музыка жаздым. Ленинградтың мемлекеттік симфониялық оркестрі ойнады. Үзіліс кезінде студияға «Маэстро қайда?» деп он-он бес кісі кіріп келді. Дирижерді айтып тұрған шығар деп, «Темекі тартуға кетті», – дей салдым. «Музыканы кім жазды?», – дейді. «Мен». «О, жап-жас екенсіз ғой! Жүрегіңіз бар екен. Музыкаңыз өте жақсы», – деп қауқылдасып кетті. Мәскеу, не Ленинградта бітірген композитордың музыкасындай әсер береді дегенді айтты. «Мен Римский-Корсаковтың шөбересімін. – дедім. – Себебі, Римский-Корсаковтың шәкірті – Шейенберг, оның шәкірті Брусиловский, Брусиловскийдің шәкірті Бычков, Бычковтың шәкірті – мен». Сөйтсем, бұл кісілер Ленинград блокадасы кезінде Шостаковичтің 7, 8-ші симфонияларын орындаған оркестр құрамында болған тісқаққан музыканттар екен...
– Қазақ композиторлар мектебініц орыс музыка мектебінің арнасына түсуі – бағымыз ба, сорымыз ба?
– Кәсіби композитор дүние жүзіндегі музыкалық жаңалықтардың бәрінен хабардар болуы керек. Мысалы, Римский-Корсаковтың «Алтын әтеш» операсында труба ойнап келе жатып, асқақтап кете барады. Ондай диапазон трубада жоқ. Әрі қарай гобой ойнайды. Сондай элементтерді пайдалана білу керек.
– Дәл қазіргі заманда шет ел сазгерлерінің шығармаларын тыңдап жүрсіз бе? Музыканың бағыт-бағдары туралы не айтасыз?
– Бәрін бірдей керемет дей алмайсың. Мысалы, немістің Шенберг деген композиторы бар. Авангард музыка жазған. Маған ұнамайды, оның ішінде музыка дейтін музыка да жоқ. Бірақ оркестрді қалай пайдаланғанын, пішіндік ерекшеліктерді үйренуге болады. Әлем музыкасының жетістіктері мен қазақ музыкасының интонациялық байлығын пайдалансаң, шеберлік деген сол. Ал, дүниежүзілік деңгейде жазу – кез-келген кәсіби маманның мақсаты.
– Төл композиторларымыздың шығармаларын шет елде орындату мүмкін бе?
– Өз ұжымдарымыз ойнамай жатқан кезде шет ел туралы әңгіме қозғау ертерек. Әрине, жолы түсіп жатса, не арман. Бұрын Мәскеуде одақтас республика композиторларының жиындары болатын. Мәскеу ұжымдары шығармаларымызды орындайтын. Айырмашылық жер мен көктей.
– Айырмашылық дегенініз – «тәуір мен «нашар» ма, әлде «басқаша ма»?
– Жоқ, олар – көкте, біз – жерде. Орындау шеберлігін айтамын. Қазақ кәсіби музыкасының келешегін ойлайтын болсақ, жас композиторларға қолдау көрсету керек. Менімен қатарлас, бізге дейінгі композиторлар үйде отырып музыка жазатын. Жұмыс істемейтін. Себебі, жазылған шығармалары сатылып алынатын. Мәдениет министрлігі бір жылда құрығанда жиырма-отыз композитормен шартқа тұратын. Шығарма төлемақысының 25 пайызын бірден қолға ұстатады. Сол ақшамен бір жыл отбасыңды асырайсың. Қазір мемлекеттің жағдайы жақсы. Соның игілігі қайда?..
Менің фамилиям – атақ!
– Өкінішіңіз бар ма?
– Басымда талай өкініш болды. Менің кесірімнен үш жыл бойы ешкім Комсомол сыйлығын алған жоқ. Үлкен үйге барғанда біреулер сызып тастай береді екен. Бес рет «Еңбек сіңірген қайраткер» атағына ұсынылдым. Бес ретінде де құжаттарым қайтып келді. Одақ басқармасында отыр едік, он бір хатшының бірімін. Сонда Ғазиза апай Жұбанова: «Мыналарың ұят қой, Дүйсекеевті бес-алты адамға қосып жібересіңдер, бір рет кәріске береді, бір рет ұйғырға береді, бір рет татарға... бұл қалай болғаны? Дүйсекеев атаққа ұсынылғандардың арасында жүз пайыз дауыс жинаған бірден-бір композитор. Құжаттарын неге жеке жібермейсіңдер?» – деді. Қожамияров та қосыла кетті: «Кеңесті халық баяғыда Халық әртісі деп жүр, әлі күнге дейін бір атағы жоқ...». Сонда мен атып тұрып: «Қажет емес сендердің атақтарың! Менің фамилиям – атақ!» дедім де, есікті бір теуіп шығып кеткем. Бір айдан кейін, 1994 жылдың тамызы болатын, Елбасының Жарлығы шығып тұр. «Еңбек сіңірген қайраткер» атағын марқұм Сейдолла Бәйтереков екеуміз алдық. Оның да бір атағы жоқ болатын. Бес жылдан кейін «Халық әртісіне» құжатымды жіберсе, атақтың өзін алып тастаған екен. Мемлекеттік сыйлыққа да қатарынан екі рет ұсынылып, екі ретте де бұйырмады.
– «Халық әртісі» мен «Еңбек сіңірген әртісі» атақтарын қайтару керек деген пікірдің бары рас...
– Оның бәрін алғызып тастаған – бір беделді қаламгер ағамыз. Неге «Халық жазушысы» деген атақты да алып тастамайды? Біздің ізімізді басып келе жатқан Қуат Шілдебаевта да бір атақ жоқ. Қандай композитор! Артық Тоқсанбаев, Балнұр Қыдырбек те сондай. Жоламан Тұрсынбаев «Еңбек сіңірген қайраткерді» жақында ғана алды. Өнер адамдарының бәрі қазір іштен тынып жүр. Атақ ала алмай күйіп кеткен қанша талантты көрдік. Әркім еңбегінің жемісін дер кезінде жеуі керек. Ал мен кіжініп, ары қарай жұмыс істей беремін. Мінезім сондай. Ал осалдау адам болса, күйіп кетеді. Сондайдан ғой, 2005 жылы инфаркт алып, сегіз күн комада жаттым. Ұшақпен Астанаға апарып, жүрекке ота жасап, тірі қалдым.
– Жолыңыздың кесіле беруіне не себеп деп ойлайсыз?
– 1979 жылы телевизияда музыкалық бас редактор болдым. «Тамашаны» бастаған кезіміз. Берқайыр Аманшин деген жазушы ағамыздың «Биографиям ұнаса да, географиям ұнамайды» деген материалы шыққан. Сол үшін бір жыл бойы түсініктеме жаздым. Қазір мені көрсе, анадайдан бұрылып кететін адамдар бар. Мінезім шатақтау.
Мінез болмаса, шұлғау болып кетесің
– Мінезіңіздің зияны тиген жоқ па?
– Кез-келген мінездің пайдасы да, зияны да тиетін кезі болады. Осы мінездің арқасында мен өмір бойы кімге болса да турасын айтып келемін. Баяғыда бір қазақ «Құдайдан басқа ешкімнен қорықпаймын» деген екен. Соның арқасында дұшпандарым да жеткілікті. Достарым да көп. Мінез болмаса, шұлғау болып кетесің.
– Сіз біраз көркемфильмге, екі-үш қуыршақ фильмге және драмалық қойылымдарға музыка жаздыңыз. Бұл саладағы біздің көзіміз шалған соңғы шығармаңыз – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында сахналанған «Сұлу мен суретші»...
– Есмұхан ағамыз (Обаев) хабарласып, «Бір спектакль қойылатын еді, «Қарғам-ай» деген әніңді жаза салшы», – деді. Пьесаны оқысам, тым жақсы дүние екен. Музыкасы сол жерде өзінен-өзі шыға қалды. Режиссері Нұрқанат Жақыпбай, өзі өте талантты жігіт, «үстінен түстіңіз ғой» деп қуанып жүр. Екі сағаттан аса музыка жазып бердім. Бастан-аяқ музыкалық қойылым болып шықты.
Он сегіз жасымда нота үйрендім
– Сондай лирикалық әуендер шығару үшін автордың өзі де ғашық болуы шарт па?
– Шарт емес. Тоғызыншы класс оқыған кезімде бір қызға ғашық болдым. Бәрі бізді «Ромео мен Джульетта» дейтін. Содан бері Құдайға шүкір, әлі жеңгеңмен бірге келемін.
– «Сұлу мен суретшіден» кейін театрға ат басын бұрған жоқсыз ба?
– Әзірше тапсырыс жоқ. Өзім барып ешкімге жалынбаймын. Әншілерге де «әнімді айта ғой» деген емеспін. Бірақ, ең бастысы, композиторлық бақытым да сол шығар, жазған музыкамның орындалмай қалған біреуі жоқ. Музыкалық мектептердің бәрінде фортепианоға арналған шығармаларым орындалады. Есіме түсіп отыр: консерваторияның 2-курсындамын. Емтихан кезінде Қожамияров: «Кеңестің жазғаны – қазақ музыкасы емес», – деді. Мен салған жерден: «Құдыс Қожамиярович, сіз қазақтың музыкасын қайдан білесіз?» – деппін. Қожамияров – профессор, академик, кафедра меңгерушісі. Мен – қайдағы бір студент. Менің мұғалімім, профессор А.Бычков мені дәлізге шығарып жіберді. Ертеңіне келсем, Рахмадиев шақырып жатыр дейді, ол кісі – ректор еді. Кірген бойда: «Маған қанша қойдыңыздар?» – деппін. Еркеғали Рахмадиев әлі күнге дейін: «Сені консерваторияда алып қалған мен едім ғой», – деп қояды. Ал, Қожамияровпен кейін дос болып кеттік. Қызылорда өңірінің фольклоры әлі күнге дейін зерттелмеген ғой. Мен жыр, терме тыңдап өстім. Сондықтан ерекшелігі көп болады.
– Кішкентайыңыздан домбырада ойнаған шығарсыз?
– Домбырада ойнағам жоқ. Жыршылар келеді, әкемнің алдында отырып тыңдайтынмын. Қамшыны сабалай берген соң кішкентай домбыра жасатып беріпті. Дыңғырлатады екем өзімше... Бірде әлдекім басып сындырып кеткені. Жылаппын. Одан кейін домбыра ұмытылған. 8-класта домбыра үйірмесіне қатыстым. Біртіндеп күйлер, әндер шығара бастадым. Бір жылдан кей домбыра үйірмесін өзім басқарып кеттім. Бірақ нота білмеймін. Оныншы класта жүргенімде ағам мені Ахмет Жұбановқа ертіп барды. Мені шығарып жіберіп, ағама: «Талабы бар екен, алдымен училищеден бастап оқысын», – депті. Мектепті үздік бітіріп тұрып музыкалық училищенің дайындық курсына түстім. Хачатурян он сегіз жасынан музыкалық сауат ашыпты, мен де он сегізімде нота үйрендім. Музыкалық училищеде бес жыл оқып, сосын консерваторияны бітірдім. Сонымен, музыканы он жыл оқыдым.
– Эстрададағы ахуалға не айтасыз?
– Өзің айтқандай, қазір тас лақтырсаң «Мен – композитормын!» дейтінге тиеді. Екі нотаның басын қоса алмайды. Студияға апарады, мамандар бірдеңе қылып шығарып береді. Біреудің еңбегін пайдаланатын, өз қолынан түк келмейтіндер қаптап кетті. Елдің талғамын төмендетіп жіберген де солар. Шәмші Әсет, Әбілахат ағаларымыздан, тіпті, өзіңнен ұрланған дүниелерді естігенде көзің атыздай болады...
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ.
■ Ән тарихы
«ҚАРАҒЫМ-АЙ» – ӘКЕНІҢ ҚЫЗЫНА АРНАҒАН ӘНІ
Қазақ эстрадасы жарық жұлдыздарының бірі Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, «Дарын» сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші-актер Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы «Қарағым-ай» әнін естіген тыңдарманның көңілі босап қоя беретіні айдан анық. Ән жарыққа шыққанда бәзбіреулер бұл ән әнші басына түскен ауыр қайғыдан, орны толмас өкініштен, жауапсыз махаббаттан туған деген еді.
Алайда, әннің дүниеге келуі әнші тағдырымен еш байланыспайды.
***
Композитор Кеңес Дүйсекеев көп балалы отбасында тәрбиеленген. Бес жасында әкесі өмірден өтеді. Ұл балалардың ішінде жалғыз өскен Күлшат әпкесі ұстаз болу мақсатымен педагогикалық жоғары оқу орнында оқыған. Өкінішке орай, он тоғыз жасқа қараған шағында ол кенеттен қайтыс болады. Артынан о дүниеге әкесі атанады. Кейін Кеңес Дүйсекеев ер жетіп, өнерге қанат қаққан тұста ол жауқазын ғұмыры орта жолда қиылған әпкесінің рухына тағзым жасау ниетімен ән шығаруға бел буады. Ән ұзатылып бара жатқан қызға арналған ән болуы тиіс деген ой келеді. «Егер де әкем мен әпкем тірі болғанда, әпкем өз серігін тауып, өз босағасынан ұзатылып бара жатқанда, әкем ақ батасын беріп, қызына осы әнді айтар еді» деген ойда болады. Бұл әкесінің қызына арналған әні болады. Осылай «Қарағым-ай» әні дүниеге келеді. Әуеннен кейін, ән мәтіні жазылады.
ҚАРАҒЫМ-АЙ
Сөзін жазған: Шөмішбай Сариев
Әнін жазған: Кеңес Дүйсекеев
Қарағым-ай,
Сұлулық осындай болады екен,
Бір басқа армансыз қонады екен.
Адамдар өмірге қонақ екен,
Шынымен бұл дүние шолақ екен.
Қарағым-ай,
Еліктер осылай жосады екен,
Жолыңнан сені кім тосады екен.
Бұл көңіл неліктен босады екен,
Бұл тағдыр сені кімге қосады екен?
Қарағым-ай,
Қиылып үзіліп қарадың-ай,
Қарағым, қандай сұлу жанарың-ай.
Қарағым-ай,
Бұл өмір осылай өтеді екен,
Сүймесең дүние бекер екен.
Парақтап жинасаң бар ғұмырың,
Бір сүйген күніңе ай, жете ме екен?!
Қарағым ай,
Қиылып үзіліп қарадың ай.
Қарағым, қандай сұлу жанарың-ай!
Дайындаған: Ғазиза ҰЗАҚ
qazaquni.kz