ОГПУ қызметкерлері Әміренің жерленген жерін жасырған - Әнуарбек Бимурзин

ОГПУ қызметкерлері Әміренің жерленген жерін жасырған - Әнуарбек Бимурзин

Қарашаның басында Алматыда руханият әлеміндегі елеулі оқиғалардың бірі болды. Бір кездері вандалдар қиратып, қараусыз қалған Қазақтың әйгілі әншісі Әміре Қашаубаевтың зираты жаңартылды. 

Атап өту керек, әншінің зиратына алғаш рет 1992 жылы жақындары құлыптас қойылған. Бірақ белгісіз біреулер зиратты қиратып кеткен еді. Содан бері атақты тұлғаның бейіті, күтусіз қалған. 

"Қазақ үні" ақпарат агенттігі осы игі іске бастамашы болып, қаржылық қолдау көрсеткен ел ағасы, меценат Әнуарбек Нұржауұлы Бимурзиннің пікірін білген еді.


- Әміреге тірісінде ғана емес, өлгеннен кейін де көп қиянат жасалды ғой. Музыка зерттеушісі Жарқын Шәкерім оны зерттеп, жазып кеткен. ОГПУ қызметкерлері Әміренің жерленген жерін жасырып, оның өлімі тіркелген журналды да жоғалтып жіберген. Ескерткіш орнатылуына кедергі жасалған. Әнші өмірден өткен соң алпыс жылдай уақыттан кейін ғана Кенжегүл мен Дмитрий деген әншілер өз қаражаттарына Әміренің басына құлпытас орнатқаны белгілі. Соның өзін, орната салысымен, 1992 жылы әлдекімдер талқандап кеткен. Кенжегүл Сыздыққызы шырылдап жүріп, әкімге кіріп, бес күн ішінде қайтадан қалпына келтіреді. Міне одан бері де отыз жыл уақыт өтті. Биыл Әміренің дүниеден өткеніне 87 жыл болды. Жақында Әміренің зиратының тағы да тозып, металл қоршаулары жоғалып, күтімсіз жатқанын көрген ел азаматтары дабыл қақты. Белгілі кәсіпкерлер Марат Құрманбаев, Сәтбек Кәрібжанов және мен үшеуіміз қаржылай демеушілік жасап, зиратқа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Басына өлең сөздер жазылған белгітас орнатылды. «Отырар» мейрамханасында құран бағышталып, ас берілді. Мұның бәрі мақтан үшін емес, «өлі риза болмай тірі байымайды» дегендей, ұлы әншінің рухы алдындағы ұрпақ парызы, сауапты іс деп ойлаймын, - деді Ә. Бимурзин.


Әйгілі әншінің басына зиярат етіп келгендердің қатарында ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, "Ақ жол" ҚДП төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған белгілі зиялы қауым өкілдері, әншілер болды.

Еске сала кетейік, Әміре Қашаубаев шет елде өнер көрсетіп қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды. 

Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы концертке қатысып, қазақтың халық әндерін тағы да әлемге паш етті. Әміре Қашаубаевтың әндері дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс тағы басқалар тарапынан жоғары баға алған.

А.В. Затаевич дара таланттың «Балқадиша», «Дударай», «Бес қарагер», «Көк көбелек» тағы да басқа әндерін жазып алған. Оның әншілік өнерін, өнердің парқын терең түсінетін мамандар А.В.Луначарский, Г.Любимовтер және қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері М.Әуезов, С.Сейфуллин, И.Байзақов, Ә.Марғұлан, Ж.Елебеков, А.Жұбанов, Қ.Жандарбековтер жоғары бағалаған. Әміре Қашаубаев жөнінде бірнеше зерттеулер, көркем шығармалар жарық көрген. 

Қазақ үні