Дүмшеліктен сақтасын
2021 ж. 09 қараша
2608
1
Еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы, бейбітшілігі мен ұлтаралық келісімі келісті кезеңге жеткен тұста әрқилы ойлар айтылып, өткенді жоққа шығарушылар толастамай тұр. Бұл өмір заңдылығы. Пікір қайшылығы бар жерде шындықтың туы асқақтап, қалтарыста қалған тағдырлардың жүзі жарқырай түседі. Дегенмен халқымыз басынан өткерген ауыр күндерді, сол шақтарда алмас қылыштай жарқырай көрінген жандарды мансұқтап, жаңаша тарих жасағысы келетіндер айылын жимай тұр.
Жақында облыстық Тілдерді дамыту басқармасы «Жетісу» ономастикалық жобасымен әрбір аудан мен қаланың атауына, тарихына қатысты кітап шығаратындарын айтып, елді сүйінші хабармен қуантты. Соны жазған Әйгерім Иебекова есімді автордың мақаласында Қапал батырдың атымен аталатын ауылдың атауы негізінен «Қопалы» сөзінен шыққаны, әскери бекет салған орыс-казак басқыншылары бұрмалап, «Капал» деп жібергені айтылыпты. Шындығында солай ма? Онда неге жергілікті халықтың тілі «Қопалы» деуге келмей қалған? Қызық. Сонда шұрайлы жерлерін басып алып, суының тұнығын лайлаған орыстардың ықпалынан бабаларымыздың шыға алмағаны ма? Сұрақ көп. Жауап та табылар. Бірақ берілген жауап елінің азаттығы үшін жан қиған Қапал батырдың есімін жоққа шығаруға бағытталмаса екен дейміз.
Шындығында Қапал бекінісіне аты берілген Қапал батыр кім еді? Орыс басқыншылығының басы-қасында жүріп, жағрафия ғылымына үлес қосуды ойлаған Шоқан Уәлиханов Қашқарға жасаған сапарында бұл елді мекенге ат басын бірнеше рет тірейді. Тіпті жазбаларына қосқан. «Қазақ молалары мен жалпы көне ескерткіштері жөнінде» деген ауқымды мақаласында: «Қозы Көрпеш төңірегінде де осындай молалар көп. Олардың қатарына аты кішкене өзен мен бекініске аты берілген Қапал батырдың бейіті жатады...» – деп жазады. Осыған қарап ғалымның таспен қаланған күмбезді бейітті мұқият зерттегенін ұғуға болады. Жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыста ерлік көрсетіп, Тәуекел ханның қолбасшысы болған, кейіннен ел билеген Қапал батыр 1606 жылы осы өңірде көз жұмған. Кейіннен орыстар Семей, Лепсі бекіністерінен кейін Қапалға тоқтап, айналасы көрікті мекенге қоныстанады. Содан бері «Қапал» аталып келеді. Арадағы КСРО кезінде өзгеріссіз қалған атауға қазіргілердің неге шүйлігетіні белгісіз. Әлде «атасы басқа аттан түс» дейтін қазақы бықсық пиғыл ма? Қалай болғанда да жақсы емес.
«Бір жоқты бір жоқ табады» деген. Былтырғы пандемия кезінде облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі «Жетісу өңірінің аңыз-әңгімелері» деген суретті кітап шығарды. Туындының авторы Елдос Тоқтарбай мен Ерасыл Толымбекұлы атты зерттеушісымақтар. Иә, қағыс естімедіңіз. Жасаған зерттеуінің анық-қанығын тексермейтін. Елден естіген әлдебір әңгіменің ұшығын шығармайтын жандар екен. Осы кітаптың 142 бетіндегі Кербұлақ ауданындағы елді мекендердің атауларын қарап отырып, тарихты бұрмалаған зерттеушісымақтардың әрекетіне ашуым келді. Кезінде Тезек төренің қасында жүріп, елге билік айтқан Жайнақ батырдың атындағы ауылды әлдебір адамға теліп қойғаны жаға ұстатты. Ұлы жүздің Жалайыр тайпасының Мырзасәбден ұрпағынан шыққан ондай адам болса болған шығар, бірақ ауылдың аты Жайнақ батыр Абақұлына тиесілі. Соны білмеген тарихшыны қалай ұлықтайсың?!
Тағы бір білместік сол беттегі: «Балғалы – Найман тайпасының Балғалы деген руы әуел баста осы жерді мекендеген, соған байланысты аталса керек» – деген мәліметтен кеткен. Жалпақ жатқан Жалайырдың ішіндегі Балғалы руы мекендеген жерді зерттеушісымақтар неліктен Найманға телиді? Бұл ынтымағы мен ымырасы келіскен Қазақ елінің тынышын алу, іштен ірітумен тең. Осыны ұқпай теріс мәліметтерді кітап қылып шығаруға рұқсат берген облыстық ішкі саясат басқармасы қайда қарап отыр?
Құдайға шүкір, қазақтың даласы батырлардан кенде емес. Солардың бәрі де сары бала, қара қазанның қамы үшін ат үстінде өмір өткізді. Жасанып келген жауға жалаң шауып, жан қиды. Ат жалын құшып құлаған жері ақымына айналды. Сөйтіп, аты-жөні сол өңірге берілді. Кербұлақ ауданындағы Малайсары батыр мен Жоламан батыр атындағы ауылдар солай қалыптасты. Тіпті, жауда болса жекпе-жекке сұранып шыққан жоңғар батырларына құрмет көрсеткен халқымыз Қаскелең, Шамалған, Мұқыры, Кеген, Ағанас, Шонжы сынды атауларды қалдырды.
Міне, өткеніне құрметпен қарап, өлгеннің артынан жақсы сөйлеуді насихаттаған халқымыздың көрегендігі осында жатыр. Ендеше, ойланайық ағайын!
Мәди Алжанбай,
Фейсбук парақшасынан