"Жағымпаздық дендеп бара жатқаны жанымды ауыртады..."

Темірхан МЕДЕТБЕК, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
 

Ол кісінің кейде шындықты айтамын деп, «туғанына да жақпай» қалатын сәттері жоқ емес. Бірақ ақынның ұлттың жайы десе, қол қусырып қарап отыра алмайтын ғадеті бар. Өйткені ақынның жырлайтыны да, жырына арқау болары да – халықтың мұңы, ұлттың тағдыры. Көрнекті ақын Темірхан Медетбек «Қара қазан, сары баланың» қамын ойлаудан бір сәт те жалыққан емес. Қолынан қаламы түскенше Ұлт деп, Діл деп, Халық деп жырлары анық. Ақынмен бүгінгі әңгімеміз де Ұлт, Мемлекет, Әдебиет төңірегінде өрбіді.

– Бір кездері «Шекарадағы торғайлар» деп өлең жазып, цензураның садағына ілінген екенсіз. Қазір баяғыдай цензура жоқ. Цензурасы жоқ бүгінгі қоғамдағы ақындарымыздың ойы азат па? – Өзің де байқап жүрсің ғой. Қалың жұртшылық та оны жақсы біледі. Мен айтатынымды мүмкіндігінше, айтып жүрген адаммын. Бүгінгі күнді әрбір адамның көкірегінде от боп қайнаған, жанын күйдірген кезең деп білем. Өйткені айналамызда шешуін таба алмай жатқан мәселелер өте көп. Күрмеуі қатты, шешімі қиын дүниелер жинақталған. Мұның бәрі жалғыз менің ғана емес, көпшіліктің көкейінде жүрген түйткілдер деп есептеймін. Тәуелсіздік алғаннан кейін, «керемет жағдай болады, біз енді азатпыз, өз қолымыз өзіміздің аузымызға жетіп тұр дейтін заманда өмір сүреміз» деп ойладық. Бірақ көптеген дүниелер біз ойлағандай болып шыққан жоқ, өкінішке қарай. Мәселен, тіл мәселесін алайықшы. Мемлекеттік тілдің төрт аяғы төрт жаққа кетіп жатыр. «Болашақта керемет болады, өйтеді де, бүйтеді» деген бос сөз. Әшейін құр бос әңгіме болып қалды. Бізді қазір жоғары жақта орыстілділер билеп отыр. Ол – бір. Екіншіден, біздің қоғамымызды салғырттық, енжарлық, немқұрайлылық, немкеттілік жайлап барады. Қоғамдық сілкініс жоқ. Қарапайым халық билейтін демократиялы мемлекетпіз деп ойлаймыз. Бірақ ол халықтың қолында билік жоқ. Оның үстіне, біздің бойымызды да, ойымызды да құлдық психология жайлап алған. Құлдық психологиядан арыла алмай, қор болып отырмыз. Дұрыс емес екенін біле тұра, ештеңе дей алмаймыз. Басымызды көтеріп, сөйлеуден қалдық. Әрине, ас үйде, көшеде кездесіп қалғанда, бәрінің де жаны күйіп тұрып, сенің алдыңа түсіп тұрып сөз айтуға құмар. Талап етуге келгенде, ештеңе дей алмайды. Құлдық психологияның кесірінен бәрінің бойында үрей бар, қорқады. Сыбайлас жемқорлық әбден жайлап алды. Біздің байлығымыздың көбі шетелдіктердің қолында жүр. Саттық, талан-таражға түсірдік. «Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Мұның бәрін көлегейлеуге болмайды. Осы мәселенің бәрін көркем тілмен, мүмкіндігінше, «Көк түріктер сарынында» жеткізуге тырыстым. Бұрын өлеңде жаңа форма арқылы жаңалық алып келуге болады деп ойламаушы ем. Менің бұл өлеңдерім әдебиетке алып келген жаңа тыныстағы, жаңа көзқарастағы дүниелер деп айтуға болады. Сол жаңалықты пайдалана отырып, еркін ойымды еркін формада жеткізуге тырыстым. Жазып та жүрмін. Әрине, оны құптамайтындар да бар шығар. Ең бастысы, ойым азат. Кейбір тәуелсіз басылымдарда жарияланып жүр. Кітап та болып шықты. Кезінде «Шекарадағы торғайларда» көрген-кездескен қиындықтарға қарамастан, шындықты айтуға тырысқан едім. Кеңестік партияны жырлап, мақтаған емеспін. Ленин, Сталин идеяларын насихаттадым деп те айта алмаймын. Ол кезде де ой бостандығын, өлең бостандығын, рух бостандығын алға тартып, жұмыс істегем. Ол кезде шектеулер көп болды. Ал қазір қоғам басқа, айтқым келген дүниені айта аламын. Жағымпаздық, біреуге жаға қояйыншы деген ой болған емес. Болмайды да. Мемлекеттік баспа орындарында, «Ақиқат», «Жұлдыз» журналында редактор болдым. Жазушылар одағында екінші хатшы қызметін атқардым. Сол кездің өзінде де ойымды еркін жеткізе алғам. Тәуелсіздіктің маған берген бір пайдасы, айтатынымды ашық айтып келемін. Кейбір мәселелерді жеткізе айта алмай қалған сәттерім де болған шығар. Шығармашылық қуатымның әлі де жетпей жатқан тұстары да бар болар. Менің бойымда да сол құлдық психологияның бір элементтері бар болуы мүмкін. Бірақ хал-хадерім жеткенінше елдің, халықтың, ұлттың сөзін айтып келемін деп ойлаймын. – Сіз айтып отырған мәселенің бәрі бәлкім, хакім Абай айтқандай, «уайымымыз жоқ, тамағымыз тоқтықтан» азып жүргендігімізге тірелмей ме? – Өйтіп айтайын десем, өзімнің ортамды білем ғой. Жеке кездесіп отырған кезде, алдыма түсіп сөз айтады. Бәрінің де көкірегінде қыжыл бар. Бәрі де күйіп-жанады. Бұлардың да айтатынын, жанының күйінетін, қиналатын кездерінің барын білем. Оларда бір кедергі бар, ол – қорқақтық, үргелектік. Жақпай қалам ба, жұмысымнан айрылып қалам ба деп қорқады. Сен де журналиссің, мен де журналиспін. Өмірбақи журналистикада жүрдім. Олар да мемлекеттік салада істей тұра, кездесіп отырған кемшіліктерді біледі, терең біледі. Бірақ оны айтуға бата алмайды. Өйткені бала-шағасы бар. Жұмысынан айрылып қалады, күн көруі қажет. Тағы да қайталап айтуға тура келеді, құлдық психологиядан арыла алмаған. Аяқ-қолына кісен салғандай, тұзақта жүргендей немесе тұсаулы аттай шоқырақтап, соның соңында келе жатыр. – Бізде сонда Бұхарша «Дат» айтатын ақын жоқ па? Қоғамына, ұлтына, әкіміне деген сияқты... – Мәселен, мен бір кісідей айтып жүрмін. Менен басқалар да бір кісідей айтып жүр. Бірақ оны тыңдайтын құлақ болуы қажет емес пе? Бұхар жырау болмай-ақ қояйық. «Халықтың сөзін айтып жүр-ау осылар, тыңдайық» деген сөзді ешқашан естіген емеспін. Қайта біздерді шеттетеді. Мемлекеттік стипендия беріп жатады. Біздерге стипендия берілмейді. Менен басқа да жазушылар бар ғой жұмыссыз жүрген. Дөңгелек үстел, жиналыстарға бізді шақырмайды. Біз өте бір қисық, дұрыс емес, басқа жолда келе жатқан, қоғамға жат адамдар сияқты көрінеміз. Бізді қабылдамайды. Сөйлесейін десең, қашады. Телефондарын көтермейді. Адамның жанына тиетін, адамды кемсітетін осындай жағдайлар бар. Оның бәрін жіпке тізсең, сол үшін өстіп жүр екен ғой деп ойлап қалуы мүмкін. Маған стипендиясының да керегі жоқ. Бермесе бермей-ақ қойсын. Өзімнің зейнетақымды жұлқылап, бірдеңе қылып күнімді көрем. Бірақ өз позициямнан айныған емеспін, айнымаймын да. – «Қазақ поэзиясы өзінің күрес­кер­лік рухынан айрылып барады» деген едіңіз. Неге? – Түбегейлі олай ойламаймын. Күрескерлік рух бар. Күрескерлік рух дегеніміз – «ананы құртып жіберейік, ананы жойып жіберейік, шабуылға шығайық, мүжіп тастайық, қырып тастайық» деген сөздер емес. Өзінің басынан өткен күйінішін, өзінің басынан өткен күйзелісін, елдің басындағы түйткілдерді қамығып, жүдеп айтудың өзі де оңай шаруа емес. Ондай жас­тар бар. Жеке басындағы халді айту арқылы, қоғамдық өмірдегі, тіршіліктегі түйткілдерді де қоса айта білуі қажет. Міне, осы жетпейді. Кейбір жастарымыз билікті мақтауға құмар. Баяғы социализмнің құрыған, жұртта қалған тіршілігін бұлар да жалаулатып, мақтауға кірісіп жатыр. Осы менің жанымды күйдіреді. Жеке басын айтып, күйгелектікке баратындар да бар. Ондай өлеңдерді соншалықты жек көрмеймін. Тіпті, оны қабылдауым да мүмкін. Ең жаманы, билікке жағымпаздық, жалпақшешейлік. Осындай қулық-сұмдыққа жай жастарымыз емес, талантты жастарымыздың дендеп бара жатқаны жанымды ауыртады. Сақа болып қалған адамдардың жағымпаздығына үйрендік қой. Одан басқа, олар өлең жаза алмайды. Жазса, түкке арзымайды. Талант жоқ болуы мүмкін. Ондайларға өкінбеймін, тіпті, қарамаймын да. Өлеңдерін оқымаймын да. Талантты деген жастардың басқа бір жолға түсіп, басқа бір сүрлеуге түсіп кететіндей бастарына не күн туды екен деп ойлаймын. – Ол жастардың санасы азат болғанымен, тұрмысы азат емес қой. Баспанасы жоқ, ақша табу керек деген сияқты.  – Оңай жолмен ақша табу дегенді мен түсінбеймін. Сатылмай-ақ күнін көріп жүрген жастар бар. – Өлеңін сатып ақша тауып жүргендер ше? – Өлеңін сату деген – өзін сату деген сөз. Ұятын, арын сату деген сөз. Неге жаздың деп қуғын-сүргінге түсіріп жатқан ешкім жоқ. Басқаша тақырыпта, басқаша жолда өмір сүріп, жұмыс істеуіне болады. Мансап үшін, кресло үшін, медаль алу үшін, сыйлық алу үшін, құрмет пен қадірге ие болу үшін өзінің бойындағы талантын саудаға салуы – ол енді қылмыс. Басқа сөз аузыма түспей отыр. Оның бәрі ұят. Ертең мұның бәрінің сұрауы болады. Сұрауы болмаса да, ол жақсылық емес. – Өзіңіз айтқандай, сыйлық алу үшін кейбір ақындар жанталасып жатады. Осы сыйлық ақынның абыройын арттыра ма? Әйтпесе, сіздің шабытыңызға шабыт немесе ақшаңызға ақша қосып бере ме?  – Ақша қосатын шығар. Қазір Мемлекеттік сыйлықтың ақшасы көбейді. Біздің кезімізде бес мың доллар болатын. Біз де алдық. Ол кезде аздап демократия болатын. Биыл Герольд Бельгерге стипендия бермей қойды. Жылда алатын еді. Неге? Әділетсіздікті, қоғамды жайлаған келеңсіздіктерді, қоғамның іріп-шіріп бара жатқанын айтқаны үшін бермей қойды. Ол кісі де соған қарап, алақан жайып отырмаған шығар. Бірақ адамды моральдық жағынан құртады. Стипендияны беретін адамдар өзінің қалтасынан алып жатқан жоқ. Ол салықтан түскен халықтың ақшасы. Халықтың сөзін сөйлеген адамдарға бермейді де, мақтаған адамдарға береді. Сонда халық қайда, билік қайда? Тіпті, Путиндей бола алмай отырмыз. Путин оппозицияда жүрген адамдарға да сыйлық үлестірді. Бізде оның жанына жолаудың, оған емексудің өзі ұят. «Жастардың бүгінгі психологиясы ақша болып кетті» – Бүгінгі ақынды кім іздейді? – Ешкім жоқ. Ешқандай телефон да жоқ, телеграмма да жоқ. Біз қоғамнан шеттетілген адамдармыз. – Жазушылар одағы дейтін үлкен ұйым бар емес пе? Мұның бәрі сол ұйымға қатысты шаралар болып саналмай ма? – Жазушылар одағында өзім де жұмыс істедім. Жақсы білем. Ондағылар жоғары жақ не айтса, соны істейді. Ол ұйымның да халықпен жұмысы жоқ. Ол ұйымда халықтың жағдайы қалай, не болып жатыр деген әңгімелер айтылмайды. Қоғамда болып жатқан сілкіністер, қамығып жүрген адамдар туралы айтудан қалған. Халықтың қабырғасы қаусап, омыртқасы күйреп жатқанымен, ол ұйымның жұмысы жоқ. Басқасының бәрін қояйық, тіл мәселесін неге қозғамайды. Тіл дейтін халықтың өмірі, тіршілігі емес пе? Қолында қаламы бар, қаруы бар адамдардың хат жазып, «мемлекеттік тілді мемлекеттік деңгейге көтерейік, мемлекеттік қызмет атқарсын» деп жазуына болады ғой. «Қашанғы бұйығып отырамыз, мемлекеттік тіл болмаса, мемлекет құриды» деген әңгімені қашан айтады?! Ең болмаса, осыны талап ете алмайды. Жазушылардың басын қосып, біріктіре алмай отыр. – Сол ұйымға мүше 777 адам бар емес пе? Олардың ешқайсысының үні шықпайды деп ойлайсыз ба? – Тағы да қайталап айтам, жеке сөйлессең, бәрі керемет. Жылап-еңірегенде, етектері жасқа толады. Тіпті, соларды тыңдап отырғанда, қосылып жылағың келеді. Бірақ ішкі қауқары жоқ. Бірақ Жазушылар одағында жағдай бәз-баяғы. Менің сол жазушыларға өкпем қара қазандай. Айтып-айтып келеді де, былай шыға бере жалт беріп, шыға келеді. «Сен-ақ бүйректен сирақ шығарып жүресің», – деп кінәлауы мүмкін. Бүгін нанға тойды, сонымен бітеді. Телефонмен сөйлессең де, жеке кездессең де, бәрі батыл. Бірақ іске келгенде жалт етіп шыға келеді. – «Екіжүзділер» атты кітап жаз­ғыңыз келіп жүргені де сондықтан шығар. Қалай ойлайсыз? – Иә, екіжүзділер туралы жазу өте қиын екен. Біраз материалдар жинадым. Ол енді қалып қоймас. – Бұл кітаптың жанры қалай болмақ? – Жанры дегенде, әрқайсысы әр жаққа алып қашады. Бірақ мен өлең, проза түрінде, кейбір тұстарын нақты фактілермен беруім мүмкін. Осылардың бәрін мысалмен келтіремін. – Кейіпкерлері кімдер? Бәрі зиялы қауым өкілдері ме? Ол жағын айтқым келмейді. Ол – құпия. – Филиппиндік Ник Хоакин атты жазушының «Өзін-өзі жоғалтқан әйел» атты романын оқығаныңызды айтқан едіңіз. Кітаптың оқиғасы қос кіндікті әйел туралы екен. Дінінен, тілінен айрылған әйелдің мүгедектігі арқау болған екен шығармаға. Бүгінгі қоғамда тілінен, ділінен айрылған адамдар көбейіп кетті. Ұлтымыздың кіндігі жоғалды деп ойламайсыз ба? – Кіндігінен көп адам айрылды ғой. Кіндігінен айрылу – өзінің менталитетін жоғалту. Қазақтың кіндігі – туған жер, туған ел. Табиғаттың ортасында өскен халық қой қазақ деген. Рухы табиғатпен бірге байланған. Қазақ дейтін көшпелі халық. Көшіп-қонып жүрген елдің көтеріп жүретін мешіті де болмаған. Қазақтың даласында мешіттер де көп болмаған. Мешіт отырықшы жерлерде, қалаларда болған шығар. Сондықтан, қазақ үшін бүкіл аспан асты, жер үсті мешіт болып саналған. Айдалада отырып, Алла Тағалаға сыйынып, бес уақыт намазын қаза қылмауға тырысқан. Мешітті Алланың үйі десек, Алланың үйі біздің халық үшін аспан асты, жер үсті. Көкжиекпен шектесіп жатыр. Шетсіз, шексіз әлем. Осындай рухы кең, болмыс-бітімі бөлек, бостан өскен елдің рухы да биік еді. Сол бостан рухты жоғалтып алдық. Қазір пішің-пішің әңгіме көп, ешқандай еркектік, ірілік мінез жоқ. Ұсақталып кетті. Не болса, о болсын, бәріне қол сілтеп қарайтын болып алды. Бүгінгі қазақ өз кіндігінен айрылған, тар қуыстарға тығылып алып, сонымен өмір сүріп отыр. – Тәуелсіздігімізге биыл 22 жыл толмақ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы дүние есігін ашқан бала бүгін ат жалын тартып мінген үлкен азамат болды. Олар құлдық психологиядан азат деп ойлайсыз ба? – Олардың бүгінгі психологиясы ақша болып кетті. Ең өкініштісі осы. Олар туған жер, ата-баба дегеннен гөрі, ақшаны көбірек айтады. Әрине, арасында елді ойлайтын, рухы биік жастарымыз кездесіп қалады. Бірақ олар көбіне-көп ақшаны ойлайды. Біздің жастарымыз басқаша болуы керек еді, осындай тығырыққа тіреліп қалдық. Бізде жаңару, жаңғыру болу керек еді. Жаңару, жаңғыру болмай, Қазақстанның бойына жаңа қан жүгірмей, бізге бұл тығырықтан шығу мүмкін емес. – Бұл тығырықтан шығудың жолдары бар ма? – Ол үшін «әділетті қоғам орнату керек» дейді. Дүниежүзінде әділетті қоғам орнаған емес. Жүз па­йыз әділетті деп, бірде-бір мемлекетті айта алмайсыз. Бірақ әділетті қоғам орнатам деген ұмтылыс болуы қажет. Ол үшін кез келген мемлекеттің билік институттары жұмыс істегені жөн. Бізде бәрі де бар.Тек билік институттары жұмыс істемейді. Әрқайсысы өз деңгейінде жұмыс істеуі қажет еді. Ол үшін әділетті сайлау өтуі керек болатын. Сот жүйесі сайлануы керек. Ол да байланып қалмауы керек бір адамға. Сонда ғана біздің мемлекетіміз әділеттілік жолына қарай түсетін болады. Таласып-тартысып жұмыс істегенде ғана, біздің рухымыз көтеріледі. Сонда ғана біз бұғудан, бүгежектеуден құтылатын боламыз. Қазір ол институттардың бір де біреуі жұмыс істеп тұрған жоқ. Заңды заң деп қарамайды. Ол институттар жұмыс істегенде ғана, Заңға бағынатын құқықтық мемлекет дүниеге келетін болады. «Қазіргі қаламақының құны мейрамханаға отырудан аспайды» – Бір кездері әдебиеттің есігін ашқан бір топ жасты Әбу Сәрсенбаевтың жетелеп алып келгенін білеміз. Сіздің де әдебиетке келуіңізге Әбу аға себепкер болыпты. Қазіргі жастарға ұстаз болатын жандар бар ма? – Дәл Әбу Сәрсенбаевтың деңгейінде алып келген ешкім жоқ. Мәселен, өз басым «ананы әдебиетке қосып жібердім, адам қылдым» деп айта алмаймын. Жуырда жиырма шақты талантты жас ақындар туралы мақала жаздым. Оларды мен «алтынкөпірліктер» деп атадым. Өзімнен кейінгі інілерім, өзімнің замандастарым туралы да жазған мақалаларым жетерлік. Ағаларым туралы да жазып жүрмін ұдайы. Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза Әлі, Өтежан Нұрғалиев және т.б. ақын ағаларым туралы, ізімді қуып келе жатқан өкшелес інілерім туралы жазудан қашқан емеспін. Бір адам бәріне жете бермейді. Бірін-бірі жазу, өлеңді насихаттау жете бермейді бізге. Ағаларымыздан Әбіш Кекілбаев жазғанын білем. Көп жазды. Басқа ағаларымыз өзінен кейінгі, өзінің замандастары туралы көп жаза бермейді. Өйткені олардың бойында эгоизм басым. Сол эгоизм жібермейді. «Менмін» деген адамдар көп. Жақсы тілегін, ақ ниетін білдіруге келгенде өте сараң. Мен бұл жерде, өзімді ерекшемін деп айтқым келмейді. Мен сияқты жазып жүрген адамдар да бар. Бірақ көбісінде эгоизм бар. Ол да бір ауру, яғни жазылмайтын дерт. – «Насихаты жетпейді» дейміз. Әдебиетке «жылт етіп жаңалық» әкелген ақынды қайдан танимыз? – Газет-журналдарды жиі қарап отырамын. Радиодан тыңдаймын. – Сізге өлеңін арқалап келетін жастар бар ма?  – Жуырда Астанадан бір ақын қыз хабарласып, өлеңдер жинағын жіберді. Өте талантты қыз екен. Кітабын оқып шықтым. Өлеңдері керемет. Кейде осылай қолға тиеді. Ерлан Жүніс, Ақберен Елгезектің өлеңдерін оқып шықтым. Басқа да жас ақындардың өлең кітаптары қолыма түссе, оқып шығуға тырысамын. Әдебиеттен ешқашан қол үзген емеспін. Бұрын Алматыдан жырақта, Маңғыстауда жүрген кезімде де газет-журналдарды қалдырмай оқуға тырысатын едім. Сол қасиет, сол тәртіп менде қалып қойған. Әлі күнге дейін газет-журнал оқымасам, бірдеңеден қалып қойғандай болам. – Жас ақындардың өлеңдерінен нені байқайсыз? Еркіндік бар ма, ойы азат па? Өзіңіз айтқандай, жағымпаз емес пе? – Жағымпаздық бар кейбірінде. Үміт күтетін інілерімнің кейбірі жалт етіп, сондай жолға түсіп кетіп жатады. Онда оларды қабылдай алмаймын. Үлкен қоғамдық мәселені, заманды, уақыттың ағымын, өмірдегі тіршілік атаулыны, халықтың бүгінгі көңіл-күйін жеткізетіндей өлеңдер әлі аз. Осыны жазады деп күтіп жүрген інілерім бар. Түбі солар жазады деп ойлаймын. – «Өлең – менен, мен – өлеңнен суыған жоқпыз» дейсіз. Әлі де солай ма? – Ешқандай суыған емеспін. Топтама өлеңдер жазғым келеді. Қандай тақырып екенін айтпай-ақ қояйын. Ол да бір құпия болып қалсын. Жоспар көп. Менің қолымда қағаз бен қалам тұрғанда жазбау мүмкін емес екен. Енді «өлең жазбаймын» деп кетемін. Қалай өлеңге келіп қалғанымды білмеймін. Тағы да бір тақырыпқа келіп отырмын. Әдебиетте жоқ бір інім осы тақырыпты ұсынды маған. Бір жыл жүрдім. Жақсы бір дүние сияқты. Сол тақырып ойымнан кеткен емес. Қалып қоятын шығар деп ойлағам. Мүмкін емес екен. Қазір соған отырдым. – Аға, қазір зейнетке шықтыңыз. Бұл күндері уақытыңызды неге арнайсыз? Ел аралайсыз ба, театрға барасыз ба? – Әрбір жастың өзінің мінезі бар екен. Зейнетке шыққан кезде алдында үйге сыймадым. Өмірбақи жұмыс істеген адамға үйде бос отырған қиын екен. Бірақ оған да үйренетін кездер болады. Қазір немеремді оқуға шығарып саламын, күтіп аламын. Үйірмелерге алып барамын, алып келемін. Ата үшін ең бір жауапты жұмыстар осы екен. Қазір денсаулық деген нашар. Сыр береді. Жатып қалған ештеңем жоқ. Таңертең тұрғаннан кешке жатқанға дейін дәрі ішеміз. Жүруің керек. Қалған уақытта өзіңше ойланасың. Құр ойланудың өзі де жұмыс. Кішкентай мақаланың өзін ойланып отырып жазамын. Біреулер компьютерге отыра қалып, өлең жазуға кіріседі. Менде мүлдем олай емес. Өз қолыммен шимайлап жазуым керек. Өлеңде де осы. Өлеңді де отыра қалып жазбаймын. Ұзақ уақыт ойланам. «Шабыт келіп қалды, тарс еткізіп жазып тастадым» деу жоқ менде. Әбден толғанып, қиналып, ішімде әбден қорытып, өзімді-өзім жеп барып, қағазға түсірем. Екі-үш күннен кейін кейбір жерлерін өңдеймін. Содан кейін таза бетке көшіріледі. Алма, көше туралы немесе қаламсап туралы жаза салып, бұрқ еткізе салу түк емес. Бірақ ол сенің ішіңде қайнаған жоқ. Шабыт деген адамның ішінде қайнау керек. Мүмкін ол жұрттың көңілінен шықпауы мүмкін. Бұл деген ұзақ процесс. Оны түсіндіріп беру мүмкін емес. Құпия, сиқыры көп, айлакерлігі, сұмдығы да көп мәселе ме деп ойлаймын. Бұл бір тосын, басқаша бір әлем. – Кеңестік қоғамның жақсы­лығы десе, ақын, жазушы, қолына қалам ұстағанның тіліне оралатын дүние – қаламақы екені сөзсіз. Бүгін ше? Сіз өзіңіз жазған кітаптарыңыздан қаншалықты пайда табасыз? – Болмайтын ақша. Оны айтып жатудың өзі ұят. Үш томдығымды бір азамат шығарып берді. «Үш томдықты өзіңіз өткізіңіз» деді. Соның ақшасы ептеп, дұрыс ақша болды. Таралымы мың дана. Мемлекеттік тапсырыс­пен шыққан кітаптардың құны бір мейрамханаға барып, тойып тамақ ішуден артылмайды. – Қадыр аға өмірінің соңында «Жекеменшік үйде тұруды өмір бойы армандадым» деген еді. Сіз ше? Жекеменшік үйде тұрғыңыз келмей ме? – Тұрғым келгенде қандай?! Әзірге мүмкіндік жоқ. Балаларым жұмыс істеп жүр. «Үй салсақ» дейді. Оны біз көреміз бе, көрмейміз бе, уақыт көрсетеді. – Жазушының, ақынның өз ұстаханасы болуы керек деседі. Сіздің ұстаханаңыз бар ма? – Кабинетім бар. Бірақ ол кабинетте өмірі өлең жазған жоқпын. Шағын бөлме. Өлеңді кез келген уақытта жазуым мүмкін. Оған мен бөлме таңдаған емеспін. Өмірбақи көшпелі өмір сүріп келемін ғой. Маңғыстауда болдым ұзақ уақыт. Керемет ерекше бір жағдайды талап еткен емеспін. – Қоғамдық мәселелерде ойыңызды ашық, еркін айтып жүресіз. Белгілі бір партияға мүше болған кезіңіз бар ма? – Ешқандай партияға мүше емеспін. Оппозициялық партияда да, биліктің партиясында да емеспін. Кейде жігіттер хабарласып, жиындарға шақырып жатады. Тіл мәселесіне, ұлт мәселесіне қатысты жиындарға шақырып отырады. Неге бармаймын? Барамын. Жақында референдум жөніндегі жиынға шақырды. Бардым. Мен референдумның өткенін қалаймын. Өйткені «Қазақмыс», «Арсенал-Миттал», «Қазмырыш» сияқты алып компанияларды мемлекетке қайтару мәселесі туралы сөз қозғалғанда, неге бармаймын?! Уго Чавес деген кісінің қайтыс болғаны туралы басылымдар жарыса жазуда. Сол Уго Чавес АҚШ-тан көптеген компанияларды қайтарып алды.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС
"Түркістан"