ҰЛТ МҮДДЕСІН ҰЛЫҚТАЙТЫН ЖОБА
2021 ж. 27 қазан
3737
0
Жаһандану заманында күн өткен сайын ұлттық мәдениетіміздің тынысы тарылып, ұмытылып бара жатқандай. Қазіргі қоғам жастарының арасында өз мәдениетінен гөрі өзге ұлт мәдениеті танымалдылыққа ие. Ұлттық мәдениетіміздің жастарға жеткілікті түрде дәріптелмеуі, оның толықтай зерттелмей, үйретілмеуі - қазіргі жастарға теріс әсерін тигізуде. Мәдениетімізге қызуғышылық танытып үйренем деген жастардың сұрақтарына медиа ақпаратта жауап табылмай жатады. Жастардың өз мәдениетіне терең тамыр жаймауының салдарынан патриоттық сезімі төмен ұрпақ пайда болып жатыр. Бұл салдар жас мамандарымыздың шетелге кету мәселесіне ұласуда.
Осындай күрделі мәселелер толғауында пісіп-жетілген, бүгінде түрлі ұлттық жобаларды жүзеге асырып жүрген бір топ елордалық жас өрендердің қоғам пайдасына асар бастамалары аз емес екен. Сабыржан Нұрғалиев, Амир Кайпиев, Даулет Ерсаинов, Әділет Доқтырбек секілді төрт жастың жігерлі идеясы біздің де көңілімізге қонып, сол туралы толымды мақала жазуды жөн сандық.
«ҰЯ» деген ұлықты атауы бар ұлттық жобан ойластырып, соны жүзеге асыруға қолдаушы іздеп жүрген қазақтың төрт талантты баласы, осы жобаларын көпке жеткізуді өтінді. «ҰЯ» еліміздің көркем әдебиетін, ұлттық аспаптарын, тағамдарын, киімдерін, күйлерін, ұлттық спорт түрлерін, тарихымызды жаңа технологиялар арқылы насихаттауды көздейтін жоба.
“Бүгінгі күнде қазақтың ұлттық аспаптары негізгі бөлігін құрайтын музықалық Кұрманғазы мектебі біз жүзеге асырған жоба қатарына жатады. Он ай қарқынды жұмыс ішінде үш жүзден астам оқушыны ұлттық аспаптарға үйретіп, қазіргі таңда астанамыздың ең үздік мектептерінің бірі болып отыр. Әлемдік нарыққа шығып, шет ел азаматтарына қара домбырамызды онлайн платформамыз арқылы үйретіп жатырған еліміздегі алғашқы мектеп. Осы жобамыз қазақ аспаптарын дәріптеуде, қазақ мәдениетін дамытуда аз болса да өз үлесін қосып жатыр. Алайда, біз бұл жобамен тоқтап қалғымыз келмейді”, - жоба жетекшісінің бірі Амир Кайпиев.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілердің жастар мен балаларға үлкен әсерін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан біздің мәдениетіміздің салаларында ұмытылып бара жатқан бөліктерін тірілтуге, барлық жобалармен сыбайласатын UIA жобамыздың медиа бөлігі ортасында тұрады. Мысалы, дәстүрлі тағамдарымыз. Жүзден аса ұмыт болған тағамдарымызға тарих қойнауында мәңгіге қалу қаупі төніп тұр. UIA жобасы арқылы ауыл аралап әжелерімізден, тағам майталмандарынан дәстүрлі тағамдарымыздың мәзірін біліп, зерттеу жасау. Сол тағамдарымызды жастарға қызықты әрі түсінікті форматта жеткізіп, төл тағамдарызды дәріптеуді жоспарлап отырмыз. Осы тәріздес көркем өнер, салт-дәстүрлер және ән мен күй салаларында да медиа жобалар жасалады. Медиа жобаның көркем өнер саласындағы мақсаты Қазақстан суретшілерінің туындыларын дәріптеп, халық арасында көркем өнерге деген қызығушылықты ояту болса, ал ән мен күй саласында ұмыт болған дәстүрлі аспаптарымызды, ақын, күйшілерімізді дәріптеу.
“Жобамыздың медиа бөлігі мәдениетімізді жастарға таныстырып, оған сұранысты көбейтсе де, олардың қызығушылығы құр тануымен алысқа бармайтыны мәлім. Пайда болған қызығушылықты жоғалтып алмау мақсатымен қатар мәдени сұранысты қамту үшін UIA жобасы өндірістік және IT жобаларды ұсынады”, - Даулет Ерсаинов.
Әсіресе, төл тарихымызды комикс жанрында насихаттауды көздеп отырған жастардың ойы ерекше. Олардың айтуынша, мектеп пәндерінің арасындағы оқушы үшін ең қиын пәндердің бірі ол тарих пәні. Жастардың басым бөлігінде Қазақстан тарихы туралы түсініктері өте таяз. Бұл жастарға тарих пәнін қызықсыз түсіндірілуінің салдары. Жастар арасында комикстардың танымалдылығын пайдалана отырып, өз тарихымызды үйрету, дәріптеу әлдеқайда нәтижелі болатыны айдан анық, деп санайды олар.
“Біз ойластырған IT платформалардың бірі - Көркем өнер платформасы. Еліміздегі қыл қалам шеберлерінің табысы өкінішке орай өте аз. Ұсынылатын платформа суретшілердің өнер туындыларын көрсетуге, сипаттауға және онлайн сатуға мүмкіндік береді. Бұл платформаның мақсаты отандық суретшілерімзді қолдап әрі дәріптеу арқылы халық арасында көркем өнерге деген қызығушылықты ояту. Осы платформаға ұқсас көркем әдебиет платформасын ұсынамыз. Қазақ жазушыларының туындыларын толықтай анализ жасап, кейіпкерлер бейнесін, идеясын халыққа жетімді түрде жазу. Жоба мақсаты халыққа қазақтың көркем әдебиетін дәріптеу. Сонымен қатар жас жазушыларымызды қолдау”, - деп пайымдайды жоба авторының бірі Сабыржан Нұрғалиев.
Рас, қазіргі кезде, балалар көбінесе далаға шығып ойындарды ойнағаннан гөрі видеоойындарды таңдайды. Сол ойындардың арасында футбол, баскетбол, хоккей видеоойындары бар. Осы видеойындар өз спорт түрлеріне балалардың қызығушылығын арттырып, ойын туралы түсініктерін қалыптастыруға қатты әсер етеді. Демек, сол спорт түрлері видеоойындардың көмегімен дамиды. Ұлттық спорт түрлерін дәріптеудегі керемет құрал. Мысалға көкпар видеоойынын неге жасамасқа?
Міне, ұлттық мүддені ұлықтаған осындай жастардың жобасы бүгінде қолдауға мұқтаж. ҚР Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақпарат министрі Аида Балаева, өзге де мекемелер, ұйымдар, меценаттар қолдау көрсетсе, бұл бастама қоғам үшін зор пайдасын тигізер ірі медиа жобаға айналары сөзсіз. Жалынды жастарға ақ жол дейміз.
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні