Өнегемен өрілген өмір
2021 ж. 25 қазан
2098
0
Жақсы адамнан қол үзбе,
Шөлдегенде сусының.
Халық даналығы
«Жақсының өзінен бұрын аты жетеді» демеп пе еді даланың дана қарттары. Жанары нұрлы, орта бойлы, ақсары өңі шуақты ақиық азаматтың өзінен бұрын аты жетіп еді маған да, елге де. Құлақ естігенді, көз көреді. Сәлемнің де сәті бар. Есімі мен еңбегі елге таныс ақиық азаматпен 2018 жылы сәуірдің сәулелі күндерінің бірінде таныстым.
Қиын-қыстау заманда осы күнде.
Азаматтың түспейді ісі кімге, -
деп Қадыр ақын айтқандай күрмеуі қатты күрделі тіршілікте біреудің ісі біреуге түспей тұра ма? Өзімнің емес, таныстың аманат-тілегімен қабылдауына барған, бұрын жүздеспеген мені жатырқамай, жатсынбай байырғы танысындай жылы қабылдады, ол шешілуі қиындау шаруаны да сөз бұйдағы салмай қиюын тауып тез шешті.
Оңдасын сынды биліктің биік баспалдағында жүрген мемлекет және қоғам қайраткері жайлы ойлағанда менің ойыма 1810-1861 жылдары Біріккен Италияның тұңғыш премьер-министрі болған Камило Ковурдың: «Біз Италияны құрдық. Кәне, италияндық болайық!»деген сөзі оралады. Осыған орай «Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіз ел болдық , ал кәне, сол егемендігіміз мәңгілік болу үшін біздің әрқайсымыз не істеуіміз керек?» деген аса салмақты сауал санаға салмақ салады. Бұған 1917-1963 жылдары әлемдегі алып державаның тізгінін берік ұстаған АҚШ президенті Джин Кеннедидің: «Менің елім маған не берді деп сұрама, мен еліме не бере аламын деп сұра» деген сөзіне аспан асты елінің ұлы ойшылы Конфуцийдің: «Егер әр адам күнде өзіне мен елім үшін не істедім?» деген сұрақ қойса, ол ел мәңгілік жасайды» деген ұлық ой, ұлағатты сөзімен жауап беруге болады. Адам тақсыз да, бақсыз да, баспанасыз да, қиналса да өмір сүре алады. Әйтседе отансыз өмір сүре алмайды». Отан сенің тірегің мен тілегің ғана емес, лүп-лүп соққан жүрегің! Бұл сөзіміз ұлылар ойымен орайлас. «Адам жүрексіз өмір сүре алмайтын болса, отансыз да өмір сүре алмайды» депті Константин Паустовский. Сұңғыла суреткердің бұл сұрапыл ойы, сымбаты бөлек сұлу сөзі Оңдасын Сейілұлы Оразалиннің өнегемен өрілген өмірі-өміріне орай оралды қалам ұшына.
Интертке көз қиығын салсақ, мұнайлы өңір Мұғалджарда, 1963 жылы, қараша айыны алтыншы жұлдызында өмір есігін ашқан екен. 1985-1988 жылы Ақтөбе пединституында оқытушы, комсомол комитетінің хатшысы болған, бұдан соң да талай жауапты қызметтер атқарып, Қазақстан Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымына дейінгі басқару баспалдақтарын жүріп өтіпті ол. Сылдарлы сындарда сүрінбеген Оңдасын Сейілұлы Оразалинді Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Ақтөбе облысының әкімі етіп тағайындады. Бұл 2019 жыл, наурыз айының жиырма үшінші жұлдызы.
Оңдасын Сейілұлы Оразалин ел ырысын еселеген қарашада өмірге келіпті. Бәлкім содан ба екен мінезі де сол сымбаты бөлек сұлу, ырысты күздей сабырлы, салиқалы!
Осы мінезі орнықты, ойы орамды, қабілетті қарымды, ақылман азамат еске түскенде менің ойыма Юлий Цезардың:
Ешқашан асыққан емеспін,
Ешқашан кешіккен емепсін, -
деген қанатты сөзі оралды. Ол тегін емес. Оның терең сыры – ертеден жеткен осы есті сөз Оңдасын Сейілұлы Оразалиннің бекзат болмысын айқын ашып тұр.
«Халықтың сүйіспеншілігіне қол жеткіз, сонда сен билікке жетесің, егер халықтың сүйіспеншілігін жоғалтар болсақ онда билікті де жоғалтып аласың» депті дара туған данышпан Конфуций. Елбасы мен Президент сенімі, халық сүйіспеншілігі адастырмас ақ жұлдыз болған Оңдасын елмен етене араласып, халықпен ақылдасып, талай қиындықты еңсеріп жүр. Өзге өңірлер сияқты Ақтөбе облысының да өз ерекшелігі бар, қордаланған проблемалары да аз емес. Ақырын жүріп, анық басқан Оңдасын оларды рет-ретімен сәтті шешіп келеді. Кезектегі шешуін күткен қиын түйіннің бірі – Шалқар облыс орталығынан шалғай, Ресеймен шекаралас бұл аудандағы басты проблеманың бірі – жол. Өзі алыс әрі жайсыз жолды тақтайдай тегіс жолға айналдыру үшін облыс бюджетіне салмақ салмай инвесторлар көмегіне сүйенбек Оңдасын іске сәт!
Біреуге жақсылық жасағасы келіп тұратын, барын көппен бөлісуге құштар адамдар болады. Олар үшін алған емес, берген жомарт. Олар алтындай аз, алмастай асыл! Оңдасын Сейілұлы Оразалин сондайлардың сойынан.
Оңдасынмен жүздескен, асықпай емен-жарқын сөйлескен сәттерден алған әсерім, ойға түйгенім – ол жүрегі жұмсақ, аса қайырымды Азамат. Қайырымдылықтан асқан қасиет жоқ. Кісілігі мен кішілігі, қарапайымдылығы, жан дүние жауһарларының байлығы, әке қаны, ана сүтімен сүйегіне сіңген, шенеуіктің жақсы қасиеттерін бойына жинаған, халық тілегін, ел сенімін жүрегіне тоқыған, адамгершілік асыл қасиеттері жүзін нұрландырған Оңалсын сынды мемлекеттік қызметкерлері жоқ та емес, көп те емес.
Ал, Оңдасын аспандағы Ай мен Күндей айналасына үнсіз сәуле шашып тұрған бекзат болмысты, тұғыры биік тұлға!
Айы оңынан туған Оңдасын жайлы ойлағанда, ол жайлы халық пікіріне, елдің ыстық ықыласына ден қойғандай Николай Некрасовтың:
О, дүние, саған,
Осындай жандар келмесе,
Мағынасы да тірліктің,
Кемер еді-ау жүз есе, -
деген қанатты сөзі ойға оралады. Өз тарапымнан оған:
Ақиық, Азамат Оңдасын,
Өзіңді құдай қолдасын,
Қашан, қайда жүрсең де,
Қыдыр болсын жолдасың! –
деп ағалық ақ тілек айтамын.
Бар бол, бауырым!
Аман болайық.
Сәбит Досанов,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Махмұд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген зор еңбегі үшін» халықаралық сыйлықтың иегері
Алматы
18.09.2021 жыл
qazaquni.kz