Рух майданының қаһарман қызы
2021 ж. 24 қыркүйек
2338
0
Қоғам қайраткері, белгілі журналист, ұлағатты ұстаз Сәуле Мешітбайқызының өмірде жасаған ерліктері көп.
Ұжымымыздың анасындай болған Сәуле Мешітбаева тәтеміздің жетпіс жасқа келгеніне орай газетімізде көрнекті орын беруге шешім қабылдағанда дәл осындай лек-лек ағылған құттықтаулар, тілектер көп болады деп күткен жоқ едік. Халқының Сәуле тәтемізге деген сүйіспеншілігі, аста-төк пейілі жанымызды жадыратты, көңілімізге мақтаныш сезімін ұялатты. Біз бүгін ағыл-тегіл келген осы құттықтаулардың бір шоғырын газетімізге, енді қалғандарын сайтымызға береміз, сіздерге зор рақмет! Ал мына аңдатпамызды да сонау қасиетті Абай елінің қос сұлуы тәтеміздің ізбасарлары Фариза мен Сәуленің игі тілектерімен бастауды жөн деп таптық.
С.Мешітбаева өзінің туған ауылында мұғалім болғанда да, Алматы қаласында А.Жұбанов атындағы саз мектебінде қызмет еткен жылдары, «Қазақтелеком» АҚ компаниясында мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын кеңейтудегі тынымсыз еңбек еткенде де адамдардың зор құрметіне бөленді. Ол кісі сондай-ақ ізденімпаздығымен, жаңашылдығымен, идеяларының көптігімен ерекшеленетін. Және ойға алған, жоспарлаған іс жобаларын шеберлікпен көпшіліктің қолдауы арқылы жүзеге асыратын еңбекқор жан С.Мешітбайқызы отыз жылдан аса ұстаздық еткенде балалардың нәзік жүректеріне жол таба білетін. Ана-ұстаз ретінде үлкен жүректің нұрымен жүздеген қиын балалардың болашақ өз жолдарын тауып, кейін мемлекетіміздің зор қайраткерлері, үлкен өнер иелері болуларына игі ықпал етті. «Қазақтелеком» компаниясы қызметкерлерінің мемлекеттік тілге деген құштарлығын арттыру жөніндегі жоба-байқаулары бүкіл республикаға үлгі өнеге болып, ол зор халықтық сипат алды. С.Мешітбаева Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының жұмысына зор үлес қосты. Телекоммуникация саласына 1000-дай термин әкелді. Сәуле Мешітбайқызының «Қазақтелеком» АҚ компаниясындағы 10 жыл қызметі барысында осы саладағы мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуде өзіндік қолтаңбасы қалды. Бірнеше әдістемелік құралдар мен сөздіктердің авторларының бірі. Осы саладағы еңбектері үшін Министрліктің және «Қазақтелеком» АҚ президентінің Мақтау грамоталарымен марапатталды.
Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетінде жұмыс істеген соңғы бес-алты жылда С. Мешітбайқызы өзін тың қырларынан көрсетті. Үлкен тақырыптарды көтеріп, соларды жеріне жеткізіп жазды. Ол кісі қоғам қайраткері ретінде зор мәселелерді көтерді. Тіл, дін, тарих, оралман және басқа да алуан ұлттық тақырыптарда мақалалар жазып, көпшіліктің назарын аударды. Қай мақаласында болсын С. Мешітбайқызы мемлекетіміздің болашағына алаңдап салиқалы ой пікірлерін батыл түрде бере білді. Сондай-ақ, ол кісі күнделікті қоғамдық өміріміздегі қоғамдық оқиғаларға белсенді түрде ат салысады. Осы қызметке 2008 жылы 63 жасында келді. Республикамыздың 14 облысына жылына екі рет экспедицияға шығып 160 ауданның 100-ден аса ауылдарында болып бұқара халықпен билік арасында алтын көпір болды. «Қазақстан-2050» стратегиясын қалыптасқан мемлекеттің және саяси бағытын, Президенттің Қазақстан халқына жолдаған жолдауларын, «100 нақты қадам» Ұлт саясатын, мемлекеттің бағдарламаларды жүзеге асыруда, қазақстандық патриотизмды қалыптастыруға, қоғамда ұлтаралық және конфессиаралық келісімді нығайтуға және басқа да үкіметтік шараларды, шетелдік ақпарат құралдарындағы мемлекетіміздің оң имиджін қалыптастыруға шығармашылық қызметімен қызу қолдап келеді. Мінеки, тәтеміз 70 жасқа толып отыр. Жастарға үлгі боларлықтай күш қажыр қайратымен, білім парасатын ұлтынан, елінен аянған емес.. Елбасына адал қызмет атқара жүріп, қыруар істерді атқарды. Жүргізіп жатқан сан алуан жұмысы, Сәуле Мешітбаеваның қоғам өміріндегі көптеген өзекті мәселелердің шешілуіне, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосып жүрген, күрескер,қоғам қайраткері екендігін дәлелдейді.
Сәуле апайдың мейірім төгілген жүзінен рухтанып, аналық дархан махаббатынан күш алып қияға самғағандар қаншама? Қамыққанды жұбатқан, шаршағанды демеген кездерін сан тараптағы шәкірттері мен әріптестері тамылжыта жазып жатыр. Құттықтау хаттар легінде шек жоқ. Біз ол құттықтапу хаттарды, ыстық лебіздерді, жүрекжарды тілектерді алдағы уақытта сайтымызға сыналап беріп отырамыз. Оған төменде өздеріңіз куә боласыздар. Сәуле тәтейіміз біздің ұжымның анасы десе де болады. Ол кісі 2014 жылы «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді.
Сондай-ақ, Сәуле Мешітбаева Министрліктің Мақтау грамоталарымен марапатталып, 2013 жылы «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған журналистердің «Нұрсұңқар» байқауында номинант болса, сол жылы Ақжол партиясының ұйымдастырған байқауында ең үздік журналист атағымен қоса ақшалай сыйлыққа ие болды. тағы да 2015ж. Қазақстан халқы Ассаблеясының 20 жылдығы медалі, 2012.ж.КР.Республикасының президенті Н.А.Назарбаевтың «Алғыс хаты», 2015 ж. «Ауылшаруашылық саласының үздігі» медалі, 2015 ж. Монғол Халық партиясының 90 жылдығына орай «Құрмет медалімен» марапатталғанын мақтанышпен жеткіземіз.
«Қазақстан ZAMAN» газеті Бас директорының бірінші орынбасары болу нағыз нар көтерер жүкпен тең. Газеттің іссапарлары, қаржы мәселесі, ішкі жұмыстары, билікпен келісімге келу тәрізді жұмыстарды атқарумен бірге Сәуле тәтей биыл айды аспанға шығарып, «ЕлАна» сайтын ашты. Қазір бұл сайт ғаламтор әлемінде ең беделді сайттың бірі.
Зейнеткерлікке шықса да қол қусырып отырмай, қазақ қоғамына, тәуелсіз еліне, ардақты тіліне үлес қосудан талмай келе жатқан Сәуле Мешітбайқызын ұжымы ғұмырының баянды бір белесіне көтерілген мерейлі жасымен құттықтайды. Бала-шағасының ортасында, немере-шөбересінің қызығын көріп, шәкіртеріне қамқоршы ана болып, ұлтымызға адал қызмет жасайтын алаш азаматтарын тәрбиелей берсін дегіміз келеді.
Ерлік те үлкен жүректен шығады
Жұбанов мектебіндегі шайқас
Сәуле тәтеймен танысуымыз қызық та, ерекше еді. Ол кісімен мен қонақта немесе мамыражай сәттерде танысқан жоқпын. Жақынырақ айтсам, майдан алаңында, қадап айтсам, сот үйінің алдында таныстым. Иә, солай, қағыс оқыған жоқсыз. Соттың жан алып, жан беретін алаңына мені ертіп барып таныстырған марқұм Мұхтар ағам еді. Алып Мұхтар Әбділдабек ағатайымыз екеуіміз оған дейінде қазақ мүддесі, оның жаны тіл майданында талай рет қолдағы қару қаламмен шайқасып жүрген кезіміз болатын. «Сонымен Сәуле Мешітбайқызы есімді мұғалім тәтейіміз сотта неғып жүр?»деген заңды сауал қылаң беретіні сөзсіз ғой.
Ахмет Жұбанов атындағы қазақ саз мектебін білетін өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Дінмұхамбет Қонаев осы мектепті ашты. Бұл мектепте ауылдағы өнерлі, әнге, сазға бейімі бар балаларды шам алып, іздеп тауып оқытуға арналған арнаулы саз мектебі. Алғашқы жылдары Димаш көкеміздің бұл тамаша ойы ол кісінің тікелей қамқорлығымен жүзеге асты. Бірақ кейін мектепке көбінесе қала балалары алына бастады. Мұның басты себебі, мектепке орыстардың, орысшылардың келуіне байланысты еді. Мектептен қазақ рухы, тәрбиесі, салт-дәстүрі кете бастады. Тіптен қобызы, домбырасы шеттетілді. Міне, осы басқыншылыққа директордың орынбасары Сәуле тәтей бастаған топ қарсы бас көтерді. Мұхтар Шаханов тәрізді ұлт зиялылары да республикадағы жалғыз қазақ саз мектебіне жат үннің келуіне қарсы күресті. «Лениншіл жас» газетінде дабыл қаға шыққан өткір мақала қалың елді дүр сілкіндірді. Шайқас басталып, бұған жоғары жақ араласты. Сол майданның қызу ортасында Сәуле тәтей жүрді. Оның аяғы ол кісіні, оның жақтастарын қуғындаумен шектелді. Айтыс-тартыс, соттасу басталды. Мінеки мен осындай қиында тартысты кезде тәтеймен таныстым. Қарсы жақ көп еді. Мәскеудің өзінен нәр алған орысшылдар қазақтың қайсар қызын тұқыртып, өз дегендеріне жүрдіргісі, көндіргісі келді. Оларға бұл кісі бас имеді. Әрине, бас исе, ұлттық мүддеден бас тартса, Сәуле тәтейде жақсы қызмет те, көп ақшада, мамыражай тыныштық та болатын еді. Бірақ ол ұлттық мүдде үшін әрі қарай шайқасуға шешті. Сот жеңісті бұл кісіге, бірде аналарға бұрып отырды. Алма-кезек жеңіс пен жеңіліс он шақты жылға созылған шайқас пен күрес Сәуле тәтейді әбден титықтатты, денсаулығы нашарлады. Тіптен кейде ес-түссіз халде ауруханаға түскен кездері де болды. Тектілік, ата-бабаларынан келе жатқан батырлық, Алла тағала берген рух оны үнемі желеп-жебеп, біржола құлатқан жоқ. Тар жол тайғақ кешу жауларының аяусыз шабуылы мен түртпектеуі Сәуле тәтейді құрыштан шынықтырды.
Ол кісі әрине, жалғыз емес еді. Ата-аналардың ішінде ұлттық рух үшін жанын беретін адамдар Сәуле тәтейді үнемі қолдап отырды. Ұстазға тағы да бір шексіз күш, қайрат және қуат беретін көңілдері пәк, болашағы зор, талантты, кішкентай-кішкентай жандар бар-тын. Ұлттық рухтың дәндері енді-енді көкіректерінде көктеп келе жатқан олар Сәуле апайларының жан-жағына шуақ таратар отты сөздерінен нәр алды. Өмірлік қажетін алды. Олар орысшылдардың сызды да салқын, өздеріне жат тәрбиесін қабылдай алмады. Бұл кішкентай жандардың саны біршама еді. Кейін олар Сәуле апайдың нағыз төл перзенттеріне айналды. Мінеки, осы жандар Сәуле тәтейге үнемі жігер беріп, қасында жүрді.
«Мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылыпты» дегендей мектепке Бибігүл Төлегенова деген бір ауыз қазақша білмейтін директор келіп, жағдай одан сайын ушықты. Ақшаға құныққан ол тілін ғана сатпай, дінін де сатты. Мектепті діни секталардың ордасына айналдырды.
Міне, осы кезде мен Сәуле тәтеймен таныстым. Әрине, мен мектептің жағдайымен бұрында аз-кем таныс едім. Тәтейдің айтуымен мектеп өміріне етене ендім. Таныстым да шошыдым. Құйтақандай талантты қазақ балаларының рухани жағдайына, болашағына балта шабылып жатқанын сезіндім. Оларды қасқырлардың талауына беріп жатқанымызды, енді оларды қорғамасақ ертең кеш қалатынымызды ұқтым. Ұқтым да өзім істеп жүрген «Ана тілі» газетіне ащы мақала жаздым. Бұл мақала тек мектептің орысы мен еврейіне, орыс тілділерге ғана емес, өзгеде қазақты жек көрушілердің шымбайына қатты батты да, бізге дүр етіп қарсы лап қойды. «Караван», КТК тәрізді газет пен телеарнаны мінбер етіп бізді қаралауға тырысты, жаншып тастағысы келді. Осы кезде Сәуле тәтенің, оның жақтастарының, тіптен он екінші сыныпта оқитын балаларының қайсарлығына тәнті болдым. Қасиетті тіліміздің осы жерде кепиеті барын білдім. Біз газетіміздің әр нөмірінен Жұбанов мектебінде болып жатқан оқиғалардан хабардар етіп отырдық. Қалың ел ғана емес, бұған билік тарапынан да зор назар аударылды. Әрине, сол кезде (2001 жылы) болған қым-қиғаш оқиғаларды талдап жазсақ ол бұл мақалаға сыймайтыны анық. Біз бүгін айтайын дегеніміз қазақтың қарапайым әйелі, анасы Сәуле тәтейдің осындай қиын-қыстау шақта елі, ұлты үшін нағыз батырларша шайқасуын, шексіз қайсарлық көрсетуін, ерлігін жеткізу еді. Ақыры жеңдік. Орыс тілді мектеп директоры жұмыстан кетті. Бірақ мектеп өмірі қалыпты жағдайға түскенмен нағыз «қасқырларды» кетіре алмадық. Ол жаңа келген директор да, әлгілерде Сәуле тәтейді мектепке жақындатпады. Қазақ тілді директордың іші де орыс жанды болып шықты. Күрес қайта басталды...
Балалардың панасы болған ана
«Мұның артында да бір қайыр бар» дегендей мен мектептегі осы жағдай арқылы ғажайып адаммен таныстым. Үлкен жүректі тәтемді таптым. Біз ол кісінің отбасымен араластық. Бауыр болдық. Тәтемді неғұрлым жақын танығаннан кейін ол кісінің адамгершілігі, ішкі имани болмысы күндей жарқырай берді. Сәуле тәтейдің ұлтын жанындай сүйетін қасиеті, адамдарды магниттей өзіне тарта білетіні, ұйымдастырушылық қабілеті, қайсар мінезі, сабырлылығы өзгелерге де, маған да үлгі-өнеге болды. Сәуле тәтей біраз жыл жұмыссыз болып, үйде отырып қалды. Жүрегі нәзік тәтеміз бар ауыртпалықты өзі қабылдаған соң ба қатты ауырды да. Осындай қиын кезеңде ол кісінің сағы сынған жоқ. Адамдар тіптен балалар ол кісінің үйіне іздеп баратын. Бір ғажайыбы қырық жыл ұстаздық еткен Сәуле тәтейдің өзінің төрт ботақанының сыртында жүздеген сүикімді балалары да бар еді. Олар талантты да тәтенің өзіндей үлкен жүректі азаматтар болатын. Ауылдан келген, қорғанышы жоқ балалар апайларының бойынан аналық мейірімді тапты. Олар апайларын анасындай көрді. Апайларының басына бұлт үйірілгенде қайсар жүректі ол балалары оның қасында қасқайып тұрды. Мен оның тірі куәсімін. Қазір ол балалардың барлығы да өмір-өнер әлемінде жұлдыз болып жанып тұр!
Алып компанияға қан жүгірткен
Қанша ауырса да жаулары оны қанша тұқыртқысы келсе де Сәуле тәтей үнемі өсті, шыңдалды., биікке өрмеледі. Міне, соның бір айғағы «Қазақтелеком» компаниясында істеген кездерінде жарқырап көрінді. Бұл жерде де Сәуле тәте ерекше қырымен, ұйымдастырушылығымен жарқ етті. Шынын айтқанда аузын айға білеген «Қазақтелеком» сияқты алып компаниялар түгілі мемлекеттік мекемелерде де осы күнге дейін мемлекеттік тілдің жағдайы мәз емес екенін жақсы білеміз. Міне, осындай алып компанияға келген тәтеміз мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде ұлан-асыр еңбек етті, тер төкті. Тәтейіміздің екінші арналы тынысы ашылды. Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі алыс байланыс нүктелеріне ерінбей барып қазақ тілінің шырағын жағып кететін. Осындай тынымысыздығы, білімі мен білігі, адамдармен жылы қарым-қатынасы компанияда ерекше рөл атқарды. «Қазақтелеком» компаниясы мемлекеттік тілді қолдану жөнінен республика бойынша үлгі етерлік ордаға айналды. Бұл Сәуле тәтейдің мен білетін екінші ерлігі еді.
Жүректе 63 жыл бұққан талант
Төртінші билік атанған қасиетті журналистика әлемінің табалдырығынан келген адам аттай алмайды. Оның қазанында қайнаған таланттылар ғана осы әлемде өмір сүреді, қаламымен елді өзіне қаратады. «Қазақтелеком» компаниясынан зейнет демалысына шыққан Сәуле тәтейдің аяғын жерге тигізбестен «Қазақстан-Zaman» газетіне қызметке алдық. Жас та болса алыстан көре білетін, кадр тани білетін біздің бас директорымыз, баhадүр жігіт Ахмет Аляз ол кісіні өзінің бірінші орынбасарлығына таңдады. Сондай-ақ Астана шаhарындағы штабымыздың бастығы етті. Көп адамдар бұған күмәнмен қарады. Бірақ Сәуле тәтейіміз бұл жерден де жарқырап жол тапты. Ұйымдастырушылық қабілетін бұлай қойғанда ол кісінің іште бұғып жатқан қаламгерлік, журналистік таланты өткір мақалалары газет беттерінде шыға бастады. Меніңше бұл тәтеміздің үшінші ерлігі дер едім. «Тіпә-тіпә» тіл-көзден сақтасын!
«Біз жалындап жанбасақ!»
Еңбекқорлық, тынбай іздену, талап ете білу, жаңашылдық Сәуле тәтемізді үнемі өрге сүйреп келеді. Қандай істе, қандай жұмыста болсын бар жән-тәнімен, жүрегімен кірісетін Сәуле Мешітбайқызы тәтемізге бір Аллам тау қопарар күш-қайрат, рух берген. «Мен мұны істей алмаймын» деп баз біреулер сияқты кежегесі кейін тартып тұрмайды, «нартәуекел!» деп кірісіп кетеді. Жәй, көзсіз кіріспейді-ойланып, толғанып, қыр-сырын зерттеп, сол саладағы адамдармен ақылдасып барып батыл кіріседі. Әрине, Алланың берген құдіреті осындай кезде тәтеміздің жан дүниесіндегі бір алтын кілтін ұсынып, жол ашады.
Тәтеміздің әу бастан ту қылып ұстап келе жатқан өзіндік ұраны бар: «Сен жалындап жанбасан, мен жалындап жанбасам, ол жалындап жанбаса...»
А.Жұбанов атындағы мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып істеп жүргенде талай мәдени шараларды дүрілдетіп тұрып өткізді. 1990 жылдары Наурыз мейрамында Сәуле тәтейдің жасаған мектептегі ұйымдастырған тойын осы күнге дейін ұжымның сол кездегі адамдары ауыздарынан тастамайды. Қайдан әкелгені белгісіз мектеп ауласына ақ боз үйлер тіккізді. Және ол тойға кімдерді шақырды дейсіз ғой. Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов сынды қазақтың біртуар ұлдарын шақырып, қасиетті наурызды қазекең қалай тойлайтынын тұңғыштардың бірі болып көрсетті. Бұл ұйымдастырушылық, жаңашылдық қасиеті «Қазақтелекомдада» жарқырап көрінеді. Ол кісінің ұйымдастырған семинар, конференция, байқауларының көбісінде болдым. Қазақтың салт-дәстүрлерімен астастырыла ұйымдастырған осы іскер шаралары негізінен компаниядағы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге қызмет етті.
Тәтеміздің төртінші ерлігін білгісі келіп тағатсызданған оқырманға айтар ойымыз тым биік те еңселі екенін жеткізелік. Тәуелсіздігіміз арқасында жарқырап келіп, өмірімізді мән мен сәнге бөлеген төл дінімізге халқымыз шөлдеп қалғанын жазып та, айтып та жүрміз. Сәуле тәтеміз аяқ астынан (бәлкім бұған бұрыннан да дайындалып жүрген болуы мүмкін) өз шешімін айтқанда мен таңқалдым. «Мен намазға құласам деп шештім. Бұған не дейсің, бала?» деп тәтем төтесінен бірақ қойды. Әрине, бұған мен қатты қуандым да қолдадым. Бұл қалай болар екен?» деп дүдамал ойға да берілгенім рас. Жоқ, көп ұзамай тәтеміз намазға құлады. Мен мұны ерлікке баладым. Себебі кеңес өкіметінің тәрбиесін көрген ақсақалдарымыз бен қарасақалдарымыздың өздері әлі де бойларына сіңген удан арыла алмай жүр. Ол ол ма, тәтейіміз айды аспанға шығарып қажылыққа да барып қайтты. Бір емес екі рет барды. Бұл қасиетті ұлы сапарға тек өзін ғана емес, бізді де үндеді. «Әйтеуір бір барамыз ғой» деп шылбырымызды сүйретіп жүрген бізге бұл бастама бірден ұнады да, нартәуекел!»-дестік. Біз дегеніміз қазақтың бірегей сазгері, қоғам қайраткері,тәтеміздің сіңлісі Сәлима құрдасым да осы тізімге кірді. Шүкіршілік, тәубе, 2013 жылы үлкен қажылыққа осылай барып келдік. Сапар десе жанып сала беретін қажы тәтеміздің бір қасиетін айта кетейін. Мәселен «Қазақтелекомда» жүргенде бір жылда 90 күн іссапарда болып, мұны қызметтестері «Гиннес рекордына кіргізейік»» деп әзіл тастапты. «Қазақтан-Заманға» келген соң да Сәуле тәтеміз екеуіміз жиі іссапарларда болдық. Мұндай кездері тәтеміз тіпә-тіпә, ауру түгілі шаршау дегенді білмейді. Кейде ұзақ жол қажытқан мен машинада қалғып кетемін. Ал ол кісі міз бақпай қалғымайтын да, шаршамайтын да.
«Біреуіміз жетпісті желкелеген, екіншіміз алпысты алқымдаған» деп кездесулерде әзілдеп әігіме айтып, көпшілікті бір күлдіріп алатын Сәуле Мешітбайқызы ұлтын жанындай сүйіп, оның мүддесі жолында жан аямай күресе білетін қазағымның абзал да қайсар қызы.
Бастаған ісін ақырына дейін жеткізетін турашыл жан
Бұл ерлік пе, әлде басқа ма оны өзіңіз бағамдай беріңіз, осыдан екі-үш жыл бұрын сырттағы бауырларымыздың атажұртқа оралуы, азаматтық алуы қиынға соғып қалды. Оларға атажұртқа келген соң бес жылдан кейін ғана азаматтық берілетіні жайлы заңды парламент бекітті, президентіміз қол қойды. Міне, осындай қиын шақта өздерінен ат үркетін арда азаматтарымыз үндемей қалғанда Сәуле тәтейіміз майдан қыл суырғандай етіп бұл жөнінде газетімізге «Дат, тақсыр!» айдары аясында мақала жариялады. Халық қолдады. Он мыңдаған адам қолдаған бұл өтініш президент тарапынан қолдау тауып, азаматтық алу тәртібі бір жыл болып қайта бекітілді.
Журналист ретінде, үлкен жүректі ана ретінде Сәуле тәтей жағдайы жоқ, мұқтаж адамдарға үнемі көмектесіп тұрады. Тәтеміздің ғажап қасиеті қолына бір іс алдыма одан қайткенде де қорытынды шығармай қоймайды. Ондай мысалдар көп. Екі мысал келтіре кетейік. Шымкент қаласында Алға деген азамат бар. Оны үш баласымен әйелі тастап кетеді. Екі бүйрегі бірде істеп, бірде істемейтін Алға үш баласымен пәтер жалдап тұрады. Осы жігіттің бұл мүшкіл хәлі туралы талай телеарна, талай басылым көтерді. Бірақ нәтиже, пайда жоқ. Ал Сәуле тәтей білекті сыбанып Алға үшін қала әкіміне кірді. Ерінбей сол үшін Шымкентке бірнеше рет сапарлады. Ақыры Алға отбасысы жаңа үй алып, зор қуанышқа кенелді. Ол — ол ма, Алғаға квота әпергізіп, Алматыда ота жасатып, оған бүйрек салғызуға мұрындық болды. Міне адамгершілік, міне ерлік! Ал Айғаным анамызды білмейтін қазақ жоқ. Сол қасиетті анамыздың қабірін өрт шалып, елеусіз, ескерусіз күйде қалған. Тәтейіміз бірнеше жыл қатарынан осы мәселемен бармаған жері жоқ. Ақыры асыл анамыздың басында ескерткіш асқақтап тұрды. Иә, тәтеміздің жасаған игі істері өте көп. Олардың бәрін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Егер жинақтаса, үлкен бір кітап болар еді. Публицистикасының өзі ел іздеп жүріп оқитын үлкен кітап болатыны сөзсіз. Әрине, мұның бәрі алдағы күндердің еншісінде жүзеге асатын мәселелер.
Әрине, Сәуле тәтей айтылғаны, айтылмағаны бар мұның барлығын ерлік жасайын, атым шықсын деп жасамайды. Мерейін өсірейін деп айта қалсаң «Мұндай жақсылықты кез келген адам жасайды деп ойлаймын. Ол ерлік емес. Менің табиғатым сол мұқтаж, ділгір жандарға қолымнан келгенше көмектескім келіп тұрады» дейді.
Шындығында да жүрегінде рухы, намысы, иманы жоқ адам ерлік жасай алмайды. Ал рухты, намысты, иманды адам жасаған ерлігін жәй іске балайды. Сәуле тәтейімізде осындай ізгі жан. Адамға мейірімі түссе күн болып шуағын төгетін, жауына шамырқанса найзағай ойнататын мінезді тәтеміз қос жетпіс беске аяқ басса да бір Аллаға шүкіршілік, еліне ұлтына әлі де берері мол. Күш-қуаты да жетеді. Сондықтан Сәуле тәтейге алдағы уақытта да Аллам ұзақ ғұмыр, зор денсаулық берсін деп тілейміз.
Өмір және руханият
Өмір тіршілік майданы болса, руханият оның тұла бойына жан беретін қан іспеттес. Майданның нағыз қаһармандары саусақпен санарлықтай болады. Сол қаһармандар жеңіске де жеткізеді, өмірлік болмысты да жасайды. Әрбір жеңістің өзіндік ізі, беретін жемісі болмақ.
Экспедицияда үнемі шаршамай, талмай жүргенін биліктегілер де көрмей қалған жоқ. Мәселен «Ауылшаруашылық саласының үздігі» медалын иемденуі, басқа да алған сан-сан медал, төсбелгілер соның нәтижесі өзінің туған жері Мойынқұм ауданының құрметті азаматы болу ол кісі үшін зор мәртебе болды. Әлем үшін ауыр жыл болған биыл да тәтеміздің «Тұлға» сыйлығының иегері, сондай-ақ «Парламент» сыйлығының жеңімпазы болу да өзінің тынбай еткен еңбегінің жемісі дер едім. Інісі, бауыры ретінде тілерім алда да тәтемізді талай жеңістер күтіп тұрғаны анық. Аман-есен болсын! Аллам қолдасын!
Ертай Айғалиұлы,
Қазақ үні