Шар болат шыңда шыңдалады
2021 ж. 17 қыркүйек
1971
0
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөз¬дің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуел¬сіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнері¬мен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» – деді.
Осындайда ойымызға қарапайым еңбек адамдары оралады. Бұл орайда біз оқырмандарымызды «Қазхром» Трансұлттық компаниясы АҚ филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауытында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, зейнеттік демалысқа шыққан, сондай-ақ қазір де талмай еңбек етіп жүрген бірқатар кейіпкерлермен таныстыруды жөн көрдік.
Бірлігі болаттан да берік
БЕРКІН, ТӨЛЕУ, ӘЗИМА, БЕЙБІТ, МӘЛИКА, ТИМУР, СӘНИЯ, САРА, МАРАТ, МҰРАТ, ЕРКІН, НҰРЛАН...
Бұлар – Баймолдиндер отбасының мүшелері. Әкелі-балалы, аталы-немерелі, шешелі-қызды... үш буын ұрпақтың өкілдері. Әйгілі метталлургтер әулеті. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмысшылары.
Және бір ескеретіні, аталған ер-азаматтың бәрі кілең балқытушылар да, әйелдері дайын өнім цехтарында жұмыс істеген. Осы адамдардың жалпы еңбек өтілін қосса, бес жүз жетпіс жылдан асатын көрінеді! «Бес ғасыр жырлайды» демекші, тереңірек мән берсе, бұл уақыт ауқымында қым-қуыт тұтас ғұмыр, бүтін бір дәуір жатқаны даусыз. Үлкендері – ағайынды Беркін мен Төлеу ақсақалдар. Алғашқысы – отыз, кішісі табаны күректей қырық жыл тер төккен екен. Тіпті, Төкең зауытқа он алты жасында келіпті. Сөйтіп, тыңғылықты еңбектің арқасында талай алғысқа бөленген. Небір марапаттарды иеленген. Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Қазақ КСР-нің Құрметті металлургі атанған.
– Өзі, қарап отырсақ, мына Бекеңнен бастап бәріміздің де еңбек кітапшамызда бір ғана жұмыс орны тіркелген болуы керек, – деп сыр ағытады Төлеу Қарпықұлы. – Ал өзім істі 1-ші цехтан бастап едім, зейнет демалысына да сол орыннан, дәл сонда бастап жаққан пеш жанынан кеттім. Қырық жыл аралығында балқытушы, аға горновой, бригадир көмекшісі, мастер, ауысым бастығы сатыларынан өттім...
Беркін аға да, Төкең де өздерінің Социалистік Еңбек Ері Павел Грязин, Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген металлург Смағұл Үкібаев сынды атақты адамдармен қатар жұмыс істегендерін лайықты мақтан етеді.
Әрине, ертерек тұстарда жағдайдың жеңіл болмағаны түсінікті.
– Қазіргідей технология да, пультпен басқаратын да техника жоқ, бәрін қолмен атқаратын едік қой. Күні-түні алапат отпен арпалысатын металлург жұмысына ердің ері ғана шыдайды, – дейді Бекең. – Әйелім Әзима да, Төлеудің келіншегі Бейбіт те сол ауыртпалықты көтерді ғой...
– Металл дегенің тура мына біздің үйдің үлкендігіндей болып келіп тұрады. Оны разбивщиктер шой балғамен солқылдата соғып, уатып жатады. Соны біз он бес-жиырма келіден тасып әкетіп жатушы едік. Ал тәртіп бойынша, бізге он келіден артық көтеруге рұқсат етілмейтін-ді. Бірақ, жоспар орындауымыз керек, жүктің ауыр-жеңіліне қарамай жанығып жүретінбіз. Өзім зауытқа кіргенше, тіпті, күрек ұстап көрмеген адам едім. Бірақ мұнда әлгіндей еңбектің арқасында ылғи алдыңғы қатардан көріндім. Құрмет тақтасына іліндім. Қалт еткенде көркемөнерпаздар үйірмесінде қатысып, айтулы әнші де болдым. Өмір қызық еді ол уақытта, – дейді шалының сөзін жалғаған Әзима апай.
Әлбетте, жастық шақ кім-кімге де ыстық.
– Осы Әзима алғаш келін болып түскенде көз жасындай мөлдіреген сүйкімді ғана қыз еді. Онда мұны қазіргідей кемпірге айналады деп ойламаппыз да! – дейді жеңгесіне қарата әзіл тастаған Төлеу аға.
Жағалай отырған жұрт ду күледі. Жарасымды қалжың көңіл жадыратады. Мұндайда «отбасы» деген ұғымды дәл осы Баймолдиндер әулетіне қарата айтқандай сезінесің. Себебі, бұл үйелмен өз бақытын алаулаған нағыз от маңайынан тапқаны даусыз.
Бүгінде Беркін ақсақал сексен бір жаста. Әзима апа екеуі қосылғандарына елу бес жыл толуын былтыр тойлапты...
Екінші буын – Беркінұлы Мараттың әңгімесі де қызық:
– Алғаш Төлеу ағам пеш жанына ертіп келгенде: «Ойбай, мұнда істей алмаймын!» деп шыр ете түстім. Сондағы жігіттерден сұраймын: «Қанша болды жүргеніңе?» деп. – «Бес жыл». – «Мә, сұмдық қой! Қалай шыдайсыңдар мына жалынға?!» деп таң қаламын. Содан: «Жарайды, әрі кетсе, бір жыл істеймін де, кетемін!» дедім өзіме-өзім. Енді қарап отырсам, сол «бір жылым» отыз жылға ұласыпты ғой!
Мараттың да талай марапаттарға ие болғанын білдік. Сонау отыз жыл ішінде қатардағы балқытушыдан бригадирге дейін өскен тәжірибелі метталлургтің көптеген жастарды да тәрбиелеп шығарғанын аңдадық.
– Жұмыс қанша ауыр болғанмен, әр істің өз құпиясы, өз «сиқырлары» бар. Бірден түсініп кете алмайсың бәрін. Тапсырыс түрлері сан алуан. «850» немесе «900» дегендей түрлі мөлшерлер болады. Соны безбендеп, аса дәл орындауың керек. Бәрін пульт арқылы кокспен, кенмен реттеп тұрасың. Біздің қазіргі пештің қуаты – 20 МВт. Ал жаңа зауыттағы пеш – 74 МВт. Демек, жаңа технология жастардың ғана емес, біздің өзіміздің де ұдайы ізденуімізді, жетіліп отыруымызды талап етпекші. Осыдан-ақ қазіргі металлургия қарқынын байқауға болатын шығар...
Төлеу Баймолдинның ұлы Мұрат та бригадир екен.
Әзима апай:
– Мына бала – немеремнің үлкені, – дейді отыздарға таяған жігітті нұсқап. – Еркін. Бұл да балқытушы. Мараттың кішісі Нұрлан – зауыттың кислород цехында слесарь...
Мәкеңнің айтуынша, бригада сегіз сағат ішінде 21 тонна өнім береді. Тәуліктік меже – 64-65 тонна. Пештер ешқашан сөндірілмейді. Былайша айтқанда, мәңгілік от!
Шынын айтқанда, металлургтердің төзімділік құпиясы неде деген сауал әркімді ойлантатын шығар.
Біздіңше, оның сыры – 1200 градус Цельсий жалын құрышты ғана емес, соның маңайында жүрген адамдарды да біртіндеп шыңдап, пісіріп шығарады.
Иә, солай шығар. Өйткені шар болат шоқта жатып шыңдалмай ма.
Көкке тартылған жол
Үрсұлуды көрдім де, көптеген қазақ қыздарының тағдырын көрдім.
Сонау сексен жетінші жылы Қазақ елі бойынша өндірістегі жергілікті ұлт өкілдерінің үлес-салмағы неліктен он үш-ақ пайыз деп мәселе көтерілгені есіме түсті. Және осынау олқылықтың орнын толтыруға кіріскен әпкелеріміз бен қарындастарымыздың рөлі әлі күнге дейін лайықты бағаланбағаны туралы ойлайсың.
Міне, Үрсұлуларды сол ұлт жұмысшылары іргесін кеңейткен лектің ортаңғы толқыны деуге әбден болатын шығар.
Өздері өте батыл келеді. Көбіне тек өз күштеріне сенген бұлардың жаңа кәсіп түрлерін игеріп, отбасылық бақыттарын да ұмытпағаны сүйінтеді. Иә, үлкен қалаларға орнығып, тұрмыс құрып, елдің демографиялық деңгейін де көтерісіп, кейін балаларын, негізінен, қазақ мектептеріне беруге кіріскен де осы қыздарымыз еді.
Ақтөбеге Арал ауданынан келіпті. Мектеп бітірген соң. Арман қуып...
Оқудан жол болмағаннан кейін феррохром зауытына жұмысқа орналаса тұруды ұйғарады. Жатақханасы бар. Жалақы уақытылы берілетін көрінеді. Тіпті, тегін емдеу-сауықтыру орындары жұмыс істейді. Басқа да жақсылықтары жеткілікті сияқты. Қалайша тартынасың.
Кәсіпорында кран машинисі курсын жақсы бітіріп шығады. Жарты жылдық оқудан кейін «Бірінші» деп аталатын үлкен цехтың дайын өнімдер әзірлейтін қоймасына жұмысқа жөнелтіледі.
Көп ұзамай осында еңбек ететін жігіттердің бірімен отау құрады. Зауыт екеуіне үй береді...
Осындай жағдайлардан соң кету туралы ойдың біртіндеп шегеріле беретінін түсінуге болар.
– Қарап отырсам, отыз бестей жылдай істеппін. Қиындықтар болды, әрине. Мұндай ауыр өндірісте жұмыс істеу оңай десе ешкім сенбес те еді, – дейді жоғары класты краншы Үрсұлу Әбішева. – Жеңіл болған жоқ. Жыладым дей алмаймын. Бірақ қиналдық. Үйренгенше. Тіпті, түсімде де көретін едім. Ылғи кран пультінде отырамын. О кезде дәл қазіргідей жағдай да жоқ. Техника ескі. Қазіргімен салыстыруға мүлде келмейді. Қыста – суық. Жазда ыстық. Көп адам кетіп те жатты. Ал мен келе-келе өзімді бұл мамандықсыз елестете алмайтын жағдайға да жеткен екем. Нақты бір іске деген сүйіспеншілік болатын сияқты...
Краншы келіншектің сыңғырлаған дауысынан жан тазалығы аңғарылады. Өзі әңгіме арасында ішегі қатып күліп те қояды. Осынау ширек ғасырдан аса уақыт аралығында бастан кешкен қызықты жәйттер де аз болмағандай.
– Жұмысқа алғаш араласқан күні адасып кетіп, қатты састым. Екі күнге тәжірибе жинақтауға жіберген. Түскі асқа барып келгеннен кейін кранымды таба алсам ше! Цех үлкен. Бес-алты аспалы кран істеп жатады. Жалтақтап, анаған бір, мынаған екі қарап, шыр айналдым да қалдым. Краншылардың қайсы шақырады деп. Ешқайсы селт етпейді. Сөйтсем, белгілі бір жұмысты бітіріп тастағанша ешбір тоқтамайтын тәртіп бар көрінеді. Одан соң әр кранға басқа жағынан көтеріліп барып мінетін жолдары болады екен. Осылайша екі-үш сағаттай абдырап, қара терге түскенім бар...
Үрсұлудың жұмысы дайын өнімдер цехында болғандықтан, ылғи кесек-кесегімен салқын металды ұрып, уатумен айналысады. Одан соң оны қайтадан іліп көтеріп, жиырма, жиырма жеті тонналық арнайы контейнерлерге тиеу қажет. Бір өзі күніне мұндай жүкті 50-ден 80 тоннаға дейін өткереді екен.
Айтуынша, отыз бір жылдық еңбек өтілі болса да, кәсіби біліктілікті ұдайы ұштап отыруға тура келеді. Себебі, қазір технология дамыған кезең. Техника жетілген сайын талап та күшейеді. Әлемнің жиырмаға тарта елінен түсіп жататын тапсырыстар түрі де сан алуан. Сұрайтын металл пішіні мен көлемдері әрқалай. Мәселен, олар «0,400» немесе «20х20», яки «40х40» дегендей өзгере береді.
Жүк тиейтін арнайы темір ыдыстар вагондармен келіп тұрады. Кемемен жөнелтілетін контейнерлер де бар.
– Барлық жұмыс механикамен атқарылады дегенмен, ісімізге асқан шыдамдылық, төзімділік қажет. Жұмыс күні-түні істеледі. Шаң. Тозаң. Газ. Тарсыл-гүрсіл. Өзіңе жүктелген міндетті ойдағыдай атқарып біткенше тыным таппайсың. Дегенмен, жоспарды кілең артығымен орындап жатамыз...
Үрсұлудың сөзіне қарағанда, ыстық цехтарда істейтін краншылардың жұмысы тіптен ауыр. Өйткені, олар ылғи алапат отпен арпалысады.
– Ол крандарда ер азаматтар көп пе, әлде әйелдер ме? – деп сұрап қалдық.
– Мұндай жұмысқа ерлерге қарағанда әйелдер шыдамдырақ келеді...
Өмірлік қосағы Мұханбет Әбішевпен жиырма екі жасында қосылыпты. Әскер қатарыныан оралған жігіт әуелде балқытушы болып істеген екен. Одан бригадир болған. Кейін ауысым мастері болды.
Екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Тұңғыштарының өзі отызды орталапты. Аты – Кенжебек...
Бұл «ақпаратқа» бір мезет аңтарыла қарағанымызды аңдап, тағы күлді:
– Енді қалай?! Атасының баласы емес пе. Бергенбіз. Он жыл бағып, өзімізге қайтып берді. Өздерің алыңдар, оқытыңдар деп...
Екінші ұл – Асқар. Одан соң Айдана.
– Олар да оқуларын бітірген. Жұмыс істеп жүр. Немерелерім өсіп келеді. Солар үшін де еңбек етуім керек. Зейнеттік демалысқа дейін де әлі бірталай бар...
Әңгімеден соң Үрсұлу өз биігіне... төбедегі кран бункеріне қарай өрмелеп, көтеріліп бара жатты.
Мен осынау жігерлі, еңбекқор құрбымның қашанда заңғар биіктерден көріне беруін тілеп тұрдым.
Лаулаған шойынның лебі
Жетінші разрядты балқытушы Дмитрий Кохан жарқылдаған, аса жайдары жан. Сондай сергектіктің ықпалынан ба екен, қырықтан асқан жігіт ағасына отыз жасты әрең қиясың.
– Әрдайым бірқалыпты температурамен тыныстаймыз. Әр күніміз ыстық. Қысы-жазы лапылдап, жалындап жүреміз, – деп әзілдейді өзі.
Бос ыржаңдаған жеңіл ойдың адамы еместігі де айқын көрініп тұр. Іске қатысты әңгімеге келгенде бірден байсалды қалыпқа түсе қалып, орнықты сөзге көшеді.
– Біздің жұмыс үшін ең алдымен «аздаған» ми керек, – деп ағынан жарылады ол. – Одан соң қорытпа құрамы тұзын мөлшерлеп қосып, ысытып, сапыра салатын тауықтың сорпасы емес. Қатаң заңдылық бар. Мейлінше дәлдікке тырысамыз. Бәрін бүлдіріп тастап, елді жерге қаратып, бүкіл бригаданы айлықсыз қалдыруға қақымыз жоқ...
Жоғары сапаны сақтай отырып, балқыту үдерісін жылдам атқару да кәдімгі өнер болса керек.
– Шапшаңдық қажет. Көз қырағылығы арқылы аса сақ, әрі батыл қимылдауға тиіспіз. Қысқасы, ісіміз асқан әбжілдікті талап етеді.
Балқыту цехына алғаш тап болған адамның әсерін жеткізу қиын шығар. Төңірек тола тасыр-тұсыр техника. Алапат жалын табы бет шарпып, тыныс тарылтады. Газ аралас тозаң исі қолқа қауып, шықырлаған машинаның бәрі саған төніп келе жатқандай сезім билейді. Тек біраз бой үйреткен соң ғана барлық әрекеттің қалыпты ырғақ пен белгілі тәртіпке бағындырлғанын аңғарасың. Әрбір металлургтің тек өзіне жүктелген міндеті бар. Әйтеуір, жарқылдаған от тұсындағы көрікшілердің ісі ерекше романтикаға толы сияқтанады.
Сұрастырып білсек, пештегі алау қызуы 1800 градустай екен. Бір сәтке ғана келіп, алыстан бақылап тұрғанның өзінде аптап лебіне зорға шыдап тұрмыз. Ал Дмитрийдің осы цехта жалынмен жағаласып, от өзенін «ауызықтап» жүргеніне отыз бес жылға таяпты!
– Расында да, оңай емес. Кейбір жастар төзе алмайды. Келген беттен қашады. Көндігу мүмкін емес дейді. Өзіме жұмысым ұнайды. Тіпті, өмірімді мұнсыз елестете де алмаймын...
Балқытушыға көңтерілік, ұқыптылықпен қатар зор ұйымдастырушылық қабілет те қажет. Өйткені жұмыстың бәрі бір-біріне тәуелді контейнерлік тәртіппен атқарылады. Оның үстіне біздің кейіпкеріміз – бригадир.
***
Бригада құрамында өзінен бөлек төрт адам жұмыс істейді.
Бұлар, негізінен, ферроқорытпа пештеріндегі технологиялық үдерісті жүзеге асырушылар. Пешпен бірге шөмішті әзірлеу, балқыған шойын жүретін өзек-ағынды тазалау, оны жабатын «пушканы» оқтау – «ұсақ-түйек» саналатын жұмыстар. Қорытпа, «пісірілетін» жентек секілді қолданылатын материалдардың сапасын анықтау да ұжымның міндетінде. Жинаушы машина арқылы уақытымен пешке шихта толтырылады. Бақылау-өлшеу құралдарының көрсеткіші арқылы пештің электрлік-технологиялық режімін қадағалайды, суыту құрылғыларының ахуалын аңдайды. Электрод дәрежесі мен дозалық таразы жұмысын тексереді. Газ трактысын күтімге алады...
Тізе берсе, жауапкершілік жеткілікті.
Бригаданың ауысымдық жоспары бойынша жиырма екі тонна таза хром алынуы керек екен.
– Егер пешті «мәпелей» білсек, бұл межені едәуір артығымен орындаймыз, – деп қалжыңдайды бригадир...
Әлбетте, жоспарды әрдайым асыра атқаруға күш салынады. Себебі, бұл – қаражат. Ақша. Ай сайын берілетін үстеме сыйақы.
Бригадаға қоса ауысым бастығы мен екі мастер жұмыс істейді. Былайша айтқанда, бұлар да «командаға» жат адамдар емес. Ал ұжым құрамындағы әріптесің сырқаттанып қалатындай жағдай туындаса, сол үшін жұмыс істеуіңе тура келеді. Демек, иығыңа түсер салмақ екі еселенбекші. Сондықтан, бір-бірін қолдап, өте тату болуға мүдделі.
Металлургтер ынтымағының беріктігі туралы ойлағанда, ақын Қайнекей Жармағамбетовтің:
– Тынбады күрес қызып күміс таңда,
Күштіміз балқып жатқан құрыштан да, –
деген жыр жолдары тілге оралады.
Ал аса сапалы өнімін талай жылдардан бері әлемнің алдыңғы қатарлы жиырмаға тарта мемлекеті таласа пайдаланып келе жатқан Ақтөбе ферроқорытпа зауытының абыройын асырушы осынау қарапайым ғана еңбек адамдары екені сүйсінтпей қоймайды-ау.
***
Етеректе металл пісірушілер жөнінде «жоғары мартендік білім деңгейі – төрт сынып» деген әзіл болатын еді. Қазір бұл ұғым мүлде ескірген. Әсіресе, бертінгі он жыл ішінде металлургияның техникалық жағынан жабдықталуы адам танымастай өзгерді.
Дмитрий Кохан да оқыған-ды. Үш жыл бойы мұнай бұрғылаушысы мамандығын игерді. Одан әскер қатарына аттанды. Келген соң осында келуді ұйғарыпты. Себебі, Ақтөбе – туып-өскен қаласы. Зауыт та жастайынан атақ-даңқына құлағы мен көзі үйренген мекеме. Әке-шешесінің құрбы-құрдастары ұзақ жылдар еңбек еткен белгілі кәсіпорын.
1993 жыл еді. Жұмысты пеш штатына кіріп, арнайы курстан өтуден бастады. О заманда бұл жағынан бәрі жылдам атқарылатын. Қысқа мерзім аралығында өндіріс ошағындағы краншлықтан өзге мамандықтың бәрін игеріп шықты десе артық емес.
Горновой ретінде тіркелген. Десе де, алғашқы айларда кәсіпорынның отымен кіріп, күлімен шыққаны рас. Атқармаған қара жұмысы аз. Кейін ойласа, мұнысы да үлкен бір мектеп көрінеді.
Алайда 1996 жылы зауыттың тоқтап қалған кезі де болды. Электр қуатының тапшылығына байланысты алты айдан аса үзіліс туындады.
Міне, осынау қиын тұста көптеген кадрлар кетіп те жатты. Әлдекім бизнес жолын таңдады, біреулер басқа кәсіптерге қайта маманданды. Дмитрий шыдады. Азғантай айлыққа күніне төрт сағаттан істесе де, осында тұрақтауды шешкен.
Тегінде, «сабыр түбі – сары алтын» екені рас. Митя туабітті орнықтылығымен бірге адам сыйлай білетін, әріптес қадірлей алатын жігіт болатын. Сондықтан шығар, цехтағы үлкен-кішінің арасында құрметке тез бөленді.
Ұзамай зауыт тірлігі де қайта жанданған. Жас горновой 1997 жылдың басында бригадир болып бекітіледі.
Ертеден-ақ өндірістегі техника қауіпсіздігін сақтауға жіті мән беретін Дмитрийдің звено басшысы ретінде бұл мәселені алдыңғы орынға қоятыны түсінікті.
– Пеш маңайында, абайламасаңыз, күйіп қалатын жағдайлар да кездесіп қалады. Немесе алапат ыстықтан қаталаған тәжірибесіз жігіттер қайта-қайта суға бас қояды. Бұл өте қауіпті. Тез әлсірейсің. Тіпті, естен танып, құлайтын жағдайлар кездеседі. Сондықтан, шөлдегенде қара шай ішкен дұрыс. Жалпы, жұмыста тиісті тәртіпке бағынып, өз-өзімізді сақтауға тырысқанымыз жөн. Өйткені, әрқайсымыздың тағатсыз күтіп отыратын отбасымыз бар, – дейді шағын ұжымның жетекшісі.
Зайыбы – Лилия сән салонының қызметкері. Шаштараз. Қызы Настя арнайы оқу орнын тәмәмдаған. Ағылшын тіліне жетік...
– Негізі, бір орында тыным отыра алмайтын адаммын. Әсіресе, демалыс күндері өзімді қоярға жер таппаймын, – дейді қаһарманымыз.
Жыл сайынғы еңбек демалысының ұзақтығы қырық алты күн көрінеді. Әдетте мұны қаққа бөліп, екі рет демалатын сияқты.
– Әлдебір алыс сапарлар жоспарланса, тұтас та алуға болады. Демалыста қалайда бір жақтарға баруға тырысамын. Кейде отбасымызбен аттанамыз.
Дмитрийдің бос уақыттағы ермегі балықшылық екен.
– Хромтаудың арғы бетінде Өр деген су бар. Екі жүз шақырымдай межеде. Соған кетем. Жеке көлігіммен. Жолдың нашарлығына да қарамай. Табан балығы, шортаны мол...
Арманы да көп көрінеді.
– Қызымның болашағын көп ойлаймын. Одан соң бәріміз де іргелі мемлекетте жұмыс істеп, ұрпақ тәрбиелеп, деніміз сау болып, ұзақ та бақытты өмір сүруге құқылымыз ғой! – дейді жоғары класты металлург.
Кесек тұлғалы, еркөңіл азаматпен үнсіз келісеміз. Қисынды уәжге не қосуға болады?!
Құлан САҒАТҰЛЫ
Ақтөбе қаласы.
qazaquni.kz