"Өз шындығыңды айта біл"
2021 ж. 17 қыркүйек
2004
0
(Ретро-сұхбат)
Қазақ ССР және СССР Мемлекеттік сыйлқтарының лауреаты, Қазақ ССР және СССР Халық артисі Фарида Шәріпованың туғанына сексен бес жыл толды. Қарап отырсақ, ұлттық театрымыз бен кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан осынау асыл жанның дүниеден өткеніне де он бір жылға таяпты.
Киелі өнер... Өнер құдыреті... Бұл сөздер адам баласының жанына өте жақын, жағымды қасиетті ұғымдар екені мәлім. Ендеше, сол қастерлі де өлмес өнерді жасайтын үлкен суреткердің нағыз өнер хақындағы ойлары да ерекше еді. Қазақ театр саласында аналардың ұлы образын сомдап, өзіндік өрнегін салған белгілі сахна шебері, тума талант Фарида Шәріпованың өнер туралы толғанысы әңгіме арқауына айналған-ды.
– Зады, бір шаңырақтың астында екі өнер тұлғасының бірге ғұмыр кешіп, бірін-бірі толықтыруы, бірін-бірі түсініп, сыйласып өтуі, бір-бірінің бағын ашуы – өмірде кездесе бермейтін құбылыс деп қарасақ та болғандай. Егер біз сөз басын жақында ғана мерейтойын аса зор ықыласпен атап өткен айтулы азамат, сахна суреткері Ыдырыс аға туралы бастамасақ, әруағынан аттап өткендей болармыз. Зымыран уақытты ноқталаған кім бар дейсіз, ол кісінің дүниеден озғанына біраз жылдар отсе де, бұл күнде Ыдырыс ағаның отының да, атының да өшпей отырғанына куәміз. Фарида апай, Ыдырыс ағасыз өмір қалай өтіп жатыр?
– Ыдекеңнің өмірден озғанына биыл он екі жыл толды. Театр ұжымы 70 жылдығын еске алып, өте жақсы кеш өткізді. Өте жақсы деу себебім, зиялы қауымы бар, өзімен бірге қызмет істеген әріптестері, театрдың жастары бар, барлығы бірігіп адамгершілікке, жүрек толқытатын нәзік сезімге толы тағылымды кездесу жасады. Бұл бір жағынан Ыдекеңнің өзінің биік тұлға екендігін дәлелдесе, екіншіден, театр ұжымының өткеніне, тарихына деген үлкен құрметі деп білемін. Шынайы шындығы солай, ол кісі театрда отыз бес жыл жұмыс істегенде ондағы бүкіл басты рөлдерді ойнаған екен. Ондай жағдай екінің бірінің басынан өте бермейді. Оның сомдаған образдары Мұхтар Әуезовтің Абайынан бастап Басыбары, Есімі, Қобыландысы – енді бұлардың бәрі бір адамның тағдырына тура келе бермейтін рөлдер. Оған қоса Шыңғыс Айтматовтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, кеше ғана өмірден өткен Қалтай ағамыздың бүкіл шығармаларында, шетел, орыс классикаларында ойнады. Назым Хикметтің «Фархад-Шырынындағы» Фархад, Шекспирдің «Отеллосындағы» Отелло, Чеховтың «Ваня ағайындағы» Астровтың, сол сияқты тағы да басқа рөлдер кәсіби жоғары деңгейде жасалған керемет тұлғалар. Ендеше, Ыдекеңнің театрда болсын, өмірде болсын орны толмақ емес. Өйткені, ондай ерекше жаратылған асыл жан, тамаша актер күнде туа бермейді. Ыдырыстың арамыздан кеткен уақыты ұзарған сайын оның қадір-қасиеті биіктей беруде, оған деген сағыныш та зорая түсуде.
Кейде еске алу кешін халық түсіне бермейді. Қайсыбірі қызық көруге, енді біреулер, шынында да, әруаққа тағзым етіп келеді. Егер солардың ішінде көкейлеріне бір нәрсені түйіп, көңілдеріне бір нәрсені тоқып кеткендері болса, онда парызымыздың өтелгені. Мұны жастар жағы көбірек білсе, өйткені, болашақ солардікі, олар өз тарихын, өз заманында болған тамаша тұлғаларды білуі шарт. Сол жағынан келгенде, осы құрметтері үшін Ыдекеңнің әруағы өзінің театрына риза болған шығар деп ойлаймын.
Өзіме келсем, бүкіл тағдырым Ыдекеңмен етене, байланысты өтті. Осы дәрежеге жетуім, тақғдырымның осылай өрілуі, осылай болып қалыптасуы –Ыдырыстың арқасы. Егер сондай адамға жолықпағанымда, тағдыр-талайым әлдеқалай болар ма еді, қайтер еді... Өзіңді сыйлайтын, сені айтқызбай түсінетін, саған шын жаны ашитын адаммен бірге ғұмыр кешу – менің бақытты жылдарым, айларым, күндерім...
– Өткенсіз бүгін жоқ деген. «Біз екеу едік» деген естелігіңізде «...Қытай жерінде Тарбағатайдың ар жақ бауырында Шәуешек қаласында туып, Қазақстанға 1955 жылы келдік...» деген жолдар бар. Уақыты піскен кезде айтылатын дүниелер болады ғой. Өмірбаяныңыздаи сыр шертіп көрсеңіз...
– Иә, мен Қытайда тудым, кішкене кезімнен ән айтып, би билеуге құмарттым. Мектептің көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүріп, онжылдықты бітірдім. Ол кезде әр қалада қыздар, ұлдар мектебі бөлек болатын. Онда қазақша да, ұйғырша да, татарша да сабақ өтетін. Қай мұғалімнің қолында қандай кітап болса, содан сабақ бере беретін. Содан да шығар, біздер қазақша да, өзбекше де, ұйғырша да оқыдық. Оқуды тәмамдап, Үрімшіге жоғары оқуға түсуге барғанымда Шаңқай киностудиясы «Хасен-Жәмила» фильмін түсіруге басты рөлде ойнайтын актер іздеп жүр екен. Орталық комитет хатшысының қабылдау бөлмесінде отырғанымда фильмнің режиссері мені көріп, Жәмила рөлін ойнауға «құда» түссін. Кино бір жылдай түсірілді. 1955 жылы КСРО жағы Қазақстандағы тың жерлерді игеруге Қытайдан көмек сұраған болуы керек, соны сылтауратып өттік те, қалып қойдым. Келгенім тамыз айының аяғы болатын, дереу консерваторияға тарттым. Онда театр факультеті жаңадан ашылып, қабылдау емтиханы өтіп кетіпті. Сол кездегі ұстаздарым Ахмет Жұбанов пен Асқар Тоқпанов ағаларға жағдайымды айттым. Ол кісілер дереу Мәдениет министрлігіне барып, қосымша орын сұрап, ақыры оқуға қабылдатты. Осылайша, окуға түсіп, тағдырымның өзгеруіне әруақты ағалардың шапағаты тиіп еді. Одан кейін де стипендия алуыма, жатақханаға орналасуыма, орыс тілін білмеймін ғой, сол тілде емтихан тапсырмауыма дейін араласып, көп жеңілдіктер жасады. Ол кездегі консерватория ректоры Құдыс Қожамияров та көп жәрдемін тигізді. Сондағы қамқорлықтары үшін сол кісілердің әруағының алдында қарыздармын. Бұл жағдайды бүгін айтпағанда, қай уақытта айтайын.
Институтты бітіріп, алғаш театрға келген кезімде бір топ сахна абыздары, ұлы актерлеріміз Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Шәкен Аймановтардың бабындағы, ал мықты актрисаларымыз Рақия Қойшыбаева, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова сияқты апайлардың шабыттарының нағыз өрлеп тұрған шағы болса, театрдың жастары Ыдырыс пен Нұрмұхан Жантөрин біреуі Шоқан, біреуі Абай болып ойнап, шоқ болып жанып тұрған кездері екен. Ал Әзекең (Әзірбайжан Мәмбетов) театрға жаңадан режиссер болып орналасыпты. Сол жылдары қара шаңырақта қазақтың эпикалық аңыздары, классикалық драматургияның қайтадан түлеп қойыла бастаған тұсы. Бағымызға қарай, бұл күнде есімдерін мақтанышпен айтатын біздің ұрпақ өкілдері Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Райымбек Сейітметов, Нүкетай Мышпаева, Торғын Тасыбекова, Әнуарбеқ Молдабеков сынды өнерге жаңа талпынған жастар осындай аға, апалармен тағдырымыз тоғысты да, солардың қамқорлығына ендік те кеттік. Бізден кейінгі буын Раушан Әуезбаева, Есболған Жайсаңбаевтар да сол кісілердің көзін көріп, тәрбиесін алды.
– Аттары аңызға айналған сол өнер саңлақтарынан сабақ алып үлгердік дейсіз ғой.
– Әлбетте. Өйткені, институты бітіре салып, сахнаға әртіспін деп келу қиын. Жоғары оқу орны саған бағыт-бағдар береді, ал одан өрі өзің ізденуің керек. Оны театрдағы әріптестеріңнен, өзіңмен етене жұмыс істейтін режиссеріңнен, өз талабыңнан табасың. Оның үстіне, біздің тағдырымызды топтастырып, талантымызды ашқан Әзекең еді. Мысалы, мен «Ана – Жер –Ананы» жиырма жеті жасымнан алпыс жасыма дейін ойнадым. Бастапқы кезде бұл рөлде қысылып-қымтырылар тұстар, яки жастығым сезіліп тұрса, бара-бара етене бір болып, қабысып кеткендеймін.
Сондай-ақ, «Қан мен тердегі» Ақбала, тағы да басқа көптеген спектакльдерде әйел-ана образын сомдау оңайға түспегенмен, шыңдалуыма, шығармашылық өсуіме әсер етіп, шыңдады.
– Фарида апай, өзіңіз айтқандай, сіздің сахна төрінен бірқатар ана образдарын соншалықты шынайы бейнелеп шығарғаныңызға өзіміз де талай рет тәнті болғанымыз бар. Сол рөлдеріңіздің жанға жақындығы сондай, одан әркім өз анасыи көргендей әсер алатын. Соның сыры неде?
– Ана – ұлы ұғым, ұлы есім. Толғанай айтады емес пе: «Ана тағдыры – халық тағдырымен тамырлас. Мен қаншама рет өмір қатыгездігін көріп, басымнан қандай бір ауыр күндерді өткізбейін – бәрібір осы аналық сезімімнен танбаймын. Менің тірі жүргенім де содан...» деп. Міне, осы сөздер талай нәрсені үғындырса керек. Ана өзі ішпесе де, жемесе де, кимесе де ұрпағын аман сақтап қалуға бар, елі мен жұртына ниеті адал. Сондықтан да Ана рөліне ерте барғаныма қатты қиналғаным да рас. Бірақ режиссердің мықтылығы бар, қасымдағы тума талант Сәбира Майқанова мен екінші кезектегі Бикен Римова апайларым бар, екі жақтап алып шықты. Сол екі апамның ортасында жүріп, сол кісілердің парасаттылығын, адамгершілігін үйрендім. Онымен қарап калғаным жоқ, жас актрисаның қолынан келмеді демесін деп, солардың көлеңкесінде қалып қоймайын деп күні-түні ойға батамын, кітап оқимын, фильмдер көремін, ауылға барып соғыс кезіндегі келіншектермен, көпті көрген аналармен кездесіп, сол кездегі тіршілік-тыныстың қандай болғанын сезінуге тырыстым. Осылайша, біраз еңбектеніп, қай замандағы ана образын болсын шынайы бейнелеуге ұмтылдым. Дүниеде ана образынан асқан бекзат рөл жоқ, орысша айтқанда «благородный» дей ме. Оны халық ешуақытта жек көрмеген.
Өйткені, одан әркім өз анасының жақсы қасиеттерін іздеуге тырысады.
Сондықтан сенің жүріс-тұрысың да, сенің үнің де, сенің көз жасың да, бүкіл іс-әрекетіңнің бәрі жақсы, сүйкімді көрінеді, Содан да шығар, аналар бейнесі бүкіл шығармашылығымның үлкен белесі.
Кейде мен ойлаймын, егер ана рөлін жиырма жеті жасымда ойнамай, кейінірек қырық-елу жасымда сомдаған болсам, мүмкін бұл деңгейге жетпес пе едім деп.
Себебі, маған жиырма-отыз жылдың салмағын бірден көтеруге тура келді. Әлі есімде, Әзекеңе «Әлі жаспын ғой, неге кемпірдің рөлін бересіз» деп талай ренжігенім де бар. Бұл жүрексінгенімнен айтылса керек. Жалпы, мұндай биік рөлдер адамды не құлатады, не өсіреді – екінің бірі.
– Енді өз анаңыз туралы айта кетсеңіз. Өйткені, халықкд танымал өнер иесін өсірген ана туралы да білгенге не жетсін.
– Анамның аты – Нұрша, Семейдегі Аягөз өңірінің қызы, ол кісілер Қазақстанға 1962 жылы қашып келген. Қазір сексеннің үстінде, сегіз баладан немере, шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Екі қызы Қытайда, кейде соларға барып қайтады. Бір ұлы дүниеден өтті. Жас кезінде әдемі, әнді жақсы айтатын, сауықшыл адам болған. Бейнеті ауыр ауылда тұрып, соншама баланы өсіріп, төрбиелеу әйелге оңай тисін бе, ерте есейді, ерте қартайды.
– Өзіңіз қызмет істейтін қара шаңырақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі турасында айта отырсаңыз.
– Кейде театрға кіріп бара жатқанымда көз алдыма мына бір көрініс жиі елестейді: Ыдекең Абайдың рөлінде, қасында шәкірттері болып ойнайтын Асанәлі, Сәбит, Райымбектер қатар тұрғанда сахнаның сәнін келтіріп, көздің жауын алатын. Сол Асанәлінің жұмыс істемей жүргені қабырғаңа батады. Кейіннен кинорежиссер болып кетті ғой. Бірақ сахнаға келіп төбе көрсетіп жүрсе деп те ойлайсың. Заман өзгерген сайын актерлер де өзгереді, өседі. Бүгінде аға буын қатардағы актерлеріміз бар – бастығы Тұңғышбай Жаманқұлов болып, Әшірәлі Кенжеев, Құман Тастанбеков, Тілектес Мейрамов, тағы басқалар. Осы жігіттер қазір театрдың жауапкершілігін мойнына алып отыр Ал Әзекеңнің Халық қаһарманы атануы бүкіл театр өнеріне берілген баға деп біліп, қатты қуандық. Шыныңда да, отыз жылдық шығармашылық жолында бұрынғы Кеңес одағы бойынша қазақ театрын алдыңғы орынға жеткізудің өзі үлкен шеберлік, үлкен еңбек болатын. Қазір ол кісі – Астанада. Ондай кәсіби шебер адамның тағы да жас театрды қолға алып, аяғынан тұрғызуы, үлкен жетістікке жеткізуі – әрі міндеті, әрі парызы. Сол Әзекеңнің өзімізде болмағанына қынжылсақ та, бір жағынан Астанада тағы бір өнер ордасын ашып, актерлерді тәрбиелеп жатқанына мақганамыз. Мен өз басым Әзекеңе қарыздар адаммын. Олай дейтінім, осы әлетке, осындай дәрежеге жеткізді. Кейде біздерге өкпе-наз да айтып қояды. Онысы орынды да. Бірақ, уақыт солай. Бүгінде театрымызды басқарып отырған Тұңғышбайға да ризамыз. Әрине, бүкіл қазақ театрында бір ғана адамның болуы мүмкін емес қой, оны басқаратын, жұмыс істейтін азаматтар көп болуы керек. Сонда ғана біздің өнеріміз өседі, өркендейді. Осындай-осындай тадмаша талантты қазақ жастары көбейсе деймін. Ал мұндағы жас актерлер шеберлігіне тоқталсақ, ол бір күнде қалыптаспақ емес. Олардың бірден күрделі рөлдерге бара алмауы мүмкін. Ол, біріншіден, актердің дарынына, екіншіден, репертуарға байланысты. Жоғарыда айттым ғой, мысалы біздер театрда классикалық дүниелердің қойылып жатқан тұсына тап болдық, бірден сондай биік репертуармен біте қайнастық деп. Десек те, өзімізде де сондағы ойнаған сахна шеберлерінен калып қоймайық деген ынта бар еді. Соның бәрі шеберлігімізді ұштады. Қазір де жаман емес. Мәселен, театрда екі «Абылай хан» пьесасы қойылды. Екеуіне де сүйсіне қараймын. Әбіш ағамыздын дүниесі эпикалық, романтикалық оқиғаларға, толғаныстарға толы, үлкен мерекеге арналса, ал Маман ағамыздың «Абылай ханы» драмалық, психологиялық ой-толғауларымен ерекшеленеді. Одан кейінгі қойылған «Томирис», ол да үлкен шығарма, үлкен құбылыс. Театр қазір ізденіс үстінде. Бүгінгі жазушылар ішінен Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» повесі бойынша Болат Атабаевтың қойған дүниесін жоғары бағалаймын. Онда актерлерге азық болатын терең мағыналы ойлар баршылық. Міне, осындай күрделі оқиғалар ғой актердің шеберлігін шындайтын да, сынайтын да. Егер драматургтер батыл болып, мұндай шығармалар көбейсе, режиссерлер де қабілеттерін, өз мүмкіңдіктерін көрсетер еді. Болат Әзекеңнің оқушысы, ол өзінше жол іздейтін, замана лүпілін сезетін келешегі зор режиссер. Әзекенді осындай шәкірті болғандықтан да құттықтауға болады. Сондай-ақ, театрда Рахимов, Сүгірбеков сынды режиссерлердің әрқайсысының өзіндік қолтаңбасы бар. Мәселен, Рахимовтың қойған «Қилы заманы» да тұшымды дүние.
Соңғы кезде театр мәртебесі өзгерді. Ертеде түгел дерлік мемлекеттің қаржыландыруында болса, қазір оның біраз бөлігін өзі табуы керек. Бұл театрға өте ауыр тиіп жатыр. Кейде ойлаймын, біздің егеменді ел болғанымызға он-ақ жыл болды. Сол мерзім ішінде барлық жағынан көтеріле қоюымыз мүмкін емес қой. Сондықтан да осы жүйеге өнер саласының көшуі ертерек болған жоқ па деген де ой келеді. Өйткені, бұлайша қаржыландыру үлкен дүниелер жазуға, тапсырыстар беруге салқынын тигізбей қоймайды. Оның үстіне әртістерге беретін атақ-дәреженің барлығын алып тастады. Қазір тек Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері деген атақ қана қалды. Былай қарасаң, мәселе атақта да емес сияқгы. Мысалы, шетелдік әртістер атаққа ұмтылмайды. Себеп – оларда әртістік кәсіп ең мәртебелі, ең бағалы болып саналады. Яғни, жоғары бағаланған өнер тұрған жерде атақтың қажеті шамалы. Оларда бір киноға түссең, ертеңіне қаржылы болып шыға келесің. Одан кейін жұмыс істемей-ақ қой. Ал біздің мардымсыз ақшамен күн көрудің өзі қиын. Кейде әртістер отбасын асырау үшін қосымша қаражат тауып жатса, оған түсіністікпен карау керек шығар. Ендеше, атақ ең болмаса, жастарды жігерлендіру, ынталаңдыру мақсатында берілгені дұрыс сияқты ма дейсің. Істеген еңбектерінің жемісін, бағасын тек халық қана емес, мемлекет те бағалап жатса несі артық. Әрі солай болуға тиіс те сияқты. Мысалы, мен отыз жасымда Еңбек сіңірген, қырық жасымда Халық әртісі, қырық үш жасымда КСРО Халық әртісі атағын алдым. Сол екі арада екі рет лауреат, алпыс жасымда Қырғызстан мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер атандым. Былай қарасаң, онда тұрған ештеңе жоқ сияқты, ал бір жағынан, соның бәрі көңіл, елеп-ескеру ме дерсің. Осы бір ойландыратын жағдай. Өзім театрдағы бір топ талантты жастарға ризамын. Оның ішінде Дарияны айтуға болады, оның бағы шығар, келгеннен «Тұрандот ханшайымда», «Томиристе» басты рөлдерде ойнады. Кейде кейбір рөлдер біреудің бағына жазылып қалатындай. Оған дәлел, біз келгенде «Ана –Жер –Ананың», «Қобыландының», «Қан мен тердің» қойылуы бағымыздың жануы еді. Тағы да екі жас жігітті – Дулыға Акмолдаев пен Ерлан Біләловті атап өткім келеді. Кейде апалары күліп қоямыз, әттең, бой бергенде тамаша рөлдерді ойнар еді деп. Қазір де жаман емес. Неге екенін білмеймін, бүгінде актерлік мамандыққа өнерді құлай сүйетін, зор тұлғалы жастар тым аз келеді. Бұрындары қалай еді, жоғары оқу орындарына қабылдау емтиханы алдымен өнер институтында жүретін. Оның сыры алдымен өнерлі, талантты балаларды іріктеп алу. Ал қазір керісінше, басқа институттарға түсе алмағандарды қабылдап жатқаны. Бұл өзімнің ойым. Мүмкін жаңадан бітіріп жатқан түлектер ішінде талантты да еңселі жастардың шықпасына кім кепіл. Естігенім, биылғы бітірген бүкіл курс Қостанайға, Өскеменге кетіпті. Міне, осы жоғарыда айтылған талап-тілектерді жаңадан келген министріміз де, Мәдениет комитетінің жаңа басшысы да ескерсе деймін. Өнердің тағдыры бір жылмен өлшенбейді. Ол минут, секунд сайын ойлайтын нәрсе. Ендігі жерде тек қана ұлттық деңгейде қалып қоймауды да ойластырып, Батыстың, Шығыстың мәдениетімен, өнерімен бәсекелесіп өссек. Ал бізде ондай негіз бар. Оның тамыры жоғалған жоқ, соны дамытсақ. Өнер институтында дәріс беретін Маман Байсеркенов, Әшірбек Сығаев, Есмұхан Обаев, тағы басқа білікті де білімді педагог-мамандар тұрғанда қазақ өнері кенжелей коймас. Тек шынайы, таза өнерге жаны ашитын өнер қайраткерлері бірауызды болса дейсің. Сенікі дұрыс емес, сен сондайсың дегеннен гөрі, өзара ақылдасып, бір-біріміздің бетімізге шындығымызды достарша айтып, достарша қабылдасақ. Алауыз болып, бірімізді-бірімізді газет бетінде жамандап, бет жыртысып жатқаннан пайда шамалы. Өйткені, киелі де қасиетті өнер бұлардың барлығынан биік.
– Кейде бүгінгі жас актерлердің ойынының соншама жасандылығына налисың. Ал Сіз ойнаған образдарда шынайы өмір сахнада, көз алдыңда болып жатқандай әсер қалдырады. Кейде қойылым аяқталып, көрермендер алдына щыққанда Сіздің сол бейнелеген образдан шыға алмай тұрғаныңызды байқау еш қиын емес. «Кім бай болғысы келмейді – Құдайы қаламайды, кімнің батыр болғысы келмейді – жүрегі дауаламайды» демекші, кімнің жақсы актер болғысы келмейді дейсіз. Ендеше, жақсы актер болу үшін қандай басты-басты қасиеттер керек?
– Ең бірінші, тума талант қажет. Басында оны біреу сезеді, біреу сезбейді. Жоғары оқу орнына түсу, оны бітіру бар да, мықты актер болу – екінші мәселе. Мен айтар едім, ол үшін сен ақын да, данышпан да, жан-жақты білімдар оқымысты да болуың керек. Бүгінгі таңда актер кәсібінің ауқымы кеңіді, неше түрлі бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Актер режиссердің қалай қозғаса солай жүретін «пешкасы» емес, өзінің ойы бар, сол ойды айта алатын, яғни, сол айтып тұрған сөзінің қосалқы авторы болуы қажет. Енді оған сезімталдықты қосыңыз. Егер тек режиссердің ғана тапсырмасын орындап, жаныңнан ештеңе қоспасаң, режиссер оятқан ойды түнімен бойыңа сіңіріп, жан дүниеңнен өткізіп, ертесіне өзіндік формасын әкеліп «Кеше айтқан ойыңызды былай жасасам ба деп тұрмын» демегенше жақсы актер боламын деп ойламаңыз. Актерлік кәсіптің ең қиындығы – жанкештілігінде. Жаныңның барлығын сарп етіп, өліп-талғаныңда барып шынайы дүние шығарасың. Кеше француз актрисасы Анри Жирардо ойнайтын шетелдік фильмді көрдім. Сол актрисаны сондай жақсы көремін. Оның ойнаған рөлдерінде бір жасандылық жоқ. Өзінің алып бара жатқан түрі де жоқ. Сол актрисаны халық жақсы көреді. Бірде газет тілшісі «Сіздің қызыңыздың өнерінің негізі неде?» деп сұрағанында, анасы: «Қызым әдемі емеспін деп уайымдамайды, шынайы болмадым-ау деп қорқады» деп жауап беріпті. Жалпы, адамзатқа бірдей шындық ортақ болуы үшін, сен ең алдымен өз шындығыңды айтуың керек. Сонда сенің шындығың өзгенің шындығын оятады.
– Жалпы, актер мен көрермен арасындағы дәнекер – сахна. Яғни, көрермен жақсы көретін суреткерін, актерін тек сахна, экран арқылы танып біледі, ол жайында пікірін қалыптастырады. Кейде жұрт сондай жақсы көретін, сыйлайтын атақты актерлердің өмірдегі пендешілігін көріп, көңілдері қалып жатады. Осы жөнінде бір сахна шеберінің: «Актер үшін талант қандай маңызды болса, адамгершілік қасиеттері де соншалықгы маңызды. Кейде жақсы актердің адамгершілік қасиеттері талант деңгейінен төмен жатады. Ондайларды сахнадан көрудің өзі бір қиямет – өйткені оның ойынына калтқысыз сене алмайсыз. Актердің рөл орындау барысындағы материалы – өз болмысы, адамгершілік тұрғысы...» деген пікірін оқығаным бар. Бұл тұрғыда сіз нендей пікір айтар едіңіз? ¬
– Бәрі де актер парасатына байланысты. Кейде бір актерлер болады, данышпан адамдарды сендіріп ойнайды. Оған сенесің. Ал кейбір парасаты биік, зиялы актерлер болады, олар да данышпан адамдарды ойнайды, оған сенесің де, сеніп отырып, табынасың да. Демек, айтқаны жасанды, жатталған дүние емес, өз парасатынан, өз сана-сезімінен өткізіп барып айтқан шындық өзіне жарасып тұр. Естеріңізде ме, ертеде Лениннің образын ойнайтын актерді бюрода бекітетін. Ондағысы ол кісінің кібіртектеп тұрғанын, «Р» дыбысына тілі келмейтінін ғана айнытпай салу емес, ол қызыл көсемнің сөздерін айтқанда да актердің өз деңгейі жоғары, тереңде болуын ескеру еді. Сондықтан актер өзінің өмірдегі қалпынан өзгермегені абзал. Мен бірақ данышпан адамдарды кім көрінген ойнайды дегенге сенбеймін. Мүмкін әлгі сахна шебері оны жалпы мысал ретінде келтірген шығар. Атақты Смоктуновский Гамлетті ойнаса Гамлет болып шыға келмей ме. Өйткені, ол кісілер – театрдағы, өнердегі құбылыс. Ал ондай құбылыстар сирек кездеседі.
– Фарида апай, бүгінде өзіңіз айтпақшы, жанкешті актерлерден гөрі арзанқол дүниелерге барып, жылтыңдап теледидардан түспейтін, арзан күлкіге әуес актерлерді халық көбірек танитын сияқты. Солар шынайы өнерге көлеңкесін түсіреді деп ойламайсыз ба... ¬
– Шынайы, көркем өнерді көргісі келетін адам бәрібір оны іздеп табатынына сенемін.
– Дүниенің бар қызығы жаның сүйген жар таңдаудан артылмайды дегенді ата-бабаларымыз айтып кеткен ғой. Дегенмен, әйел бақыты еріне байланысты деген ұғымға байланысты не айтар едіңіз?
– Жиырма сегіз жыл Ыдекеңмен бір шаңырақта өте бақытты өмір сүрдім. Бір-бірімізге кешірімді едік. Оның бойында қазақтағы бар жақсы қасиеттердің бәрі бар еді. Оны қатты сыйладым. Сыйлағанда еркелейтін ерім ретінде ғана емес, үлкен талант иесі ретінде де. Ойнаған рөлдері талантын аша түссе, басты кейіпкерлерді көбірек ойнаса деп тіледім. Оны Ыдекең ойнады да. Тағдыр талантын аямағанмен, ғұмырын өлшеп аз беріпті.
Елу сегіз жасында дүниеден озды. Менің ұғымымша, елу сегіз жас өнер адамдарының қатерлі шағы ма деп қалдым. Өйткені, Шәкен ағай да, Мәжит, Абдолла, Кененбай, Нұрмұхан да сол елу сегіз-елу тоғыз шамаларында кетті ғой. Тағдыр, жазмыш дейміз ғой, бірақ кейде үлкен жүректі талантты адамдар өздерін бірден көрсетсек деп өлшеусіз, тынымсыз күштерін жұмсап, жанып кете ме деймін. Иә, олар қилы-қилы тағдырларды ойнады, қайғырса қайғырды, күлсе күлді. Жүректеріне үлкен салмақ түсіретін болуы керек.
Меніңше, әйел бағы – өз қолында, ана бағы – халықның қолында. Демек, халық бақытты болса ана да, әйел де бақытты. Бір айта кетерім, ерлі-зайыптылар арасында ең керегі – түсіністік. Өнердегі, яғни бір саладағы адамдардың тату- тәтті тұруын заңдылық көремін. Күндіз ренжіссең, бәрін ұмытып кешке сахнаға бірге шығасың. Біріңнің табиғатынды бірің білесің. Жалпы, адам баласы өзінде жоқ қасиеттерді жақсы көреді, соны іздейді. Басқа біреуді жақсы көру, өзіндегі жоқ қасиеттерді жақсы көру шығар.
– Жаттанды сұрақ демеңіз, сол жақсы көруді, қалай түсінесіз. Ол не өзі...
– Махаббат дегенді айтқыңыз келіп отыр ғой. Ол – құдірет. Бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын, бір адам болып кеткен екі адамның тоғысқан достық ғұмыры. Мынаны қараңыз, өмірдегі дос адамдар бірін бірі көрмесе де тұра берсе, ал жарыңды көрмей тұрып көрші. Соған қарағанда, бұл ғажайып сезім, оған ешкім нақты жауабын бере алмаған, айта алмаған. Оның құдіреті де осында. Меніңше, махаббат адамға бір рет қана берілетін арман сезім.
– Сонау «Хасен – Жәмила» кинофильміндегі Жәмила рөліндегі жас та сүйкімді Фарида мен бүгінгі кемел Фариданың ара салмағы қандай? Адам жаны нені көбірек іздеп, неден шөліркейді екен?
– Ол кезде он сегіз жастағы бойжеткен кезім болса, қазір міне, есейдік, қартайдық. Ол кезде өнердің жеткіншегі болсақ, қазір біраз жұртқа апасы болдық. Алдымыздағы Хадиша, Шолпан, Зәмзәгүлден кейін өкше басып келе жатқан біздерге, енді ізімізді өшірмей жалғастыратын жастарға қамқор болу, жол сілтеу, қолдан келсе жақсылық жасау ғана калды.
Өз басым өзгеше ешнәрсе күтпеймін. Қанағат. Мен секілді өмір сүрген де бар, сүрмеген де бар, мен жеткен жетістікке жеткен де бар, жетпеген де бар. Бастысы – балалар, ұрпақ аман болса деймін. Шыңғыс деген ұлымыз – суретші. Өнер адамы ғой, ойлаған арманына, жетістіктерге қол жеткізсе деймін. Қара шаңырағымыз бұрынғы деңгейінен түспесе, қазақ өнері өрлесе, адамдар бір-біріне мейірімді болып, халық бейнет көрмесе деймін. Ата-бабамыз армандаған егемендігіміз баянды болып, болашағы мықты, өсіп-өркендеген ел болсақ деймін.
Сұхбаттасқан Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
qazaquni.kz