ЖАНКЕШТІ
2021 ж. 06 қыркүйек
1379
0
«Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке то¬лы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демо¬графиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді... Сол себепті, тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, өзіміз күнде көріп жүрген қазіргі құбылыстардан ой түйіп, болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білу де айрықша маңызды».
Бұл ¬– Қазақ елінің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан үзінді. Төмендегі кейіпкеріміздің де ойы осы уәжбен мейлінше орайласады.
Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары осы Баян¬ауламен жапсарлас Егіндібұлақ жерінде келімсектермен аяусыз арпалысып Нұр¬жан-ның Біржаны деген ер өткен. Ақыры абақтыда өліпті. Өкімет ел еркіндігін көк¬сеген сайыпқыранды «халық жауы» деп танып, өмір бойы тұқыртқан. Сол Біржанның немере інісі, Нұржанмен бірге туған Күлжанның ұлы Мұқатай ақсақалмен арадағы әңгімені еске аламыз. 2013 жылы жүздесіппіз. О кезде тоқсан алты жаста еді. Кейінгі қазақ ұрпағы бастан кешкен азапты түгелдей бұл кісі де өткен екен. Көкірегі шежіре, сүйегі асыл, шын абыз. Талай қыс пен жаздың тірі куәсі. Жүзге таяса да санасы сергек, ширақ қимылды адам.
– Аштық Баянға отызыншы жылы келді, – деді қоңыр үні күмбірлеп. – Он екіге қара¬ған шағым. Жездем көршілес Алексеевкада сатушы-тын. Соған жіберген. Апам қай¬тар¬да арқама қызыл дорбамен жарты шелек¬тен аса ұн байлап берді. Қойныма бір таба нан тықты. Бұрынғы Алексеевка, қазіргі Құмдыкөлден Егіндібұлаққа дейін – он сегіз, одан Баянауылға жеткенше отыз бес шақырым бар. Барлығы елу үш километр. Таңертеңгі он шамасында шықтым. Жаяу. Елді мекеннің бергі бетінен бұлақ ағады. Ол уақытта жылға жағалай ну қамыс. Соның арасында тізе бүгіп, дем басып отырсам, сыртта секиіп тұрған үш-төрт жігіт: «Ана балада тамақ бар!» деп, сыбыр-сыбыр етті. Бұлардың азықты тартып ал¬мақ¬шы болғанын аңдап, ақырын ғана ең¬беꬬтеп шығып, тау ішімен салдым. Бір мез¬гілде жанұшыра жүгіргенімді, әлгілердің топыр¬лап қуғанын білем. Содан түнгі сағат бірдің мөлшерінде сүріне-жығыла жеттім-ау Баянға. Шешем дорбаны шешіп, көйле¬гімді сыпырғанда арқам қызылжоса қан екен. Жолда ұшырасқан қарақшы балалар жауырын тұсымды тіліп жіберіпті...
Шіркін, өмір-ай! Сол заман адамдарының жан¬кештілігіне таңданбасқа да лажың қал¬майды.
– Голощекин дегенді білесің. Ол да Қазақ жерінде Кіші Октябрь революциясын жасаймын деп лаңды салды-ау. Әрбір шаңыраққа салық белгіледі. Астық беру керек, жүн, ет тапсырасың. Біздің үйде өзге малдан бөлек екі қарақасқа өгіз бар еді. Үйдей. Әкей сол екеуін орталыққа апарып, отыз келі бидайға айырбастады. Орыстарға... Бір алапат нәубеттің таяғанын сезген жұрт үйір-үйір жылқыларын сойып, тауға апарып тықты. Оны ит пен құс жеді. Біздің үйдің де малының сойылғаны сойылды, ұрланғаны ұрланды. Сөйтіп, әке-шешем, қарындасым төртеуміз Баянға көштік. Одан мені Павлодардан қырық шақырымдай Ямышевка деген жердегі Крупская атындағы Балалар үйіне тапсырған. Жан басына екі жүз грамнан нан береді. Оның жартысын бұзақы балалар тартып алады. Қалғанына тәр¬бие¬шіміз көз сатады. Бір түйірі өз аузыңа тие ме, тимей ме. Бұралған ашпыз. Әрі, баланың бәрі биттеген. Қазіргі қала көшелерінде кептеліске тірелген машина сияқты торғай¬дай бит қаптап талағанда, адам аузынан ақ көбік ағып құлайтын көрінеді. Жеткіншектің көбі сөйтіп-ақ қырылды. Жазғасалым жетпіске тарта бала Павлодарды бетке алдық. Қалайда жан сақтаудың қамы ғой. Тағы да жаяу. Жалаяқ. Жалаңбас. Сырт киім де жоқ. Қарлы-жаңбырдың астымен жортып келе жатқанда сонадайда дөңкиіп жат¬қан бірдеңені көз шалды. Жеті-сегіз бала бұ¬рылып бардық. Шіріген картоп екен. Бір қап¬тай. Дереу толтырып, қурай жағып, әл¬гіні пісіріп жедік. Әшейін қарын алдау да. Нәр¬сіз. Сылдыр су. Аздаған крахмалы болуы мүмкін. Қысқасы, Керекуге әлгі жет¬піс¬тей баланың он шақтысы ғана аман жеттік. Қалғанының бәрі жолда өлді.
***
Он екі-он үш жасар Мұқатай бала қа¬қа¬ған қыста өзек жалғайтын бір тілім нан іздеп, пойыз үстімен Омбыға да барыпты. Жападан-жалғыз. Одан Барнаулға жө¬нейді.
– Қалада үлкен бір нанхана бар еді. Кө¬біне соны төңіректейміз. Біреулер арбаға нан тиеп жатады. Бөлкені біріне-бірі лақтырып беріп тұрғанда ортадан қақшып түсіп, тұра қашамыз. Түнде сол наубай¬ха¬на¬ның үстіне шығып, пеш мұржасын құшақтап жатып ұйықтаймыз.
***
Одан Күлжан отбасы елмен бірге Қарағандыға қарай шұбырады.
– Арасында әкем бар, өз туыстарымнан оннан аса адам сонда өлді. Он шақты үйдей шыққанбыз. Бізде екі ат-шана бар. Сенделген көп ел көліксіз. Жездем де сегіз баласымен бірге шейіт болып кетті. Одан, Қойтас деген жерде сегіз-тоғыз баланың сүйегі жатыр екен, оны апарып көмдік. Семізбұғы¬дан да қырылған адам көп кездесті. Қара¬ғандыға жеткенімізде жиырма шақты арба күн сайын үлкен алаңға жиналған елге үш мәрте тамақ әкеліп тұрды. Ел бәрібір қыры¬лып жатты. Әлгі арбалар өлгендерді тәулігіне төрт реттен далаға апарып көмеді. Шешем 18-ші шахтаға жұмысқа орналасқан. Ол уа¬қыт¬та көмірді атпен айналдыратын шы¬ғыр¬шық арқылы шығарады. Көбіне шешем¬нің орнына барып, көмір арасындағы тасты мен жинаймын. Бір күні әлдекім: «Арала¬рың¬да кім хат таниды?» деп дауыстады. Бәрі¬міз жапа-тармағай қол көтеріп жатырмыз. Алты-жетеуімізді кеңсеге кіргізді. Іштегі татар келіншек көзі ажырайып: «Мынау да әріп біле ме? – деп таңданады. – Кә¬не, жазшы!». Оған дейін үш класс түгескемін. Аздап тіл де білем. Әйелмен орысша сөйлес¬тім. Жазуым әдемі. «Мына бала жақсы жазады екен!». Қатты қуанды. Сөйтсем, бұлардың десятниктері, тіпті, әліпті таяқ деп таны¬майтын біреу. Осылай аяқ астынан есеп¬ші болып, бірталайға дейін мен де жұмысқа ілігіп кеттім. Алматыға Балалар үйіне кеткенімше. Онда 1935-ші жылы қыс қарсаңында барғанмын.
***
Осы тұста Мұқаң мойнын төмен салып, бір нүктеге қадала, терең ойға шомып, едәуір үнсіз қалады. Ғасырға жуық уақыт тезінен сүңгіп, өткен дүниені мөлдіретіп көз алдыңа әкелу оңай нәрсе болмаса керек. Әрине, аздаған рахаты мен мұңы да жоқ емес, теңіздей тұңғиық, жатқан бір сырлы әлем ғой.
– Балалар үйінде отыз жетіге дейін жүр¬дім. О кезде Алматы қазіргідей емес. Жаппай сыңсыған алма мен алқоры бағы. Әсі¬ре¬се, апорт исі мұрын жарады. Жатаған ағаш жай. Одан екі қабатты Үкімет үйі салын¬ды. Абай көшесінде. Онда «Абай» емес, «Арычная» ма екен?! Орталық Атқару Ко¬митетінің төрағасы – Елтай Ерназаров. Ораз Исаев Совнарком төрағасы. Жұмат Шанин дегенді естуің бар ма? Менің үлкен нағашым еді. Нақтырағы, әкемнің нағашысы. Алматыға келіп ең алғаш Қазақ Ұлттық театрын ашқан кісі. Тұңғыш режиссер. Кейін орнынан алып, Орал театрына жіберді. Бұ кезде Мәулен деген жалғыз баласы Мәскеуде Чайковский атындағы Музыка институтында оқып жүрген. Бір күні Орал¬дағы әлгі театр үйі өртеніп кетіпті. Ұлы әкесін көре алмай қалды. Баласы елге оралғанша Жұмекеңді «халық жауы» деп атып тастаған-ды. Жабай Тоған¬дықов та немере ағам. Қара¬ған¬дыда әнші-тін. 1936-шы жылы ол да Москвада өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасына қатысып қайтты. Менің бір бақытым – елдің маңдайына біткен жақсы мен жайсаңның бәрін дерлік көрдім. Ахмет Байтұрсыновты жолықтырдық. Кезек¬ті қамаудан шыққан тұсы-ау. Жам¬был Жабаевты да көрдім. Әлде¬бір дүбірлі шарада кинотеатр ғима¬раты алдындағы мінберге шығып өлеңін айтты. Сәкенмен де сан жүздес¬кемін. Оның да сонау декададан орал¬ған кезі. Студент болып үлгергенбіз. Бір күні Көк базарға барсақ, қасында Бейімбет Майлин бар, өзінің «Пикап» көлігінің жанында ошарылыңқырап тұр екен. Екеуіне жүгіріп барып сәлем бердік. Сәкен аға: «Жігіттер, біз бір қой алып едік. Соны әкеліп, мәшинеге салып беріңдерші!» – деді. Салып бердік. Ол уақытта көп мәшине де жоқ қой. Қандай кө¬рікті адам! Керемет киінеді. Толқынды қа¬ра шашы, қияқтай қара қою мұрты бар. Де¬несі сом. Бойшаң. Жаздық тік жаға ақ көй¬лек о кезде мода. Қара атластан белбеу орайды. Аяқта – сықырлауық хром етік. Бізге Сәкенмен қатар оқыған бір жігіт «Қа¬зақ әдебиеті» пәнінен сабақ берген. Мен о кезде «Осы мен не бітірдім өмірімде? Бір кү¬дік арылмады көңілімде. Артымда жүріп өткен жол қалмаса, Мағынасыз сияқты өмірім де» дегендей сарында былдырақ¬татып өлең жазып жүруші едім. Жаңағы мұғалі¬мі¬міз мен секілді екі-үш балаға: «Сендер Сә¬кен Сейфуллин жөнінде өздеріңнің білетіндеріңді жазыңдар. Өңдеп, газетке беремін» деді. «Ақынға ода» дегендей ба¬ғытта жазып шыққаным есімде. Содан көп ұзамай Сәкеннің ұсталып кеткенін естідік. Голощекин келгеннен бастап оны қызметтен де, бәрінен біртіндеп қақпайлап қыса бас¬таған екен ғой. Сондай күндерде бір әйел: «Сені Добрацкий шақырып жатыр» деді. Добрац¬кийі – Қауіпсіздік мекемесінің директоры. Барсам, бірі жартылай әскери, бірі жай қыз¬меткер екі адам күтіп отыр. Қаһарлы. Бір¬ден: «Тұр былай! Сәкен Сейфуллин кімің сенің?!» деді зіркілдеп. «Ешкімім де емес». – «Халық жауын» мақтап өлең жазыпсың. Қандай қақың бар!». – «Жоқ, о кісі халық жауы емес!». Сөйтсем, ұстазым әлгі өлеңімді өңдеп, машинкаға басып Сәкен ағаға берген екен ғой. Сол ақынның қағаздарының ішінен шыққан. – «Қарашы мынаны! Қар¬шадай болып қарсыласып тұрғанын. Айт, кәне!». – «Айғайламаңыз! – дедім. – Ол – үлкен ақын. Институт профессоры. Машинасы бар. Таяуда Москваға да барып қайт¬ты». – «Кет бар, сайрамай жоғал! Екіншіде байқап жаз өлеңді. Құрт көзіңді!» – деді...
Ақсақал бір мезгілде жайдарлана жымиды. Күлгенде жүзіне нұр жүгіріп, шырайланып кетеді екен.
***
Мұқатай Күлжанұлы Талғар Ауыл¬шаруа¬шылығы техникумын түгескен. Одан жаңада ашылған Ауыл шаруашылығы институтына түскен екен. Үкімет басшылары маман жетіспей жатыр деп жас агрономды Павло-дардың Ертіс ауданына аттандырады. Содан әскерге алыныпты. Краснояр өлкесінде Полктық Кіші командирлер мектебінен өткен соң Фин соғысына кіріп, Румыниядан Украина жерін азат етуге қатысқан. Ұлы Отан соғысын Львов іргесіндегі Вуска қала¬сынан бастайды. Төрт рет жараланыпты. Әскер қатарында бас-аяғы жеті жыл қызмет етеді. Соғыстан кейін елге оралса – түрме күтіп тұр екен. Билік мұны да ел бірлігіне іріт¬кі салған Біржан Нұржанұлының інісі, бұл да кезінде көршілес ағайындарға қарсы шыққан адам, «халық жауы» деп, жиырма бес жыл үкім кесіп, Солтүстік Мұзды мұхиттағы Дорезка мекеніне айдайды. Сөйтсе, мұның да маңдайына елін сүйгені үшін қуғынға ұшыраған Сәкен, Бейімбет, Жұмат Шаниндей ағаларының тағдыры жазылыпты. Әйтеуір, арада тоғыз жыл өткенде босатылады. «53-тің» жылымығы мұның да көрер жарығына септігін тигізген секілді. Келген соң өз ауылының Тұрмыс есімді қызымен бас қосады. Қазір Мұқаңның бес ұл, үш қызы түрлі мемлекеттік қызметте. Арасында жоғары лауазымдылары да, ғалымдар да бар...
Сабындыкөлден аса бере ақ қайыңы аралас қалың қарағай шетіне тоқтадық. Бітік өскен долана исі мұрын қытықтады. Ит тұмсығы батпас орман іргесінде қарақат сыңсып тұр. Жерде – жыпырлаған бүлдірген. Алла-ау, осындай да ен байлық бір жерге біте береді екен де! Баянауланың жаны сұлу, жүрегі дархан, өр намысты ұландары туған табиғатына тартады екен демеске амал қалмайды. Тағы да, әңгіме ауанына қарай Абайдан бастап, Пушкин, Лермонтов жырларын жатқа соққан Мұқаңды ойладым. Неге екенін, Михаил Шолоховтың «Тынық Доны» мен Анатолий Ивановтың «Мәңгілік сарын» романдары еске түсті. Мұқатай Күлжа¬нұлы¬ның да тартысқа толы ғұмыры бір эпопеяға жүк екені даусыз еді.
Төлеген СӨҢКЕҰЛЫ.
Павлодар облысы.
qazaquni.kz