ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ
2021 ж. 14 шілде
4780
0
йБірде «бауырым» деп, бірде «жаным» деп, шын жүрегімен елжіреп тұратын Ибрагим ағамның бейнесі көз алдымнан кетпейді. Ақын ағам бұл сөзді маған ғана айтпайтынын да жақсы білемін. Бірақ, неге екенін қайдам, тек маған ғана айтатын сөзіндей қабылдаушы едім. Кеше ғана арамызда жүрген Ибрагим Исаның жарқын жүзін, мейірбан ықыласын әлі ешкім ұмыта қоймаған шығар. Мен ақын ағамды дүйім елге танымал дүлділ шайыр ретінде ғана емес, көбінесе ауылдасым ретінде жақын тұтатындай едім. Иә, біздің жолымызды түйістірген ең алдымен туған ауылымыз болатын...
Бұрыннан оқып-біліп өссек те, ол кісімен мен 1980-жылдардың аяғында жақын араласа бастадым. Мен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде жұмыс істеп жүрген едім, бір күні редакцияға келіп, біздің бөлмемізге де арнайы бас сұқты. Қасында ауылдан келген жылқышы досы бар. Ауылда аты шыққан, еңбегі еленіп жүрген жылқышы жігітті газетте көрсетіп жіберу керек екен, сол шаруалармен келіпті. Бұл жұмысы бітті ме, бітпеді ме, ол жағы есімде жоқ, жұмыс аяғы болып қалған еді, әй-шайға қарамастан:
– Кеттік, біздің үйге барып отырайық, – деп, алды-артыма қаратпай үйіне ертіп барды.
Менің де ауылды сағынып жүрген кезім еді. Досы екеуі ауыл жайлы талай қызық әңгімені бастап келіп жіберді. Қараңғы түсе бастағанда үйге жеңгей де келіп, дұрыстап дастархан жасап, біраз уақыт отырысымызды қайта жалғастырғанымыз бар. Жылқышы жігіт біраз күндей боламын деп отырған еді, кейіннен онымен кездесе алмадым. Ал, Ибрагим аға екеуміз содан кейін жиі кездесіп жүрдік.
– Бір ауылдың баласымыз ғой, сен маған ұқсайсың, – деп, көбіне қолтықтап алушы еді.
– Мына өлеңді «Қазақ әдебиетіне» берейін деп жүрмін, – деп, бір күні «Ірі-ірі қара әріп таппай жүрмін» деген өлеңін оқып берді.
Бір-екі жұмадан кейін газетке шыққанын да көрдім. Бұл кезде Ибрагим аға «Сақшы» газетінде жұмыс істеп жүрген болатын. Екеуміз бірге барып, ақын, Бас редактор Базарбай Исаев ағамызға кіріп, сәлем беріп шыққанымыз есімде.
– Бір-біріңді жоғалтпай жүріңдер, жігіттер! – деп, Базарбай аға да ағалық ақылын айтты.
– Сен өзімсің ғой, – деп бастайтын еді оңашада әңгімесін. Бір әңгімесін айтып үлгереді, кейбіріне келгенде, «Кейін асықпай айтып беремін» деп, ысырып қоюшы еді.
2012 жылдың күзінде Ибрагим ағамен ойламаған жерде ауылда, Шиеліде кездестік. Аудан орталығында «Алтын күз» мерекесі аталып өтіп жатыр екен, сол тойда бірге болдық. Ауылды сағынып барған болу керек: «Менің баратын жерлерім көп еді», – деп, бөлектеу кетіп жүрді.
Жалпы, ақын туралы сөз қозғағанда, оның өзі жайында емес, өлеңі туралы айтқың келіп тұратыны бар. Өйткені, өлең ақынның өз бейнесін көрсетеді. Қолыма ақынның «Хатқа жауабы» түсті.
...Бұл хатыңды алғасын,
бас көтерді БАҚЫТ деген жолдасым.
Бірақ, бірақ, мына мені, азап-қыз,
бақытты екен деп ойлауға асықпа.
Бақыт деген көзбен емес,
мен үшін
Дүрбіменен әзер көрер қашықта.
Иә, иә…
солай бұл.
Қуа-қуа бұлдыраған Бақытты,
өтіп кетті талай жыл.
Енді, міне, арамызға
айлар салып,
жыл салып,
тағы бір хат жүрегімді тұр шағып.
«Қалай»,- депсің,
денсаулық па керегі?
Сұрамағың әлде ақынның өлеңі?
Бұл жағынан уайымдама,
әзірге,
екеуі де өмір сүріп келеді.
Бақыттан да жақын Үміт досым бар,
сол өлгенде екеуі де өледі.
«Қалай, депсің, ауа райы қаланың»
Оның, оның,
сұрайтұғын несі бар,
Ауа райы көңіл күйі баланың.
Одан-дағы сұрамайсың сен неге
жүрегімнің ауа райын, қарағым! –
деп келеді бұл өлеңі. Ибрагим ағаның өлеңдері де өзі сияқты, ешкімнің жазғанына ұқсамайды. Оқуға да жеңіл, өз-өзінен төгіліп тұрады. Оп-оңай нәрсені қолдан қиындатып, құрастырып жатпайды.
Ибрагим ағаның «Елге сәлемін» алыңызшы. Әннің өзі де керемет, әрине, дегенмен, сөз көңіліңнің төріне бір-ақ шығатын сияқты. Дәл осылай қарапайым ғана етіп, елдің бәрі жаза салатындай көрінеді-ау! Бірақ, ол үшін Ибрагим болып туу керек шығар...
«...Алматыға бұл күнде сыймай-ақ жүр дегейсің,
Туған жерін, достарын қимай-ақ жүр дегейсің.
Қалмағандай тірегі, шытынаған жүрегі,
Амал қанша, әйтеуір, қирамай жүр дегейсің...
Алып ұшқан көңілі басылып жүр дегейсің,
Жүдегенін жанының жасырып жүр дегейсің.
Жылу іздеп іздерден, жапырақтай күз көрген,
Шаршаңқырап бұл күнде шашылып жүр дегейсің.
Сөзге ілініп себепсіз, сүрініп жүр дегейсің,
Шаршағаны түрінен білініп жүр дегейсің.
Жаңа өмірге ере алмай, болашаққа сене алмай,
Өткен күннің отына жылынып жүр дегейсің...» –
дейді ақын. Бұл әрі-беріден соң, жалғыздық жыры! Айналадағы қоғам ақынды құрметтегенмен, көбіне көзге ілмей қалып жататыны бар. Көңілі желдей есіп, бәрін құшағына қысып, жақсы көріп тұратын ақынға аз ғана көңіл бөлмей қоюдың өзі жетіп жатыр. Оның үстіне, Ибрагим аға кәдімгі бала мінезді, жас сәбидей, пәк жанды кісі еді ғой... Өз көңілін өзі жылытып, өмірдің бар ләззатын жырдан ғана іздеуге мәжбүр болып жатады.
Кейде ойлап отырсам, Ибрагим ағаның балаша қуанып, шын риза болған кезін өмірде бір-ақ рет көргендей боламын. Дүние жалғанмен қош айтысардың аз ғана алдында өткен «Студенттер сарайындағы» үлкен шығармашылық кешінде қатты толқып, шын қуанып жүрді. Соның алдында ғана «Алматы ақшамының» редакциясына келіп, осындағы қыз-жігіттерге жолығып, біраз сұхбат құрып кеткен болатын.
– Жүрек болмай жүр, ота жасатып шықтым, – деді, аса көңіл бөлгісі келе бермейтіндей болып. «Ой өлшемі» деген жыр кітабына: «Әнуар бауырым! Өмірде де, өлеңде де қатар жүрген азаматтық көңіліңе қашанда риза, сыйлас бауырым деп білем өзіңді. Осы бір ыстық қатынасымыз жоғалмасын деп, ағаң – Ибрагим. 17.07.2014 ж.» деп, қолтаңба жазып берді.
«Мені бір адам ұмытпаса, сол сен шығарсың» деген сөзді ақын ағамның көзінен оқығандай болдым. Беу, дүние-ай десейші! Бәрін біліп тұрамыз, амал қанша...
Оқта-текте Ибрагим ағамның қолтаңбасын оқып қоямын. Өзі қасымда отырғандай болып тұрады. Ол туралы көп айта беруге болады ғой , содан ба, не айтарыңды да білмейсің. Жұрт жетпіске келді деп жатыр, маған сол баяғы бала қалпында, жас сәбидей пәк күйінде елестейді де тұрады.
Ақын туралы айтқаннан гөрі, оны оқыған оңай ма дейсің кейде. Мыңнан астам әнге сөз жазған ақын ағамыз әнге айналған күйі аспанда қалықтап тұрып қалғандай көрінеді. Мен емес, мені қойшы – өзіңізбін ғой, ел ұмытпайды сізді, абзал аға!
Біздің анықтама
Ибрагим Исаев 1949 жылы 7 қаңтарда Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының Жетікөл ауылында туды. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген. Сырдария аудандық газетінде әдеби қызметкер, Қызылорда облыстық халық творчествосы үйінде нұсқаушы-әдіскер, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында тілші-әдіскер, «Ара» журналында фельетоншы, «Жалын» альманахында редактор, «Сахна-Сцена» журналында бас редактор, «Сақшы – На страже» газетінде, «Арай» журналында бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді. Өлеңдері бірқатар шетел тілдеріне аударылған.
Көптеген ән мәтіндерінің авторы. «Әнаға» атты ән альбомы шыққан. Коми ақыны И.Куратов, орыс ақыны Н.Рубцов өлеңдерін қазақша сөйлеткен. «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған.
Шығармалары: Алтын сырға. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1974; Таң алдындағы ән. Өлеңдер мен балладалар. А., «Жазушы», 1976; Тербеледі қайыңдар. Өлеңдер мен баллада. А., «Жалын», 1981; Жанымның жарығы. Өлеңдер мен баллада. А., «Жазушы», 1983; Ой өлшемі. Жыр кітабы. А., «Нұрлы әлем», 2014.
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,
Қазақстанның Мәдениет қайраткері,ақын.
qazaquni.kz