«Адамдар өзіне ұқсамаған адамды жерлеуге асығады»
2021 ж. 30 шілде
2822
0
Талантты қаламгер Аягүл Мантай өмірден өтті. «Қазақ үні» редакциясының ұжымы марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа боп, иман нұры шалқысын.
Біз жазушының әлеуметтік желідегі соңғы жазбасын (21 шілде) оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік...
***
Жаныңды кірлеткің келмейді... Жандүниеңді барынша таза ұстағың келеді... Бірақ бар болғаны пендесің... Жаның тым нәзік болса, тіпті қиын... Сыйлап жүрген адамыңның арамдығын сезсең, күйреп, сынып кетесің... Түйсігің мықты болса, ойын сезіп қойсаң, тіпті қиын...
Жағымпаз адамдардан қашам... Қараймын, олардың жандүниесінде бір тыныштық бар. Олар жағымпаздығына тіпті де арланбайды. Жағымпаздық қасиетімен ақша жасайды.
Жарымай жүріп, понт жасайтын адамдардан қашам. Жасандылық көп... Жасандылығы көп адамға пасықтық пен арамдық тән...
Принципі жоқ адамдардан қашам... Олар кез келген кезде сатып кетеді.
Уәде беріп, орындамайтын адамдардан қашам. Принципі жоқ адам ғана уәде беріп, орындамайды.
Мүгедек болса да, Құдайға шағынбайтын адамдарды білем. Жандүниесі тап-таза. Биік. Парасатты. Солардың қасында рухани мүгедектігіңе ұяласың...
Өкініштісі, адамдар өзіне ұқсамаған адамды өлтіруге, жерлеуге асығады...
Мен ылғи да жүрекке оралуды, Құдайға оралуды армандаппын. Бірақ оралмаппын...
Өзімнің тап-таза жүрегімді, Құдайды тапқым келеді.
(Бар болғаны намаз оқысам деп жүрген қыздың көңіл-күйі. Ескертем: мораль тыңдағанды, оқығанды ұнатпаймын).
Аягүл Мантай