Журналистика әлемі: әріптес ой бөліседі
2021 ж. 13 шілде
2906
0
Ісіңнің үлкен өнер екенін ұмытпа!
Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі, кәнігі қаламгер, ақын Болат Үсенбайдың лебізі:
– Университет қабырғасында жүргенде ұстаздарымыз «макет жасауды, газет-журналдың ішкі лабораториясын жақсы білген адам ешқашан жұмыссыз қалмайды. Кез келген басылымға қиналмай орналасады» дегенді жиі айтатын. Оған кезінде мән бере қоймаппыз. Өз басым балаң қиялмен «мен ең алдымен журналист емес, ақын боламын» деген ойды санама сіңіріп алғандықтан бірталайға дейін адасыңқырап келіппін. Бірақ кейінірек пайымдап қарасам, бұдан да ұтқаным аз болмай шықты. Себебі, өз әдебиетімізді де, шет ел классиктерінің шығармаларын да бірталай қаузаған екенбіз.
Кейін еңбек жолын әйгілі «Лениншіл жаста» бастаудың бақыты бұйырды. Дегенмен, бұл бір жұмақ тіршілікке, бас айналатын рахат өмірге күмп ете түстік деген сөз емес. Газетке келген бойда басшылар хатқа жекті. Хат қорыту деген де жас тілшілерге үйретері көп өзіндік мектеп. Хат көбінесе ауылдан келеді. Нешеқилы тағдыр иелерінің жан сырына үңілесің немесе белгілі бір шаруашылықта шешімін таппай жатқан мұқтаждықтар мәніне қанығасың. Қысқасы, халықтың тыныс-тіршілігіне дендей түсесің. Және ең бастысы – сол хат иелерінің көпшілікке жеткізсем деген ойын әдеби өңдеп, жұп-жұмыр етіп ұсынуға дағдыланасың. Одан соң қаламгер ағайындар жақсы біледі, «ЛЖ»-ның мектебінен өту деген, расында да, әлі күнге дейін зор мәртебе саналса керек. Онда мүйіздері қарағайдай небір білікті журналистермен тізе қосып еңбек еттік. Мейлінше ысылдық. Кәсіптің қыр-сырына бойладық.
Алғашқы жетекшім – бүгінгі танымал қаламгер Жанболат Аупбай. Бұ кісі өте көп оқитын, көп ізденетін маман екен. (Қазір қарап отырсам, сонда бізге ересек көрінетін Жәкең отыздың о жақ, бұ жағында ғана көрінеді). Әр қалтасында бір-бір қойын дәптер жүретін еді десем, артық емес. Міне, осындай ағалардың арқасында іске мейлінше төселе түстік. Хатпен жұмыс істеуге үйрендік, түрлі күрделі салаларды зерттеп, қалам тербеуге машықтандық. Жалпы, газет-журналда не болатынын біле түстік. О кезде газет-журналдың қорғасынмен басылатын кезі. Талай ауыртпалықтар болды. Негізі, журналистиканы айрықша өнер екені мәлім, екіншіден, мұны қиындығы мен қызығы қатар жүретін қара жұмыс десек те қателеспеспіз. Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман, міне, осындай «университеттен» де өтуге міндетті.
Қазіргі кезде газет-журналға тәжірибе жинақтауға талпынған студенттер келіп жатады. Солардың біраз кемшіліктерін көріп қынжыласың Біріншіден, олар қазақ басылымдарын оқымайды. Ал журналист немесе жазушы боламын деп талпынған адам ең алдымен өзінің ана тіліндегі басылымдарын қадағалап оқып, соған зер салмай ма! Жалпы, кез келген жас қоғамнан тысқары қалмауы керек. Еліміздің тыныс-тіршілігі, тәуелсіз мемлекетіміздің алға қойған міндеттері, жастардың да ой-арманы, болашақ мақсаттары туралы ақпаратты сол газет-журналдардан табасың. Ал журналистиканы таңдаған көпшілік жастарымыз сол басылымдарды қадағалап отыруға, мамандық сырын игеруге аса ынталы емес. Кейбір іні-қарындастарымыз қаламсапты қолына ала салып, ешбір дайындықсыз-ақ тек қиял дүниесінде журналист болып кеткісі келетіндей әсер қалдырады. Және жастардың көпшілігі жалқау. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ кітапханаға бару, басылымдарды пайдалану ісінен хабарсыз. Айталық, кітапханада каталог деген болады, түрлі энциклопедиялар бар, солармен жұмыс істей білу шарт. Журналистика мамандығын игеру тек қана көркем шығармалардан тұрмайды ғой! Сан алуан танымдық әдебиеттер бар, таңдаған кәсібінің қыр-сырын терең игеруге ұмтылған адам соларды білуі қажет. Белгілі бір дүниелерді талмай зерттеп, білімін жетілдіріп, ой- қиялын ұштап отыруы тиіс. Журналист бір бағытпен танысып қана қоймай, кез келген өзге де саланы білуге міндетті. Мәселен, «Қазақ әдебиеті» газетінің, негізінен, әдебиет пен өнерді қаузайтыны секілді елдегі экономикалық, әлеуметтік, көлік-коммуникация, отын-энергетика сияқты толып жатқан салаларға арналған көптеген басылымдар бар. Мұндайда болашақ тілшілер ойға салса төске озған хас жүйріктей кез келген бағытта қаламы жүрдек болса деген тілек туындайды. Үйрену деген, әрине, бір жерден көшіріп алу емес, белгілі бір басылымдағы тақырыптың ашылуы, талдануы, соған анализ жасау мәселелеріне де жіті назар аударса деп ойлаймын. Тағы бір аңғарғаным – көпшілік студенттер хабар жаза алмайды. Ал қиялы аспандап, жерге түсе алмай тұрады. Кеуделері аяқ қаптай. Оның бір себебі, жоғарыда айтылғанындай, әдеби кітаптарды пайдаланбайды. Тілі кедей. Ойын нақтылап жеткізе алмайды. Онан кейін бүгінгі қоғамда болып жатқан құбылыстардан кенже қалып жатады. Соның бәрі оқымаудың кесірі. Меніңше, жалпы, журналистикаға талаптанған адам жігерлі, күш-қуаты мол болуы керек. Ең көп жазатын кез жастық шақ емес пе. Кейін денсаулық жағдайы алдыдан шығып, өзге де шаруалар көбейіп, мұрша болмай кетуі мүмкін. Сондықтан жастар қаламды ертеден-ақ күні-түні шыңдаса зиян шекпейді. Бірақ көп жазу деген көпіртіп бос жазу деген сөз емес. Ойланып, зерттеп, біліп жазып, халыққа қажетті дүниені біліктілікпен ұсына білген жөн. Ал айтарыңыз болмаса журналисттікке талаптану орынсыз деп ойлаймын..
Бұл, әрине, жас журналистердің бәрінен бірдей түңілгенім емес. Талапты, қабілетті жастар баршылық. Дегенмен, бұл салаға келген адамның таңдаған кәсібінің үлкен өнер екенін ұмытпағаны жөн дер едім.
Жалған ақпарат жарға жығады
«Журналист ең алдымен жазатын тақырыбын әбден зерттеуі тиіс. Яғни, тақырыпты игеруі керек. Бұл үшін, әрине, жас тілшіге алғашқыда жетекшісі немесе ұстазы қандай бағыт-бағдар береді, істің сәтті сабақтасуы соған да тікелей байланысты болуы мүмкін»,– дейді Алматы қаласындағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей-кешенінің директоры, кезінде «Лениншіл жас», «Халық кеңесі», «Қазақ Елі», «Шалқар» басылымдарында ұзақ жылдар еңбек еткен танымал журналист, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков.
– Осындайда бір кезде өзіме өмір бойы сабақ тұтқан бір жайт еске түседі. Сонау тілшілік қызметке енді ғана кірісетін балаң шақта тапсырма алайын, тақырып алайын деп «Лениншіл жас» газетіне ең алғаш барғанымда, ондағы білікті жас журналистердің бірі, бүгінде елге кең танымал қаламгер Жанболат Аупбай ойлана келіп, мені Топырақтану институтына жіберді. Жасыратыны жоқ, іштей «апырай, мына кісі тым бір қиын шаруаға жұмсады-ау! Анау-мынаудың тісі бата бермейтін ондай жауапты істі қалай атқарамын!» деп тіксініп те қалдым. Әйткенмен, шегінуге жол жоқ, ойбай, Жәке, қолдан келмейді деп ат-тонды ала қашуға және болмайды. Содан аталған оқу орны туралы мәлімет жинап, алдын-ала қаруланып алу үшін қазіргі Ұлттық кітапхананы бетке алдым. Мұнда бірталай отырып, Топырақтану институты мен осы мекеме айналысатын ғылым саласымен тереңірек танысуға тура келді. Сөйтіп белгілі тақырыпты зерттеп, топырақтанудың не екенін бақайшағына дейін оқығаннан кейін ғана иститутқа бардым, мақаламды жаздым дегендейін...
Бұл маған бір үлкен сабақ болғаны рас. Екінші рет Алматыға Аркадий Райкин келетін болды да, соны ести салып, атақты артиспен қалайда тілдесіп қалуға талаптандым. «Лениншіл жас», білесіз, журналистердің ғажайып ұстаханасы. Онда жас журналистердің ұдайы ізденіп, бірінен-бірі асып түсуге тырысып, тосын тақырып іздеп, небір тың формалар тауып, шарқ ұрып жүретін салт бар еді. Мен де бір орайы келе қалған іске іштей масаттанып, апта бойы тағы да сол әйгілі артист туралы мақалалар мен оның берген сұхбаттарын оқып, осынау кең танымал адамның өмірбаянына, өнеріне қатысты тың деректер жинап, сала құлаш сұрақтарымды дайындап бардым. Бірақ үш күн бойы о кісімен жолыға алмай жүріп, ақыры қазіргі Республика Сарайының сырт жағындағы қызметтік есіктің тұсындағы мыжырайған жаман ағаш орындықта отырып, сол кісіден жарты сағат сұхбат алғаным күні бүгінге дейін есімнен кетпейді. Расында оны басқа жерден ұстау мүмкін емес еді. Әйтеуір, ығытын тауып, репетициядан шығып бара жатқан жерінде ұстап, тілдесудің сәтін түсіруімді өзіндік бір ерлікке баласам да артық емес шығар. Қызығы, мақалам дайындалып, «Лениншіл жастың» бетіне түсейін деп жатқан кезде Орталық Комитеттен Райкин туралы бір де бір мақала жарияланбасын деген шұғыл нұсқау түсті де, «айды аспанға шығарам ба» деп үміттенген әлгі дүнием беттен алынып тасталды! Сонда бір мақала үшін қаншама дайындалып тер төккенім, кейіпкермен кездесу үшін екі өкпемді қолға алып зыр жүгіріп, табан тоздырған қыруар еңбегім зая кетті-ау деп қатты опынғаным да есімде.
Кейін «Халық кеңесі» газетінде жүргенімде шығардым соны. Қарап отырсам, арада он бір жыл өткеннен кейін жарық көріпті Райкин туралы әлгі мақала. Дегенмен, жаман дүние емес екен, ондай нәрсе бәрібір ескірмейтін көрінеді, он бір жылдан кейін барып бір-ақ жарияланса да қуандым іштей. Аркадий Райкинді әжептәуір-ақ зерттеппін, оның айтқан әдемі ойларын тәуір-ақ кестелеген екем. Ең қымбаты да сол ойлар еді. Соны кезінде алып қалғаным үшін көңіл марқайды. Мұны айтып отырған себебім, журналиске ең бір керек қасиеттердің бірі –тақырыпты ізденіп жүріп табудың және оны ашу үшін көп зерттеудің пайдасыз болмайтынын еске салу ғой.
Одан соң журналистикада көп айтылып жүрсе де, ұдайы ескеруді қажет ететін тағы бір қағида – жас маманның белгілі бір салаға бейімделуі. Мысалы, біреу өнеркәсіп тақырыбына жазғанды ұнатады. Екінші біреу ауылшаруашылығы саласын немесе экономиканы қалайды, үшінші тілшінің оң жамбасына хабар-ошар, күнделікті өмірде болып жататын алып-ұшқан жаңалықтарды жеткізу келуі мүмкін. Бірақ адам осылардың біреуіне мейлінше бейімделгені ұтымды.
Жалпы, жастайыңнан-ақ өзіңнің қалаған тақырыбыңа көбірек барғаның жөн. Әлгі әмбебап болып, барлық тақырыпқа да барамын деу кейде журналисті шаршатады. Әрине, жан-жақты болу жақсы. Бір қарағанда, оның артықшылықтары да көп болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, түптің түбінде бәрібір ұтылыс табасыз. Себебі, істі жетік білмегеннен кейін дайындық осал. Содан атүстілік пайда болады. Тақырыпты ашылмайды. Діттеген нәрсеге терең бойлап бара алмайсыз. Ал енді «алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, белгілі бір саланың айналасында тұрақтап, оны терең дендей зерттеп дағдыланған адам өзі ұнатқан сол бағытта бірінен кейін бірін шығарып небір тартымды тақырыптарды аша беретін болады. Өз басым жиырма жылғы журналистік жұмысымда, негізінен, мәдениет, әдебиет өнер тақырыбын қаузаған екем. Қарап отырсам, ұдайы театрмен, шығармашылық одақтармен көп байланыста жүргендіктен де шығар, осы негізде талай іс тындырған сияқтымын. Одан соң байқағаным, өнер мәңгілік болғандықтан ба, осы бағытта айтылатын әңгіме де жерде қалмайды екен. Тіпті, Әдебиет, Мәдениет, Өнерімізге қатысты кейбір сұхбаттардың өзі кейін араға көп жылдар өткеннен кейін алып қарасаң, маңызын жоймайтын көрінеді. Оны қайталап еске алуға болады екен, қызығып оқуға болады екен.
Журналист үшін ең бір керек шаруаның бірі – іссапар. Өйткені тек кабинетте отырып алып, жаза беру қисынға келмейді. Жұрттың бәрі ғұмыры теңізге түсіп көрмесе де, мұхиттар асты әлеміндегі небір таңғажайып оқиғаларды көзбен көріп, қолмен қойғандай суреттейтін Жюль Верн емес қой. Журналиске де керемет фантазия керек. Ондай таңғажайып қиял әлемі болса құба-құп. Бәрібір оған да қоса мына бүгінгі өмірдің бүлк-бүлк соққан қан тамырын қалтқысыз дөп басу үшін үнемі іссапарға шығып отырған жөн. Жолдар журналисті неше қилы адамдармен кездестіреді. Түрлі оқиғалармен ұшырастырады. Соның қайнаған ортасында жүріп, ол өзінің көптеген тақырыбын табады.
Кезінде, негізінен, жастар газетінде еңбек еттім. Ол кезде журналистерге ұшақпен ұшып, мәселен, таңертең Алматыда отырсаң, түстен кейін Маңғыстауда жүретін жағдай болатын еді. Қазір де газеттердің жағдайы бірте-бірте түзеліп келе жатыр. Сондықтан журналистерді түрлі іссапарларға жиі-жиі жіберу газет үшін де, журналист үшін де тек пайдалы деп ойлаймын. Көп жүру керек.
Ең абай болатын нәрсе –жалған ақпарат бермеу керек. Ол үлкен қателікке ұрындырады. Жаңсақ ақпарат кейде байқамай беріліп қалуы мүмкін. Кейде елемегендіктен немесе білместікпен де жарияланып кетуі ғажап емес. Мұндай олқылық журналистке де, оның газетіне де абырой әпермейді. Одан соң оқырманды аяу керек. Баспасөзге имандай сенетін көпшілікті сыйлау керек. Жалған ақпарат жарға жығады. Ешқашан да долбармен, осылай болар-ау деген жобамен хабар тарата салудан сақ болған жөн. Біле білсек, халықты алдау, оны шатастыру қылмысқа пара-пар. Кейбір тілшілердің өз пікірін, жеке көзқарасын дүбәра ақпарат арқылы таратып жіберетін сәттері кездеседі. Өз басым ондайға қарсымын. Өзің әбден көзің жетпеген нәрсені жеті рет өлшеп, соның анық-қанығына көзіңді жеткізбей тұрып жұртқа шығаруға мүлде болмайды деп есептеймін.
Жазып алған: Құлтөлеу МҰҚАШ.
Алматы.