ЗАҢҒАР ЗАҢГЕР
2021 ж. 05 шілде
2503
0
(Туғанына жүз жыл толған ғұлама ғалым, ірі мемлекет қайраткері Салық Зиманов туралы замандастарының лебізінен)
Әлия БЕЙСЕНОВА,
ҚР ҰҒА академигі, география ғылымының докторы, профессор
БІРТУАР ТҰЛҒА
1950 жылдардың орта кезі еді. «Алатау» демалыс үйі сол уақыттағы жалғыз демалыс орны болатын. Сол демалыс үйіне Серағаңмен бірге демалысқа барғанымызда, ол жерде қазақтың бетке ұстар азаматтары – Құрманбек Сағындықов, Әубәкір Жұматов әйелімен, Орталық «Пионерская правда» газетінің тілшісі, кейін «ЖЗЛ» сериясында Шоқан Уәлихановтың өмірі жайында кітап шығарған Ирина Стрелкова жолдасымен – көп адам демалып жатыр екен. Солардың ішінде қағылездеу, ашаң, атжақты сары келіншек пен әдемі, бойы сұңғақ, көз тартарлық жұбайлар дем алды. Таныса келе оның бірі – МГУ-де оқыған және осында диссертация қорғаған, химия ғылымдарының кандидаты Шәрбан Батталова, ал екіншісі заңгер, ғылым кандидаты Салық Зиманов болып шықты.
Түстен кейін ылғи да волейбол ойнаймыз. Үлкендер әңгіме-дүкен құрып қыдырады. Біз жастаумыз. Көбінесе ойынға құмармыз. Сол ойын үстінде Шәрбан Батталқызымен жақсы таныстық. Ол кісі де мен оқыған №12 Киров атындағы мектепте оқыпты. Содан Мәскеуге МГУ-ға кетіпті. Өзі ашық-жарқындығымен, тартымдылығымен, білімділігімен мені қатты қызықтырды. Ол кезде менің институтты жаңа бітірген кезім еді. Әрбір жаны жақсы адамдармен танысуға жаным құмар, арманшыл едім. Сонда мені «япыр-ай, осы кісілердей білімдар болсақ» деген ой мазалады. Мен сөзге баяу, бұйығылау болдым да, сол апамның жүріс-тұрысына, батылдығына, елмен қарым-қатынасының еркіндігіне, біліміне таңырқап, азғантай демалыс уақытында соншалықты қызықтым. Шәрбану Батталқызының волейбол ойыны кезіндегі іс-қимылы еркін, допты лақтырғанда кәсіби маман сияқты құлашын кең сермейді. Ойын кезінде жеңіске жетсе, жас балаша қуанып, шаттана күліп, мәз болады. Сол уақытта ол кісінің бойынан өрлігін, өмірдегі еркіндігін, жан тазалығын байқадым. Сол күннің бірінде Шәрбан апам волейбол алаңында ойнап жүргенде гауһар тасы бар жүзігін жоғалтып алды. Сол жүзігін іздеп жүріп Серағаңмен жерлестігін айтты. Сол жоғалған жүзікті Серағаң екі күн іздеп тапты. Сонда: «Әлия, мынау бір онша қымбат емес, бірақ Сәкеңнің алып берген жүзігі ғой, оны Серік тауып берді», – деді. Ол кісінің абыржымай, ренжімей, жоғалтқан затқа алаңдамай, ойынын одан әрі жалғастыра бергенінің өзі оның ірілігін, әйелдік ұсақ қасиетінің жоқтығын байқатты. Жастау, еліктегіш, байқағыш, осылардай болсам деген арманы бар мені бұл қылықтар алға жетеледі.
Кейін Шәрбан апаммен жиірек кездесіп жүрдім. Аспирантураға түсіп, Мәскеуден кандидаттығымды қорғап келгеннен кейін жолыққанымызда: «Әлия еш нәрсеге алаңдама, осы жолыңды жалғастыра бер. Мені ЖенПИ-ге кафедра меңгерушісі қызметіне шақырып еді, бармадым. Докторлық диссертациямды бітіруді, Академиядағы химия институтындағы жұмысымды жалғастырып, аяқтауды ойлап жүрмін» – деді. Кейін ол докторлық диссертациясын қорғап, көптеген шәкірттер дайындап Академияға мүшелікке өтті.
Отбасының ұйытқысы, балаларының анасы Шәрбан апамның қазақ ғылымында алатын орны ерекше еді. Кездесіп қалсақ, ылғи да маған ғылыми жұмысының жағдайын айтатын, Серағаңды, балалардың жағдайын сұрап, өзін қамқоршы апа ретінде танытатын.
Сол кездегі тартымды сары жігіт Сәкең... Салық Зиманов – ғылымда абыз атанған үлкен қоғам қайраткері, өз тіршілігінен ұлт мүддесін жоғары қоятын, ұлт жанашыры, біртуар азамат.
Сәкеңнің өмір жолын байқасам, орта және жоғарғы мектепте ұстаз болған, бүкіл өмірін Ұлттық Академияда өткізген ғұлама ғалым екенін көрем. Мектептегі математика, физика пәндері қалыптастырған ұстаздық мінезі, әрбір айтылған сөзі есептеулі, елге ой тастайтын, қысқа тұжырымдайтын, жан-жақты білімдарлығымен өзін таныта білетін оның өзінің ерекше тұлга екенін сезінбеуі де мүмкін. Мейлінше қарапайым, сөзге сараң, кейде жымиып қарағанда, сенің не ойлап тұрғаныңды зерделей білетін және қандай ортада тұрса да, соған сәйкес өзін ұстай білетін азамат.
Бүкіл өткен өмірінде ұстаз, білім сардары, қоғам қайраткері, ойы ұлттық идеяға толы, мемлекеттің даму бағдарламаларын жүйелейтін үлкен ойшыл, абыз, адамға ой салатын сөзге шешен. Оның ой тереңдігін болашаққа бағдарлама жасай алатынын мен мына еңбектерін оқығанда байқадым:
«XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың қоғамдық құрылысы». Алма-Ата; 1958 ж. 20 б.т.;
«ХҮІІІ ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның саяси құрылысы». Алма-Ата; 1960 ж. 18 б.т.;
«Шоқан Уәлихановтың саяси көзқарасы». Алма-Ата; 1965 ж. 16 б.т.;
«Қазақтың билер соты ¬– бірегей сот жүйесі». Алматы: «Атамұра», 2008 ж. 216 бет.;
«Заңнамаларды бекітуде жаппай іс-шаралар өткізу»; «Заңнамаларды сақтау» туралы қаулы қабылдау; «Ата заңға өзгертулер мен толықтыруларды қажеттілігіне қарай енгізу» және «Қазақ тілі – мемлекеттік тілдің беделін көтеру туралы» бірқатар еңбектері, т.т.
Әділдіктің жаршысы, уақытын тиімді пайдаланатын, көптің ой-пікірлерінің жетегінде кетпейтін, өзіндік тұжырымдамасы мен философиялық қағидасына берік ірі тұлға. Ол жиын-тойға уақытын кетірмей, бөстекі өмірдің жетегіне ілеспей, өзіне-өзі шектеу қойып, жеке тұлға ретінде өзін-өзі қалыптастырды. Сондықтан, Сәкең айналасына сәуле шашатын қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Бір қарағанда жұмбақ, көп ашыла бермейтін, сыры мол жұмбақ тұлға сияқты. Кейде, Сәкеңді мақтап жатқанда, оның көп жағдайда қызыл сөзге ермейтін, мақтауды, қолпаштауды көп көрген адам екенін көресің. Соның бәрін талдап, өзіне керектігін ғана алатыны байқалады.
Менің ағам Бейсенов Бәрімбек Сәрсенұлы белгілі заңгер еді Оның ғылымдағы жолында Сәкең үлкен роль атқарды. Үйде жолдастарымен жинала қалса, Салық Зиманов жайында ылғи да айтып отыратын. Осы сөздерді бала кезімнен менің құлағыма сіңірген де сол болатын. Заңгер жолдасы Имашов Мәжит екеуі ылғи да мақтан тұтып, Сәкеңнің ғылымдағы өресінің биіктігін айтып, өте құрметпен бағалайтын. Бір ортада, бір ғылым саласындағы пікірлес достары Сәкеңнің талап қойғыштығын айтатын. Бірде: «Кандидаттығыңды неге созып жүрсің», – деп ренжігенін айтып келді.
Мен де әрқашан Сәкеңнің талабына сәйкес өскен, заң саласында ең қиын жолдан өткен, тергеушіден үлкен істер жүргізуге жеткен, оларға әділ бағасын беретін Бәкеңнің сол мінезі үшін Сәкеңнің алдында борышкер екенін мақтаныш сезіммен айтып отырамын. Сол арқылы Салық Зимановтың заң саласында көп салалы бағдарламаларға төрелік айтып, Қазақстандағы заң ғылымының дамуына үлкен еңбек сіңіргендігін, Қарағанды Заң мектебін ашқанда да, сондағы мамандарды даярлауда да Бәкеңе пікір қосып, ақылдасып отырғандығын мақтаныш етемін. Сәкеңнің ғылыми еңбегі мен өткен жолына баға беруден аулақпын, мен білетін ғылым саласы басқа. Бірақ сыртқы көзбен, әйел тұрғысынан, қарындасы ретінде жалпы зиялы қауымның оны қатты сыйлап, тұлға ретінде мойындайтынын көріп келемін. Ол кісіні үлгі, мақтан тұтамын. Сәкеңнің заң ғылымында үлкен із қалдырып, өзінің мектебін қалыптастырғанына мақтанамын.
Сәкеңнің асыл әке, ардақты жар, отбасының тұрақты шаңырақ иесі екеніне мақтанамын. Ертерек кезде көптегеп қыз-келіншектердің «шіркін, менің жарым осы кісідей болса екен» деген пікірлерін естігеніме мақтанамын. Сәкеңнің өмірде отбасында кездесетін ұсақ-түйекке мән бере бермейтін мінезі, адамдық, биік деңгейі үшін, бала тәрбиесіне жауапты қарап, олардан немере сүйген, ақ жарқын жар сүйген азамат болғанына мақтанамын. Бұл мәселеде де Сәкеңнің өзіндік философиясы, өзіндік ұстанымы бар. Оған апамыздың орнын құрметтеп, жеңілтектік көрсетпей, махаббатып жоғары ұстап келе жатқаны үшін үлкен ілтипатпен, құрметпен қараймын.
Қуаныш СҰЛТАНОВ, мемлекет қайраткері
ҰЛТ КЕЛБЕТІ
«Елді Ер танытады», – деп халық ежелден айтады. Бұл ұғым – адам санасымен бірге оянып, бүкіл өмірінде оның шындығына, тұрақты құндылығына көзін жеткізіп жүреді. Ұлттың, елдің, халықтың қабілеті де, сапасы да жекелеген тұлғалардың іс-әрекеті, өнері, қайраткерлік еңбегімен, оның кескін-келбеті мінез-құлқымен өлшеніп, сол тұлғаға қарап, бүкіл ұлтқа баға беріліп жатуы да заңды құбылыс. Бұлай болуы – сондай-ақ әр қоғамның өзіне тән ерекшеліктерінің де көрінісі. Қазақ қоғамы ежелден «Сөз бастайтын шешен мен қол бастайтып батырдың» болуына айрықша мән берумен келеді. Қоғамда да осы талап тұрғысынан қалыптасты. Орынды сөз сөйлеп, ұтымды әрекет бастай алған, тіршілігі таза, еңбегі адал, төрелігі әділ адамға көпшілік қолдау көрсетеді. Қазақ халқы ежелден ондай озық тұлғаларға бай.
Үлесіне сондай Бақ пен Абырой тиген қазақтың ұлттық тұлғаларының бірі – академик Салық Зиманұлы Зиманов.
Салық ағамыздың өмірбаянына зер салсаңыз, оның әуел бастан отаншылдық дүниетанымының берік қалыптасқанына көз жеткізу ешқандай қиындық туғызбайды. Жиырма жасқа жаңа толып, қоғамның алдына шығуға ұмтылған қайрат-жігер толы жігіт шағы Екінші дүниежүзілік соғысқа тұспа-тұс келіп, оның басталған алғашқы күнінен жеңіске жеткен соңғы күніне дейін «от оранып», «мұз жастанып», әскери міндетін, Отан қорғау парызын қаяусыз, мінсіз атқарып, еліне сағынышпен аман оралған ердің бірі болды. Ол кездегі адамдардың рух күштілігін, отан сүйгіштігін олардың өмірінен, еңбегінен, әңгімелерінен, алдыңғы толқын аға буынның жақсы істерінен, қоғамның тыныс-тіршілігінен сезіп, біле алдық.
Төрт жылға созылып, әлемді қырғындықпен шарпыған алапат соғыстан қайтқан жас жауынгерлер қанды майданнан әбден мезі болып, бейбіт өмірге деген ерекше сағынышпен, елдегі жасампаздық еңбекке жанашырлықпен жұмылып еді.
Аға ұрпақтың айрықша жігері, өмірге деген құлшынысы, әсіресе білімге құштарлығымен толықты. Сол құштарлык оларды – білімнің тереңіне бойлатып, шыңына өрмелетті.
Ұлы Отан соғысынан кейін Қазақстанда елдің білім дәрежесі бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, ғылымның жаңа салалары дами бастады.
Салық Зиманов та соғыстан қайтқан жас қазақтар қатарында бірден ғылым жолын таңдап, бүкіл өмірін білім мен ғылымға, ғылымның адам өміріне, қоғамға, мемлекет ісіне қызмет етуіне арнаған мемлекетшіл ғалым дәрежесіне көтерілді. Ол – елімізде Заң ғылымының қалыптасып, өркендеуіне, қоғамның, мемлекеттің адам құқығын сақтап, әділеттік қарым-қатынас тұрақтануына арымай, талмай, қалтқысыз еңбек етумен келеді. Қазақстандағы Заң ғылымы саласындағы ең көрнекті зерттеулер мен ғылыми еңбектер Салық Зиманұлының шығармашылығынан туындады.
Заң ғылымына байланысты жаңа құрылымдар мен қоғамдық ой-сананың өсуіне ықпал ете аларлық пікірлер мен назар аударарлық табысты жаңалықтарға, сондай-ақ азаматтық, мемлекеттік құқық кеңістігін қалыптастыру бағытында талай рет «тұңғыш» деген орынға ие болды. Сонау өткен ғасырдың 50-ші жылдарының соңында Қазақ КСР Ғылым Академиясында құрылған Философия және құқық институтының тұңғыш директоры, Ұлттық университетте ашылған заң факультетінің тұңғыш деканы да Сәкең болды. Тұңғыш ғалым-заңгер, ғылым докторы, профессор, Академик биігіне жеткен де осы біздің Салық Зиманұлы.
Әрине, Салық Зиманұлының осыншама құрметті лауазым, абыройлы атақ төріне көтерілуі – ең алдымен, телегей теңіз білімдарлығының, оқымыстылығының, қажырлы еңбекқорлығының айғағы, нәтижесі.
Өткен ғасырдың соңғы қырық, елу жылының көлемінде Академик Зимановтың ғылыми еңбектері үнемі қоғам назарында көрініп, ғылым саласында, қоғамдық өмірде елеулі оқиға болып, жұрттың пікірін туғызып, жарылқанып жататын. Ғалымның әртүрлі конференция, беделді жиындардағы сөздері де жұрт санасына қозғау салып, құнды бағасын алатын. Қандай мінберде де Салық Зиманұлы ешкімге ұқсамайтын өзіне ғана тән айрықша мәнермен, сөздік қорын өте тиімді пайдаланып, аудиторияның зейінін аударатын екпін береді. Сәкең – қазақ, орыс тілдерінде еркіп көсіліп, бірдей сөйлейтін шешен. Сөздерін де, ойын да қайталамастан, ежіктеп, іркіліп, мүдірместен, шымырлатып, шиыршық аттырып, түйдектетіп, түйіндетіп өрбітеді. Тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, сұрақ пен сезімін нандырып, шешендік өнерінің үлгісін көсете көсіліп, түрлендіріп, тіл, сөз мәртебесін көтеріп сөйлейді. Университет аудиторияларында оқыған лекцияларын тыңдауға тек студенттер ғана емес, оқытушылар, ғалымдар, профессорлар ықылас білдіріп, көптеп қатынасады. Ғалым ағамыз дәл сол кездегі интеллектуалдық тұрпатынан ешқашан танған смес. Ол кісінің табиғатынан жаралған шешендік шеберлігі терең, жан-жақты білімдарлығымен қуаттанып, құлақ салып, зейін қойған көкірекке шәрбат сусындай құйылып, нәр береді. Салалас, сабақтас сөйлемдері көтеріңкі екпін, үзілмес жүйемен, сөз мағынасын ашып, анықтап, тайға таңба басқандай жалғасып жатады. Академик Зиманов заңгерлік тұрғысынан қоғам мен мемлекеттің құқықтық негіздері мен қатынастары туралы көптеген еңбектер жазды. Оның «Бөкей Ордасының саяси құрылымы», «Қазақтардың XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамдық құрылымы», «Россия мен Бөкей хандығы», А.Атишевпен бірлесіп жазған «Шоқан Уәлихановтың саяси көзқарастары», тағы басқа ғылыми зерттеулері біз қандай қоғамда өмір сүрсек те өзінің құндылығын жоймайтын, керісінше, еліміздің рухани қоры мен мүмкіндігін байытып, дамытып отыратын айрықша маңызға ие, өлшеусіз деректер мен құбылыстарға толы өте ауқымды монографиялық еңбектер. Ғалым еңбектерінің ерекшеліктері – ғылыми сарапталуында ғана емес, сонымен бірге зерттелген процестердің, қоғамдық саяси күштердің, ресми оқиғалар мен сол оқиғалар ортасында жүрген адамдардың тарихи шындығында, дереккөздерінің жүйелі нақтылығында. Ол еңбектерді қай қоғамның, қай заманның да мемлекетшілдері, зерттеуші ғалымдары, студенттері тәжірибе үшін де, тарихи шындықты білу үшін де, құқық пен қоғамның даму заңдылықтарын түсіну үшін де оқып, зерттесе – көп білімді қамти алары хақ.
Біз әлі күнге дейін саяси науқаншылдыққа бейім тұратынымыз белгілі. «Саясат өзгерді», – деп, кейде барлық мәселелерге саяси билік тұрғысынан қарап, ғылыми, мәдени, рухани құндылықтарды да сыпыра салу – жадағайлық, шолақтық, білместік, білімсіздік, нақтырақ айтсақ – тарихи зердеге қиянат. Біздің қоғамды тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Н.Назарбаев осындай сыңаржақтықтан сақтандырған. Өз билігіне дейінгі тарих құндылықтарын жаппай жойған большевиктердң қателіктерін біз қайталамауымыз керектігі үнемі әңгіме болып келеді.
Бүгінгі қоғам – жаңа қоғам. Жаңа қоғамның жаңа талаптары болары да ешкімнің дауын туғызбас. Осынау әлемдік бәсекелестік өршіп тұрған заманда, халық тұрмысын көтеретін экономика, нақты өндіріс орындарын модернизациялау ісінде бұрынғыдан мүлде жаңа технология өндіріп, пайдалануға ұмтылуымыз қажет. Қатаң идеологиядан құтылдық. Тәуелсіздігімізге тән рухани бостандықты қамтамасыз ететін жаңа құқықтық саяси жүйе, жаңа қоғамдық қатынастар қалыптасып келеді. Сол жаңа технология дамуы мен жаңа құқықтық, ізгілікті мемлекет мүддесіне сәйкес мүлдем жаңа білім қажет екені де анық. Ал осы құбылыстарды түсіну үшін де қоғамдық сана мен азаматтардың тарихи зердесінің тиянақты, әрі күшті болуы үшін де еліміздің өсу, даму жолын, тарихын, сол тарихты жасаған адамдардың еңбегінің біздің болашағымызға пайдасы мол екенін естен шығармағанымыз абзал. Салық Зиманұлының өткен дәуірде немесе бүгінгі заманда жазған ғылыми құқықтық еңбектері біздің мемлекеттік тәуелсіздігімізге нәтижелі қызмет етіп келеді. Өйткені, Сәкеңнің жаңа замандағы мол еңбегін айтпағанның өзінде социализм тұсындағы ғалым зерттеулері ешқандай саяси партияның мүддесінде немесе коньюнктура (бақай есеп) мақсатында жазылмаған. Зиманов еңбектері – ғылымның, тарихтың, қоғам дамуының мүддесінде жазылған терең, тамаша ғылыми зерттеулер, орасан бай, халықтың рухани мұрасы.
Сондықтан да соңғы жылдары «Заң» медиакорпорациясы сараптап, жарыққа шығарған академик Салық Зимановтың 10 томдық шығармалар жинағын рухани өміріміздің аса құнды табысы деуге негізіміз бар. Бұл – біздің ұлттық заңгерлеріміздің қатарында шыққан еңбегі он томға топталған тұңғыш шығармалар жинағы. Мәселе оның тек көлемі мен шығармаларының санында ғана емес, мазмұнында. Ғалымның он томдығының әрқайсысы, тіпті әрбір еңбегінің өзі бірнеше мақала, зерттеулерге арқау боларлық дүниелер. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін өзінің кемеңгерлік кемел шағында қарсы алған Салық Зиманұлы, ұлтымыздың бұл ұлы жетістігінің қадірін көпшілігімізден артықтау сезінген болар. Өйткені, Сәкең біріншіден, XX ғасырдың ең алапат қырғындары мен қайшылықтарын басынан өткізген, қолдан жасалған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінді, адамзат тарихындағы ең жойқын соғыстың дәмін де татып, зардаптарының ауанында өмір үшін күресе білген аға ұрпақтың белді әрі көрнекті өкілі. Екіншіден, Сәкең – тек бір дәуірді ғана емес, өткен ғасырлардағы қазақ қоғамының қилы кезеңдері мен қатерлі өткелдерінің тарихы мен табиғатын, бостандық жолындағы Ұлт- азаттық қозғалыстардың, мемлекеттің құқықтық сипаттарын жан-жақты зерттеп, көптеген ғылыми еңбегімен, қоғамдық қайраткерлігімен елге, сол кездегі Одақ көлеміне, халықаралық дәрежеде танылып, мойындалған қайраткер Тұлға. Үшіншіден, Мәскеудегі Орталық саяси билікке бағынышты болудың жылымығы мен қасаңдығын да бірдей көріп, ұлттық бостандықты, тәуелсіздікті іштегі арман етіп, сол арманын жария етудің қауіптілігін көзімен көрген адам.
Ұлттық бостандығымыздың, тәуелсіз мемлекеттігіміздің туын желбіретіп, іргетасын қаласып, тұғырын тұрақтандырып, қабырғасын көтеруге Салық Зиманұлы кәсіби заңгер-ғалым, жанашыр азамат, ұлт патриоты ретінде де белсене кірісіп, мейлінше атсалысты. Ол бірден еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытын, реформалар жүргізудегі бастамашылдығын қолдап, оның құқықтық кеңістігін жасауға бастаған үлкен керуенінің кедергісіз жүруіне қолма-қол араласты. 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылуының депутаты болып, сол жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы Декларация жобасын жазып, оны Жоғарғы Кеңесте талқылап, қабылдауға бастамашы болды.
Өткен ғасырдың 80-90 жылдарының тоғысында қоғамдағы әртүрлі ағымдар мен көзқарас, пікірлер қақтығысып, «үлкен қазан» бұрқылдап, қайнап тұрды. Ондаған жылдар, бірнеше ұрпақ ұстанып келген құндылықтар күйреп, жойылып, жұрт жаңа өмірге ұмтылды. Жаңа сенім, жаңа құндылық іздеді. Аласапыран дүниенің таласында неше түрлі ойдан шығарылған мақсаттар мен жобалар да болмай қалған жоқ. Осындай дағдарыс кезінде ел бастаған, елге ізгілікті жол көрсеткен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында да өзара пікір салыстырып, арқа сүйер әріптестері, кеңес берер ақылмандары, көмекшілері, білікті оқымыстылары, жұрт сенетін беделді тұлғалардың болуы – Заңды қажеттілік еді. Президент Академик Салық Зимановтың сөзіне құлақ асатын. Өйткені, Сәкең нені айтса да біліп айтады. Қай кезде де Сәкеңнің пікірі, ойы ашық, анық. Ненің болса да шындығын айтады. Қажетінде дәлелдейді. Сәкеңнің осы қасиеттерін жоғары бағалаған Елбасы оның жаңа, жас мемлекетіміздің іргелі, ең маңызды мәселелерін жүзеге асырып, қоғамның құқықтық кеңістігін қалыптастыру ісіне мейлінше араласуына мүмкіндік туғызды. Сәкең Президент жанынан құрылған бірнеше консультациялық кеңестер, жұмысшы топтарына мүше болып, әртүрлі құқықтық, мемлекеттік жобалар жасап осы бағытта жаңа заңдардың әзірленіп қабылдануына белсенді түрде қатынасты. Әсіресе, жоғарғы Кеңесте қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру, «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң жобаларын талқылап, қабылдауда академик Зимановтың атқарған рөлі айрықша зор. Сол мәжілістерде Сәкең бірнеше рет сөз алып, жұртты бір мәмілеге келтіретін орынды да дәлелді сөздер айта білді. Бөлініп, жарылып отырған көпшілік депутаттардың кереғар пікірлеріне орынды уәж айтып, бір арнаға түсуіне шешуші ықпал етіп жүрді.
Сәкең Жоғарғы Кеңес мәжілістерінде де, бұқаралық ақпарат құралдарында да, жұрт жиналған әртүрлі қоғамдық аудиторияларда да тәуелсіз мемлекеттігіміздің қалыптасып, азаматтық қоғам, құқықтық ел болу жолдарын насихаттау, түсіндіру бағытында қыруар жұмыс атқарды. Ол кісінің баспасөзге шыққан сұхбат, мақалалары ешқашан қоғам назарынан тыс қалмаған. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қоғамда біздің мемлекет болуымызды, елдің тұтастығын қаламайтын әртүрлі күштер, саяси топтар болды. Олардың кейбіреуі тіпті заңды түрде тіркеліп алып, ашықтан ашық біздің мемлекеттік тілімізге қарсы шығып жүрді. Ондайлар онысымен қоймай, еліміздің басқа этнос өкілдері көбірек тұратын өңірлерінде референдум өткізіп, Қазақстанның құрамынан шығып, басқа көршілес мемлекетке телінуге шақырып, жұртты азғырды. Бұрынғы Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі, әсіресе, экономикалық дағдарысты, әлеуметтік тұрмыстың тым төмендеп кеткенін пайдаланып, «Қазақстан өз бетінше мемлекет бола алмайды» деп сәуегейлік уағыз жүргізіп, жаңа құрылып жатқан мемлекеттік билік институттарына, үкіметке, Жоғарғы Кеңеске, тіпті кей жағдайда Президентке де соқтығып, сенімсіздік туғызып, ел ішіне жік салып, мемлекеттігімізге қарсы әрекет жасады.
Міне, осындай қиын кезенде Президент Н.Назарбаевтың жас мемлекетімізді тұрақтандырып, ел бірлігін қалыптастырып, қоғамдық келісім арқылы елдегі тыныштықты қамтамасыз етуге нақты шаралар ұйымдастырып, сабырлы, тиянақты саясат жүргізуін қолдап, сол саясаттың ел, мемлекет мүддесін қорғайтындығын дәлелдеп халыққа жеткізетін интеллектуалдық топтың ең алдыңғы қатарында осы Салық Зиманұлы жүрді. Сәкеңнің мерзімді баспасөзде жарық көрген өткір мақалалары, теледидарда, әртүрлі жиындарда сөйлеген сөздері өзінің заңнама тұрғысынан негізділігімен, ой, пікір нақтылығымен, нанымдылығымен көпшіліктің жүрегіне жетіп, түсінік тауып жататын. Олай болатын себебі – ол мақалалар мен сөздер, ең алдымен, мемлекет мүддесін батыл қорғайтын. Әділі – өмірдің, қоғамның қаншалықты аумалы-төкпелі, аласапыран замандардың ешқайсысында Сәкең – Ғалым, Азамат, Заңгер ретінде өзінің табанды мемлекетшілдік ұстанымынан тайған емес. Мемлекет ісін ұйымдастырушы құзырлы орындардың қызметін сараптап, оның жетістіктерін айтып, кемшіліктері болса – әділ сынап, оны жақсартудың жолдарын көрсететін маңызды ұсыныс, көзқарасын білдіруінің өзі де ортақ мүддеге мол пайдасын тигізері хақ. Онысы жанашырлығы. Жақсы болсын дегені. Сондықтан да ғалымның ары таза, жүзі жарқын. Ұлағатты Ағамызды жұрт осы қасиеті үшін де ерекше сыйлады.
Академик Салық Зиманұлының мемлекеттік тәуелсіздігіміздің өткен жылдарында тындырған еңбегі орасан. Жоғарыда айтылғаны – ардагер қоғам қайраткерінің шығармашылық еңбегінің ширегінің шеті ғана. Олардың бәрін тізбектеп шығу мүмкін болмаса да «Конституция және Республика Парламенті», «Құқық қорғау жүйесіне түбегейлі өзгеріс», «Абай – ұлы билердің соңы және оның білім-биліктері туралы», «Мемлекет және мұнай саласындағы келісімдер», «Қазақтың билер соты – айрықша сот жүйесі», «Қазақтың «Жарғы құқығы», «Қазақтың Академиялық Университеті және мемлекеттік-құқықтық ғылым» сияқты ірі монографияларын атамай кету мүмкін емес.
Академик Салық Зимановтың қоғамдық қызметіне тоқталғанда – ұстаздық еңбегін ерекше бөліп айту орынды болар еді. Бүгінгі жаңа Қазақстанның кұқықтық кеңістігінде еңбек етіп, республика, өңірлердің әртүрлі деңгейлерінде құқықтық лауазымды мыңдаған қызметкерлер Зима- новтан дәріс алғанын мақтанышпен айтады. Күнделікті жұмыстарында ғалымның теориялық еңбектеріне сүйеніп, сілтеме жасап жүреді. Сәкеңнің ғылыми жетекшілігімен ондаған, жүздеген заңгерлер ғылыми диссертациялар қорғады. Ардагер ғалым – жаңалыққа жаны жақын, ғылымға, заң өңіріне келген жастарға қамқор. Сәкең болмысынан реформатор, ізденгіш. Ғылымға, өмірге қызығушылығы басым.
Салық Зиманов – бүкіл болмысымен өзінің шығармашылығымен, айрықша қайраткерлігімен ұлтымыздың еңсесін көтеріп, бейнесін көріктендірген келісті тұлға. Ұлтымыздың келбеті.
qazaquni.kz